АҚТАҢДАҚТАР
Қаңтардың 25-і күні ГУЛАГ-тың жабылғанына 50 жыл толды. Осынау атаулы күнге орай, Алматыда «Ар. Рух. Хақ» қоғамдық ұйымы
Бақытжан Төреғожина, «Ар. Рух. Хақ» қоғамдық ұйымының жетекшісі, ГУЛАГ-тың жабылғанына 50 жыл толуына арналған шарада өлең оқып тұр. Алматы, 25 қаңтар 2010 жыл.
совет заманындағы сталиндік саяси қуған сүргін құрбандарын еске алып, қаладағы Халық батырлары аллеясында арнайы шара өткізді. Қоғамдық ұйымның жетекшісі Бақытжан Төреғожинаның айуынша, жергілікті әкімді оларға шара өткізуге рұқсат бермей қойған.
Ресми дерекке сүйенсек, одақ бойынша барлығы 60 миллион адам қуғын-сүргінге ұшыраса, олардың 40 пайызы ату жазасына кесілген. ГУЛАГ жабылғанымен оған куә болған азаматтарды әлі күнге дейін сол азапты күндердің елесі мазалайды.
57 жастағы кинорежиссер Геннадий Земельдің Карлаг-та дүниеге келгенін бірі білсе, бірі білмейді. ГУЛАГ біреулер үшін жай ғана тарих болса, ол үшін сайрап жатқан балалық шақтың елестері.
«Бұл жайлы айту мен үшін өте ауыр. Әкем мен анам сол зонада танысқан болуы керек. Әкемнің жаза өтеу мерзімі өмірлік десе де болады. Анамның айтуынша, мен лагерде 1 жыл, 2 айдай болыппын. Мұнан соң анам екеумізді қоныстандырған көрінеді. Содан соң біз Долинки ауданына көшіп барыппыз. Біз қоныстанған жер «Тазаянка» деп аталды. Онда жеркепеде тұрдық. Ол кезден суреттер қалмағанымен, сол кездің сұрғылт та жабырқау тіршілігі көз алдымда. 1957 жылы Топарское лагері жабылды, қоршаған сымдар алынып тасталды. Сөйтіп, елді мекен Топар деп атала бастады. Менің балалық шағымның сәттері барлығы сонда қалды», – дейді кинорежиссер.
Бір уыс бидай ұрлағаны үшін бірнеше жылға оңай соттатып жіберетін кезеңде Геннадий Земельдің анасы да осындай «жымқыру» фактісі бойынша тұтқындалыпты:
«Менің анам соғыстан кейін, яғни 1947 жылы түрмеге түскен екен. Ол әскери адамның әйелі болған. Оның айтуынша, ол кезде әскери шенді азаматтардың отбасыларына талонмен қант берген екен. Украинаны ол кезде ашаршылық жайлаған. Сол себепті ол талондарды құртпай жинап, жақындарына жіберу үшін бір-ақ қант алмақшы болған. Мұны құқық органының өкілдері «жымқыру фактісі» ретінде тіркеп, қант қоймасының бастығын 25 жыл бас бостандығынан айырып жіберсе, менің анама 10 жыл беріпті».
Миллиондаған адамдардың қасірет ошағына айналған лагерлер адамзат тарихының ауыр да қайғылы беттері. Оның ащы шындықтарын айту көп адамдарға оңайға соқпайды.
«Бұл сол кездегі адамдардың қайғысы. Олар бізді құтқару үшін ГУЛАГ-та, Карлагта көрген азаптарын, адамдардың адамдарға жасаған әрекеттерін айтпай, ішке бүгіп өздерімен бірге алып кетті. Олар адамдарға сену қасиетінен мәңгіге айрылған. Біз бұған түсіністікпен қарауымыз керек. Лагерлер екінші дүниежүзілік соғыстан да қасіреті ауыр оқиға», – дейді Геннадий Земель.
Геннадий секілді тағдыры ГУЛАГ-пен тығыз байланысты азаматтар қазір де елде аз емес. Біздің екінші кейіпкеріміз – Алматы қаласының тұрғыны 90 жастағы Федор Осадчий. Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін оның әкесі, ағасы, әпкесі сталиндік репрессияға ұшырап атылып кетсе, соғыстан соң «Сталин туралы өсек таратты» деген айыппен өзі де репрессияға ілігеді.
«Мен сталиндік тозақтың барлық сатыларынан өткен адаммын. Туыстарымнан, бауырларымнан айрылдым. Соғысқа екі жыл қалғанда әскерге шақырылдым. Соғыстан соң 10 жыл каторгалық жұмысқа айдап жіберді. Бізді Куйбышев су электр стансасын салуға алып барды. Әрбір күн үшін, әрбір тілім нан үшін «күрестік». 1954 жылы Сталин өлген кезде мені ақтап шығарды. Қазір ойлап отырсам, менің әкемді, туыстарымды құдайға сенгені үшін атып тастаған екен. Мен совет жүйесінің ең ауыр, әрбір қадамына өлім сепкен қатігез дәуірін бастан кешіріппін», – дейді Федор Осадчий. Ол тарих жіберген сол бір қателік заман енді қайтып айналып келмесе деп тілек айтады.
Бір ғана Карлаг-та Совет Одағының түкпір-түкпірінен 2 млн.-ға жуық адам тұтқын болған екен. Дерек бойынша, онда адамның бас сүйегін темір құрсаумен қысу, қараңғы бөлмеге қамау, ыстық темірді адамның асқазанына кіргізу сияқты адамды азаптап-қорлаудың жан түршігерлік әдістері қолданылған.
«ХАЛЫҚТАР ТҮРМЕСІ»
Еңбекпен түзету лагерлері бір сөзбен айтқанда, ГУЛАГ 1930 жылы «Еңбекпен түзету лагерлері» туралы қаулы шыққаннан кейін құрылғанымен, оның жұмыс істеу механизмі, тарихшылардың айтуынша, біршама ертерек пайда болған.
«Совет өкіметі орнаған бетте жазалау аппараты қоса қатты жұмыс істеді. Ол кезде Төтенше комиссия дейтін орган құрылды, оның қызметкерлерін чекистер дейді. «Бөтен пиғылдағы» адамдарды жазалау баяғыдан басталған. 30-шы жылдары арнайы лагерлер ұйымдастырылды. Оның көп бөлігі Қазақстанда орналасты. Бұл лагерлердің бір ерекшелігі сол, Қазақстанда сотталғандардың көбін басқа елге жіберген, ал Совет одағының түкпір-түкпірінде сотталғандарды бізге әкелген. Бізге белгілі деректер бойынша, тек Қазақстанның өзінен Сталиннің өзі 1078 адамды қол қойып, бірінші санаттағы тұтқындар ретінде айдап жіберген. Ол ұлттық мемлекеттің іс жүзінде қалыптасқанын қалаған жоқ» – дейді қазақ жазушысы Бейбіт Қойшыбай.
Көптеген мамандардың пікірінше, Сталиндік жүйе, НКВД тарих қойнауына енгенімен оның аты өзгерген, бүгінгі «түрлері» пайда болуда. Содан сақ болу керек дейді олар.
Жұмысшылар қозғалысының жетекшісі Сақып Жаңабаева: «Өкінішке орай, бұл репрессия әлі де болса тоқтатылмай отыр. Кейбіреулер мұның басталғанына бірнеше жыл болды дейді. Мен мұнымен келіспеймін. 20 жылдан бері халық ішінде өзіндік айқын позициясы бар, сөзі мен ісі мықты адамдардың барлығын құртып жатыр. Ешкім оны көрмей жатыр».
Тарихшы Қуанғазы Есенғазының пікірінше, тоталитаризмнің ащы салдарын тарих ашып көрсеткенімен әлі одан шынайы сабақ алынған жоқ. Мұның арты жақсылыққа апармайды дейді ол.
«Әлі де сол зорлық адамзатты жайына қалдырған жоқ. Кейбір елдерде ол әлі де жалғасып жатыр. Мына адам халқына шаққан мемлекетті есептегенде Қазақстан Республикасындағы түрмедегі адамдардың саны әлемдегі 225 елдің ішінде алдыңғы қатарға шығып отыр. Бұл да әділетсіздіктің әлі де бар екендігі, жазықсыз адамдардың әлі де сол әділетсіздіктің құрбаны болып жатқандығының белгісі. Бұған кім кінәлі?» – деген сауал қояды Қуанғазы Есенғазы.
Тарихи дерек бойынша, Қазақстан көлемінде 103 мың (соңғы дерек бойынша 108 мың) адам репрессияға ұшырап, оның 25 мыңы атылған.