Футболдан Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасы турнирінде қатарынан үшінші рет жеңілді. 13 қазанда Алматыдағы Орталық стадионда Қазақстан құрамасын Словения командасы 0:1 есебімен ұтты.
Бірінші таймда Қазақстан командасы белсенді қимылдады, Словения қақпасына гол салуға мүмкіндігі де болды, бірақ Абат Айымбетов тепкен доп қақпаға кірмеді. Словения футболшыларында екі мүмкіндік болды: екеуінде де Қазақстан құрамасын қақпашы Игорь Шацкий допты қақпаға кіргізбей, әбжілдік танытты.
Екінші таймда Қазақстан ойыншыларының қарқыны бәсеңдеді, ал Словения командасында бәсекесінің қақпасына доп енгізу бірнеше мүмкіндік болды. Сондай сәттердің бірінде Ян Млакар Қазақстан қақпасына гол салып кетті. Қалған уақытта Словения құрамасы қорғаныста болып, ойын аяқталғанша есеп өзгерген жоқ. Қазақстан футболшылары Ян Облак тұрған Словения құрамасы қақпасына гол соқпақ болған, бірақ мақсатына жете алмады. Сөйтіп бұл ойын 0:1 есебімен аяқталды.
Ресейлік футбол маманы Станислав Черчесов жаттықтырып жатқан Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасы турниріндегі төрт матчта үш рет жеңілді.
Қазір Ұлттар лигасының В деңгейіндегі үшінші топта соңғы орында тұрған Қазақстан құрамасы С деңгейіне түсіп қалу қаупі бар. Норвегия құрамасы Австриядан 1:5 есебімен жеңілгеніне қарамастан В деңгейінде көш бастап тұр.
Бұған дейін Қазақстан футболшылары Австриядан 0:4 есебімен жеңілген. Қазақстан құрамасы Словениямен бір жарым жылда төрт рет ойнап, төрт рет жеңілді.
ПІКІРЛЕР