«Алаш айнасы» газетінің бас редакторы Серік Жанболатты жаңа басылым жайлы әңгіме тартқан едік.
— Ең әуелі «Алаш айнасында» Алаш идеясы қаншалықты көрініс таппақ? Қалай өрістемек?
— Жалпы Алаш деген қазақтың екінші аты ғой. Сондықтан да біздің газетте жазылатын дүниенің бәрі қазақтың өмірінің айнасы болса дейміз. Басылымның «Алаш айнасы» аталу себебі осы. Неғұрлым тарихи нәрседен гөрі бүгінгі күнді сөз ету керек деп ойлаймыз. Әйтпесе, біздің ақын-жазушы және журналистеріміз тарихты яғни, өткенді айтуға, жазуға құмар ғой. Ал біздің басты міндетіміз — бүгінгі қазақтың өмірін, күйттеген мәселесін, оны толғандырған дүниені айту. Міне, сондықтан «Алаш айнасында» қазіргі қазақтың мәселесін сөз етуді, көтеруді мақсат етіп отырмыз.
— Электронды БАҚ дамып тұрған заманда күнделікті газет шығарудың қаншалықты қажеттілігі бар деп ойлайсыз?
— Кезінде күнделікті шығатын жалғыз газет «Егемен Қазақстан» басылымы болды. Кейін «Айқын» газеті шықты. Егер нарықта қажеттілік болмаса, «Айқын» республикаға танымал газетке айналмас еді. Енді міне, біз «Алаш айнасын» ашып отырмыз. Бұл да қажеттіліктен туындады деп есептейміз.
Ертең ол нарыққа керек емес болса, онда оны нарықтың өзі-ақ ығыстырып шығарып тастайды. Бірақ, Қазақстанда негізгі ұлтты құрап отырған қазақта күнделікті жарық көретін газет неге бірнешеу болмасқа? Неге өзара бәсекеге түспеске? Соның қайсысы бәске төзімді, заманға бейім болса, сонысы әрі қарай қазақтың ақпарат газеті ретінде жарық көре береді.
Осы тұрғыдан келген кезде қазақта ақпараттық газет көп болуға тиісті. Екінші, қазір бүкіл әлем ақпараттық дүниеге әлдеқашан өтіп кеткен. Ал біз болсақ, «Өнер алды – қызыл тіл» деп қызыл сөзді бәрінен жоғары қоямыз. Дұрыс па осы? Яғни, басқа елдер қай жерде, біз қай жердеміз? Біз егер ақпараттық тіл қалыптастырамыз десек, қазақтың тілі заманауи тіл, интернеттің тілі, техниканың тілі, заңның тілі болсын десек, онда біз ақпараттық дүниеге барынша ұмтылуымыз қажет.
—«Айқынды» өздеріңізге бәсекелес көресіздер ме?
— Әрине. Бүгін «Айқынның» барлық ұжымы газеттің бірінші санымен құттықтап келді. Сонда мен оларға «Біз сіздерді жарысқа шақырамыз» дедім. «Айқынның» айқын болып кеткені рас. Біз жаңа ғана жарыққа шықтық. «Айқындықтар» «бәсекелес болмайық» дейді. Мен айттым: адал әрі әділ түрде бәсекелесейік деп. Сонда біз заманға ілесеміз, бір-бірімізден үйренеміз. Осындай дүниелермен алға ұмтылатын болсақ, біз өзгелердің көшіне ілесетін боламыз. Сондықтан бәсекелестіктен қашпау керек. Кейде біз бәсекелес десе, оны жау көріп, өшіріп тастауға бейім тұрамыз. Немесе оны көрмей кеткіміз келеді. Бұл дұрыс емес. Егер бәсекелес жоқ болса, оны ойлап табу керек. Бұл басқалардан қалмау үшін қажет нәрсе.
— «Айқын» демекші, сол газеттің алғашқы редакторы болып қызмет істедіңіз. Сондағы редакторлық тәжірибеңіз қайталауға ұшыратпай ма?
— Газет дейтін кішкентай ғана дүние. Ақ қағаз. Осы ақ қағаздың бетінде жақсы тәжірибе қайталанып жатса, одан ешкім ұтылмайды. Әрине, белгілі бір дүниелер қайталануы мүмкін.
— Қанша таралыммен шығып жатырсыздар?
— Қазіргі таңда газетіміз 10 мың таралыммен Алматы, Астана, Қарағанды қалаларында таралады деп отырмыз. Болашақта республиканы қамтимыз деген жоспарымыз бар. Егер ел аумағын қамтымасақ, онда несіне республикалық газет атанып отырмыз?! Әр жағын уақыт көрсетеді.
— Өзіңіздің де құлағыңыз шалып қалған шығар, «Алаш айнасы» шығады дегеннен бері баспасөздің маңындағы жұрт арасында газетті «Қазақмыс» қаржыландырады екен деген әңгіме бірге шықты. Осыған не дейсіз?
— «Қазақмыс» қаржыландырып жатыр деген күннің өзінде, «Қазақмыс» бүкіл байлығын осында әкеп төгіп жатыр екен деуге болмайды ғой. Ол «Қазақмыс» бола ма, «ҚазМұнайГаз» бола ма, «Қазақстан темір жолы» бола ма, жоқ әлде басқа компания бола ма - мәселе онда емес. Мәселе, сондай компаниялардың қаржысын біз қоғамға, мемлекетке қажет газетке айналдыра аламыз ба, жоқ па?
Кім болса, ол болсын, бір компания ақша беріп отыр екен. Біз сол ақшаға қазақтың ақпарат кеңістігіне күнделікті шығатын газет алып келдік. Ең әуелі соған қуанайық. Және шығарып отырған дүниені ұлттың, мемлекеттің мүддесіне бағыттай білсек, онда әлгі қаржының текке кетпегені. «Алаш айнасына» мен осы тұрғыдан қараймын. Және мен құрылтайшыларымның шаруасына араласып көрген емеспін. Егер газет ұлттың, мемлекеттің мүддесіне қарай жұмыс істемесе, мен бұл жерде бір минут та отырмаймын.
— Алда болуы мүмкін сайлауларға байланысты жарық көріп жатқан газет деген де пікірлер бар. Бұған қалай қарайсыз?
— Алда үлкен акциялар бар ма, жоқ па белгісіз. Қалай болғанда да ақпарат кеңістігіне жап-жақсы газет келді. Ертең ол саяси дүниеге араласа ма, араласпай ма? Оны да уақыт көрсетеді.
— Сіз ақпараттық газеттің бас редакторы ретінде бүгінгі таңда толық әрі шынайы ақпарат алу мүмкіндігі қаншалықты деп ойлайсыз?
— Расында бізде шынайы ақпарат алу қиын. Ол үшін арнайы хат жазасың. Оған белгілі бір адамдар немесе мекемелер жауап бергісі келсе береді, бергісі келмесе бермейді. Осындай кедергілер бізде баршылық. Шынында да, біздің ескі заңды заманға сай өзгерту қажет-ақ. Толыққанды ақпаратқа әлі де болса қол жеткізу мүмкін болмай отырғанын мойындауымыз қажет.
— «Алаш айнасы» газетінің ең негізгі ұстанымы не?
— Газеттің негізгі ұстанымы – біліктілік. Кез-келген нәрсенің түбіріне үңілу, мән-жайды ашып көрсету.
— Әңгімеңізге рахмет!