МӘДЕНИ ЭКСПЕДИЦИЯ
– Базаралы мырза, соңғы үш жыл қатарынан Моңғолияның Баян-Өлгий аймағына барып, ондағы қазақ рухани өнерін зерттеумен айналысып жүр екенсіз. Бұған не түрткі болды?
– Осыдан үш жыл бұрын Қазақстан Республикасының Мәдени саясат және өнертану институтының ұйымдастыруымен мәдени экспедиция Баян-Өлгийге жол тартқан еді. Осы экспедицияның ұйымдастыруымен сол елде «Баян-Өлгийдегі рухани мұра: кешегісі, бүгіні, ертеңі» деген тақырыпта екі күндік ғылыми тәжірибелік конференция ұйымдастырдық. Онда көптеген мәселелердің беті ашылды. Сыбызғы өнерінің деңгейі сарапқа салынды.
Біздің Қазақ радиомызда «Алтын қорымыз» бар ғой. Олар да өткен ғасырдың 70-ші жылдарынан бастап, өздерінің қазақ радиосында «Алтын қор» жасап келген екен. Сол «Алтын қордағы» мұраны сақтап қалуды мұрат еттік. «Алтын қор» 1990-шы жылдан кейін жазылмаған екен. Оның үстіне «Алтын қор» сақталған таспа шіруге айналыпты. Оны жазып алатын құрал да жоқ.
Біз үш жыл қатарынан осы қордағы әндер мен күйлерді жазып алуға тырыстық. Қазір екі жарым мыңдай ән мен күй жазылды. Жалпы, жазып алған күйіміздің өзі мыңнан асып кетті. Сол жұмыстың нәтижесінде «Телқоңыр» деген екі күйтабақ шығардық. Онда 70-ке жуық домбыра және сыбызғы күйлері қамтылған. Биылғы Баян-Өлгий аймағының 70 жылдық мерейтойына тарту еттік. Жалпы, ондағы «Алтын қордың» 80 пайызын сақтап қалуға мүмкіндік алдық.
Екінші мәселе – сол өңірдегі үлкен ақсақалдардан бастап, 12-13 жастағы Ақтілек деген балаға дейінгілерінің орындауындағы күйлерді жазып алуды мақсат еттік.
Қазір біз мыңнан аса ән мен күйді қайта өңдеп, дайындап жатырмыз. Келешекте үлкен бір монография ұсынбақ ойдамыз.
– Баян-Өлгийдегі қазақ руханиятының зерттелу деңгейі қалай?
– Баян-Өлгийдің рухани мұрасының зерттелуі тек жекелеген тұлғаларға ғана байланысты деп айтуға болады. Шет өлке болғаннан кейін, әрі өзге мемлекеттің құрамында болған соң, советтік дәуірде оның зерттелуіне аса көңіл бөлінген жоқ. Ал, сол өңірдің тумасы Баян-Өлгийдің ұлт-аспаптар оркестрінің негізін қалаған Қабыкей Ахмерұлының осы жолдағы еңбегі ерекше.
Ол 120 домбыра және сыбызғы күйлерін, 350 қазақ халық әндерін жинап, нотасымен кітап етіп бастырды. Әрі зерттеп қана қойған жоқ, Баян-Өлгийдің күйшілік өнеріне композитор ретінде үлес қосты. Өмір бойы оркестрде жұмыс істеп, 300-дей ән мен күйді оркестрге түсіріп кетті. Бұндай ерлік ешкімнің қолынан келген емес.
Тағы да сол өңірдің тумасы Мұсайф Құсайынұлы да Баян-Өлгий аймағындағы рухани мұраның жиналуына ерекше үлес қосты. Ол кісі Алматыда Құрманғазы атындағы консерваторияда білім алған. Сол себепті де ұлттық өнерді еуропалық өнермен шендестіре білген. Өнертану ғылымының кандидаты, осы саланы тұңғыш рет ғылыми айналымға айналдырған Өзила Мұсаханқызының Баян-Өлгийдегі қазақ руханияты жайында монографиясы жарық көрді. Мен ол кісіні өзіме ұстаз тұтамын.
– Ал, өзіңіз Баян-Өлгийдегі қазақ руханиятын зерттеуді қашаннан қолға ала бастадыңыз?
– Қазақ радиосында жұмыс істей бастағаныма біраз уақыт болды. Осы радионың «Алтын қорында» Қабыкей Ахмерұлының күйлері, Алтынгүл Бапарқызының орындауында әндер бар. Сонымен қатар, Қабыкей Ахмерұлы жинаған «Моңғолия қазақтарының халық әндері», «Моңғолия қазақтарының сыбызғы және домбыра күйлері» атты кітаптары қолыма түсті.
Талғат Мұқышев деген сыбызғышы Баян-Өлгийдің тумасы Қалек Құмақайұлының сыбызғы күйлерін зерттеп, «Сыбызғы сазы» деген кітап шығарды. Осының барлығы Баян-Өлгийдегі өнерге деген аңсарымның аууына себепкер болды.
1990 жылға дейін қазақтың аса бір ерекше рухани өмірі қалыптасқанын байқаймыз. 90-жылдардан кейін көші-қонның басталуына байланысты, рухани өнер қалып қойды. Күні бүгінге дейін ондағы көш тоқтаған жоқ. Қабыкей Ахмерұлы, Мұсайф Құсайынұлы секілді өнердің тізгінін ұстаған адамдар көшіп кетті. Сөйтіп, ондағы қазақ өнерінің дағдарысқа ұшыраған жайы бар.
Қазір сол өнерді қалпына келтіру ісі қолға алынып жатыр. Құрамында кезінде 50-ге дейін өнерпаз болған халық аспаптар оркестрі қайта жасақталып жатыр екен. Кезінде жабылып қалған театрдың қайта жұмыс істей бастағанына 5-6 жыл ғана болыпты.
«СЫБЫЗҒЫ ТАРТАТЫН САНАУЛЫ АДАМ ҒАНА ҚАЛДЫ»
– Баян-Өлгийдегі қазақ өнерінің сақталу деңгейі қалай?
– Қазақ өнерінде сыбызғы өнері кенже қалып қойғаны белгілі. Біздің көзімізді ашқан, сыбызғы өнерінің бар екенін паш еткен Баян-Өлгийдің тумасы Қалек Құмақайұлы ақсақал. Сол кісінің арқасында біз сыбызғы үнін естідік. Қазір Қазақстанда сол адамның шәкірттері пайда бола бастады. Сөйтіп, сыбызғы өнерін жалғастыруға мүмкіндік алдық.
Баян-Өлгийде жазушы, ақын, шежіреші Шынай Рахметұлы деген ақсақал бар. Сол кісінің мәліметтеріне сүйенсек, Баян-Өлгийде сыбызғы тартатын 11 адам ғана қалыпты. Оның ең жасы – Тілеубектің жасы 30-да екен.
Мәдени саясат және өнертану институтының қызметкері Қайырғазы Төленнің демеушілігімен Баян-Өлгийде жас балалардың домбыра үйірмесі жанданып келеді. Сондағы Еркінбек деген жігіттің жетекшілігімен осы тойда стадионда 300 баладан құралған ансамбль «Телқоңыр» және «Кербез қыз» күйін шертті. Бұл жігіттерде ұлттық өнерді сақтап қалуға деген ерекше талпыныс байқалады. Тек рухани және материалдық жәрдем керек.
Баян-Өлгий дегенімізбен, қазақтардың өнері ғой. Ол өнерді сақтап қалу үшін мемлекет тарапынан кешенді бағдарлама керек. Біз бір институт деңгейінде көмек қолын создық. Бірақ, нәтижесі шамалы. Бірнеше адамның жасағаны түк те болмайды екен.
Күйшілік, әншілік өнер – тірі организм секілді. Үнемі қамқорлықты және жандануды талап етеді. Барымызды мұрағатқа тапсырып тастап, осымен іс бітті деуге болмайды. Өнер алдыңғылардан артқыларға аманатқа қалдырылуы керек. Әйтпесе, өнер өледі. Ол үшін мемлекет тарапынан қолдау керек. Баянөлгийлік әкім-қаралар қолдарынан келгенше әрекеттеніп жатыр. Бірақ, оларға Қазақстан тарапынан қолдау көрсету қажет.
Біз осыған орай, әртүрлі жобалар дайындап, Мәдениет министрлігіне, Білім және ғылым министрлігіне жолдаған едік. Бірақ, ол министрліктер тарапынан қолдау болмай отыр. «Жарамайды» деген жарытымсыз жауап аламыз. Мен неге жарамайтынын түсінбеймін.
– Моңғолдармен қазақтардың бірге тұрып жатқандарына бір жарым ғасырдан астам уақыт болыпты. Ондағы қазақ өнеріне моңғол өнерінің әсері қаншалықты екен?
– Күйшілік, сыбызғышылық өнер тұрғысынан алып қарағанда мүлдем жоқ деп айтуға болады. Олар моңғол аспаптары мен қазақ аспаптарынан құралған ансамбль бар екен. Бірақ, бұл саналы түрде жасалған қадам. Меніңше, қазіргі әсерінен гөрі бұрынғы әсерін айтқан дұрыс сияқты.
Мәселен, «Балжыңкер» күйі сол өзара қарым-қатынастың жемісі деуге болады. Керісінше, Баян-Өлгийдегі урианхай, дөрбеттер (жергілікті халық) қазақтарға көбірек сіңіп кеткендігі байқалады. Онда олардың саны тым көп те емес. 20 мыңның айналасында. Барлығы қазақша сөйлейді екен. Қазақ өнерін жақсы меңгеріпті.
Баян-Өлгийдің 70 жылдығына арналған той алаңында моңғолша күрес өткізілді. Оған қазақтар жапа-тармағай қатысты. Біздегі «Жамбы ату» сияқты оларда «Садақ ату» өнері бар екен. Бірақ, қазақтар «Садақ атуға» қатыспайды екен. Той барысында «Айтыс», «Қыз қуу» сияқты қазақтың ұлттық өнерлері сарапқа салынды. Оны тек қазақтар тамашалады.
– Рақмет.