Accessibility links

Сыйлық сыры немесе қос Ғабеңнен қалған жәдігер


Жазушы Ғабиден Мұстафиннің Ғабит Мүсіреповке сыйлық таяғы. Сурет Ғабит Мүсірепов мұражайынан түсірілді. Алматы, 11 қараша 2009 жыл.
Жазушы Ғабиден Мұстафиннің Ғабит Мүсіреповке сыйлық таяғы. Сурет Ғабит Мүсірепов мұражайынан түсірілді. Алматы, 11 қараша 2009 жыл.

Жазушы Ғабит Мүсіреповтің Алматыдағы мұражай үйін аралап жүрмін. Мұндағы әрбір бұйым жазушының өмір белестерінен сыр шертіп тұрғандай... Дегенмен мұражай қызметкері бір жәдігерге арнайы назар аудартқысы келетінін аңғартып өткендей болды.

– Мына бір қызық таяқ – жазушы Ғабиден Мұстафиннің Ғабеңе сыйлығы. Бұл бұйымның бір сыры – мына басындағы қос темірді біріктірсеңіз таяқтың тұтқасы боп шығады да, ал жазсаңыз, кішігірім орындыққа айналады. Одан да қызығы сол – әлгі темірдің астыңғы жағына, дөңгелек ұстынға Мұстафин досының құттықтау сөзі жазылған, – деді мұражай өкілі.

Көзілдірігімізді киіп, майда әріптермен жазылған әлгі құттықтауға үңілудеміз... Онда былай деп жазылған екен:

«Ғабитке. Тоқалы тепкен, іші кепкен,

Жетпістегі сылаң шалға тартуым. Таяқ – үшінші аяқ. 22.10.1972 жыл. Ғабиден», – деп өрнектелген екен.

Бұл дегеніңіз – бір-бірін жарты ауыз сөзден түсінісетін, қимас көңілдегі дос-құрдастар арасында кездесе беретін кәдімгі қазақы қалжың.

Сол сәт ойымызға 1972 жылдың қоңыр күзі оралған еді. Арман қуып, Алматыға келіп, филология факультетінің табалдырығын жаңадан аттаған бірінші курстың студенттеріміз.

– Бүгін Қазақ опера және балет театрында жазушы Ғабит Мүсіреповтің 70 жасқа толуына байланысты салтанатты кеш болады. Бәрің қатысыңдар! – дегеннен кейін тайлы-таяғымыз қалмай барғанбыз.

Сахнадағы салтанатты стол басында оншақты адам отырды. Қақ орталарында – қос Ғабең!

Баяндамадан кейінгі алғашқы сөз кезегінің бірі жазушы Ғабиден Мұстафинге тиген болатын.

Ол кісі мерейтой иесі досы, жазушы Ғабит Мүсіреповтің әдебиетке әкелген соны қолтаңбаларына ерекше тоқталып өтті. Құрдастық шымшыма әзілдерін де араластырып қояды.

Жаңылмасам, осы таяқ-орындық болуы керек... Мұстафин қаламгер мерейтой иесі досына өзінің арнайы сыйлық әзірлегенін айтты. Онда жазылған құттықтау сөздерін оқып берді. Жұрт-қыран-топан...

Ал үрпек бас біздер болсақ, күлкіге қарық боп жатқан, айналамыздағы жұртқа қарап, аңырулымыз.

Себебі, студенттік партаға жайғасқанымызға екі ай да толмаған біздей пақырларыңызға Мүсіреповтей алып тұлғаның жеке өміріндегі қалтарыс-бұлтарыстары да, Мұстафиндей қаламдас досымен арасындағы берік достық байланысы мен уытты қалжыңдары да беймәлім еді.

Тек бізге жақын отырғандардың бір-біріне:

– Қос Ғабеңнің өзара қалжыңдары керемет қой! Нағыз қазақы болмыс. Мұндай әзілдерді көтере алудың өзі мықтылық.... – деп тамсана баға бергендері жадымызда дәл қазір қайта жаңғыруда.

Мұстафин төрдегі орнына қайта оралған сәтте қос дос төс қағыстыра бірі құттықтап, екіншісі оны риясыз көңілмен қабылдап жатты.

Содан кейін де олар әлсін-әлсін қағытпа әзілдеріне кезек беріп отырысты.

Бір кезде Ғабең Мүсірепов Ғабең Мұстафиннің шақшасын іліп алып, өз жанқалтасына сала қойғандай ишара жасады. Сол сол-ақ екен Мұстафин дос Мүсіреповке:

– Шақшамды қайтар! – дегендей доқ көрсете қоқиланып жатты. Лезде залды тағы да жылы жымиыстар аралап өткен болатын.

Кеш соңында мерейтой иесі Мүсірепов мінбеге көтерілді. Небір ұлағатты пікірлерін ортаға салып жатты. Кемеңгер жазушының бір ойы бір ойынан биіктей түсіп, ел рухын бір көтеріп тастағандай болды.

– Бір кездері еліміз ұлтшылдықпен күрескен еді. Ал мен ендігі жерде халқымызды ұлтсыздықпен күресуге шақырамын, – деген еді қайран Ғабең шамырқана.

Қызыл империяның қылышынан қаны тамып, қаһарына толық мініп тұрған, өткен ғасырдың сонау жетпісінші жылдарының басында Кремль идеологиясына қасқая қарсы шығуы жазушының нағыз рухани ерлігі еді! Себебі, Кремльдің көзқарасында ұлтжанды орыс «патриот», ал қазақ сияқты өзге халықтың ұлтжанды өкілдері «ұлтшыл» деп есептелінетін. Мұражайдағы таяқты көрген сәтте осындай оқиғалар ойға еріксіз оралды.
XS
SM
MD
LG