ҚАЗАҚСТАН ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ РЕФОРМА ЖАСАУҒА УӘДЕ БЕРГЕН-ДІ
Таяу Шығыста кеңінен танымал «Әл Жәзира» телеарнасының сайты Қазақстан өз азаматтарының құқына қатысты ахуалға байланысты алаңдаушылықтың кең тарап отырған сәтінде ЕҚЫҰ төрағасы тізгінін қолына алып отыр, деп хабарлайды.
Қазақстан құрамына 56 мемлекет мүше болып кіретін ЕҚЫҰ төрағалығына өз аумағында демократияландыру реформасын жүргізем деп уәде беріп барып қол жеткізе алған еді, деп жазады сайт.
2009 жылы халықаралық «Шекарасыз репортерлер» ұйымының баспасөз бостандығы жөніндегі рейтингінде Қазақстан 175 елдің ішінен 142-орынды иемденді. Құқық қорғаумен айналысатын «Хьюман райтс вотч» ұйымы ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттерге Қазақстанда баспасөз бостандығының нақтырақ қорғалып, адам құқығына қатысты ахуалды жақсарту үшін осынау елге қатаңырақ қысым жасаңыздар деген үндеу тастады.
«Әл Жәзира» телекомпаниясына берген сұхбатында танымал құқық қорғаушы Роберт Амстердам былай деген болатын: «Қазақстан ЕҚЫҰ (ықпал жүргізетін) аймақтарға жеткізуі тиіс ұйғарымдарды өзі бұзып отыр. Қазақстан бір адам жеке дара билеп отырған ел болып табылады. Мұндағы парламент – Нұрсұлтан Назарбаевқа бағынышты бір партиялы парламент... Оларда еш уақытта демократиялық сайлау болған емес».
РЕФОРМАЛАР ЖҮРГІЗІЛМЕДІ
Француз басылымы «Журнал дю Диманш» көптеген үкіметтік емес ұйымдар Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төраға болуына байланысты алаңдаушылық білдіріп жатыр, деп жазады. Олар елде Нұрсұлтан Назарбаев әміршілдікпен жеке дара билік жүргізіп келеді дейді және оны өзінің қарсыластары мен тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарына қысым көрсетеді деп айыптайды. Ал адам құқығын құрметтеуді қамтамасыз ету ЕҚЫҰ-ның басты міндеті болып табылады, деп атап көрсетеді журнал.
Ирландиялық «Айриш таймс» әлемде жерінің аумағы жөнінен тоғызыншы орын алатын ел АҚШ пен басқа да Еуропаның үлкен мемлекеттерінің көмегінің арқасында ЕҚЫҰ төрағасы лауазымына қол жеткізді, деп жазады. Сынаушылар соңғылардың әрекетіне арсыздық деп баға беріп отыр. Себебі, дейді олар, Батыстың Ресей энергоресурстарын импорттаудан туындап отырған тәуелділігін азайту үшін, аталған мемлекеттер мұнай мен газдың ірі экспорттаушысы болып табылатын Қазақстанға өстіп кеңшілік жасап берген.
Қазақстан бұқаралық ақпарат құралдары, саяси партиялар мен сайлау туралы өз заңдарын өзінің ЕҚЫҰ-ға төрағалық ететін мерзімі жеткенге дейін жеңілдетуге міндеттенген болатын. Алайда көптеген сарапшылар осы уәдеге байланысты Қазақстан тек сырт көзге алдамшы ғана өзгеріс жүргізілді, іс жүзінде соңғы айлар ішінде ахуал тек нашарлай түсті деп отыр.
Қараша айында халықаралық «Хьюман райтс вотч» ұйымы келесідей мәлімдеме таратты: «2009 жылдың ақпанында жасалған азын-аулақ қана реформалау қадамы кері бағыттағы іс-әрекеттің жасалуымен мәнінен айырылып қалды. Ол кері бағыттағы іс-әрекет қатарына мыналар кіреді: Интернет кеңістігінде шектеу енгізу, нақты өмірде шерулер мен наразылық көрсетуге шек қою және ұлттық қауіпсіздік мүддесін қорғау сылтауымен адамдарды сыртқы әлемнен толық бөліп тастай отырып әрі заңгер кеңесін алуға рұқсат берместен түрмеге қамауға қолдану».
ЕҚЫҰ 1975 жылы Варшава пакті мен Батыс Еуропа елдері арасында диалог орнату үшін құрылған болатын.
ЕҚЫҰ-ның қоғамдық рөлі сайлау жүргізілуіне бақылау орнату болып саналады. Бұл, әсіресе, бұрынғы шығыс блогі елдеріне, яғни Ресей мен CСРО-ға бағынышты болған мемлекеттерге қатысты, деп түсіндіреді «Файненшл таймс» басылымы.
Орталық Азия аумағында адам құқығының бұзылуына қатысты Батыс елдері үкіметтерінің өз сынауын бәсеңдетуінің себебі, аталған аумаққа Қытай мен Ресейдің таяу орналасуы әрі осынау екі мемлекеттің ықпалының ықтимал салдарын есепке алуда жатыр.
Ауғанстандағы шиеленісіп кеткен соғыс ондағы НАТО бөлімшелеріне жіберілетін жеткізілімді дұрыс ұйымдастыру үшін орталық азиялық елдердің беретін көмегінің маңызын арттырды. Бұл себеп те аталған ахуалдың қалыптасуына өзінің әсерін тигізді, деп санайды мақала ауторы.
Астана өзінің ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету жөніндегі кандидатурасын 2006 жылдан бастап ұсына бастаған болатын. АҚШ пен Британия ол кезде бұған қарсылық білдірген еді, дегенмен олар елде демократияландыру реформалары жүргізілетін болады деген уәдесін алғаннан соң Қазақстанның аталған ұйымға 2010 жылы төраға болуына өзінің келісімін берген еді, деп атап көрсетеді басылым.
ЛИБЕРАЛИЗАЦИЯЛАУ ҚАШАН БАСТАЛАДЫ?
Францияда жарық көретін «Монд» газеті екі рет сәтсіз болған ұмтылыстан соң, Қазақстан реформа топтамасын жүргізем деп уәде беріп, серіктестерін өзінің ЕҚЫҰ төрағасы болуға лайық ел екеніне иландыра алды, деп жазады.
Астана Демократиялық институттар мен адам құқығы жөніндегі бюроның кеңестеріне сай саяси партияларды тіркеуді оңайлатып, өзінің бұқаралық ақпарат құралдары жөніндегі заңнамасын жеңілдетіп әрі елдегі сайлау жүйесін реформалауға тиіс болатын.
Саяси деңгейден қарағанда, елдегі жүйе Нұрсұлтан Назарбаевтың айналасында тоқылған томаға-тұйық кландықтың өрмегі болып табылады. Нұрсұлтан Назарбаев 2005 жылғы президент сайлауы кезінде сайлаушылар дауысының 91 пайызын жинаған еді. Ол 2012 жылғы сайлауға да қатыса алады. Бұл үшін ол қазір билік басында отырған президентке аталған лауазымда қатарынан екі реттен артық отыруға рұқсат бермейтін шектеуді алып тастаған заңды қалқан етіп қолдануы мүмкін.
1991 жылы тәуелсіздік алғалы бері Қазақстанды үздіксіз билеп келе жатқан Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» саяси партиясына да сүйене алады, ол партия ел парламентіндегі 98 орынның барлығын иемденіп отыр, деп жазады «Монд».
Астана ұстанымына ЕҚЫҰ-мен қарым-қатынасы нашарлап кеткен Мәскеу қолдау білдіруде, деп түсіндіреді газет. Ресей премьер-министрі Владимир Путин аталған ұйымға әлсін-әлсін шабуыл жасап келген болатын. Ол өзінің бұл әрекетіне байланысты ЕҚЫҰ Ресейдің ішкі ісіне араласып отыр деп уәж айтады.
Мақала ауторының пікіріне қарағанда, Мәскеу Қазақстанның жаңа лауазымын пайдалана отырып ЕҚЫҰ-ның сайлауды бақылау мен демократияны алға жылжыту жөніндегі бағдарламалардағы рөлін шектеуін қалайды.
Алайда, кейбір дипломатиялық бұлақтардың айтуынша, Вашингтон Астананың төрағалығына бір нәрсені міндетті түрде орындау шартымен өзінің келісімін берген екен. Ол шарт бойынша, Астана төрағалығы кезінде посткеңестік республикаларда сайлауға бақылау жүргізуге жауапты Демократиялық институттар мен адам құқығы жөніндегі бюроның бағдарламасы өзгертілмеуі тиіс, деп хабарлайды «Монд».