Accessibility links

Қашағаннан мұнай 2013 жылы алынады


Қазақстанның Энергетика және минералдық ресурстар министрi Сауат Мыңбаев, Атырау, 18 қыркүйек 2008 ж.
Қазақстанның Энергетика және минералдық ресурстар министрi Сауат Мыңбаев, Атырау, 18 қыркүйек 2008 ж.

Қашаған мұнай кенішінен 2013 жылдың 1-ші қазанына қарай Agip KCO консорциумы күніне 450 мың баррель мұнай өндіретін болды.

Мұны 18 қыркүйекте Атырауға келген Энергетика және минералды ресурстар министрі Сауат Мыңбаев айтып кетті. Онда ол Agip KCO консорциумының Бас директоры Паоло Скарони мен компанияның қаржы директоры Алессандро Бериниге келген белгілі шетелдік жеке меншік ұйымдардың инвестиция және қаржы саласының 30-дан астам мамандарымен кездескен болатын.
Министрдің айтуынша, егер бұл мерзім тағы да шегерілетін болса, Қазақстан консорциумның шығынын өтемейді.

- Бұл ондаған миллиард доллар болуы мүмкін. Ал, жобамен айналысып отырған адамдардың ақшаны шебер санайтынын ескерсек, көрсетілген мерзімде айтылған көлемдегі мұнайдың өндірілетіне сенімдіміз, - деді министр.
Әлем алпауыттарының ауызының суын құртқан Қашаған кенішінен мұнай өндіру жұмыстарын бастау мерзімінің кейінге ысырыла беруі бір бұл емес. 2004 жылдың ақпанында Agip KCO консорциумы мұнай өндіруді 2007-2008 жылдарға қалдыратындықтарын мәлімдеп, осыған орай 150 млн. доллар өтемақы төлеуге даяр екендерін айтқан. Ал, биылғы жылы олар бұл мерзімді 2010 жылдың екінші жартысына ұзартуды ұсынып, оған қоса жұмсалатын шығынның 57 миллиардтан 136 миллиард долларға, яғни екі жарым есе ұлғаятынын жариялаған болатын. Бұл, сөз жоқ, басқа ірі мұнай өндіруші компаниялардың наразылығын да тудырған еді. Осыған орай Reuters агенттігі ExxonMobil компаниясының бас директоры Рекс Тиллерсонның Файненшл Таймс газетінің бетінде Астанадан жобаны іске асыруды шегеруді доғаруын талап еткенін жариялаған еді. Онда ол қазірде жобаға 17 миллиард доллар инвестиция салып отырғанын айтып, шамасы бұл кеніште бір баррель мұнай өндіргенше бір доллар табыс табу дұрыс болар деген еді.

Agip KCO консорциумының тым жиі қайталанып кеткен өзгерістерінен кейін, Қазақстан жағы да «Қазмұнайгаз» ұлттық мұнай компаниясының жобадағы үлесін арттыруды көздегені белгілі. 2008 жылдың қаңтарынан бастап жүргізілген келіссөздер нәтижесінде «Қазмұнайгаздың» үлесі 16,81 пайыз деңгейіне өсті. Бұл ымыраға жауап ретінде Қазақстан жағы мұнай өндіру мерзімін ауыстыру мен шығындардың 136 млрд-қа жететінін қабылдауға келісім берген.

Журналистермен болған кездесуде осы мәселеге тоқталған министр, консорциум операторы жобаның тағдырына алаңдаған өзінің 40-тан астам барлық инвесторларын, банкирлері мен субмердігерлерін шақырғанын мәлімдеді. Сондықтан олармен болған конференцияда жоба бола ма, болмай ма, Қазақстан үкіметінің, мемлекеттің бұл тұрғыдағы позициясы қандай болмақ деген сұрақтарға нақты жауап берілді. Содан соң олар оффшорлық аймақты аралап, көздерімен көріп қайтты.

Министрдің айтуынша, шілдеде жасалған меморандумға байланысты 25 қарашаға дейін ұлттық компания есеп айырысып бітуі тиіс.

- Сол меморандумда көрсетілген принциптерді қазіргі «Өнімді бөлу жөніндегі келісімге» қосымша ретінде ұсынуға болады, тек салыққа байланысты шешілетін біраз мәселелер қалды. Осы келісімдерді қағаз жүзінде баяндап, айтылған уақытында қол қойып, мөр соғамыз деп ойлаймыз және оған күмәніміз де жоқ. Барлық инвесторлардың күтіп отырғаны да осы. Енді бұл шешім олардың көңілін жайландырады деп ойлаймын, - деді С.Мыңбаев.
Әзірге оператор Eni
- Ал Agip KCO консорциумына келетін болсақ, әр оператордың өз стандарттары бар. Сол себепті жұмыстың ортасында операторды өзгертуге болмайды. Сондықтан Қашаған кен орынын игерудің тәжірибелік-өнеркәсіптік маңызды кезеңін жеріне жеткізетін Agip KCO болмақ! Сөз тәмам! - деп шорт кесті Сауат Мыңбаев.
«Қазмұнайгаз» бас скрипкада тек 5 жылдан кейін ғана ойнайды

Министрдің сөзіне сүйенсек, енді «Қазмұнайгаз» үшін де өзгерістер аз болмайды. Ең алдымен ұлттық компания жаңа операциялық модельді пайдаланатын болады. «Бұл жаңа операциялық модель бойынша енді «Қазмұнайгаз» өкілдері бұрынғыдай «барып кел-шауып кел» емес, 264 жұмыс орнынан құралатын аса маңызды позицияларды иеленеді. Сондықтан олар, сөз жоқ, өз тәжірибелерін нығайта түсуі керек. Ал, шамамен айтқанда, бес жылдан кейін бұл жобаның өндіруші секторын Қазмұнайгаз басқаратын болады», - деді Энергетика және минералды ресурстар қожайыны.
Shell енді тағдырын «Қазмұнайгазбен» қосатын болды
Сондай-ақ, бұл кездесуде қазақстандық өкілдер иеленуге тиісті формальды лауазымдар мен оларды оқытып дайындау да талқыланды. Мәселен, Сауат Мыңбаевтың айтуынша, мұнай өндіру үшін Shell мен «Қазмұнайгаз» қосылған біріккен кәсіпорын құрылады. "Бірақ., бұл бірі – басшы, бірі - орындаушы болады деген сөз емес, - деп түсіндірді министр, - бұл - біріккен кәсіпорын, яғни екеуі де өнім өндіруге жауапты». Осыдан барып-ақ Каспийдегі ауқымды жұмыс көлемінің «Қазмұнайгазды» қосқандағы басты қатысушылар арасында да бөлінетіні түсінікті болды.
Бұл жайлы кезінде Reuters: Eni-ді басқа компаниямен алмастыру мәселесі былтырғы күзде-ақ қозғалған, - деп жазған болатын. Қазақстан Үкіметінің көзі басқа ірі мұнай компанияларымен салыстырғанда даму қозғалысы қарқынды, алып отырған пайдасы жоғары Shell -ге түскен. Енді, жалғыз оператор моделі біріккен операциялық компания моделіне алмастырылады, ал кенішті өндіру жобасы - теңіз бөлігіндегі, тасымалдау және қайта өңдеу болып бірнеше жобаларға бөлінеді».
Ал, бірқатар сарапшылар болса, Қазақстанның Shell-ді таңдауы дұрыс деп ақыл айтқан. Мәселен, мұнай компанияларының табысын санамалап жүрген «Метрополь» ИК мұнай және газ жөніндегі аға сарапшы Александр Назаров Shell-дің осы жылдың ІІ-ші тоқсанындағы таза пайдасы 27 пайыз болса, Eni-дікі – тек 2 пайыз дегенді айтады.
Дегенмен Қашаған мұнайына не кедергі?
Өзара келіссөздер шегіне жетіп, келісім-шарттар жасалғанымен Қашаған мұнайына не нәрсе кедергі болып отырғанын ешкім ашып айтпайды.

Дегенмен, түрлі басылымдарда жарық көрген мұнай сәуегейлерінің пікіріне жүгінсек, Қашаған кені өндірілуінің тежелуін әркім өзінше жобалайды. Мәселен, «Капитал.kz» сарапшылары Қашаған кенішіндегі бұл кідірісті оның акционерлері арасындағы келіспеушілікпен байланыстырады.

Ал экономикалық шолушы Ярослов Разумов болса: «Қашаған мұнайын жарыққа шығарудың кейінге қалдырылуының нақты себебі осы күнге дейін белгісіз. Бұл шамасы Қашағандағы кен өндірісінің экологиялық және технологиялық аса ірі қатердің алдында тұрғанымен түсіндіруге болар. Тіпті, кен орыны соншалықты күрделі болғанымен, сонша жыл бойы мұнай өндіруші компаниялар оны қалай игерудің жолын таба алмағаны ма? Онда қазіргі дамыған деп есептеліп отырған технологиямен де бұны жүзеге асыру мүмкін емес болар? Антарктида да мұнай өте көп дегенмен, мұз қалқанды ешкім тесіп өте алмай отыр. Қашағанның жағдайы да сондай болса, онда көп нәрсе түсінікті. Олай болса, консорциумға кіріп отырған басқа компаниялар неге жобадан шығып кетпейді? Әлде жаңа технологияның пайда болуын күтіп отыр ма? Ондай технологияны ұзақ күтуге тура келсе ше?» деп сауал тастапты.

Сөйтсе де, халық 2013 жылғы мұнайдан көрер пайдасын күтетін болады.
XS
SM
MD
LG