«ВИП-инсульт» деп аталып кеткен жаңа «жұқпалы дерт» Астананы дүр сілкінтіп тастады. Ең әуелі «инсульт алған» бұрынғы денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевтен соң президенттің іс басқарушысы Сарыбай Қалмырзаев «инсульт алыпты-мыс» деген хабарды алғаш «ҚазТАГ» агенттігі таратты. Рас, көп ұзамай Сарыбай Қалмырзаев өзінің дін-аман, Германияға барып жоспарлы дәрігерлік тексеруден өтіп келгенін жұрт алдында жариялады.
«Шамасы менің сау болғаным, президенттің жанында жүргенім барлығына ұнай бермейтін сияқты. Тараз, Шымкентке барғанда президенттің жанында мен ғана болдым, содан біреулердің қызғанышы тасып кеткен шығар», – деді Сарыбай Қалмырзаев журналистерге берген сұхбатында. Ал «біреулердің» кім екенін атап айтпаған ол «елде ешқандай клан да, кланаралық күрес те жоқ екенін» ескертіп өтті.
ВИП-тұлғалар «инсульт» алардан сәл ғана бұрын әлдекімдердің Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке дәрігерін сатып алуға ұмтылғаны туралы «бір топ қауіпсіздік қызметкерлері» жазып таратқан-мыс делінген хат жалпақ жұртқа мағлұм болған еді.
Бұл хатта Бас прокуратураның жедел іздестіру қызметінің заңдылығын қадағалау департаменті бастығы Мұрат Мұсабековтің осыған орай қамауға алынғаны айтылған. Сондай-ақ ел ішінде бас прокурор Қайрат Мәми мен бірінші вице-премьер Өмірзақ Шүкеевтің қамауға алынғаны жөнінде алыпқашпа сөздер гуледі.
Расында, Ақордада не болып жатыр? Осынау жайттарды билікке таласқан олигархиялық кландар күресінің салдары деуге бола ма? «Азат Еуропа/Азаттық» радиосының кезекті дөңгелек үстелі осы тақырыпқа арналады.
Оған бұрынғы сенат депутаты, «Кенесары» қоғамдық қорының президенті Уәлихан Қайсар; «Журналистер қауіп-қатерде» ұйымының президенті, «Свобода слова» газетінің қызметкері Розлана Таукина; «Эксперт Казахстана» журналының саяси сарапшысы Николай Кузьмин және «Аман-саулық» қоғамдық ұйымының президенті Бақыт Түменова қатысты.
Дөңгелек үстелді жүргізуші «Азат Еуропа/Азаттық» радиосы Қазақ редакциясының қызметкері Сұлтан-Хан Аққұлұлы жүргізді.
САЯСИ ПРОЦЕСТІҢ ЕРЕКШЕ ФОРМАСЫ
Жүргізуші:
– Құрметті дөңгелек үстелге қатысушылар, сонымен сіздердің ойларыңызша, Қазақстан билігінің тасасында не болып жатыр?
Розлана Таукина:
– Биліктің ұшар басындағылардың төңірегінде болып жатқан бұл жайттар, менің ойымша, президенттің мұрагері болу үшін кланаралық күрестің күшейе түскендігімен байланысты. Бұрын жоғары лауазымды шенеуніктер президенттің «иек қағуымен» ғана қамауға алынса, қазір мұндай «құрбан бастардың» бірінен кейін бірі домалап жатуы – белгілі бір ой салары сөзсіз.
Мысалы, қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Ысқақовты әуелі қызметінен босатты, содан кейін ғана қамауға алып, төрт жылға соттады. Үш жылға бас бостандығынан айырылған «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының бұрынғы президенті Жақсыбек Құлекеев те сол диірмен тасына түсті.
Сондай-ақ біз Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіруге тапсырыс берді деген айыппен 20 жылға сотталған Ержан Өтембаевтың да саяси ойындардағы «пешкіге» айналғанын жақсы түсініп отырмыз. Президенттің төңірегінде жүрген Серік Бүркітбаевтың не үшін сотталғаны құпия күйде қалды. Оны он жылға соттағанымен, отбасы шетелде тәп-тәуір өмір сүріп жатыр. Төтенше жағдайлар вице-министрі Абылай Сабдалинді пара алған деп 10 жылға түрмеге тықты.
Осы аталған жоғары лауазымды шенеуніктерге қарағанда Жақсылық Досқалиев тартыс көркі қызғанға дейін өз қызметінде екі апта отырды. Тек журналистер министрге ешқандай қатаң шара қолданбағанын байқағаннан кейін ғана оны тез арада қызметінен босатты, артынша уақытша қамау абақтысына отырғызып, кейін қамау мерзімін екі айға ұзартты.
Бұлардан да «күштірек» мысалдар бар. Дінмұхаммед Қонаев пен Назарбаевпен кездескеннен соң іле-шала немесе тіпті сол кездесу үстінде денсаулығы күрт нашарлап кеткен Марат Оспановтың, сондай-ақ бақандай бір жыл бойы ес-түссіз жатқан Сыздық Әбішевтің «күдікті қазаларын» есімізге түсірейікші. Ал бұлардың барлығы да Назарбаевқа жақын тұлғалар еді ғой. Кешегі Нидің өлімі төңірегінде де алыпқашпа сөздер көп, оның өлімі әлдебір жанжалға байланысты болған-мыс, тіпті оған у берген деген жорамалдар айтылып жүр.
Президенттің төңірегінде тарыла түскен шеңбер ішіндегілер кланаралық қақтығыста өздері құрған торға өздері маталып, күл-парша болып жатыр.
Елімізде тек мемлекеттік қызметкерлер ғана емес банкирлер де қудаланып жатыр. Дәл бүгін төрт бірдей қазақстандық банкирдің – Лондонды паналаған Мұхтар Әблязовтың, Араб Әмірлігіне бойтасалаған ағайынды Сейсембаевтардың және Еуразиялық банктың бұрынғы басшыларының бірі Жомарт Ертаевтың әрі қарайғы тағдыры қалай болары белгісіз. Тағы да сол алыпқашпа сөздерге қарағанда, Жомарт Ертаев қылмыстық істен «ебін тауып» сытылып шыққан көрінеді.
Қуғындағы банкирлердің кебін кигендердің әзірге ең соңғысы «Астана Финанстың» жетекшісі Кинтал Исламов кешеге дейін тергеуде отырып, аса қомақты ақшалай кепілдікпен бостандыққа зорға шықты. Қас-қағымда ажал тырнағы іліккен Ержан Тәтішев қалай еске түспейді мұндайда?
Президенттің айналасында төтенше оқиғалар тіптен көбейіп кетті, сондықтан мұның бәрін кездейсоқтық деуге ауыз бармайды. Сірә, бұл жоғарыда болып жатқан саяси ойындармен байланысты деген дұрыс шығар. Ал оған қатысқан кейбіреулер үшін ойын осылайша қайғылы аяқталды. Президенттің төңірегінде тарыла түскен шеңбер ішіндегілер кланаралық қақтығыста өздері құрған торға өздері маталып, күл-парша болып жатыр.
Николай Кузьмин:
– Кез келген елде саяси процесс дегеніміз – билік үшін, саяси, қаржылық және экономикалық қорларға бақылау жасау үшін күрес деген сөз. Бірақ мұндай саяси процестер азаматтық қоғамы дамыған, саяси институттары айтарлықтай жетілген, президент пен парламент, парламент пен үкімет арасында тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесі орныққан елдерде болады.
Ал мұндай тепе-теңдік жоғарыдағылардың «түсінігімен шешіліп», барлық билік жүйесі мен мемлекеттік басқару ісі Қазақстандағыдай тек бір адамның ғана қолына шоғырланатын болса, саяси институттардың қарама-қарсылығы мен күресі жайына қалып, оның орнына жекелеген тұлғалар арасындағы күрес басталады. Яғни партиялардың, үкімет басшысының немесе, айталық, парламент фракцияларының жетекшілері мен парламенттік оппозицияның жария мәлімдемелерінің орнына жеке адамдарға қатысты, онда да өсек-аяң, ұзынқұлақ, компромат немесе өзгені қаралайтын жарнама сияқты бұқаралық ақпарат құралдарының азығына айналатын қауесет әңгімелер пайда болады.
Қазақстанда да тұрпаты басқа демесеңіз дағдылы саяси процестер жүріп жатыр. Еуропаның немесе тіпті Азияның көптеген елдеріне мұндай жағдайлар осыдан бес жүз жылдай бұрын үйреншікті саналатын, яғни монарх әуелі «оң қолына» құлай сенеді. Содан кейін, тарихтан білетініміздей, күндердің күнінде әлгі «оң қолының» арамдығы әшкере болып, өлім жазасына кесіледі. Онан соң, әрине, тағы да бір «оң қол» пайда болады. Ол да өлтірілгенде барып, алдыңғы «оң қолдың» жазықсыз жазаланғаны мәлім болады. Қазақстанда да осыған ұқсас оқиғалар болып жатқан сияқты.
«АРТЫҚ ҚЫЛАМ ДЕП… ТЫРТЫҚ ҚЫЛУ»
Жүргізуші:
– Бақыт ханым, кәсіби дәрігер ретінде жоғары лауазымды тұлғалардың инсульттері туралы не айтар едіңіз?
Бақыт Түменова:
– Әдетте, инсульт жалпы жұрттың бәрінде емес, көбінесе жасы ұлғая бастаған адамдарда болады. Әсіресе ақыл-ой еңбегімен шұғылданатындар арасында жиі кездеседі. «ВИП-инсульттер» туралы айтылған пікірлермен келісемін. Қатты ширығып, миға күшті салмақ түскенде, кенеттен келген қолайсыз жағдайларда көбінесе жоғары лауазымды шенеуніктердің инсульт алып жататыны бұрыннан мәлім.
Жалпы өзі елде не болып жатыр, бұған дейін дәрігерлердің басынан дәл осындай жағдай өтті ме? Рас, осыған ұқсас жайттар болған. Жақтырмағандарды ақыл-есі ауысқандардың ауруханасына тығып тастайтын кездер кездесетін. «Дәрігерлер ісі» де, «тасталған хаттар» да ел жадында.
Атышулы қамауға алу оқиғалары 1990 жылдары, Қазақстан тәуелсіздігін алған соң басталды. Бұл тізімнің басында Әкежан Қажыгелдин тұр. Жаңа мыңжылдықтың басы да мұндай дүрбелеңдерден құр қалған жоқ, 2001 жыл Ғалымжан Жақиянов пен Мұхтар Әблязовтың қамауға алынып, сотталуымен есте қалды.
Шенеуніктердің кейбірі тұтқындалса, енді біреулері «отқа күймейтін, суға батпайтынын» бақылаумен келеміз. Қазақстанда шынайы ақпаратқа қол жетпейді, ашықтық пен әділдік жоқ, сондықтан ақпаратқа сусаған жұрт өздерінше долбар жасап, алыпқашпа әңгімелер мен өсек-аяңға құлақ түреді.
Бұдан биліктің беделі түседі, халықтың сенімінен айрылады. Қазірдің өзінде билікте мұның бірі де қалмады деуге болады. Мәселен, Заманбек Нұрқаділов өзін өзі үш рет атып өлтірді дегеннен кейін сот билігі беделден жұрдай болды. Алтынбек Сәрсенбайұлының
Шенеуніктердің кейбірі тұтқындалса, енді біреулері «отқа күймейтін, суға батпайтынын» бақылаумен келеміз.
Қазіргі уақытта Қазақстанда биліктің барлық тармағын жаппай жемқорлық жайлап алған. Азаматтық қоғамның билік алдында соншалық әлсіз екендігіне жақында тағы да куә болдық. Бастапқыда «Досқалиев инсульт алды» деп диагноз қойған дәрігерлер, арада бірер күн өтпей өз сөзінен айнып шыға келді. Сөйтіп, жағдай тұйыққа тірелді, шындық кімнің жағында екені белгісіз. Ал біздің азаматтық қоғамымыз «депті-міс» деген әңгіменің жетегінде өзімен өзі әлі жұмбақ шешіп отыр.
Бұл істе бәрінен бұрын бас прокуратураның едел-жедел қимылы қайран қалдырды. Өйткені Жәкішевтердің отбасы, тек отбасы ғана емес бүкіл қоғам болып бас прокуратурадан сырттан арнайы сарапшы алдыртып, Мұхтар Жәкішевтің денсаулығы туралы қорытынды жасату жөнінде қанша өтініп, жалынғанда бас прокуратура бір иілмеген еді.
Қысқасы, артық қыламын деп, тыртық жасап жатыр.
ИНСУЛЬТТЕН КЕЙІН МЕШЕЛ БОЛЫП ҚАЛАДЫ
Жүргізуші:
– Егер бұл жайттарды кланаралық күрес деп санасаңыз, оның салдары қандай болуы мүмкін?
Уәлихан Қайсар:
– «Сарай» ішіндегі тартыстың бұдан әрі жыл сайын емес, ай сайын күшейе түсетіні бұрынннан-ақ белгілі болған. Бұрын мұндай «оқыс» оқиғалардың жекелеген тұстары көбіне жұртшылықтан жасырын болып келсе, қазір енді тіпті үсті-үстіне ағылған ақпаратты жұрт «қорытып» та үлгере алмайтын болды. Өзара текетіреске түскен кландар бірінің артын ірі ашып, бірінің қылмыстық істерін екіншісі бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жайып салуға кірісті. Бірақ, шындық кім жағында екендігін біле алмай отырмыз.
Осынау қитұрқы күрестің көздеген орынындағы тұлға ғана соқыр-мылқау тәрізді, оның тиісті шешім қабылдауға қабілетсіз екеніне кланаралық топтар арасында ширығып тұрған бүгінгі тартыс анық дәлел. Сөйлеп тұрған адам өзін тыңдата алмаса айқайға басатын, ал
Бұрын мұндай «оқыс» оқиғалардың жекелеген тұстары көбіне жұртшылықтан жасырын болып келсе, қазір енді тіпті үсті-үстіне ағылған ақпаратты жұрт «қорытып» та үлгере алмайтын болды.
Менің ойымша, бүгінде мемлекет басшысы кландық мүдделерді реттейтін, кланаралық күресті тұрақтандыратын фактор ретінде бұрынғы рөлінен шын мәнінде айырылып бара жатыр. Меніңше, осы күреске қатысушылардың барлығы да мемлекет басшысының денсаулығы мен соған орай оның мемлекетті, тіпті «сарайдың» өзін басқару қабілетіне үлкен күдікпен қарап отырса керек.
Қоғамның еншісіне әдейі «тасталған» ақпараттар бөлігі ғана тиеді деп Кузьмин мырза дұрыс айтты. Оның да қайсысы шын, қайсысы өтірік екені белгісіз, өйткені дәл қазіргі жағдайда Қазақстанда ресми құжаттарға ешкімнің қолы жетпейді және жеткізе де алмайды. Сөз бостандығының жоқтығы, бұқаралық ақпарат құралдарына қол жеткізудің қиындығы, шынтуайтына келгенде, олардың биліктің айтуымен фактілерді бұрмалап беруі жұртты амалсыздан ұзынқұлақтан жеткен хабарға сенуге мәжбүр етеді.
Ал «ВИП-инсульттерге» келер болсақ, бұл жайт Қазақстандағы бүкіл саяси жүйенің «инсультке» ұшырай бастағанын көрсетеді. Мұның соңы биліктің түгелдей мешелденуіне, Құдай бетін ары қылсын, елде бей-берекетсіздік пен саяси кландардың бас-басының би болуына апарып соғуы әбден мүмкін.
Қазақстанда биліктің түрлі тармақтарына немесе партиялық фракциялар мен партиялық блоктарға арқа сүйеу мүмкін емес, бұл да Назарбаев мырза құрған жүйенің салдары. Атқарушы билік те, өкілді билік те, сот билігі де шын мәнінде бір-ақ адамның қолында. Аталған жүйенің ешқайсысы өз бетінше жұмыс істей алмайтынын жақсы білетін биліктің тасасындағылар осының бәрін бір өзіне қаратып алған жалғыз адамнан ғана төрелік сұрайтын бола бастады.
Нәтижесінде мемлекеттік басқару жүйесін өзгеше қабылдайтын жағдай қалыптасты. «Хан сарайына» айналған президент әкімшілігінен басталатын қулық-сұмдықтарға толы күрестер мен түсініксіз өсек-аяңдарды, бір-біріне қарсы бағытталған қылмыстық әрекеттер мен тағы да басқа ырду-дырдуларды өзгелер көрермен тәрізді бақылап қана отыратын болды.
Облыстық әкімдіктердегі астыртын күрестер де бұдан мысқалдай кем емес: өйткені бір әкім ауысса онымен бірге әкімдік қызметкерлерінің тең жартысы кетеді. Мемлекет басқару жүйесіндегі хаос пен бей-берекетсіздіктен бүкіл жүйеде басталған бүгінгі «инсульт» түбінде билікті мешелге айналдыратыны сөзсіз деп білемін.
Розлана Таукина:
– Қоғамға жеткен ақпараттың барлығы айналып келгенде белгілі бір ой-пікірді қалыптастырады. Соның бірі «елдегі ең бай адамдар – шенеуніктер» деген тұжырым. Шенеуніктердің аста-төк дүниелерді заңсыз жолмен жинайтындығына бүгінде ешкім таң қалмайды.
Шенеуніктердің аста-төк дүниелерді заңсыз жолмен жинайтындығына бүгінде ешкім таң қалмайды.
Сонымен қатар қоғамдық санада «ВИП-инсульт» дегеніміз жоғары лауазымды шенеуніктердің жазадан, яғни түрмеден қашу үшін жасаған жалған әрекеттері деген ой-пікір орнығып қалды. Инсульт алды деген Қалмырзаев сап-сау болып шықты, Досқалиевтің инсульті – дәрігерлердің ауыз жаласқан әрекеті деп айтылып жатыр. Осының бәрін Ақордадан, мемлекет басшысы маздатып отыр. Ол кейде тізгінді әдейі тартып ұстаса, кейде қоя беріп, бұл процесті бақылап отыр. Билікке деген күннен күнге күшейіп бара жатқан наразылық соңы ашуға ұласуы, шыдамды деген қазақ халқының өзі әлеуметтік дүмпуге мұрындық болып, билікті төңкеріп тастауы мүмкін.
ЖҰМЫСТА МА, ТҮРМЕДЕ МЕ?
Николай Кузьмин:
– Қазақстан билігінің жоғары эшелонында жасандылықтың көзге ұрып тұрғаны жөнінде айтылған Розлананың пікірімен келісемін. Осыдан бірер жыл ғана бұрын жасанды саяси партиялар қатысқан өтірік сайлау өткізіп бізге спектакль қойып бергені есімізде. Олардың әділдік жолындағы жасанды күрескерлердің жалған кейпінде жұртшылық алдында жалған пікірталас өткізгенін де көрдік.
Ал қазір сол жалған партиялық күрестің өзі бір шетке ысырылып қалғанын, Қазақстан саяси сахнасы тек жеке тұлғалар арасындағы күрес
Газеттер мен теледидарлардан ресми түрде беріп жатқан ақпараттардың барлығы өтірік екенін жұрттың бәрі біледі.
Ал біздің қоғам, осындай жаңа саяси құбылысқа да көндіккен сыңайлы. Газеттер мен теледидарлардан ресми түрде беріп жатқан ақпараттардың барлығы өтірік екенін жұрттың бәрі біледі. Қазір халық олардан гөрі оңтүстік клан мен солтүстік кланның қайсысы қалай депті, не істепті деген ұзынқұлаққа көбірек сенеді. Мәселен, шартты түрде алғанда Қалмырзаев-Шүкеев тобының немесе айталық тағы да басқа бір топтардың күресі деген сияқтыларға.
Нұртай Әбіқаевтың Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшылығына қайта оралуын да жұрт өзінше жорамалдап, мұны оңтүстік кланға қарсы жасалған әрекет деп бағалап қойды. Адамдар елдің саяси өміріне кландардың күресі ретінде қарайтын болды. Олар саяси тұрғыдан алғанда партияларға, идеяларға, либерализмге немесе консерватизмге, не социал-демократияға немесе коммунизмге де іштартпайды, тек оңтүстік, солтүстік, батыс сияқты және тағы басқа кландарға қарап ой түзуге дағдылана бастады.
Мұның соңы қайда апарады? Менің ойымша, бұл әлеуметтік деградацияға алып келеді. Қоғамның өресі төмендейді, халық өмірге тым қарадүрсін, қарабайыр қарауға дағдыланады. Әлеуметтік жарылыс немесе жанжал болады дегенге өз басым сенбеймін, өйткені ондай болуы үшін де саяси күрес тәжірибесі керек қой. Біздің қоғамда ол жоқ. Сондықтан Қазақстанда күтпеген жерден төңкеріс бұрқ ете қалады дегенге сене қоймаймын.
Бақыт Түменова:
– Элитаның жік-жікке бөлініп жатқаны байқалады, ал Қазақстандағыдай трайбализм жағдайында бұның соңы қоғамның жіктеуліне апарып соғуы мүмкін. Әлгі көшбасшылары қанша болса, қоғам да соншама жікке бөлініп кетуі ықтимал, оңтүстік және солтүстік болып бөлінген көршілес Қырғызстандағыдай. Және бір нәрсе, егер біз, қазақтар, қазір бөліне бастайтын болсақ, онда өзге ұлт өкілдері елден
Элитаның жік-жікке бөлініп жатқаны Қазақстандағыдай трайбализм жағдайында бұның соңы қоғамның жіктеуліне апарып соғуы мүмкін.
Жаңа осы жерде бұл жүйені мемлекет басшысының өзі құрып, кланаралық күресті бірде әлсіретіп, бірдей күшейтіп отыр деген пікір айтылып қалды. Мен осы пікірге мұндай тәжірибелердің барлығының салдары онша жақсы болмайтын шекке жеткенімізді қосар едім. Мемлекет басшысының төңірегінде ұрымтал сәтін күтіп жүрген азулы шенеуніктердің көңіл-күйі бір саты төменде тұрған қоғамға өтіп кетуі мүмкін.
Алайда мемлекет басшысы елді басқаруға, кланаралық тартыстарды шешуге қабілетсіз деген пікірмен келіспеймін. Бұл ретте ол бәрін көріп-біліп, бірақ не істеу керектігін шеше алмай, әліптің артын бағып отырғанға ұқсайды. Сайлауда дауыс беру нәтижесінің 99 пайызы қолдан жасалды дегенді бәрі айтады, бірақ меніңше халықтың көпшілігі өз дауысын іс басындағы президентке берді. 70 жасты саясаткер үшін соншалық кәрі деп санамаймын. Қазіргі түр-тұлғасы анау айтқандай жаман емес. Дәл қазір оның қолында саяси жағдайды түзеп жіберуге барлық мүмкіндік бар.
Уәлихан Қайсар:
– Мемлекет басшысы осы уақытқа дейін жүргізіп келе жатқан ойын ерте ме, кеш пе, бәрібір аяқталады. Ол топтар мен кландардың бірінің басынан сипап, екіншісінің құйрығынан теуіп, ойыншық секілді ойнатып отыр. Бірақ түбінде олар да мұның жай ойын емес екенін, аса қатаң күрес, күрес болғанда да әділетсіз күрес екенін түсінетін болады. Сол кезде бұл топтар да «ойыншық ойнатушыға» жеке-дара емес, барлығы тізе қосып қарсы шығуы мүмкін.
Мұндай саяси ойын сценарийінің қалай өрбитінін болжау қиын емес: президентке жақын төңірегіндегілер де сенбейтін болады, тіпті
Ол топтар мен кландардың бірінің басынан сипап, екіншісінің құйрығынан теуіп, ойыншық секілді ойнатып отыр.
Князьға наразы болған әскердің (рать) одан үндемей кетіп қалып, князьдің шын мәнінде өз мәртебесінен айырылып қалғаны тарихтан белгілі. Ал әлгі жасақ халық жиналысында басқа князь сайлауды ұсынады.
Топтардың басын нұр шалған кезде (қазірдің өзінде басталды) олар ақыр аяғы президентке жүгінуді де қойып, халыққа, яғни әрқайсысы өз жерлестеріне қарай бет бұрады. Бұдан кейін ең жаманы басталады – ел іші жүзге, руға, оңтүстік пен солтүстік болып бөліне бастайды.
Мұндай жағдай биліктің жоғары эшелонында, облыстық әкімдіктер деңгейінде болып жатқанға ұқсайды, бірақ күні ертең осылардың жаман әдеті жалпы жұртқа жұқпасына кім кепіл? Мұның соңы не болатынын білеміз, оған мысалды алыстан іздеудің қажеті жоқ.
Халық мемлекеттік аппараттың мемлекетті басқару қабілетіне онсыз да сенбейді, ал енді оның сарай былықтарына белшеден батып, елмен шаруасы болмай жатқанын көрген соң әрбір аймақ өзіне жергілікті көшбасшыларды тауып алуы мүмкін. Олар бүгінгі президентті емес, әлдебір жаңа адамды өзінің көшбасшысы ретінде тани бастайды. Содан кейін қарапайым халық арасында текетірес басталады. Ал бұл өте қауіпті.
Жүргізуші:
– Осымен Азаттық радиосы өзінің дөңгелек үстелін аяқтайды. Пікірталасқа қатысқандарыңызға рақмет.