Accessibility links

Құрылыс академиясының жатақханасы төңірегіндегі дау жалғасуда


Қазақ мемлекеттік құрылыс басқару академиясының жатақханасы. Алматы, 22 шілде 2009 жыл.
Қазақ мемлекеттік құрылыс басқару академиясының жатақханасы. Алматы, 22 шілде 2009 жыл.

Қазақ мемлекеттік құрылыс академиясының басшылығы мен студенттері академияға тиесілі жатақханада заңсыз тұрып жатқан оқытушылармен дауласып жатыр. Әкімшілік жатақханада орын жетпегендіктен студент санын қысқартуға мәжбүр екендерін мәлімдеді. Ал жатақхана тұрғындары сот шешімдерінің әділ шығарылмағанын айтады.

Жатақхананы босату туралы қаншама сот шешімі шыққанымен тұрғындар оны босатудан бас тартып отырғандықтан студенттердің жатақхана тапшылығын көріп отырғанын айтады академияның проректоры Камадияр Қасенов:

«Бізде екі жатақхана бар. Біреуіне қазіргі заманғы үлгі бойынша жөндеу жасадық. Ол негізінен 600 орындық жатақхана. Бірақ биыл 900
Қазақ мемлекеттік құрылыс басқару академиясы жатақханасының дәлізі. Алматы, 22 шілде 2009 жыл.
студентті орналастыруға мәжбүр болдық. Орын жоқ. Ал келе жатқан оқу жылында студенттер көп келсе, онда жатақхана мәселесі мүлде қиындайды. Біз бәлкім, жатақхананы тегін беретін қаладағы жалғыз оқу орны шығармыз. 4 жылдан бері «өздігінен басып алушылар» демей-ақ қояйын, академияда бірнеше жыл қызмет етпеген қызметкерлер студенттерге тиесілі жатақхананы босатпай отыр».

Мамедова Джейран, Қазақ мемлекеттік құрылыс академиясының заңгерлік қызметінің бастығы:

«Мемлекет нысандарды босқа ұстамас үшін оларды жалға берді, қарызға берді. Біздің академия бұл процестен тыс қалған жоқ. 2005 жылы 235-тен астам отбасыны көшірдік. Олардың арасында жатақхананың студенттерге керек екенін көрген арлы адамдар да болды. Қазір онда 37 отбасы қалды. Олардың босатпай отырғандығынан академия 25 млн теңгеге шығынға ұшырап отыр. Олар бір өздері 400 орындық жатақхананы ұстап отыр».

Динара Әубәкірова, студент:

«Біздің жатақхана секцияларға бөлінген. Бір секцияда 3 бөлме бар: жатын бөлме, ас үй, шеберхана. Негізінен мұндай секциялар бірнеше ғана адамға арналған. Қазіргі таңда онда 11 адамнан тұрып жатырмыз. Сыйысу қиын».

Академия басшылығының сөзіне қарағанда, аталмыш дауға қатысты 2005 жылдан бері болып жатқан сот процестерінің барлығы да академияның пайдасына шешілген көрінеді. №5 жатақханада заңсыз тұрып жатқан азаматтарды күштеп шығару туралы соңғы сот шешімнің 2 жыл бұрын шыққанына қарамастан азаматтар бөлмелерді босатпай отыр дейді олар.

Қазақ мемлекеттік құрылыс басқару академиясы жатақханасының дәлізі. Алматы, 22 шілде 2009 жыл.
Алайда аталмыш даулы жатақхананың тұрғындары осы уақытқа дейін болған сот процестерінің барлығы әділ түрде өтпгенін, ешқандай заңды бұзбағанын айтып отыр

Жұпар есімді жатақхана тұрғыны:

«Олар құжаттардың барлығын жасатып алған. Ақшалары бар. Қолында билігі бар. 4 жыл бойы неге шығарып алмайды?! Енді бүйтеміз, сүйтеміз деп отыр. Біздің соттасқанымызға 5 жыл болды. Пәтерақысын төлегенбіз».

Аты-жөнін айтқысы келмеген жатақхана тұрғыны:

«Біздің қолымызда қыркүйектің 20-сына дейін көшіруді тоқтата тұру туралы Бас прокуратура берген қағаз бар. Мұндай қағаз жатақхананың 22 тұрғынына берілген. Үш жылдан бері соттасып келе жатырмыз. Академияның қосалқы актісі басында-ақ дұрыс емес болған. Ол еш заңға сүйенбей жатақхананы өзінің меншігі қылып алған. Ол құжаттың мөрі сәйкес келмейді. 2001 жылы бұл жабық акционерлік қоғам болатын. Ал құжатта акционерлік қоғам болған кездегі - 2003 жылғы мөр басылған».

Қазіргі таңда даулы жатақханада 37 отбасы тұрып жатыр.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG