Accessibility links

Қазақстан-ЕҚЫҰ – 2010: Орта Азия сарапшыларының ой-пікірлері


Қазақстан және ЕҚЫҰ-ның тулары. Вена, 12 қаңтар 2010 жыл. http://osce2010.kz сайтындағы сурет.
Қазақстан және ЕҚЫҰ-ның тулары. Вена, 12 қаңтар 2010 жыл. http://osce2010.kz сайтындағы сурет.

Қазақстанның ЕҚЫҰ-на төраға болуын Орта Азиядағы көрші елдер қалай қабылдады? Қандай үміт-сенімдер артады? Осы жөнінде өткізілген Азаттықтың дөңгелек үстелінде сарапшылар ой-пікірлерін ортаға салады.

Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағасы болуына Орта Азия елдерінің көзқарастары

ТМД елдерінің ішінде Қазақстан бірінші болып ЕҚЫҰ-ның төрағалық қызметіне кірісті. Осы жолы ұйымдастырылған дөңгелек үстелде Азаттық радиосының Орта Азия елдеріндегі сарапшылары Қазақстанның жауапты қадамына оның жақын көршілері қалай қарайтындығы, қандай үміт-сенімдер артатындығы жөнінде ойларын ортаға салды.

Жаңа, 2010 жылдың 1-қаңтарынан бастап Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының төрағасы міндетіне кірісті.

Бұрынғы Совет Одағы республикаларының ішінен Қазақстан мәртебесі мен абыройы биік халықаралық ұйымға ең алғашқы болып төрағалық етеді.

Осыған байланысты Азаттық радиосының дөңгелек үстел талқылауына: «Азат Еуропа/Азаттық» радиосы Қырғыз редакциясының қызметкері Әмірбек Османов, «Азат Еуропа/Азаттық» радиосы Өзбек редакциясының қызметкері Шұхрат Бабажанов, «Азат Еуропа/Азаттық» радиосы Тәжік редакциясының қызметкері Мирзо Салимов және Түркіменстанның Хельсинки қорының төрайымы Тәжігүл Бегмедова қатысты.

Дөңгелек үстелді «Азат Еуропа/Азаттық» радиосы Қазақ редакциясының қызметкері Сұлтанхан Аққұлұлы жүргізді.

Дөңгелек үстелдің толық аудиожазбасы тыңдай аласыз.

ОРЫНТАҚҚА ЛАЙЫҚ – ҚАЗАҚСТАН

Жүргізуші:

– Құрметті әріптестер, өздеріңізбен талқылайтын бірінші мәселе мынадай: «Кешегі советтік республикалардың ішінен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы сынды беделді халықаралық құрылымға Қазақстанның ең бірінші болып төраға болуын Орта Азияның өзге республикалары қалай қабылдады, оған қалай қарайды, олар Қазақстанды төраға болуға лайық деп санай ма?»

Тәжігүл ханым, сөзді сіз бастасаңыз.

Тәжігүл БЕГМЕДОВА:

– Орта Азияның өзге мемлекеттері сияқты, түркімен билігі де, әрине, өздерін аса қадірлейді және Еуропадағы қауіпсіздік және
Тәжігүл Бегмедова, Түркіменстанның Хельсинки қорының төрайымы. Прага, шілде, 2006 жыл.
ынтымақтастық ұйымына төраға болуға Қазақстанның құқығы бар деп есептейді. Десе де Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының төрағасы – ол факт.

Міне сондықтан да біздің Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы жария еткен идеялар мен ұстанымдарды және құндылықтарды Қазақстан жүзеге асырады деген зор үмітіміз бар. Осы тұрғыдан келгенде біз Орта Азияның бір мемлекеті ретінде Қазақстан осы идеялар мен құндылықтарды іске асыруға теңдессіз мүмкіндік алды деп білеміз.

Ал бұл идеялар қалай жүзеге асады және жүзеге асырыла қоя ма – оны уақыт көрсетер.

Жүргізуші:

– Қазақстан мен Өзбекстанның қазіргі және соңғы 20 жылдағы басшылары Нұрсұлтан Назарбаев пен Ислам Каримовтың Орта Азия аймағының лидері болуға өзара кейде ашық, көбіне астыртын түрде бәсекелесіп келе жатқаны құпия емес.

Осыдан біраз бұрын Ислам Каримов бақталасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Орта Азия одағын құру туралы бастамасын қабылдамай, керісінше, «бүкіл табиғат байлығын шетелдік инвесторларға сатқан Қазақстанмен ешқашан одақ құруға бармайтынын» ашық мәлімдегені де жақсы мәлім.

Н.Назарбаев пен И.Каримовтың арасында осындай қарым-қатынас қалыптасып отырған жағдайда, Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төраға болуын ресми Ташкент қалай қабылдады?

Шұхрат мырза, сіз осы жөнінде не айта аласыз?

Шұхрат БАБАЖАНОВ:

– Ресми Ташкенттің көзқарасы әлі мәлім емес. Бұл туралы тек болжам жасауымызға болады. Бұл Ислам Каримовқа жақпайды. Сонан
Шұхрат Бабажанов, «Азат Еуропа/Азаттық» радиосы Өзбек редакциясының қызметкері. Прага, тамыз, 2006 жыл.
кейін, біз білеміз, бұл екі басшының арасында Орта Азиядағы лидерлікке өзара бәсекелестік бар.

«Шөжені күзде санаймыз» демекші, күз келді, қазақтар шөжелерін санап, мақсаттарына жетті. Сондықтан, бұл Қазақстанның кейінгі 20 жыл ішіндегі еңбегінің жемісі. Құттықтаймыз, жақсы болды.

Бірақ, мұнда бір гәп бар. Сұлтанхан мырза, керуенде бірінші түйе және соңғы түйе болады. Керуен кері бұрылса, соңғы түйе алға шығуы тағы мүмкін.

Совет Одағы кезінде артта қалып отырған Қазақстан егемендігін алысымен экономикалық тұрғыда алға озды. Демек, бұл жақсы үрдіс, құттықтаймыз.

Бұл жерде тағы бір жақсы нышан бар. Кезінде Совет Одағы ЕҚЫҰ-на Еуропаның бір елі болып заңды түрде кірген еді. Ал қазір енді Қазақстан мен Өзбекстан бұл ұйымға мүше дербес елдер, яғни бұлар Еуропаның бір бөлшегі іспеттес нышан бар. Ал бұл өте жақсы нышан.

Жүргізуші:

– Мирзо мырза, Қазақстанның ЕҚЫҰ-на төраға болуын Тәжікстан басшылығы қалай қабылдады және сарапшы ретінде сіз қалай қарайсыз?

Мирзо САЛИМОВ:

– Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төраға болуына ресми Душанбе оң көзқараста. Және де Душанбе Ақордамен үнемі жылы саяси қарым-қатынас жүргізу дәстүрін ұстанып келді.

Міне, осы тұрғыдан келгенде ЕҚЫҰ-на Қазақстанның төрағалық етуіне тәжік билігі үлкен үміт артады. Тіпті, «Азат Еуропа/Азаттық»
Мирзо Салимов, «Азат Еуропа/Азаттық» радиосы Тәжік редакциясының қызметкері.
радиосының Тәжік редакциясына берген сұхбатында, Тәжікстанның осы беделді ұйымдағы елшісі Нұрдин Шамсов Қазақстанның осы лауазымда отыруынан тәжік үкіметінің көп жақсылық күтетінін мәлімдеді.

Жүргізуші:

– Тәжікстан үшін бе?

Мирзо САЛИМОВ:

– Тәжікстан үшін, әрине, оның ішінде осы елдің энергетикалық проблемаларының шешімін күтеді.

Дегенмен де, тәжіктердің саяси сарапшыларының пікірлері біршама өзгешелеу. Олар, біріншіден, Қазақстанның ЕҚЫҰ-на төрағалық ету фактісін оң үрдіс деп есептейді. Себебі, бұл – ортаазиялық мемлекеттің осынау халықаралық беделді ұйымға төрағалық ететін тұңғыш тәжірибесі болып табылады.

Алайда, басқа жағынан алғанда, олар сонымен қатар мұның еуропалық ұйымға тұңғыш рет демократиялық емес мемлекеттің төраға болу тәжірибесі. Бұл осы төрағалықтың «дәмін» бұзғандай болады.

Жүргізуші:

– Әмірбек мырза, Қазақстанның ЕҚЫҰ-на төраға болуын ресми Бішкек қалай қабылдады? Сарапшы ретінде өз пікіріңіз?

Әмірбек ҰСМАНОВ:

– Қазақстанның ЕҚЫҰ-на төрағалық етуіне байланысты Қырғызстан жетекшілігінің ресми көзқарасы әлі толық қалыптасқан жоқ. Бірақ
Әмірбек Османов, «Азат Еуропа/Азаттық» радиосы Қырғыз редакциясының қызметкері.
бұған дейінгі ресми мәлімет-ақпараттар үкімет көзқарасының позитивті екендігін көрсетеді.

Жеке менің көзқарасыма келетін болсақ, бұл өте өкінішті деп ойлаймын. Себебі, ел ішінде Қазақстан қоңсы мемлекеттердің арасында экономиканың да лидері, саяси реформалардың да көшбасшысы болып саналғанымен, Қазақстан – бір адамның мемлекеті. Бұл жерде барлық саяси шешімдерде бір партия үстемдік етеді. Өзбекстанда да, Түркіменстанда да осындай жағдай.

Қырғызстанның төңірегіндегі диктатуралық режимдердің саяси билігі аймақта күшейіп келеді. Мұның өзі Қырғызстанның демократия аралына айналуына түрткі болды.

ЕуроОдақ пен АҚШ Қазақстандағы адам құқығының тапталуы мен саяси қуғындауларға қарамастан, Қазақстанның ЕҚЫҰ-на төраға болуын қолдады. Бұл Еуропа, сондай-ақ, басқа да Батыс елдері өзінің экономикалық мүдделеріне керек болғанда демократиялық құндылықтарды қоя тұратынын бұл өлкелердің лидерлеріне ашық-айқын көрсетті.

Шұхрат БАБАЖАНОВ:

– Кешірерсіз, мен Әмірбек мырзаның жаңағы сөзіне қарсы пікір білдірсем бе деп едім. Қазақстанды Өзбекстан және Түркіменстанмен салыстыруға болмайды. Қазақстанда аз ба, көп пе – демократия бар. Қазақстанның экономикасы, азаматтарының әл-ауқаты, тұрмысы жақсы. Бұл игіліктердің артында бір дәулет, билік бар.

Билік барлығын орнына қоя алды. Жағдай өзгеше болғанда, Ресей Қазақстанның жартысын басып алар еді. Бірақ олай болмады. Назарбаев билікті орнатты, қазіргі игіліктерді хақ етті, еуропалықтар үшін Орта Азия жабайы, жартылай жабайы елдер емес, күшті билігі бар мемлекеттер екендігін әйгіледі. Мен мұның жақсы нышан екенін тағы айтамын.

Адам құқықтары бар. Мұнда адам құқықтары көбінесе Ресейдің пайдасына қарай, оның саяси мүдделерімен бір болып шығып жатыр. Мәселен, «Алматы Астанаға көшірілмесін, Верный болсын» деген сияқты пікірлер болды ғой. Осылайша орыс тілді тұрғындарды әр нәрсемен бөлуге тырысты. Бірақ ол жергілікті биліктің арқасында іске аспады.

Назарбаев Орта Азия одағы деген мәселені қойды. Осы ісі құптауға тұрарлық. Ал адам құқығы деген проблема елде жоқ емес, бар.

Мирзо САЛИМОВ:

– Қазақстан – бәрібір диктатура, бірақ осы аймақтағы [Орта Азиядағы – Азаттық] «мамық» диктатура. Менің ойымша, міне осы тұрғыдан Қазақстанға төраға лауазымы «аванс» есебінде берілді-ау деймін.

Әмірбек ҰСМАНОВ:

– Өзбекстанда саяси лидерлерді қуғындау оларды қуып жіберумен шектелсе, Қазақстанда оларды түрмеге жауып, бұйрықпен өлтіруге дейін барады. Осыдан кейін, құрметті әріптестер, ЕҚЫҰ сынды өзіне өте биік идеяларды мақсат қылып қойған ұйымның басына Қазақстанның келгенін мен қолдаймын. Себебі, мен, бәлкім Қазақстан басқа Еуропа қауымдастығына кірген елдердің тәжірибесін көріп, оң жолға, Ресейге қарап қалмай, демократиялық жолға бағыт алады, сол жолға түседі деп үміттенемін.

Екіншіден, Қазақстан туралы айтқанда, ЕҚЫҰ төрағасы ретінде оның мәнін түсіне отырып, оны Германия, Франция секілді елдермен, Өзбекстан және Түркменстанмен емес, Сингапур, Оңтүстік Корея, Жапониямен салыстыра қарауымыз керек.

Мысалы, Ауғанстан мен Қазақстанның саяси жүйесін салыстыруға бола ма?! Соңғы болған сайлау, үкімет мүшелерін таңдау Ауғанстандағы саяси жүйенің Қазақстандағыдан біршама еркін екендігін көрсетті.

ҮМІТ ПЕН КҮДІК

Жүргізуші:

– Қадірлі әріптестер, өздеріңізбен талқылайтын келесі маңызды мәселе: 2010 жылы Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төраға болуына Орта Азия елдері қандай үміт-сенім артады, не күтеді?

Әмірбек мырза, бұл жолы сіз бастасаңыз.

Әмірбек ҰСМАНОВ:

– Қазақстанның ЕҚЫҰ-на төрағалық етуіне Қырғызстан саясатшылары өте үлкен мән береді. Себебі, Қазақстан – Орталық Азияның экономикалық және саяси лидері.

Осы аймақтағы саясат сәулетін қалыптастырушылардың бірқатары Еуропа, Батыс елдерінен инвестиция тартатындығына, және де, Қазақстан өзі уәде бергендей, саяси жүйені реформалайтындығына, сайлау жүйесін, адам құқықтарын реттеп жетілдіретіндігіне мол үміт артады.

Жүргізуші:

– Мирзо Салимов, сөз кезегі сізде.

Мирзо САЛИМОВ:

– Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төраға болуынан ресми Душанбе зор жақсылық күтеді. Ол Тәжікстанның өз тағдырына тікелей байланысты: өзінің энергетикалық проблемалары Еуропалық ұйымның биік мінберіне көтеріліп, ол жерде шешілсе екен деп үміттенеді.

Ал енді өз көзқарасыма келсем, менің ойымша, ақыр аяғында Қазақстанның төраға болып сайлануына бірнеше фактор ықпал етсе керек.

Ол, әрине, мұнайдың шексіз қоры, өте бай жер қойнауы, өте кең территориясы, Қазақстанның өте маңызды геосаяси орналасуы және тағысын тағылар. Сонымен бірге, басқа жағынан қарасақ, Қазақстанның мемлекеттік жүйесі осы аймақтағы ең икемдісі.

Өзбекстанмен немесе Түркіменстанмен салыстырғанда, Қазақстанда саяси реформаларға үлкен мән береді. Оған қоса қазақ билігі, жоқ дегенде, өзінің халықаралық абырой-беделін түсірмеу үшін, ымырашыл, тіпті саяси ымыраға баруға әрдайым икем тұрады.

Менің ойымша, ЕҚЫҰ-на төраға болу қазақ билігін саяси реформаға келгенде ұқыпты болуға мәжбүрлейді. Ең болмағанда, өзінің халықаралық абырой-беделін түсірмеу үшін, 2010 жылы ғана болса-дағы, Ақорданы бірлі-жарым реформаны жүзеге асыруға жетелейді.

Әмірбек ҰСМАНОВ:

– Менің ойымша, бұл жерде тек Назарбаевтың айтқаны болады. Фотомодельдерді журнал бетіне шығарар алдында әдемілеп опа-далап жағып бояйды ғой, сол сияқты.

2008 жылы Қазақстан ЕҚЫҰ-на төраға болады дегеннен кейін мемлекеттегі масс-медиаға, адам құқығына және сайлауға байланысты бірқатар талаптар қойылған болатын.

Ал сол кез бен бүгінге дейінгі арадағы уақыт ішінде, «Шекарасыз тілшілер» және т.б. адам құқығын қорғаушы ұйымдардың деректеріне сүйенсек, Қазақстан бұл бағыттарда алға бір қадам жасап, екі қадам кері шегінді.

Мирзо САЛИМОВ:

– Жоқ, менің ойымша, Қазақстан амалсыз жүзеге асыратын бірлі-жарым реформаның өзі ешбір реформа жүргізбеуден артық.

Орта Азияның қазіргі жағдайында Қазақстанның төраға болуы оны саяси реформалар жолында бірлі-жарым қадам жасауға мәжбүр етеді. Бұл, менің ойымша, Қазақстан үшін де, бүкіл аймақ үшін де тиімді.

Жүргізуші:

– Тәжігүл ханым, ал ресми Ашхабад Қазақстанның халықаралық ұйымға төраға болуына қандай үміт-сенім артады, не күтеді? Сарапшы ретінде өзіңіз не ойлайсыз?

Тәжігүл БЕГМЕДОВА:

– Бұл жерде ресми биліктің тек өзінің ғана геосаяси мүдделерінің алға қадам басқанын күткен өте қызықты жағдаят қалыптасып отыр. Бұқара халықтың басым көпшілігі – түркімендер – заңдардың үстемдігі орнағанын күтеді. Өйткені, сіздер білесіздер, Түркіменстан жан түршігерлік диктатурадан автократияға өтті.

Бұл тұстағы бір қызық жағдай: ресми Ашхабад қайсыбір жақсы идеяны жариялайды да, іс жүзінде ешқандай алға жылжу жоқ. Қазақстан түркімен билігінің осындай қулық-сұмдығына алданып сеніп қалмаса екен.

Бұл ахуал адам құқығын қорғаушылар мен белсенділерді мазалайды. Сіздер білесіздер ғой деп ойлаймын: ондаған түркімен студенті шетелге шыға алмай елде қамалып отыр. Түрмелерде ар-ұждан тұтқындары жатыр.

Адам құқығын қорғаушылар Ниязов заманындағы барлық қылмыстық істі қайта қарау қажеттігін ресми Ашхабадтың назарына жеткізе алмай келеді. Өйткені, бұл «қылмыстық істердің» барлығы да шынтуайтында саяси істер.

Міне, сол себепті де біз Түркіменстанмен арадағы және Орта Азияның, өкінішке қарай, автократия шырмауынан әлі шықпаған өзге елдерімен арадағы қарым-қатынасында Қазақстан өте ұқыпты болуға тиіс деп есептейміз.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымында жұмыс істейтін қазақ шенеуніктері Түркіменстандағы шынайы ахуалға және жалпы осы аймаққа – Орта Азияның осы ұйымдағы бірінші төрағасы ретінде – менменсіп қарамай немесе өзінің қайсыбір геосаяси мүддесін ғана көздемей, сындарлы да теңгерімді саясат жүргізеді деп үміттенеміз.

Біз Қазақстаннан демократиялық құндылықтарды ғана алға бастырсын деп талап етпейміз. Өйткені, дәл қазір Түркіменстанда ол мүмкін емес. Бірақ сындарлы да салмақты саясат жүргізсе деп күтеміз.

Жүргізуші:

– Шұхрат Бабажанов, ресми Ташкент Қазақстанның ЕҚЫҰ-на төраға болуына қандай үміт-сенім артады және сарапшы ретінде өзіңіз не күтесіз?

Шұхрат Бабажанов:

– Ресми Ташкент өзінің пікірін айтқан жоқ. Оның неден үміттенетіндігін де білмейміз. Ал менің үмітім көп.

Біріншіден, менің бұған көңілім толды. Түркістан халықтары адам екен, оларды Еуропада тең көреді екен деп ұқтым. Қазақтардың тарихын да қарасақ, Мұстафа Шоқай және басқалар Түркістанды Еуропаға алып шыққан адамдар. Яғни, демократиялық жамиғат, демократиялық жүйе бізде бұрыннан бар деген белгі бұл.

Екіншіден, егер қазақтың «Қайрат» деген футбол командасы халықаралық аренаға шықса, өзбектер көршіміз деп қуанып, жанкүйер болар еді. Сол сияқты, менің ойымша, ЕҚЫҰ-на қазақтардың төрағалық етуіне өзбек елі шын жүректен қуанады. Бұл құдды көршіңнің спорт командасына жанкүйер болатындай нәрсе.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯНЫ КЕЗІП ЖҮРГЕН ТҮРКМЕНБАСШИЗМ БАЦИЛЛАСЫ

Жүргізуші:

– Құрметті әріптестер, егер пікір қосқыларыңыз келсе, 1 минут уақыттарыңыз бар. Әмірбек байке, сіздің қосатын пікіріңіз бар ғой деймін?

Әмірбек ҰСМАНОВ:

– Мен жаңағы Шұхрат айтып отырған, Қазақстанның ЕҚЫҰ-на төрағалық етуін Түркістан халықтарын Еуропаның адам құрлы көре бастағандығының белгісі деп санамаймын. Бұл – еуропалықтар Еуразия мекеніндегі саясатты Қазақстансыз және т.б. елдерсіз шеше алмайтындығын көрсететін факт. ЕҚЫҰ-на төрағалық Қазақстанға «аванс» есебінен берілді.

Қазақстан болашақта саяси-экономикалық реформалардың көшбасында жүріп, жоқ дегенде, Чех, Хорват және тағы басқа Шығыс Еуропа елдерінің дәрежесіне бір жылдың ішінде шығады деген менің жақсы бір үмітім бар.

Шұхрат БАБАЖАНОВ:

– Мен «аванс» дегеннен гөрі «сыйлық» дегенді айтқым келіп отыр. 20 жыл ішінде қазақтар көп нәтижеге қол жеткізді. Аш-жалаңаш болмады. Өзбектер ұқсап 8 млн. гастарбайтерді өзге елдерге шығармады. Сондықтан, бұл – жасалған іске берілген әділ төлем.

Жүргізуші:

– Тәжігүл ханым, сіздің қосатын пікіріңіз бар ма?

Тәжігүл БЕГМЕДОВА:

– Менің Қазақстан үкіметіне айтар бір тілегім бар, содан хабардар болса. Орталық Азияны түркменбашизмнің бацилласы – елесі кезіп жүр. Қазірдің өзінде соның нышандары байқалады. Содан сақ болыңыздар, түркменбашизмді жұқтырып алмаңыздар деп айтқым келеді.

Жүргізуші:

– Құрметті қонақтар, Азаттық радиосы «Қазақстан – ЕҚЫҰ-ның төрағасы және оған Орта Азия елдерінің көзқарастары» тақырыбы бойынша дөңгелек үстелін осымен аяқтайды.

Баршаңызға көп рақмет.
XS
SM
MD
LG