Бұл жеткілікті ме, әлде аз ба? Атланта, Сидней, Афина Олимпиадаларымен салыстыратын болсақ, бұл жолы қазақстандық былғары қолғап шеберлерін ауыз толтырып айтарлықтай жетістікке жетті деуге келмейді.
Әр Олимпиада сайын кем дегенде 4-5 алтынды қанжығасына байлайтын кубалық боксшылардың бұл жолы өздерінің деңгейінен әлде қайда төмен өнер көрсеткенін көріп, бір алтын мен бір қолаға да қанағат тұтуға болар еді. Дегенмен әлемдік спорт жарыстарын жіті бақылып отыратын батыстық және ресейлік ақпарат құралдары кубалықтардың Бейжің Олимпиадасына тәжірибесі аздау, көбінде екінші қатардағы боксшыларын алып келгенін айтқан-тұғын. Мерей Ақшалов пен Еркебұлан Шынәлиевтің жолын төрешілер кесті дегенге қосылсақ,барша қазақстандық жанкүйерлер үміт артқан Бақтияр Артаев пен Серік Сәпиевтің өз қарсыластарынан шеберлігін асыра алмауының себебі неде? Бабы келмеді ме, әлде бапкерлері дұрыс тәсілді таңдай алмады ма?
Бақтиярды жеңген британдық боксшы Джеймс Ди Гейл Олимп шыңын бағындырды. Яғни, ол қазақстандық боксшы үшін осал қарсылас болған жоқ. Дегенмен, Бақтияр өзінің екінші кездесуінде әлемнің екі дүркін чемпионы ресейлік Матвей Коробовты таза ұтқанымен, не себепті британдық спортшыға шамасы жетпеді? Олимпиада басталған күні бапкерлердің өздері де Бақтияр үшін ең қауіпті қарсылас деп, осы Матвей Коробовты айтты емес пе? Бірақ, 2004-жылғы Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев, шаршы алаң ортасында бұрын-соңды әлемдік жарыстарда аты жарқ етіп көрінбеген боксшыға ұпай санымен ұтылды. Тіпті, оған тегеурінді қарсылық көрсете алмады.
Ал Серік Сәпиевке келер болсақ, тайландтық боксшы Манус Бумджумнонгтан ұтылып, жарыс жолынан ерте шығып қалды. Бапкерлердің өздері де Серік Сапиевке көп үміт артып еді. Серіктің шаршы алаңдағы қимылына, шеберлігіне, мін тағуға болмайды. Ал соққысының әлсіз екенін осы уақытқа дейін мамандар аз айтқан жоқ. Мануспен болған жекпе-жекте шаршы алаң сыртында бақылап отырған төрешілер аздап тайландтық боксшыға бүйрек бұрған шығар, бірақ, Мерей Ақшаловты сүріндіргендей, Серікті де қарсыласының алдына жығып берді деп кесіп айтуға болмас. Бокс тілімен жеткізер болсақ, Серік өз қарсыласының осал тұсын таба алған жоқ. Сондай-ақ, Манустың қорғаныста жүріп, анда-санда жасаған соққыларының дөп тигендерін де мойындауымыз керек.
Жағдайдың осылай қалыптасып жатқанын көрген соң, бапкерлер Сәпиевке мүлдем басқа тәсілді ұсынып, оған тығырықтан шығуға көмектесетін кеңестер беру керек пе еді, қалай өзі? Ал Серік Сәпиев болса, жеңістің қолдан шығып бара жатқанын көріп, ашық төбелеске кірісті. Сөйтіп, екі раунд бойы өзі ештеңе істей алмай, Манустың анда-санда жасалатын тегеурінді соққыларына ұрынып қалып жүрді. Мұны айтып жатқан себебіміз, Манусты шаршы алаңда тізе бүктірген Доминикан елінің боксшысы қысқа қашықтықта жұдырық жұмсап, одан жеңісті жұлып алды. Ол тайландтыққа қарсы өте дұрыс тәсіл қолдануының арқасында, жеңіс тұғырына көтерілді, дейді кейбір мамандар. Сонда, жүлдеге ілінеді деген қазақстандық боксшылардың жарыс жолынан шығып қалуына бапкерлердің тактикалық қателігі әсер етті деп айтуға болады ма?
- Бұл Олимпиадада Қазақстан бокс құрамасының командалық есепте үшінші орыннан түсіп қалуына ең алдымен бапкерлер кінәлі, -деп бастады әңгімесін мемлекетке еңбегі сіңген жаттықтырушы Тұрсынғали Еділов.
- Көптеген ақпарат құралдарында Дамир Буданбеков пен оның шәкірттерінің Бейжің Олимпиадасында сәтсіз өнер көрсетуін ақтап алу ретін де, кубалық былғары қолғап шеберлерінің алтын жүлдеге қол жеткізе алмағанын мысал ретінде айта бастапты. Куба мен Қазақстанды салыстыруға болмайды. Өйткені, ол мемлекеттегі мықтылардың барлығы елінен қашып, кейбірі ұсталып, жауапқа тартылып жатыр. Сондай-ақ, экономикалық жағдайлары да өте қиын. Ал Ресейдің құрамасына келетін болсақ, онда өнер көрсетіп жүрген боксшылардың басым бөлігінің жастары отызға таяп қалды. Сондықтан, ресейлік боксшыларды қазақстандыкінен мықты болды деп айтуға болмайды.
Біздің бас бапкердің басты қателігінің бірі - ол құраманы дұрыс жасақтай алған жоқ. Маған салса, 57 келідегі Галиб Жафаровты, 54 келідегі Қанат Әбутәліповты және 60 келідегі Мерей Ақшаловты бұл Олимпиадаға мүлдем апармас едім. Себебі, олардың орнын басатын тәжірибелі жақсы боксшылар болған жоқ емес, болды. Бапкерлерден бастап барлығы Серік Сәпиевке үміт артып еді, ол тайландтық боксшыдан жеңіліп қалды. Неге? Өйткені, оған жөн сілтей алатын ешкім болған жоқ. Серік екі дүркін әлем чемпионы болса да, оның соққысы өте әлсіз. Қазақстанда жаттығып жүргенде соққысын күшейтіп немесе Манусқа қарсы жекпе-жекте екінші нөмірде ойнату керек еді. Бапкерлердің осы мәселені ескермеуінің салдарынан Серік Сәпиев жарысты ерте аяқтауға мәжбүр болды.
Бақтиярға не көрінгенін білмеймін. Ол рингке бұрынғыдағыдай жанып шыққан жоқ. Жекпе-жекте сылбырлық танытты. Жалғыз боксшы не істей алады дейсің? Оған да бапкерлік ұжымның ақыл-кеңесі жетіспеді. Әйтпесе, Артаевты британдық Джеймс Ди Гейлден әлсіз болды деп айта алмаймын. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – біздің боксшылар бұрынғы деңгейінен өспеген. Олардың шаршы алаң төріндегі қимыл-қозғалысын және соққыларын дамытуды бапкерлердің қолға алмағаны көрінді.