Accessibility links

Обаманың жеңісін Қазақстан оппозициясы да, билігі де құптайды


АҚШ президенттері тарихының жаңа беті ашылды. Бұл сөздің айғағы - АҚШ президенті атанған афро-американдық, демократ Барак Обама.

АҚШ тарихында ең ұзаққа, яғни, 21 айға созылған сайлауалды науқанының нәтижесі демократтардың бағын асырып, республикашылдарды жеңіліске ұшыратты.
Демократ Барак Обаманың жеңіске жетуі әлемнің көптеген елдерінің үміті мен сенімін оятқандай. АҚШ-ың жаңа президенті Қазақстан мен осы қатарлы дамушы елдердегі демократиялық үрдістердің тұрақты дамуына оң әсер етеді деп санайды «Ұлт тағдыры» қозғалысының жетекшісі Дос Көшім:
— Буштың тұсында дамушы елдердегі демократияны орнықтыру мен дамытуға АҚШ тарапынан бөлінетін қаржы мүлдем азайып кеткен болатын. Тіпті, Кондолиза Райстың: «Бізге демократиядан гөрі, саяси тұрақтылық пен экономикалық даму маңызды» деген сөзінің өзі Буш саясатының бір парасы. Барак Обаманың президенттікке келуі демократияның тың серпінмен дамуына жол ашады деп ойлаймын.
Соңғы жылдары бірқатар елдер тарапынан сынға ұшыраған АҚШ-тың сыртқы саясатында да Барак Обаманың шешімді қадам жасауын күтіп тұрған істер бар екенін саясаттанушылар бұған дейін де айтқан. Қазір де көлденең тартып отыр.
Айдос Сарым: Обаманың АҚШ халқы мен бизнес саласын қаржы дағдарысынан шығуға жұмылдырса, бұл өз кезегінде бүкіл әлем үшін тиімді болмақ.
— Обама өз жақтастарының алдында сөйлеген сөзінде «Бізбен достық қарым-қатынас жасап, қоян-қолтық жұмыс істейміз дегендерге құшағымыз ашық. Ал, бізбен жауласқысы келетіндерді міндетті түрде жеңеміз» деген сыңайдағы сөз айтты. Соған қарағанда, Ресей мен АҚШ арасындағы салқындық жуық арада жақсара қояды деу қиын. Оның үстіне Ресейді империалистік мүддені бірінші орынға қойған топ басқарып отыр, - деді «Алтынбек Сәрсенбайұлы қорының» жетекшісі Айдос Сарым. Оның пікірінше, Барак Обама американ халқы мен бизнес саласын әлемдік қаржы дағдарысынан шығуға жұмылдырса, бұл өз кезегінде бүкіл әлем үшін тиімді болуы мүмкін көрінеді.
Американың бас ауруына айналған Ирақ, Ауғанстан, Грузия және Ресей төңірегіндегі мәселелерге қатысты Барак Обама өзінің сайлауалды бағдарламасында Ирак пен Ауғанстандағы Америка әскерін қайтарып алатынын айтқан болатын. Және Грузияға қатысты Ресейдің әрекетін сынға алғаны белгілі. Бұл тарапта ендігі қожайыны Барак Обама болып саналатын Ақ үйдің ұстанымы түбірімен өзгеруі мүмкін екенін айтады саясаттанушы Әзімбай Ғали:
— Конгресмендердің көбі демократтар болғандықтан, Обамаға заң қабылдау, заңды өткізу тұрғысынан қиындық болмайды. Сонымен қатар, АҚШ-тың геосаясаты өзгермейді. Алайда, Барак Обама Ирақ пен Ауғанстандағы АҚШ әскерін бір жылдың көлемінде шығарып бітеді. Ресейге қарсы қысым күшейетін болады. Украина мен Грузияға қаржылай көмек көрсетіліп әрі оның көлемі ұлғаяды. Қазақстанға елдегі демократияны одан әрі дамытуға талап жасауы мүмкін. Өз кезегінде бұл талапты Қазақстан билігі орындайды деп ойлаймын.
Ал, сәрсенбі күні АҚШ-тың Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Ричард Хоугланд ҚазТАГ ақпарат агенттігіне берген сұхбатында, «АҚШ-та жаңа Президент сайланғанына қарамастан, АҚШ пен Қазақстан арасындағы саяси-экономикалық және басқа да қарым-қатынастар саласында айтарлықтай өзгеріс болмайтын шығар деп ойлаймын» деген болатын.
XS
SM
MD
LG