ЖОВТИС ЖУРНАЛИСТ ЕСІРГЕПОВТІҢ ҚҰҚЫ БҰЗЫЛЫП ОТЫРҒАНЫН АЙТАДЫ
Шығыс Қазақстандағы қоныстандыру колониясында сот жазасын өтеп жатқан белгілі құқыққорғаушы Евгений Жовтис Интернетте өзінің жеке блогын ашты.
Ақпанның 15-күні ғаламтордағы zhovtis.blogspot.com мекен-жайында жарияланған алғашқы мақалада Жовтис қазірде сот үкімі бойынша Тараз түрмесінде жазасын өтеп жатқан журналист Рамазан Есіргеповтың құқының қорғалуына қатысты өз пікірін білдірген.
Жовтис түрмеде отырған журналисті шартты түрде бостандыққа шығару мен оны қоныстандыру колониясына ауыстыру мәселесін қозғапты.
Құқыққорғаушының жазуынша, сот үкімі бойынша Рамазан Есіргеповтың іс-әрекеті орташа деңгейдегі қылмыс деп бағаланғандықтан, журналист жазасын жалпы режимдегі колонияда өтеуі тиіс болатын.
Ал бірақ журналистің жылға жуық уақыт Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Жамбыл облыстық департаментінің тергеу абақтысында қамауда отыруын Жовтис заңға қайшы деп жазады. Оның пікірінше, журналистің шартты түрде бостандыққа шығуы мәселесі қаралған кезде заң орындарының қойған талаптары негізсіз болған.
«Қазақстанның Қылмыстық-атқару кодексінің 73-бабының 2-ші бөліміне сәйкес, орташа деңгейдегі қылмыс жасаған жалпы режимдегі колонияда жазасын өтеушілер мерзімінің төрттен бірін өтегеннен кейін қоныстандыру колониясына ауыстырылуы мүмкін. Яғни, бұдан Рамазанның қоныстандыру колониясына ауысуына 2009 жылдың қазанның 5-інен бастап құқығы бар екенін оңай есептеуге болады.
Онда Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің жетекшілері бірінің жазған хатындағы мерзім, яғни «15 маусым 2010 жыл» дегеннің қайдан шыққаны түсініксіз. ҚР Қылмыстық кодексінің 70-бабының 4-ші бөліміне сәйкес, мысалы, шартты түрде бостандыққа шығу мәселесін көтеру үшін, сотталушы кемінде 6 ай темір торда отырғаны жетікілікті», – деп жазады Евгений Жовтис өз блогында.
Бұған дейін Жамбыл облыстық заң орындары «Алма-Ата инфо» тәуелсіз газетінің бас редакторы Рамазан Есіргеповті мерзімінен бұрын шартты түрде бостандыққа шығарудан бас тартқан еді. Оның себептерінің бірі ретінде билік орындары «істің аз зерттелгенімен» түсіндірген болатын. Жовтис бұны да журналистің құқын таптау деп бағалайды.
«Қылмыстық-атқару жүйесінің ішкі нұсқаулары бойынша, түзету мекемесіне келген сотталушыны зерттеуге үш айдан алты айға дейін уақыт керек. Оны қоныстандыру колонияға ауыстыру, шартты түрде бостандыққа шығару, қосымша кездесулерге мүмкіндік беру сияқты, т.б. мәселелер соған байланысты анықталады.
Мұнда да (Рамазан Есіргеповтің ісінде – Азаттық) тергеу абақтысында өткізілген уақыт қылмыстық атқару жүйесі бір болса да, есептелмей отыр. Ал сотталушыны бір түзету мекемесінен екіншісіне ауыстырған кезде оны қайтадан «зерттей бастау» – нағыз масқара», – делінген жазбада.
ЖОВТИСТІҢ БЛОГЫ ҚАЗАҚСТАНДА ЕРКІН АШЫЛМАЙДЫ
Қамауда отырған Евгений Жовтистің интернетке кіруге мүмкіндігі жоқ болғандықтан, оның жазбаларын Интернетке орналастыруды Жовтисті қорғау штабының өкілдері өз міндетіне алып отыр.
Жовтисті қорғау штабының жетекшісі тәуелсіз журналист Сергей Дувановтың сөзінше, блог ашу жайлы идеяны Евгений Жовтистің өзі айтыпты.
– Блогта оның қандай да бір оқиғаларға қатысты пікірлері, жазбалары болмақ. Міне, қазір Рамазан Есіргеповтің ісіне қатысты жасаған заңнамалық талдауы шықты. Түрмеде интернетке кіруге мүмкіндік болмағандықтан, ол жазбаларын бізге беріп отырады. Блогқа келген сұрақтарға берген жазбаша жауабын да орнатып отырамыз, – деді Сергей Дуванов.
Алайда, Евгений Жовтистің блогы орналасқан blogspot.com сайтына Қазақстандағы негізгі интернет-провайдерлері арқылы еркін кіру әзірге мүмкін болмай отыр. Сергей Дуванов қазір парақшаның толығымен ашылмай тұрғанын, оны барлық қолданушыларға бірдей ашық қылу үшін жұмыстар жүргізіп жатқанын айтады.
Бұны іс жүзінде сынап көрген журналистер Қазақстанның бірнеше қаласынан аталған сайттағы жазбаларды тек прокси-серверлер арқылы, яғни, пайдаланушының іздеген сайтына қойылған тосақауылды айналып өтетін әдіспен ғана ашып оқуға мүмкіндік барына көз жеткізді.
Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі бюросының жетекшісі Евгений Жовтис адам қазасына әкелген жол-көлік апаты бойынша айыпты деп танылып, былтырғы жылы қыркүйек айында Балқаш аудандық сотының үкімімен 4 жылға бас бостандығынан айрылған болатын.