Accessibility links

Мұхтар Әлиев: Ұлымыз екеуміздің арамызда алауыздық жоқ


Академик Мұхтар Әлиев. Алматы, сәуір 2007 ж.
Академик Мұхтар Әлиев. Алматы, сәуір 2007 ж.

Венадағы қазақ елшілігінен ұзап шыққан соң, Мұхтар Әлиев ұлы Рахат Әлиевтің үстінен шағым айтылған өз мәлімдемесінен бас тартатындығын айтты. Оның сөзінше, елшіліктегілер оған белгісіз дәрі берген.



«БҰРЫНҒЫ ҚАЙЫН АТА МҰХТАР ӘЛИЕВ ЕЛШІЛІКТЕ ҚАЙТЫС БОЛЫП КЕТЕ МЕ ДЕП ҚОРЫҚТЫ»


Мұхтар Әлиевтің Венада құпия түрде жоғалып кетіп, 4 мамыр күні Қазақстан елшілігінде пайда болуы, келесі күні ол жерден өзінің қызы, Рахат Әлиевтің әпкесі Гүлшат келген соң, қашып шыққандай болған оқиғасы Голливудтың толыққанды бір блокбастеріне арқау болғандай.

Бұған қоса Қазақстанда, оның жоғары билігі мен ақпарат құралдарында нағыз советтік драма басталғандай. Бұған алғашқы жол салған - өз әкесін сатып, сталиндік кезеңнің батырына айналған Павлик Морозов екені естеріңізде болар.

Астана сатқынның өзіндік бет-бейнесін жасамақ болған. Халық қаһарманы, академик, бұрынғы министр Мұхтар Әлиевке өз ұлын соншама масқара жасату кімнің ойына келді екен?

Қазақстандық үлкен отбасындағы голливудтық оқиғаларға жергілікті жаңалық қосылып, Сыртқы істер министрлігі алақанын ысқылап отыр.

6 мамыр, сәрсенбі күні «ұшып келген» Мұхтар Әлиевтің қатысуымен баспасөз-мәслихатын өткізу даярлануда. Құрбан-әкені Отанына қайтару үшін арнайы чартерлі ұшақ даярланған. Ұлының жасаған қастығы мен жәбірлеуі туралы оның жазбаша мәлімдемесі алдын ала таратылып та қойды.

Енді баршасы тірі куәгердің тірі дауысын естуді тағатсыздана тосуда. Енді ең бастысы – оны аман-есен Астанаға жеткізу. Жолда жаны шығып кетуден құдай сақтасын. Оның денсаулығы тіпті нашар. Жүрегі әзер-әзер соғып тұр. Өткен жылы оған кардиостимулятор қойған.

Мұхтар Әлиевтің айтуынша, оны аман-есен елге жеткізу туралы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі тікелей тапсырма бергенін елші ашықтан-ашық мойындаған. Бірақ бұның барлығы болмай қалды.

Мұндай мүлт кетулер аяқсыз қалмайды. Қазіргі қазақ қоғамындағы шайтанның рөлі белгіленген адамды кезекті әшкерелеу әрекетін жаппай жалғастыру мүмкіндігі болмай қалғаны үшін кімді жазықты қылып шығарары әзірге белгісіз.

Шайтанның әкесі елшіліктен кетіп қалды. Оның елшіліктен кетуіне рұқсатты швейцар да емес, елші де емес, тіпті Қазақстанның сыртқы істер министрі де бермегенін көпшіліктің іштері сезіп отыр.

Азаттық радиосына берген сұхбатында Рахат Әлиевтің айтқанындай, оның бұрынғы қайын атасы елшілікте отырған Мұхтар Әлиевтің сол жерде өліп қалуы мүмкін деп қауіптенген. Қазақстанның Венадағы өкілдігіндегілерден өзін босатуды қайта-қайта сұраған әкесін Гүлшаттың алып шығуына да тек осы жағдай ғана көмек болған.

«МЕН ӨЗІМНІҢ ҚОЛ ҚОЙҒАНЫМНЫҢ БАРЛЫҒЫНАН БАС ТАРТАМЫН...»

Тек осыдан кейін ғана Азаттық радиосына Мұхтар Әлиевтің өзімен байланысып, отбасылық делдалдарсыз не болғанын өз аузынан естуге мүмкіндік болды.

Бұл – арасындағы үнсіздіктерге толы, 12 минут 19 секундқа созылған әңгіме болды. Мен өзімді таныстырған соң жауап ретінде демалған тынысты ғана құлағым шалды. Сәлден соң «иә» деген сөз естілді.

Мен одан өзін қалай сезініп отырғанын сұрадым. Үнсіздік алдыңғыдан да ұзақтау болды. Содан соң «нашар» деген сөзді естідім. Содан соң тағы да үнсіздіктен кейін, Мұхтар Әлиев бір емес, бірнеше сөз айтты: «Қан қысымым өте жоғары».

Одан соң терең тыныстап демалғаны естілді. Ол минуттарға созылды. Бұдан соң ол кенеттен мен одан басында сұрамақ болған жағдайды айтты. Ол: «Мен қол қойғандарымның барлығынан бас тартамын... Олар маған әлдебір таблеткалар берді», - деді.

Бұдан соң тағы да үнсіздік басты, арасында оның демалғаны естіледі. Мен елшілікте онымен қалай әңгімелескенін, оны қорқытқан-қорқытпағанын білгім келді. Мұхтар Әлиев бұл тақырыпқа әңгімелескісі келмей, қашқақтады.

Содан соң ол кенеттен мен сұрамаған әңгімені айтып салды. Мұхтар Әлиев ұлымен екеуінің араларында алауыздықтың жоқтығын және оны толықтай қолдайтындығын айтты.

Мен оның Қазақстанда ұсталып отырған әйеліне хабарласып, оның жағдайы қалыпты екенін, ештеңеге алаңдамауын айтатынымды естігенде Мұхтар Әлиев сәл-пәл рухтанып қалды.

Ол маған хабарласуға тиым салды. Мен ол кісі алаңдап отырған болар, Венаға келіп, онымен, балаларымен қайта қауышуды күтіп жүрген болар дедім.

Тағы да санаңды езетін үнсіздік. Содан соң үлкен Әлиев «ол келмейді» деді. Оған рұқсат бермейді. Оған сөйлеу де, демалу да, тіпті ойлау да ауыр болып тұрғандай.

Кейінірек қызы оны елшліктен шығарғанда ол тәлтіректеп, әзер қозғалғанын айтты.

СҰРҚАЙ КЕЗЕҢНІҢ ЖАҢҒЫРЫҒЫНАН ӘЛІ ДЕ ҚҰРБАН БОЛЫП ЖАТҚАНДАР БАР


Рахат Әлиевке ақшаға сатылды деп тағы да айыпталмас үшін мен әрбір сөзімді салмақтауым керек еді. Сонымен бірге мен сияқтыларға орын бергені үшін Азаттық радиосын айыптайтындар да табылып қалады.

Қайталап айтамын, мен Азаттық (Свобода) радиосында жұмыс істей бастағанда Қазақстанның жартысы әлі жарық дүниеге келмеген де еді, төрттен бірі Рахатпен бірге пионерлік-комсомолдық жиналыстарға қатысып, тағы төрттен бірі - партияның сілтеген жағына қисаятын.

Мен жадымда тұтқан санаулы қазақтар, санаулы украиндар мен орыстар, еврейлер мен татарлар болатын. Мен "дұшпандардың дауысын" (советтер елінде батыстың ақпарат құралдарын осылай атайтын) ести бастаған кезеңді айтып отырмын.

Ол бір сұрғылт та сұрқай кезеңдер еді. Оның жаңғырықтарынан әлі де бейкүнә жандар құрбан болып кетіп жатқан жайы бар. Бұл құрбандар Львов пен Қостанайда да, Липецк мен Душанбеде де тұрады.

Менің санамнан осыдан бірнеше жыл бұрын түркмен абақтысында өлтірілген Азатлық (түркмен редакциясы) журналисі Огулсапар Мурадова кетпейді. Мен ол кезде Азаттық радиосы түркмен редакциясының директоры болып жұмыс істегенмін.

Мен сол кездері оның опат болғаны жайында хабарлағанда оның туыстарына сатылған жоқпын. Қазір де оны қайғырып еске алғанда маған ешкім сыйақы бермейді.

САРАЙ ТӨҢІРЕГІНДЕГІ ТАРТЫСТЫҢ КЛАССИКАЛЫҚ ҚҰРБАНЫ

Қазір Қазақстанда кепілдікте ұстап, Батыстағы күйеуі мен балаларына жібермей отырған Минавар Қадышқызы Әлиеваны ұмытпау үшін де маған ешкім керек емес. Кім қазір оның өміріне қызығып отыр?

Оның ұлы Қазақстан тыңшыларынан қашып жүр. Қызы болса тағдырдың жазуымен Ұлыбританияның азаматшасы болды. Күйеуі Венада жалғыздан-жалғыз науқастанып жатыр.

Осы жақында ғана Қазақстан пирамидасының ұшар басында отырған адамдардың тағдырлары осылай болды. Огулсапар Мурадова да қуғындағы құқыққорғаушылармен туыс болғаны үшін өлтірілді. Минавар Әлиева да өз туыстарының қайғысын тартуда. Оның жазығы Қазақстандағы дөкейлерге жақын болғандығында.

Оның күйеуі Мұхтар Әлиев те сарай маңындағы тартыстың құрбаны болды. Сарай маңынан аулақтау болса да. Бұл жерде Шекспирсіз ештеңе шешілмейтініне мен сенімдімін.

Нұрсұлтан Назарбаев әлі күнге дейін Алматыдағы орыс драма театрындағы «Король Лир» спектаклін көрмегені тағдырдың белгісі болар.

Шекспирдің басқа бір трагедиясында Гамлет актерлермен спектакль ұйымдастырып, король Клавдийдің әрекетіне байланысты оның күнәсін анықтайды. Спектакль «Тышқанға құрылған тұзақ» («Мышеловка») деп аталады.

(Журналист Александр Народецкий бұл мақаласында өзінің көзқарасы мен байламын айтады. Ол Азаттық радиосының позициясымен сәйкес келмеуі мүмкін).

XS
SM
MD
LG