Accessibility links

Шетелдік сауалнама жүргізушілер халықтың 91 пайызы Назарбаевты қолдайды дейді


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан жұртының басым көпшілігі елді дұрыс бағытта дамып барады деп санайды және Нұрсұлтан Назарбаевқа кең қолдау танытады дейді Baltic Surveys/The Gallup Organization ұйымы өз зерттеуінде.


91 ПАЙЫЗ ҚОШЕМЕТ

Вашингтондағы Халықаралық республикалық институты (IRI) атынан Қазақстан тұрғындары арасында сауалнама жүргізген Baltic Surveys/The Gallup Organization ұйымының зерттеуінің нәтижесі президент Назарбаев билігіне қатысты сұрақ қойылғандардың 90 пайыздайы оған оң қабақ танытатынын көрсетті, деп жазады «Евразиянет» сайты. Атап өтерлік жайт, Қазақстанда 2005 жылы өткен президент сайлауының ресми қортындысы бойынша, сайлаушылардың 91 пайызы Назарбаевты қолдап дауыс берген болатын.

Қазақстанда президентті әсіре мақтау өршіп тұрған шақта Baltic Surveys/The Gallup Organization ұйымы 91 пайыздық көрсеткішке қалайша қол жеткізді деген таңданыс табы «Евразиянет» мақаласының әр жерінде қылаң беріп қалады.

2009 жылдың қазан айында жүргізілген сауалнама нәтижесімен салыстырғанда бұл жолғы көрсеткіш 4 пайыздайға көбірек. Сәуір айында жүргізілген пікір сұрастыру барысында Қазақстанның әр аймағында тұратын мың жарымнан астам адамнан пікір жиыстырылған. Сауалнама нәтижесі мамыр айының 19-күні жарияланды.

Таяуда ғана қабылданған «Ұлт көшбасшысы» туралы Қазақстан Республикасының заңы Нұрсұлтан Назарбаевқа оның өзі президент қызметінен кеткеннен соң да ішкі және сыртқы саясат істеріне араласу мүмкіндігін береді. Аталған құжат президент қызметін атқарған кезінде істеген істері үшін Назарбаевтың басын қылмыстық қуғыннан сақтап қалатын иммунитетке кепілдік береді. Оның отбасы мүшелері де қазір қол астындағы мүліктеріне үздіксіз ие болып қала беру құқын алып отыр, деп атап көрсетеді онлайн-басылым.

Астанада Нұрсұлтан Назарбаевқа монумент орнату туралы жоспардың да бар екені белгілі болды.

Қазақстан парламенті депутаттарының көзі тірісінде Нұрсұлтан Назарбаевтың атақ-даңқын аспандатып, сүріне-қабына әрі бір-бірімен жарыса әспеттегені оппозициядағыларға ұнамады.

Кейбір оппозиционерлер оны бұрынғы Түрікменстан президенті, марқұм Сапармұрат Ниязовпен салыстырып жатыр. Ниязов та көзі тірісінде Түркіменбашы атағымен әспеттелген еді. Бұл атау «барлық түркіменнің әкесі» дегенді білдіретін.

«НҰР ОТАННЫҢ» 66 ПАЙЫЗЫ

Қазақстанда жарық көретін тәуелсіз «Дат»/«Общественная позиция» газеті Нұрсұлтан Назарбаевқа осы атақты беруге арналған, кекесінді мағынадағы «Қазақбашы» атты мақаланы жариялады, деп жазады «Евразиянет». Оппозиция басшылары да парламент депутаттарының аталған ісіне қатысты теріс пікірде екенін білдіріп жатыр. «Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы жетекшілерінің бірі Болат Әбілов «Ұлт көшбасшысы» атағын беру ел Конституциясының баптары мен құндылықтарына қайшы дейді.

IRI сауалнамасының нәтижесіне қарағанда, Қазақстанның көптеген азаматтары Мәжіліс депутаттарының бұл істеген ісіне тіпті елең етпепті. Сауалнама барысында «демократияны дұрыс саяси басқару жүйесі деп ойлайсыз ба» деген сұраққа жауап бергендердің жартысы «иә» деп, 30 пайыздайы «мүмкін» деп, ал 6 пайызы «олай емес» деп жауап қатқан.

Өз зерттеу қортындысында IRI бұл сауалнама Қазақстан тұрғындары арасында демократияландыру реформасының іс жүзіне асырылуына қатысты наразылықтың өршіп отырғанын көрсетіп берді деп атап өткен.

IRI мәліметіне қарағанда, пікір білдіргендердің 32 пайыздайы елдегі демократияландыру реформасының іс жүзіне асырылу барысына «нашар» деген баға берген (бұл өткен сауалнамаға қарағанда 18 пайыздай көп). Ал 35 пайызы үкімет бұл салада тамаша істер атқарып жатыр деп санайды (бұл өткен сауалнамаға қарағанда 1 пайыздай төмен).

Сауалнамаға қатысқандардың бестен бір бөлігі оппозициялық «Алға» (ДВК) партиясын тіркемей қойған билік әрекетіне қолдау білдірген: жауап берушінің 21 пайызы биліктің мұнысы дұрыс десе, ал 35 пайызы биліктің әрекеті дұрыс емес деген.

Сауалнама нәтижесі оппозициялық партиялардың ел ішінде әлі де кең көлемді қолдауға ие бола алмай отырғанын айқындап берді деп жазады сайт. Өз облысыңда жұмыс істейтін қай партияны білесің деген сауалға аймақ тұрғындарының 66 пайызы «Нұр Отанды» атаған, ал басқа партияның бір де бірі 10 пайыздан астам қолдауға ие бола алмапты.

БИЛІКТІҢ КӨҢІЛІНЕ ЖАҒАТЫН ЖАҢАЛЫҚ

Сауалнама үкіметтің кейбір келелі мәселелер бойынша тындырып жатқан жұмысына көңілі көншімейтіндердің еселене түскенін де көрсетті делінген IRI әзірлеген баяндамада. Ондай мәселелердің арасында жол салу, қоршаған ортаны қорғау, демократияландыру реформасы мен қылмыспен күрес бар.

Елді экономиканың ахуалы әлі де қатты алаңдатады. Сауалнамаға қатысқандардың 70 пайыздайы Қазақстан «ауыр қаржылық дағдарысты бастан кешіп отыр» деген пікірмен келіседі. Адамдарды әсіресе өмір сүру деңгейі мен отбасылық кіріс деңгейінің төмендігі, ақшаның құнсыздануы мен жұмыссыздық мәселесі өте қатты толғандырады.

Үкіметке деген сенім азая түскен. Әйтсе де, сауалнамаға жауап бергендердің 73 пайызы үкімет жұмысына оң баға берген. Бұл 2009 жылғы қазан айында жүргізілген сауалнама нәтижесімен салыстырғанда 5 пайыздайға төмен. Сондай-ақ бұл жолғы сауалнамаға қатысқандардың көпшілігі қаржылық дағдарыс тудырған ахуалға қарамастан өмір сүру деңгейіне разылығын білдіріп, оң бағасын беріп отырғаны жазылған.

Алайда, олардың 20 пайыздайы өмір сүру деңгейін нашар деп бағаласа, 10 пайыздайы отбасының ең басты деп есептелетін материалдық қажетін қанағаттандыруға да жеткілікті қаржы таппай отырғанын айтып күйзеліс білдірген. Жалпы алғанда, сауалнама нәтижесі Нұрсұлтан Назарбаев пен оның үкіметі үшін жағымды жаңалық болды.
XS
SM
MD
LG