Accessibility links

Қазақстанда адам құқы сақталып отыр ма?


Қазақстандық адам құқығын қорғаушы Евгений Жовтис. 28 қазан 2008 ж.
Қазақстандық адам құқығын қорғаушы Евгений Жовтис. 28 қазан 2008 ж.

6-қазан күні Женевада БҰҰ адам құқықтарының тапталуы мен азаптауға қарсы комитетінің 41-сессиясы басталды. Сессия жұмысында 1998 жылы БҰҰ-ның аталмыш комиссиясына мүше болып, халықаралық шартқа қол қойған Қазақстан адам құқықтарының сақталуы мен азаптауға қарсы жүзеге асырған іс-шаралары жөніндегі екінші жұмыс қорытындысын баяндады. Бірінші жұмыс қортындысы 2003 жылы тыңдалған болатын.

Женевадағы аталған жиынға ҚР Әділет министрлігінің вице-министрі Дәулет Құсдәулетовтің басшылығымен ресми билік органдары мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдері және Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюроның мүшелері қатысуда.

Қазақстанда адам құқықтарының бұзылуы мен азаптаулардың қоғамда жиі көрініс табатынын тәуелсіз БАҚ жиі көтеріп жататыны белгілі. Мұндай келеңсіз жайттардың бар екенін ІІМ-нің баспасөз хатшысы Бағдат Қожахметов те жоққа шығармайды:

— Азаматтардың құқын аяқасты ету, азаптау сияқты заңсыз әрекеттер бұрынғы жылдары көптеп тіркелетін. Қазір де мұндай фактілер бар. Бірақ өте сирек кездеседі. Осыдан бір жарым жыл бұрын полицияның қызметін бақылайтын қоғамдық кеңес құрғанбыз. Бұл кеңеске кірген адамдардың қалаған уақытында немесе азаматтардан шағым түскен жағдайда полиция жұмысын ерікті түрде бақылауға мүмкіндігі бар. Және осы жылы көктемде қоғамдық кеңестің ішінен уақытша қамау орындары мен түрмелердегі азаматтардың жағдайын кез келген уақытта тексере алатын арнайы топ құрдық. Бұл дегеніңіз, бостандығы шектеулі адамдардың құқын қорғауда жасалған оң қадамдардың нәтижесі, – деп ойын сабақтаған Бағдат Қожахметовтың айтуына қарағанда, кейбір азаматтар жасаған қылмысын жасыру үшін және тергеу ісін басқа арнаға бұру үшін «адамдық құқымды таптап, азаптап жатыр» деген жалған ақпарат тарататын көрінеді.

Алайда, адам құқығын қорғау және заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық қазақстандық бюроның директоры Евгений Жовтис Азаттық радиосына берген сұхбатында, арнайы түзеу мекемелеріндегі адам құқын бақылайтын қоғамдық кеңестің түрмелер мен колонияларға жүргізген тексерістерін арнайы комиссияның жұмысына балаған болатын.

— Алматы қаласы маңындағы түрмелер мен колонияларды аралаған бір сапарда қоғамдық кеңестің мүшесі ретінде мен де болдым. Жүргізілген жұмысты келісімде көрсетілген қоғамдық бақылау деп айтуға келмейді. Керісінше, жай ғана түрмелерді аралап қайту болды. Өйткені, қоғамдық бақылаушылар мұндай мекемелердегі адам құқын қадағалау үшін түзету орындарына ескертусіз бару қажет. Бұл аралау кезінде бізбен бірге қалалық әкімшіліктің қызметкерлері, құқық қорғау қызметкерлері, түрме бастықтары болды. Сондықтан мұны қоғамдық бақылау деуден гөрі, арнайы комиссияның жұмысына көбірек ұқсатуға болады. Мұндай жағдайда адам құқы мен азаптауға байланысты нақты ақпарат алу мүмкін емес және бостандығы шектеулі жандар жоғарғыдағыдай бастықтардың алдында құқының бұзылғанын немесе жағдайларының нашар екенін айта алмайтыны бесенеден белгілі, – деді Евгений Жовтис.

2007 жылы «Шаңырақ» ісіне байланысты 15 жылға бас бостандығынан айырылған Ерқанат Тараншиевке түрмеге барған сәтте түрме әкімшілігі тарапынан қысым жасалынғанын «Алға Азаттық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жасарал Қуанышәлі жария етті:

— Түрме басшлығы Ерқанаттың бір қағазға қол қоюын талап еткен. Ол қағазға қол қойса, түрме басшылығы тарапынан белгілі бір жеңілдіктер алып, жазасын өтеушілер жағынан үлкен наразылыққа ұшырайды екен. Түрменің өз заңы бар ғой. Ерқанат Тараншиев қағазға қол қоюдан бас тартқан. Сосын оны бірден карцерге қамап, қысым жасаған. Бұл бір ғана мысал. Ал, сотталған көптеген азаматтардың азаптауларға шыдамай өзіне-өзі қол жұмсап, басқа да шетін оқиғаларға тап болғанын білеміз. Сондықтан Қазақстан БҰҰ-ның адам құқығы туралы шарттарын орындап отыр деу өте қиын.

XS
SM
MD
LG