Accessibility links

"Французша сөйлеп тұрсың ба?" Ресейлік бапкер Черчесов тағы да қазақ тіліне байланысты сынға ұшырады


Қазақстан футбол құрамасының бас бапкері Станислав Черчесов
Қазақстан футбол құрамасының бас бапкері Станислав Черчесов

Қазақстан футбол құрамасының бас бапкері Станислав Черчесов Алматыда Словения құрамасымен ойыннан кейін өткен баспасөз мәслихатында қазақ тілінде сұрақ қойған журналиске "французша сөйлеп тұрсың ба?" деп жауап қатқан. Желі қолданушылары осыдан соң ресейлік бапкер Черчесовты "мемлекеттік тілді мұқатып, кемсітті" деп сынады.

Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов Азаттыққа берген жауабында "сұрақ қойған журналист ұлттық құрама ойынына француз командасының формасын киіп келген, бас бапкер соған әзілдеп айтқан" деді. Барменқұлов "Черчесовтың сөзін желіге басқаша етіп шығарып жіберді, екеуі қалжыңдасып сөйлескен, журналист те оны түсінді" деп жауап берді.

Футбол федерациясы президентінің айтуынша, құрамаға бас бапкердің қазақ тілін жетік білгені емес, білімі керек. "Федерацияда қазақ тіліне мән беріліп жатыр. Ал бас бапкердің онсыз да жұмысы көп", – деді Әділет Барменқұлов

Бас бапкерге сұрақ қойған спорт комментаторы Бекасыл Сейітхан Азаттыққа "менің үстімде "Пари Сен-Жермен" (Paris Saint-Germain) киімі болған, алайда оны әдейі киіп барған жоқпын, Черчесовтың әзілі өте орынсыз болды, қалжыңын түсіндім, бірақ ештеңе деген жоқпын, себебі ойыннан кейін көңіл-күй болмады" деді.

13 қазанда Алматыдағы Орталық стадионда Қазақстан құрамасы Словения құрамасынан 0:1 есебімен жеңіліп қалған еді.

Сенат депутаты Геннадий Шиповских Қазақстан халқы ассамблея мүшесі атынан Черчесовтың әрекетін сынға алып, үндеу де жариялаған.

"Спорт министрлігі мен Қазақстан футбол федерациясының құлақтарына алтын сырға. Мұндай жағдай қайталанбауға тиіс. Біздің тіл ол біздің басты байлығымыз және ешкімнің ешқашанда оны мазақ етуге хақысы жоқ", – деді үндеуінде.

Қазақстан футбол федерациясы ресми YouTube-арнасында қоғам дауына қалған баспасөз мәслихатының видеосын жариялаған. 11 минуттық видеода Черчесовтың даулы сөзі жоқ. Федерацияның баспасөз қызметі бұл диалогты алып тастағанын растады. Мұны "ойынға қатысы жоқ сұрақтар болғандықтан, кесіп тастадық" деп түсіндірді.

Қазақстан құрамасын биыл маусымнан бері жаттықтыратын ресейлік маман Станислав Черчесовтың мемлекеттік тілге байланысты басы дауға қалғаны алғаш емес. Маусымда журналистер сұрағына жауап берген бас бапкер қазақша сұрақ қойған тілшіге "маған неге олай сөйлеп тұрсың, осетин тілінде жауап берсем бола ма?" деп шүйліккен. Жұрт шамданып, жаппай сынға алған тұста федерация Черчесов "қазақ тілі курсына жазылды, жыл соңына дейін қазақша тілдесетін деңгейге жетеді" деп мәлімдеген. Бас бапкер мұны растап, "тілді меңгерсем елдің мәдениетін, салт-дәстүрін тереңірек түсінуге жол ашылады" деп жазған.

Ресейлік маман Станислав Черчесов Қазақстан құрамасының бас бапкері болып биыл маусымда тағайындалды. Сол кезде оның жалақысы жайлы тараған ақпарат жұрт наразылығына түрткі болып, маманның біліктілігіне қатысты да пікірталас күшейген еді.

Черчесов Ресейдің "Спартак" (Мәскеу), "Жемчужина", "Терек", "Амкар", "Динамо" (Мәскеу) сынды клубтарын жаттықтырған. Бұған қоса, Польшаның "Легия", Венгрияның "Ференцварош" клубын баптаған. Ресей құрамасының бас бапкері де болды. 2018 жылы Ресейде өткен әлем чемпионатында Ресей құрамасын ширек финалға шығарды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG