Accessibility links

Бірінші президенттік сайлауға қатыспақшы болған Хасен Қожахмет 18 жылдан кейін де диссидент дәрежесінде


Советтік Қазақстанның диссиденті, 1986 жылғы желтоқсан қозғалысына қатысушы композитор Хасен Қожахмет Азаттықтың Алматыдағы бюросында, 1 желтоқсан 2009 жыл.
Советтік Қазақстанның диссиденті, 1986 жылғы желтоқсан қозғалысына қатысушы композитор Хасен Қожахмет Азаттықтың Алматыдағы бюросында, 1 желтоқсан 2009 жыл.

Осыдан тура он сегіз жыл бұрын Қазақстанда тұңғыш рет жалпыхалықтық президент сайлауы балама үміткердің қатысуынсыз өткені тарихтан белгілі. Ал сол сайлауға түспек болғанда билік өзін тіркемей қойғанын советтік Қазақстан диссиденті Хасен Қожахмет Азаттыққа берген сұхбатында еске алады.

Мамандығы музыкатанушы -журналист Хасен Қожахмет Совет кезеңінен бері диссидент ретінде жақсы таныс. Бірақ ол қазір де оппозиция қатарынан көріне қоймайды. 1970 жылы ақпан айында Хасен Қожахмет әскери тәртіпті бұзғаны үшін қамауға алынады. Оның сөзіне қарағанда, қылмыстық істің қозғалуына Совет әскері қатарындағы ұлттық ерекшелікке қатысты кемсітуге келіспеушілік танытуы себеп болған. Іс жеті айдан кейін жабылады.

1977 жылы Хасен Қожахметті Советке қарсы әрекеті үшін екі жылға соттайды. 1987 жылы ақпан айында Хасен Қожахметті 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқаны үшін төрт жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығады.


«ЗАҢ БҰЗЫЛҒАНДЫҚТАН МЕН ТІРКЕЛЕ АЛМАДЫМ»

– Хасен мырза, сол президент сайлауына үміткер ретінде өз кандидатураңызды ұсынғаныңызбен сізді жібермей қойды. Соның себептеріне қысқаша тоқталып өтсеңіз?

– Үміткерлердің бірі – бұрынғы компартияның бірінші хатшысы, 1990 жылы Жоғарғы Кеңес президент етіп тағайындаған Нұрсұлтан Назарбаев болды. Екінші үміткер мен болдым. 1991 жылы күзде президент сайлауы болады деген кезде Желтоқсан ұлттық-демократиялық партиясы атынан мені үміткер ретінде ұсынды. Сөйтіп, мен сайлауалды бағдарламамды жасадым.
Қазақстан президенті Н. Назарбаев 2005 жылғы президент сайлауы алдында сайлаушылармен кездесуде. Сурет ресми сайттан алынды.


Ал, Назарбаевтың бағдарламасынан ССРО-дан бөлек ел боламыз дегенді, мемлекеттің иесі ретінде қазақ ұлтына деген артықшылықты, тағы басқа да нәрселерді көрмедім. Оның бағдарламасы алты-ақ сөйлемнен тұратын әрі нақты ешнәрсе айтылмаған қысқа ғана болды.

Мен бағдарламамды бір түннің ішінде жазып шықтым да, сайлауға түстім. Біз Орталық сайлау комиссиясына бардық. Ол жерде бізге қажетті қол жинайтын парақтар берді. Біз біраз қол жинап барсақ, орталық сайлау комиссиясы басқа жаққа көшіп кетіпті. Сөйтсек, қол жинаушылар кандидаттың сенімді өкілі деген куәлік алуы керек екен. Орталық сайлау комиссиясындағылар оны бізге айтпаған. Ол кезде олардың өзі сайлаудың қалай өтуі керек екенін білмеген.

Жоғарыда айтқан менің сайлауалды бағдарламам он үш баптан тұрды. Бірінші бапта «Қазақстан CСРО-дан бөлек тәуелсіз мемлекет болып жарияланады» дедім. Екінші бапта «Қазақстанда қазақ тілінің іс жүзінде мемлекеттік және ұлтаралық тіл болуы қамтамасыз етіледі» дедім.

Сол кезде «Азат» қозғалысы құрылды, Сәбетқазы Ақатаев деген азамат болды, солардың бәрі маған қарсы шықты. Қазір сол адамдарды мақтап, «армандаған тәуелсіздікке қол жеткіздік» деп жүр. Оның ішінде өлісі де, тірісі де бар. Сол кезеңде менің қазақ тілі туралы айтқанымды қолдамай, маған қарсы шығып, Назарбаевты жақтағандар қазір қазақ тілі үшін өлеміз деп жүр.

Осындай бір қызық жағдайлар болып жатыр. Сонымен бірге, бағдарламамның оныншы бабында «Бауырлас түркі тектес халықтармен мәдени, экономикалық ынтымақтастық орнатылады» деп едім. Міне, жуырда Әзірбайжанда төрт мемлекеттің басшысы, оның ішінде біздің президентіміз де бар, ынтымақтастыққа қол қойды. Сөйтіп, 18 жылдан кейін менің бағдарламама қайтып келді. Бұған да тәубе дейміз. Өзім де бұл жұмысқа араласамын деп ойлаймын. Араластырса егер...

Мен ол кездегі халықтың басшы атаулыдан, өкіметтен қорқатын менталитетін, мінез-құлқын білетінмін. Сондықтан мен президенттік сайлауда өтіп кетемін деп ойлаған жоқпын. Әрине, тәуелсіздік үшін күресіп, үш рет түрмеге түскендіктен, президент сайлауына түсуге менің моралдық құқым болды. Бірақ, мен өтетіндігіме басында-ақ, сенген жоқпын.

Мен халықты «Міне, кез-келген адам мен сияқты, заң құқық беріп отырған жағдайда, президенттік сайлауға түсе алады» деп, басшыға қарсы шығуға болмайды деген тоталитарлық үрейден арылтқым келді. Сайлауға түскен негізгі себебім осы болды. Және тәуелсіздік керек екенін, қазақтың мәселесі қалай шешілу керек екенін бағдарламам арқылы насихаттап, халыққа жеткізгім келді.

Кейін мені 1993 жылғы орыс тіліндегі тарих оқулығына жазыпты. Онда «1991 жылы президенттік сайлауға түскен. Бірақ, дауыс жинай алмауына байланысты өте алмай қалған» депті. Шын мәнінде олай болған жоқ. Ол кезде заң бұзылды. Қазанның 16-сы күні бір айдың ішінде жүз мың қол жинап, тіркелуге болады деген президенттік сайлау туралы заң шықты. Іле-шала қазан айының 31-іне дейін қол жинау аяқталсын деген қаулы тағы шықты.

Ал, жаңағы сайлау туралы заң газетке тек 21-қазан күні шықты. Яғни, қол жинау ар жағында қалған он күннің ішінде ғана жүргізілді. Сондықтан да, біз жүз мың қол жинап үлгере алмай қалдық. Заң бұзылғандықтан мен тіркеле алмай қалдым.

«БҰРЫНҒЫ КОММУНИСТЕР ӨЛМЕЙ ТАҚТАН ТҮСПЕЙДІ»

– Хасен мырза, сізді президент сайлауына түсуден қасақана аластатты ма, жоқ әлде шынында сол тұстағы тәжірибесі аз орталық сайлау комиссиясының жіберген қателігі болды ма?

– Менің ойымша, екеуі де болды. Кремль қойып кеткен адамдар көрге кірмей, тақтан түспейді. ССРО-ның құрамында болған Орта Азиядағы елдердің бәрінің басшылары баяғы тоталитарлық жүйенің адамдары. Олар басқа азаматтарға жол бермейді, өлмей, тақтан кетпейді.

Түрлі айла-шарғымен тақтан кетпеудің жолын ұстанып бағады. Мысалы, Путин кетті деп жатырмыз, ертең сайлауда қайта сайланады. Бұл бір айла. Елде демократия болмаған соң бұл адамдар тақтан түспейді. Солай бола тұра, 1991 жылғы сайлау кезінде орталық сайлау комиссиясының тәжірибесіздігі көрініп қалды. Әрине, басқа адамды сайлауға жібермес еді. Сол жібермегенінің өзін жымын білдірмей әдемі жасай алмады. Ал, тақта отырған президентке облыстағы басшылар-ақ қол жинап берді.

– Сол кезде танымал ақын Олжас Сүлейменовке де президент сайлауына түсуге ұсыныс жасалды. Алайда, Олжас Сүлейменов сайлауға түсуден бас тартты. Сіздіңше, Олжас Сүлейменов неліктен бас тартты?

– Халық оны білген де жоқ. Білмей де қалды. Кейіннен естіп жатырмыз. Ол анау Жоғарғы Кеңестегі ойын ғой. Бұл алдын ала келісілген нәрсе деп ойлаймын. Әлгі «Невада-Семей» сияқты тапсырыс. «Біз сөйтіп айтайық, сіз өтірік бас тартқан болыңыз» деген ойын сияқты. Ол түсем деп өзі айтпаған болар.

НАЗАРБАЕВТЫҢ СӨЗІ МЕН ІСІНДЕГІ АЛШАҚТЫҚ

– 1991 жылы президенттік сайлауға түскен үміткердің бірі, 1990 жылы Жоғарғы Кеңес президент етіп тағайындаған Нұрсұлтан Назарбаевтың бірнеше баптан тұратын сайлауалды бағдарламасынан мысал келтіре аласыз ба?

– Мысалы, мына жерде жемқорлықпен күресем және экологиялық жағдайды сауықтырамын деген екен. Содан кейін, тәртіп пен ұйымшылдық нығайтылып, қылмыс пен саудагерлікпен, шаруадағы қырсыздықпен, парақорлықпен күрес жүргізіледі дейді. Ал енді 18 жылдан бері күрескенде нәтиже қандай?

Қазір саудагерлік 1991 жылғыдан үдеді ме, жоқ азайды ма? Шаруаға қырсыздық дейді, қазір істейтін шаруа да жоқ, ел жұмыссыз жүр. Әй, шаруа берші десе, Үкіметтің өзі жұмыс тауып бере алмайды. Сонда жеткен жері осы болып отыр ғой. Сол кезде айтылған уәделердің бірі де орындалмады десек болады.

Ал, одан бері неше сайлау болып, неше рет өтіп келе жатыр. Мәселе сайлауда да, бағдарламада да емес, тоталитарлық менталитетте. Оны түзетейік дейтін халықтың өзінде ниет те жоқ. Әйтпесе, мен бағдарламамда тәуелсіздік, қазақ тілінің жайы және тағы басқа мәселелер туралы айттым ғой. Бағдарламаң жақсы екен деп қолдап кетсе кәні?! Халық қолдаған күннің өзінде дауысты дұрыс санайтын сайлау қанеки?!

Сондықтан, халық өзі тазармайынша, билік ешқашан да таза болмайды. Осылай ойына келгенін істеп, жалғаса береді. Біздің қоғамда сайлау деген бекер сөз.

– Қазақстан президенті сайлауға түсер алдында немесе президенттік мерзімді бүкілхалықтық референдум арқылы ұзарту бастамасын көтерген кезде де жемқорлыққа қарсы жорық жариялайды. Қазақстандағы сыбайласқан жемқорлық мәселесіне қалай қарайсыз?

– Үдемесе азайған жоқ. Оны елдің бәрі көріп, біліп отыр. Ал сол 1995 жылғы референдум кезінде де мен қарсы шығып, Алматыдағы
1986 жылғы желтоқсан қозғалысына қатысушы композитор Хасен Қожахмет Арқалық түрмесінде. Қазан, 1988 жыл. Сурет «Қазақтелефильм» түсірген «Версия» деректі фильмінен алынды.
ғалымдар үйінің алдында митинг ұйымдастырдық. Сонда қазіргі оппозициямыз деп жүргендердің бірде-біреуі қолдаған жоқ. Бірде-бір ақпарат құралы келмеді.

Парламент жоқ кезде, референдум өткізу туралы Қазақстан халықтары ассамблеясы шешім шығарды. Президент соған сүйеніп, референдум өткізді. Ал, Қазақстан халықтары ассамблеясының елде референдум өткізуге шешім қабылдайтын ешқандай заңдық құқығы жоқ.

Осындай заңсыздықтар орын алған. Конституцияны референдум арқылы қабылдауға да Ассамблея шешім шығарды. Оған да қарсы шықтық. Онда да заңсыздықтар болды. Оның бәрін халық көріп отырды. 2010 жылы ақпанның 13-інде менің түрмеге алғаш қамалғаныма 40 жыл толады. Қашанғы айта береміз.

ЗАМАН ӨЗГЕРГЕНІМЕН БАСШЫ ДА, ҚОСШЫ ДА БАЯҒЫДАЙ


– Сіздің көзқарасыңыз бойынша, осы 18 жылда Қазақстандағы саяси-әлеуметтік ахуал қаншалықты өзгерді? Жалпы, 1991 жылы демократия қандай жағдайда еді? Қазір қандай күйде?

– Совет өкіметі кезінде демократия дегенді ауызға алудың өзі қылмыс болатын. Бірақ, 1990-1991 жылдары Советтер одағы құлай ма, тарай ма деген әңгімелер жиілеп тұрған өліара кезде халыққа сәл де болса еркіндік берілді.

Бірақ соның өзінде жаңағы құлдық мінездері қалмай, Алматыдағы Жібек жолы көшесінде құрған киіз үйімізге, яғни сайлау штабымызға келіп, демократпыз, ұйым құрамыз деп жүрген көсемдердің өзі «Хасен Қожахметке дауыс бермеңдер, бұрынғы компартияның хатшысы Назарбаевқа дауыс беріңдер» деп жағымпазданып, сондай әрекеттер жасады. Сол кездегі көсемдердің көбі жылымықты пайдаланып халыққа жол көрсетудің орнына жоғарыға жағымпазданып әлек болды.

Біздің әлеуметтік жағдайымыздың оңған кезі жоқ. Совет өкіметі кезінде де қойманың кілті кімде еді, кімнің туысы бастық сол машина мініп, саяжай сатып алатын. Ал, қалған мұғалімдер, дәрігерлер сол баяғы жалақыдан-жалақыға дейін өмір сүріп жүретін. Композитор, ақын-жазушылар тәуелсіздік алғаннан бері жазған еңбегіне қаламақы ала алмай тегін жазып келе жатыр.

Сөйте тұра, қаламақы ала алмай жүріп, билікті мақтауын қоймайды. Енді не дейсің бұл халыққа? Айтарым жоқ. Ал, әлеуметтік жағдай түсінікті. Мен өзім басқаратын мұражайда отыз жыл қызмет өтілі бар, жоғарғы білімді маман 120 доллар жалақы алып отыр. Сондықтан әлеуметтік жағдайымыз түсінікті.

Міне, қарап отырмын. Назарбаевтың 1991 жылғы бағдарламасында айтылған дүниелердің бәрі керісінше шыққан. Бірақ, халық риза. Бәрі тамаша. Алла халықтың ниетіне қарай басшы жібереді дейді ғой. Мен өз міндетімді атқардым. Өз ойымды ашық айттым. Тәңірімнің алдына барғанда жалғыз ғана мақтанатын нәрсем: өзгелерге құл болған жоқпын, екіжүзді болған жоқпын. Менің қырық жылдан кейін тапқан олжам осы болды.

– Бірінші президентті мәңгілік президент етейік дегендей жеке басқа табынушылық құбылысының нышан бере бастағанына халық, қоғам кінәлі деп санайсыз ба?

– Халық айтса да, айтпаса да баяғыда Кремль тағайындап кеткен басшылар өмір бойы отырады. Бір жағынан халық олай деп айтуға мәжбүр. Мынандай қиын заманда біреу жұмысымнан айрылып қалмайын дейді, біреу кітап жазып қаламақы алсам дейді, келесі біреу қызмет істеп жүрген балам өссе, соған кесірі тимесе екен дейді.

Осындай ұсақ-түйек пен қара бастың қамын ойлап, амалсыз жағымпаздыққа барады. Басшы болса, елді дұрыс басқару керек қой. Басқару қолынан келмесе, халықтың обалына қалмау керек. Қай президент болса да, менің айтарым сол.

БАТЫСТЫҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ МҮДДЕСІ ЖӘНЕ ДЕМОКРАТИЯ

– Ал, енді Қазақстандағы ахуалды күрт өзгерту үшін, ел басшылығын өзгерту үшін Қазақстанға, қазақ қоғамына не керек? Қалай ойлайсыз?

– Қарулы көтеріліс жасайтындай халықта қаржы жоқ. Өйткені, біз тоталитарлық казармалық жүйеден шыққанбыз. Мен мына көтерілістердің (революциялардың) тарихын зерттеген адаммын. Сонда байқағаным, бір елдегі төңкеріске шетелдік күштер мүдделі болады. Және солардың ықпалы болады.

Болмаса елдің ішіндегі бай алпауыттар төңкеріс жасауға мүдделі болады. Ал енді біздегі бай алпауыттардың барлығы биліктегі адамдар. Солардың туыстары. Бар байлық солардың уысында. Олар қайдан төңкеріс жасауға мүдделі болсын?

Ал, Америка сияқты дамыған мемлекеттер Қазақстанның қазба байлығын игеру үшін ғана бізге демократия, адам құқығы деп жар салады. Шын мәнінде, олар біздің жағдайымызға бас ауыртпайды. Өйткені, шетел мемлекеттері кешегі коммунистік басшылармен бүгін ауызжаласып отыр.

Жалпы, демократиялық елдер экономикалық мүдделерін өздеріне тиімді жолға қою үшін, өзге елдердің басына диктатор біреуді отырғызып, соған пара беріп, лас жолдар арқылы бәрін шешеді екен. Бірақ, лас жолдың жақсылыққа апармайтынын олар білмейді. Сондықтан, шетелден де бізге қайыр жоқ.

Халқыма айтарым, әр қазақ ағартушылықпен, тәрбие ісімен айналыссын. Заман өзгермей тұрмайды. Жақсы заманға халқымыздың ұлттық қадір-қасиетін қашырмай апарайық.

– Әңгімеңізге рақмет!
XS
SM
MD
LG