Былтыр Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр аутономиялық ауданында қазақтың «Қаражорға» биіне арналған мереке өткені мәлім. 2009 жылы тамыздың 30-ы күні Гиннестің рекордтар кітабына ену үшін түрлі ұлт өкілдерінен құралған отыз мыңнан астам адам бір мезгілде осы биді билеген еді. Осынау жаппай шара қазір Қазақстанға ауысқандай. Атырау қаласының 370 жылдығы қарсаңында, қазан айының екісінде өтетін мерекеде атыраулықтар да рекордтар кітабынан орын алуды жоспарлап отыр.
ҰЛТТЫҚ СИМВОЛ
«Қаражорға» - ең үздік би» акциясының ұйымдастырушысы әрі үйлестірушісі Манарбек Ермұқановтың сөзіне қарағанда, бұл күні көшелер мен алаңдарға бас-аяғы жиырма бес мың адам жиналмақ. Жаппай биге қатысамын деушілердің бетін ешкім қайтармайды, яғни бес
«Қаражорға ең үздік би» жобасының ұйымдастырушысы әрі үйлестірушісі Манарбек Ермұқанов (сол жақта) және «Қаражорға» шығармашылық ұжымының жетекшісі Жамали Диқанұлы. Атырау, 21 қыркүйек 2010 жыл.
жастағы баладан сексендегі қарияға дейін билеймін десе ерікті. Бидің ұзақтығы - бір сағат. – Тек Атыраудың өзінен ғана студенттер мен оқушыларды қосқанда шамамен жеті мың адам шығайын деп тұр. Біз аудандарды аралағанымызда мыңдаған адам осы биді билеу үшін облыс орталығына келуге әзір екендігіне көз жеткіздік. Оған қоса көршілес Ресей Федерациясының Астрахань облысындағы қазақ диаспорасы да бұл шараға атсалыспақшы. Сол себепті жиырма бес мың адам жиналады деп толық сеніммен айтуға болады, – деді Манарбек Ермұқанов осы акцияға арналған баспасөз конференциясында.
Сценарий бойынша қазанның 2-сі күні зеңбіректен бірнеше дүркін оқ атылып, белгі берілгеннен кейін жиырма бес мың атыраулық бір мезгілде «Қаражорға» биін бастап кетпек. Ал жаппай биді қазақстандық Гиннестің рекордтар кітабына енгізу үшін тікұшақтан, автомобильдер мен қайықтардан арнаулы топтар видеокамера түсіріп тұрмақ.
Манарбек Ермұқановтың сөзіне қарағанда, жобаның мақсаты – «Қаражорға» биін Қазақстанның ұлттық символына айналдыру, сөйтіп ел ішінде кеңінен насихаттау.
– Сондай-ақ, осы би арқылы қаламызды да көрсетіп, «Қаражорғаның» Қазақстандағы алтын бесігі Атырау екенін танытқымыз келеді. Өйткені бұл бидің бір кездері Батыс Қазақстан өңірінде аса танымал болғаны құпия емес. Мәселен, Құлсары өңірінде «Қаражорға» күйі сақталып қалған, – дейді Манарбек Ермұқанов.
ДАЛА ГИМНАСТИКАСЫ
Рекорд жасалатын Атырау жеріне ежелгі бидің ұңғыл-шұңғылын зерттеуші, «Қаражорға» шығармашылық ұжымының жетекшісі Жамали Диқанұлы да жетіпті. Ол өзімен бірге осы бидің сәнін келтіретін бишілер тобы мен атыраулықтарға би үйрететін режиссерлерді де ала келген екен.
Жамали Диқанұлы «Қаражорға» биі адам денсаулығына аса пайдалы деп санайды.
– Бұл биді ата-бабаларымыз дала гимнастикасы ретінде пайдаланған. Әсіресе буын-буынға айрықша пайдалы. Мұны әлі күнге дейін билеп жүрген ақсақалдар да бар. Мысалы, Түркияда «Қаражорғаны» билеген адамдар дертінен айығып та жатқан көрінеді, – дейді Жамали Диқанұлы.
«Қаражорға» биінің насихатшысы Арыстан Шәдетұлы туралы видеоны қараңыз. Алматы облысы, 14 сәуір 2010 жыл.