Accessibility links

Қарашығанақ жобасына қатысушыларға салық талабын қойған Астананың өз мақсаты бар


«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының Астанадағы ғимараты. Қазақстан президентінің ресми сайтындағы сурет.
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының Астанадағы ғимараты. Қазақстан президентінің ресми сайтындағы сурет.

Қазақстан билігі Karachaganak Petroleum Operating B. V. (KPO) консорциумынан салық есебінде жиыны 1,2 миллиард доллар өндіріп алу туралы жаңа талап қойып отырғанын мәлімдеді. Астана бұл жобаның он пайыздық үлесіне ие болғысы келеді деп жазады шетел баспасөзі.


Қазақстан үкіметі болса, елдегі кен орындарын игеруге байланысты шетелдік компаниялармен келісім-шарттар жасалған кезде кеткен қателіктерді түзеуге тырысып жатқанын алға тартып отыр.

«БӨЛІСПЕЙМІЗ БЕ?»

Қазақстан үкіметінің Karachaganak Petroleum Operating B. V. (KPO) консорциумынан салық ретінде жиыны 1,2 миллиард доллар өндіріп алу туралы жаңа талап қоймақшы екендігін Рейтер агенттігіне Қазақстанның мұнай және газ министрлігі ұстанымымен таныс және өз аты-жөнін атамауды қалаған бір азамат хабарлады. Британдық BG және итальяндық Eni компаниялары KPO-ның операторлары болып саналады. «2005-2008 жылдары жүргізілген салық тексерісінің нәтижесінде 1,2 миллиард доллар көлеміндегі салықтың төленбегені
Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімов.
анықталған», – деп мәлімдеген әлгі азамат Рейтерге.

«Таяуда Астанада өткен KAZENERGY форумында сөйлеген сөзінде Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімов Қазақстан үкіметінің елдегі басты мұнай және газ өндіру жобаларындағы үлестерді кері қайтарып алуды мақсат еткен іс-әрекеті инвесторлардың сеніміне селкеу түсірді деген болатын» деп жазады «Бизнес Нью Юроуп».

Мұндай істердің ішінде жұрт назарына ең көп ілінгені – Каспий теңізіндегі Қашаған мұнай кенішін игеруге қатысты Астананың іс-әрекеті болған еді. Аталған кеніш мұнай өндіру саласындағы әлемдегі ең ірі жоба болып саналады және бұндағы жер қабатындағы мұнай қоры шамамен 35 миллиард баррель болса, оған қосымша осы кеніш қойнауынан тағы да 10 миллиард баррель мұнай табылған.

Жобаны игеруді кейінге ысыру мен инвестициялық қаражатты рәсуә етуге қатысты ұзаққа созылып кеткен дау-шар ақыр соңында 2008 жылы шешімін тауып, жобаға қатысушылар – Eni, Shell, Total, Exxon Mobil, ConocoPhillips пен Inpex компаниялары – жобадағы үлестерінің бір бөлігін мемлекет қарамағындағы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясына беруге келіскен болатын. Соның нәтижесінде, «ҚазМұнайГаздың» жобадағы үлесі 16,81 пайыздың деңгейіне дейін артты.

Дегенмен, ресми тұлғалардың көпшілігі Қазақстан үкіметінің ірі шетелдік фирмаларға, әсіресе Eni-ге қысым көрсетуінің жеткілікті мөлшерде негізі бар екенін мойындайды. Бұл қысым мақсаты – сонау 1997 жылы, ахуал қазіргіден мүлде басқа болып тұрған кезде қол қойылған өнімді бөлісу туралы келісім-шарттардың (PSA) баптарын өзгерту деп саналады.

Компаниялар мұнай өндіруді 2005 жылы бастаймыз деген өз уәдесін орындамады, ал жоспарланған инвестициялық шығын көлемін олар жедеғабыл шарықтатып, 136 миллиард долларға дейін көтеріп жіберді.

«Ахуал өзгеріп отырады ғой, мүмкін, кей жағдайларда келісім-шарттардың кейбір мерзімдерін қайта қарастыру да керек болар. Әрине, Қазақстан бұлай істеуге құқылы – келісім-шарт талабын екі тарап та бірдей орындауға міндетті. Қазақстан компаниялардан міндеттерін атқаруды талап ете алады», – деп мәлімдеді АҚШ Мемлекеттік департаментінің Еуразия аймағындағы энергетикалық мәселелер жөніндегі арнайы өкілінің аға кеңесшісі Даниэль Стейн.

Шетелдік мұнай компанияларын дегеніне көндіріп, бұрын қол қойылып кеткен өнімді бөлісу туралы келісім-шарттардың баптарын өзгерту үшін Қазақстан үкіметі салық төлеуді талап ету мен қоршаған ортаны ластағаны үшін айыппұл салу тактикасын қолданып отыр.

Осы тұста «Бизнес Нью Юроуп» сайты Қазақстан билік орындарының Теңіз мұнай кенішін игеріп жатқан Tengizchevroil компаниясының лицензиясын қоршаған ортаны қорғау жөніндегі заңнама бабын бұзды деген айып негізінде тартып алам деп қорқытқанын тілге тиек етеді.

Онлайн басылым Астананың салық төлеуден жалтарып, алаяқтық жасады деп, Karachaganak Petroleum Operating B. V. (KPO) консорциумына айып таққанын айтады. KPO-дағы британдық BG және итальяндық Eni компанияларының үлесі 32,5 пайыздан болса, Chevron – 20 пайыздық үлесті, ал ресейлік Lukoil – 15 пайыздық үлесті иемденіп отыр.

«Менің, әрине, мұндай келіссөздер немесе шешімдер тұрлаусыздықты ұлғайтады деген пікірмен келісуім де мүмкін, дегенмен, Қазақстан билігі барлық мәселені парасатты жолмен реттеуге ұмтылып отыр», – деп мәлімдеді Қазақстан Республикасы мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев.

Сөйтіп, Сауат Мыңбаев пен Кәрім Мәсімовтың айтуына қарағанда, Қазақстан үкіметінің стратегиясы – өз іс-әрекетінің инвесторлар алдында өз беделіне нұқсан келтіруі мүмкін екенін жария түрде мойындау болып табылады. Сонымен қатар, үкімет өзінің тек бұрын келісім-шарттарға қол қою кезінде жіберілген қателерді түзеуді ниет етіп отырғанын және мұны әділетті де парасатты жолмен істеп отырғанын айтып отыр. «Бұл сөздің арғы мәні келесідей: біз (сендер үшін) орыстар тәрізді нашар емеспіз, Ресейде олар жобалардағы шетелдіктер үлесін адуынды жебірлікпен тартып алып жатыр емес пе» деп атап көрсетеді басылым.

Үкіметтің өз ішінде алауыздық бар ма деген сауалға Қазақстандағы ең жоғары деңгейдегі билік құрылымының сырларына қанық адамдардың тек ілеуде біреуі ғана егжей-тегжейлі жауап бере алады, ал аталған биліктің іс жүзінде жұмсақ диктатура екені мәлім деп жазады интернет басылымы.

ҮЛЕСКЕ ТАЛАС ЖАЛҒАСА МА?

KAZENERGY форумында мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев «іс жүзінде Қазақстан Қарашығанақтағы серіктестерден жобадағы үлесті мемлекет иелігіндегі «ҚазМұнайГаз» пайдасына күштеп тартып алуға ұмтылып отырған жоқ» дегенді айтып, көпшілікті бір таңдандырды. «Біз үлес сатып алуды айтып отырғанымыз жоқ, – деді ол. – Тараптар жобаны қалайша жақсартуды талқылап жатыр».

Әйтсе де, бұл жаз бойы мемлекеттік әр түрлі компаниялардың басқарма мүшесі ретінде сөйлеген сөзінде Тимур Құлыбаевтың
Қазақстан президентінің күйеу баласы Тимур Құлыбаев.
«Қазақстанның Қарашығанақ жобасының он пайыздық үлесін иемденбек ниеті бар» деп айтқанына қарама-қайшы болып отыр. Тимур Құлыбаевтың Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы әрі елдегі мұнай-газ өнеркәсібі саласында үлкен ықпалға ие адам екені мәлім. Не жағдай өзгеріп кетті де үкіметтің әр түрлі бөлімдері бір-бірімен өзара қайшы тұғыр ұстанып отыр, не Мыңбаев қияли сөз айтады. Шетелдік инвесторлар кімнің шындықты айтып отырғанын білу үшін, оқиғалар барысын жіті қадағалап отыр» деп атап көрсетеді «Бизнес Нью Юроуп».

Ал дәл осы мезетте, Түркіменстан – Қазақстан – Ресей арасын жалғауы тиіс жаңа газ құбырын салу жобасының тағдыры екіталай боп кеткені мәлім болды. Ресей жылына 30 миллиард текше метр газ тасымалдауы керек болған Түркіменстаннан тартылатын газ құбырын салу жоспарынан бас тартты, деп хабарлайды «Апстрим Онлайн» басылымы.

Ресей премьер-министрінің бірінші орынбасары Игорь Сечин жобаны іс жүзіне асыру Еуропа елдері тарабынан сұраныстың артатын уақытына дейін «кейінге қалдырылды» деп мәлімдеді. Мәскеу сарапшылары Сечиннің мәлімдемесі жобаны іс жүзіне асырудан толық бас тартуға әкелуі ықтимал дейді. Себебі, деп атап көрсетеді олар, Ресей де, Түркіменстан да, өзінің басты күш-жігерін басқа газ құбырын салу жобаларын іс жүзіне асыруға жұмсап жатыр.

Тағы бір айта кетері, бұл жайт Түркіменстан сыртқы істер министрлігінің «Ресей Түркіменстанның ішкі істеріне араласып отыр» деген ресми мәлімдеме таратуымен дөп келді.

«Джумхуриет» газетінің жазуына қарағанда, қазанның 29-ы күні Түркіменстан сыртқы істер министрлігі «Ресей ресми тұлғаларының» сөздері «Түркіменстанда біздің елдің энергетика саласындағы халықаралық ынтымақтастығының қалыпты дамуына бөгет болуға және серіктестері алдында алған міндеттеріне күмән келтіруге тырысу деп бағаланады» деп мәлімдеген.

Осыны айта отырып, Түркіменстан сыртқы істер министрлігі ресейлік бұқаралық ақпарат құралдарының «Газпром» монополиясының TAPI деп аталатын экспорттық құбырды салу жөніндегі жобаға қосылу туралы келіссөздер жүргізіп жатыр, деген хабарламаларына сілтеме жасайды. Ал TAPI халықаралық құбыры Түркіменстанды Ауғанстан жері арқылы Пәкістан және Үндістан нарықтарымен жалғайтын болады деп жобаланған.
XS
SM
MD
LG