- Ызғарлы Желтоқсанға бүгінгінің көзімен қалай қарар едіңіз?
- Қазір Желтоқсан оқиғасы жайында айтпайтын қазақ жоқ. Қатысы бары да, жоғы да... Тіпті, желтоқсан туралы құлаш-құлаш сөз арнау сәнге айналып бара жатқандай... Көпірме сөздің көбейгені соншалық, кей-кейде қадірін де қашырып жібергендейміз. Қалай болғанда да, қашықтаған сайын Желтоқсанның қадірі өсіп келе жатқандығы байқалуда.
Сонымен Желтоқсанда не болды деген мәселе. Біреулер сол оқиғаны көтеріліс дейді, басқаша айтып жатқандар да баршылық. Бірақ, әңгіме онда емес. Бұл берідегі коммунистік жүйенің езгісінен де бұрынғы патша заманынан басталған отарлауға қарсылықтың бір күнде бұрқ етіп сыртқа шыққан бұлқынысы... Отарлық езгіге қарсы ғасырлар бойы ұлт санасында жатталып қалған қарсылық жинала келе, ашу-ыза түрінде стихиялы жолмен бой көрсетті. Осы күні қарап отырып жылағым келеді: сол күндері қазақ жастары ұлтымызға тәуелсіздік бер демеді, басшыны сырттан әкелмеңдер, ең болмаса Қазақстанның орысы бірінші хатшы болсын деген талапты қойды. қалай болғанда да сол күн қазақ деген халықтың батылдау екенін танытты.
Тағы да қайталап айтам: Желтоқсанның түбінде ата-бабадан бері қазақтың қанымен таралған отаршылдыққа деген күшті қарсылық жатыр. Сол күшті қарсылық жастар арқылы көрініс тапты.
Енді біреулер рух төмендеп кетті, рух жоғарылады деп баға беріп жатады. Меніңше, рух не жоқ болып кетеді, не қысылып азап шегіп тұрады. Міне, пәлен ғасыр отарлаудан қысылып, азап шегіп тұрған рух Желтоқсанда жастарды бір сәтте алаңға сүйреп алып шықты.
- Жастар жарады, бірақ Желтоқсандағы сыналған күндер ел-жұрттың сөзін сөйлейтін зиялы қауымның бейшаралығын көрсетті емес пе?
- Рас, сол күндері біздің зиялы қауым әбден қарабет болды. Шынымен де сол күндер кімнің кім екенін көрсетті емес пе? Қазақ зиялыларының арасынан Қалтай Мұхамеджанов қана жеке-дара дұрыс сөзін айтты. Расында сол кездегі қазақтың зиялы қауымы коммунистік-отарлаушы биліктің «семіз малайы» еді. «Семіз малай» сын сағатта асыраушысының айтқанынан шыға алмай қалды. Әрине, мен ешкімге кектенбеймін де, ешкіммен жауласуды мақсат тұтпаймын да. Болған жайды ғана айтып отырмын. Бұрын да айтып келемін. Қазақтың мен деген адамдарының «Алаңға шығып нең бар еді?» деп боқтағандары бар. Сол күндері біз қуғынға түсіп, абақтыда 3 күн отырып үйге келдік. Үйге оралғасын, ызаға булығып жылағым келді. Біздің сұмырай күйімізге қарап...
Бірақ алаңға жастардың шыққанын көріп, мен қуандым. Жұматай Жақыпбаевтің бір өлеңінде мынандай жолдар бар: «Құл ешкімді сүйе алмайды, жарығым». Мұнда сұмдық терең мағына жатыр. Әбден құл болып қалған адам ешкімді жақсы көре алмайды. Менің ойымша, жақсы көру, сүю дегеннің өзі, мәселен, Отанды сүю, адамды сүю, бір қасиетті нәрсені сүю – ерлікке пара-пар нәрсе. Ауызбен айту оңай, бірақ сүю деген кез келген адамның өмірінде әйтеуір бір рет болса да сыналады.
Сын сағатта бет-бейнесін танытқан бірлі-жарымды азаматтар болды. Бізді қамаған түрмеге Әзірбайжан Мәмбетовты қызыл ала қан етіп, әкеп тастағанын өз көзіміз көрді. Әрине, мен қазақтың бүкіл ақын-жазушысы, гуманитарлық интеллигенциясына топырақ шашып тұрған жоқпын.
Артынан біздің мәселемізді қараған масқара жиналыста Фариза Оңғарсынова мен Ақселеу Сейдімбек қана майдалап, «Бұл дұрыс болмады, жастарды тәрбиелеу керек қой» деп жұмсартты. Іштері қыз-қыз қайнап тұрса да, партиядан зәрелері ұшқандықтан болар. Мұзафар Әлімбаев пен Тұманбай Молдағалиев жастар масқара қылды деп айыптады. Бұл өзім куә болған жайт.
- Интеллигенция неге қайрат көрсете алмады?
- Кеңес өкіметі рухани интеллигенцияны асыранды қылып ұстады. Бірақ мұны ешкім зерттеп жатқан жоқ. Кеңестердің идеологиясы өте күшті болды ғой. Оның алдында патшалық Ресей отарлау алдында қазақты әбден зерттеп алды да, әрекет етті. Соңынан кеңес үкіметі сол үрдісті жалғастырды.
Біз далада еркін өмір сүрген көшпенді халық едік. Ес жиып, білім алған Алашорда үкіметінің зиялылары мемлекет құрмақ еді, онысы іске аспады. Ақырында кеңестік отар ұлтқа айналдық.
Ел мақтаған, ұлт көсемі деп атақ берген адамдарымыздың өздері де қызыл үкіметке жағыну үшін бірінің үстінен бірі арыз жазып, билікке таласты емес пе? Бұл да болған жайт. Жақында бір доктордың еңбегін жоққа шығару керек деп у-шу болып жатыр. Сөйтсе, ол қазақтың маңдайына біткен санаулы бір адамымен бірге Сталинге хат жазған екен. Сонысы үшін кінәлауға бола ма? Бұл енді біздің шындығымыз жоқ халық екенін көрсетеді.
Асыранды интеллигенция солай болмағанда қайтеді? Басқаға амалы жоқ қой. Жұматай ақын айтпақшы: «Құл ешкімді сүйе алмайды, жарығым» деп...
Қазақтардың мінез-құлқын әбден зерттеген патша кім көрінгенді болыс, би қылып қойды. Абай: «Болыс болдым, мінеки,
Ұлықтарым сөз айтса,
Бас изеймін шыбындап»,- дегендей, басшылыққа бас изейтіндерді таңдады. Жасыратыны жоқ, интеллигенцияны да солай етіп іріктеді. Бізде бәрі қолдан жасалынды. Шамалы таланты барлар Жазушылар Одағына мүшесі болып шыға келеді.
Сосын әр жерге жиналысқа барады, халықтың алдында кісімсиді. Бірінші хатшының қасында жүреді, ауылға барып ет жеп, шай ішіп, арағын тауысып қайтып келеді. Соған мәз. Қарапайым халық солай болу керек деп ұғынды. Бұл – халықтың бас изегендігінен емес, халықты әдейі қараңғы қылып ұстады ғой. Сөйтіп, ел-жұрт әлгі ақын-жазушыны әулие тұтты. Сол әулие тұтқан асыранды интеллигенцияның бәрі кешегі Желтоқсанда сыр берді. Ақырында бүкіл зиялы қауым масқара болдық. Бұл жерде жеке дара өзімді бөліп-жарып отырған жоқпын, күллі зиялы қауым қарабет болдық. Енді оның бәрін айта бергенмен, май түспейді.
- Жарайды, Желтоқсан оқиғасы бұғауда отырған халықтың бұлқынысы болсын делік. Ал, қазір тәуелсіз елміз. Неге рух бәрібір әлсіз?
- Әрине, жақсылық жағын көберек айтқым келеді. Қазақпыз ғой. Оның үстіне, "Жақсы сөз жарым ырыс" деген. Бірақ, шындығы керек, біз өзімізді өзіміз алдайтын ұлтқа айналып барамыз. Қит етсе, қазақты таптық, қазақ ондай, қазақ мұндай деп тұра жүгіреміз. Сосын бір бәкене мәселелерді таудай әңгіме етіп, жақ-жақ боп айтысып, "жүн жеп, жабағы тышып" дегендей, кетіп бара жатырмыз.
Былай қарағанда, бізде бәрі бар. Әр облыста пәленбай басылым, баспа, тіпті ру-рудың газет-журналын да шығаруға көштік. Соларға қарап, тіпті мен жазуды қойдым. Бірақ, сан көбейткеннен сапа өзгерді ме? Мәселе осында.
Осыдан 8-9 жыл бұрын айтылған сөзіміз жүзеге асады дейтін едік, сенетін едік. Романтика бар еді. Ал, енді қазіргі айтқыштар сол кездегі сөзімізді жаттап алып, соғатын болды. Тіл мәселесі де солай. Мен тіл мәселесі деп айта бастаса, аллергиям ұстайды. Айта-айта ақжем қылдық. Болары болды, бояуы сіңді. Ол кездегі романтиканың бүгінде ізі де қалмады.
Енді рухқа келсек. Қазақта «Жарлыдан байыған жаман болады» деген сөз бар. Біздің халық жарлыдан байыды. Мен бұл жерде есебін тауып, байып қалған бастықтарды ғана айтып отырған жоқпын, жалпы қоғамдық құбылыс ретінде қарастырып отырмын. Бұрын көрмеген нәрсесін көріп, қазақтың басы айналыңқырап қалды. Бұрыннан бері ырғалып-жырғалып тұрған халық болса, басы-көзі жоқ сатылмас еді.
Мына нәрсеге қараңызшы. Бір азамат бастықтың кеңсесіне жерді теуіп, айқайлап кіреді. Бірақ, сол бастық әлгіге бірдеңе беріп, алдарқатса болды, ертеңіне сөзінен айнып, әлгі бастықты мақтап шыға келеді. Бұл не? Балалық па? Жоқ. Примитивизм. Қазақ «уызында жарымаған» дейді. Бұл – тап соның өзі. Елде ылғи уызында жарымаған ұрпақ қалды. Аштық соқты, жақсылары атылды, айдалды, қалғанын соғыс жұтты. Ара-арасында есебін тауып, бірен-саран жақсылары аман қалды. Әлі де болса шамасы жетсе бізді алға жетектейтін солардан қалған көздер.
Біздің халық тұтынушы ұлтқа айналып барады. Менің басты қорқынышым да сол. Біздің тұтыну қоғамына өтіп кеткеніміз рухымызды төмендетіп тастады. Саудагерде рух болмайды ғой. Көзіне күндіз-түні ақша елестейді. Қалтасында ақшасы, басында жақсы коттеджі, жанында қатын-баласы жүрсе болды. Онда басқа арман жоқ. Тойған торай сияқты жүре береді. Бұл – бір.
Екіншіден, біздің мемлекетіміз қанша дегенмен де әлсіз. 15 миллион халықтың 7 миллионы қазақ. Құдай атқанда, соның 6,5 миллионы қазіргі қулық-сұмдықтан бейхабар, баяғысынша көже ішіп, құдалыққа барып, қыдырып жүрген аңқау қазақ. Расы керек қой? Сонда рух қайдан болады?
Оны айтасыз, қазір сөз көтере алмайтын шамшыл ұлтқа айналып барамыз. Біздің жақсымызды ешкім тартып алмайды, ұлт болатын ұлт әуелі өзінің кемшілігін көзге бадырайтып сынау керек қой. Соны жабылып түзетудің амалын жасамаса, біз мына жаһанданған әлемде қалай елдігімізді сақтап қаламыз? Мәселе осында. Қазірде анда-санда дұрыс сөзін айтқан адам тек ресми саясатқа ғана емес, ауданның әкіміне де ұнамайды.
Сіз ауданның әкімімен сөйлесіп көріңізші, ол жоғары жақтан да жаман. Мен облыстық газеттерді басқарып отырмын. Бірдеңе деп сын жазсақ болды, ертеңіне қызыл қырғын. Жаны шығып, облыс әкіміне хабарласады. Содан облыс әкімінің орынбасары ана сын неге жария болды деп газетке қоңырау шалады: «Президенттің тапсырмасын орындап жатсақ, мыналар бүлдіріп жатыр» деп... Бұл күлкілі ме? Күлкілі.
Әкімнің кішкентайы жаман болып тұр қазір. Мәселен, төбесінен аспан көрініп тұрған мектепті суретке түсіріп, газетке беріп едік, алашапқын басталды. Аудан әкімі «мені құртады» деп жүгірді. Осының бәрі ретсіз шабыс. Қазақы шаруа. Әй, сол әкім айтқызбай-ақ, шаруаға жаны ашыса, сол мектепті ретке келтірудің қамын бізден бұрын да жасамай ма? Жасамады екен, жөн сөзге неге құлақ түрмейді? Ол тек өзінің қарақан басын ғана ойлап тұр. Меніңше, қазіргі аудан, ауыл әкімдерінің дені «бездельниктер».
Біз неге қарнымыз тоқ, киіміміз бүтін, бірақ рухымыз жоқ деп тістеніп, ызаланып тұрып айтамыз? Рухымыз жоқ болатыны – біз жағымпазды, өтірікшіні өсіретін болдық. Әдебиетте де солай. Ең алаңдатарлығы –біздің ұлтымыздың деңгейі. Өзімізді өзіміз алдарқататын ұлтқа айналып бара жатқанымыз да сондықтан. Мұның екінші жағы да бар. Кейбір бала-шағасын басқара алмай отырған адамдар күпініп, мына әкім неге ананы жасамайды деп биік мінбелерде тұрып, әдемі сөздер айтады. Оның бала-шағасы, немересі бір ауыз қазақша білмей тұрып, қазақша неге сөйлемейміз деп жер тебеді. Туған тіліне шын жаны ашыса, әуелі өзінің отының басынан бастамай ма? Мен мұндай нәрселерге таң қалам?! Қалайша өтірікші ұлтқа оңай айналып барамыз?
Өзімізді өзіміз жөнге салмақ ниетінде болсақ, ең әуелі Абайға құлақ түруіміз керек. Қазақты жақсы көру жағынан Абайдан асқан данышпан жоқ. Абайдан ақылды емеспіз. Мен де ақылы аздау қазақтың бірімін. Рух қайдан құралады? Бала-шағаңды ел-жерін сүйетін азамат етіп тәрбиелеуден, өзіңе өзің сын көзбен қараудан, жұмысыңды адал да мүлтіксіз атқарудан, реті келсе ақиқат сөзді айтудан, сын сөзді қабылдаудан...
Экономика да дұрысталар, бірақ рухсыз ұлтқа айналып кетуіміз – оп-оңай
Қазақ тілін менсінбейтін болдық. Неге? Себебі, қазақ тілінде сөйлеудің құнарын жасамадық. Екіншіден, қазақы қалыпты жасаймыз деп, біздің бала кезіміздегі ғұрыпты орнатқысы келеді. Қазақшылықты сақтай отырып, басқа елдерден, мәдени тұрғыдан, ғұрыптық тұрғыдан қалмаудың орнына, біз неге «келін неге басына орамал салмайды» дегеннен бастаймыз? Айтқаныңды тыңдап, келін басына орамал салсын. Бірақ ішінен жеті әкеңнен бастап боқтап отыруы мүмкін ғой. Үлкен мәселелердің алдында бәкене шаруаны тыққыштауды қою керек. Қайта қазақтық қалпымызды сақтай отырып, басқа елдерден қалып қоймау үшін тырысайық, жаңа заманның жаңалықтарын сіңірейік.
Ақыр заман орната беруге де болмас. Қазақта шүкір деген жақсы сөз бар. Құдайға шүкір. Әлемде 1 миллиард 300 миллионнан астам адам аштықта өмір сүруде. Бізден де әруағы басым қаншама ұлт өз мемлекетін құра алмай отыр. Алысқа бармай, іргедегі татар ағайынды алайық. Қанша дегенмен де Ресейдің қоластында отыр. Оның қасында біздікі Құдайға шүкір емес пе?
Біз "Алдыңа ас қойдық, екі қолыңды бос қойдық" деген жағдайда отырмыз. Елді иемденетін кезде, өзіміздің осалдығымызды, пәстігімізді, білместігімізді көрсетіп алып жатырмыз. Нан табылады, бір басына ит те күн көреді деген бар. Бірақ рухты жоғалтып алуымыз мүмкін. Мен ылғи Желтоқсан жақындаған сайын осыны ойлаймын. Баяғы алаңға шыққан жастар, аянышты күйіміз, мұқалған жігеріміз, көрген қорлығымыз... Ызадан жарылардай болған түріміз....