Accessibility links

Назарбаев демалыстан оралған Парламентке қандай заңдар қабылдау керектігін ескертті


Қазақстан парламентінің екі палатасы орналасқан Сенат пен Мәжіліс ғимараттары. Астана, наурыз, 2009 жыл
Қазақстан парламентінің екі палатасы орналасқан Сенат пен Мәжіліс ғимараттары. Астана, наурыз, 2009 жыл

Қыркүйектің 1-і Нұрсұлтан Назарбаев Астанада төртінші сайланған парламенттің төртінші сессиясын ашты. Президент қос палатаның бірлескен отырысында депутаттарға алдағы уақытта атқаратын біраз міндеттерін межелеп берді. Олардың арасында парламент қабылдауға тиіс бірқатар заң жобалары бар.


Осының алдындағы үшінші сессияда төртінші шақырылымның депутаттары 148 заң жобасын қабылдапты. Депутаттардың бұл қарқынына ризашылығын білдірген Назарбаев жаңа сессияда осы беттерінен таймауды тіледі. Президентің пікірінше, қазіргі таңда бірқатар заң жобалары уақыт өткізбей қабылдауды қажет етеді. Мәселен, бизнестің өркендеуіне тежеу болатын әкімшілік кедергілерді мейлінше азайту, әлеуметтік саланы жетілдіруге қажет істерді мүмкіндігінше қолдау, әлемдік дағдарыстан аман қалған қаржы секторының қуатын арттыру, ғылым-білімді дамытып салаға инновациялық жетістіктерді барынша тарту, экономикадағы интегарциялық процестерді күшейту секілді заң жобалары қажет дейді Назарбаев.

Жыл сайын жасалатын баяндаманың бұл жолғы ерекшелігі - банк қызметі мен қаржы ұйымдарының тәуекелдерін азайтуды реттейтін заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу айтылды. Бұған қоса Қазақстан президенті қылмыстық саясатты гуманизациялау мен декриминализациялау мақсатында үкіметтің құқық қорғау қызметі туралы және прокуратура органдары туралы заң жобаларын әзірлеуді аяқтағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл заң жобалары таяуда парламентке ұсынылады.

Көші-қон туралы заң қабылдануы қажет. Айналамыздағы тұрақсыздық пен террористік ұйымдардың белсенді бола түсуі, есірткі трафигі, осының барлығын есепке ала отырып, елімізге кім келіп, кім кетіп жатқанын білуіміз керек дейді президент. Оның айтуынша Қазақстанда көптеген ұйымдар көші-қон ісімен айналысқанымен, олардың ешқайсысы қанша адам келіп-кетіп жатқанын нақты айта алмайды.

Мәжіліс депутаты Уәлихан Қалижан көші-қон туралы заң жобасына қазірдің өзінде мыңнан аса ұсыныстар түскенін айтады. Әйтсе де президенттің ұсынысынан кейін жоба қайтадан түбегейлі өзгеріске ұшырауы мүмкін дейді депутат Уәлихан Қалижан.

Екі айлық демалыстан оралған депутаттар мемлекет басшысынан тиісті тапсырмаларын алып қана қоймай, баяндамадан алған игі әсерлерін, толқыныстары мен тебіреністерін жергілікті БАҚ арқылы көпшілікке жеткізіп те үлгірді. Халық қалаулыларының ішінде «президент» сөзінің орнына «елбасы» атауын қолдануға көшкендер де байқалды. Жиын соңында өткен сессиядағы ауыс-түйісте қатарға жаңадан қосылған депутаттар әріптестері мен президент алдында ант берді.
XS
SM
MD
LG