Accessibility links

Шетелдік донорлар Қырғызстанға бір миллиард доллардан аса көмек бермекші


Қырғыз президенті Роза Отунбаева. Бішкек, 16 шілде 2010 жыл
Қырғыз президенті Роза Отунбаева. Бішкек, 16 шілде 2010 жыл

Қырғызстанға шұғыл түрде көмек қолын созған донорлар жиынына әлемнің жиырмадан астам мемлекеті мен он бес халықаралық ұйымның өкілдері қатысты. Қаржылық көмектің 600 миллионын шұғыл түрде осы жылдың соңына дейін, ал қалған бөлігін алдағы екі жарым жылдың ішінде береміз деп уағдаласты донорлар.


ЖЫЛУ СҰРАУШЫНЫҢ СӨЗІ

Конференцияның ашылуында сөз сөйлеген президент Роза Отунбаева елдің саяси-экономикалық ахуалына тоқталып, Ош, Жалал-Абад қалаларын қалпына келтіру үшін ірі көлемдегі қаржының қажет екенін атап өтті.

Қырғыз президенті халықаралық конференцияға қатысушылар алдында елдегі жағдайдың біршама тұрақтала бастағанын, ұлттар ынтымағын жарастыру үшін билік тарапынан тиісті шаралардың жасалып жатқанын да айтып өткен.
Қырғыз президенті Роза Отунбаева донорлар конференциясында сөйлеп отыр. Бішкек, 27шілде 2010 жыл

Роза Отунбаева жаңа үкімет алдында саяси бірліктің негізін түзіп, ой мен пікірді еркін білдірудің алғы шарттарын жасау, билікті бір отбасының немесе шағын топтың меншіктеп алуына жол бермеу, Орта Азияда алғашқы болып, Жоғарғы кеңеске (парламентке) көп партиялық сайлауды ашық та, әділ өткізу міндеттері тұрғанына жан-жақты тоқталды.

Маусым айындағы Ош пен Жалал-Абад аймағындағы қанды оқиғалардан кейін елдің тіршілігін қалпына келтіріп, өртеніп-қираған баспаналар мен ғимараттар қайта бой көтеру үшін 350 миллион доллар қаражаттың керек болатыны, мұның сыртында оңтүстіктің экономикасын көтеруге 100 милиондай доллар жұмсалатыны сөз болды.

ЖӘРДЕМ АҚША ҚАЙДА ЖҰМСАЛАДЫ?

Донорлар коференциясында БҰҰ-ның Қырғызстандағы «Гуманитарлық шақыру» бағдарламасының үйлестірушісі Нил Волкер маусымдағы топалаңда қырғыз елінің оңтүстігінен 375 мың адам қашып шығуға мәжбүр болғанын, тағы да 75 мыңдай тұрғынның мәжбүрлі қоныс аудару жағдайында тұрғанын тілге тиек етті. Қырғыздың оңтүстігінде азық-түлік тапшылығы орын алуы мүмкін, қауіпсіздік жағдайы да алаңдатады дейді Нил Волкер.

БҰҰ-ның өкілі халықаралық донор ұйымдарды Қырғызстанның оңтүстігіне қаржылық қолдауды мүмкіндігінше жылдамырақ көрсетуге, баспанасыз қалған тұрғындарға күздің салқыны мен қыстың суығы түспей тұрып, үй-жай тұрғызып беруге шақырды.
Халықаралық донорлар конференциясынан көрініс. Бішкек, 27 шілде 2010 жыл

Қырғызстанның қаржы министрі Чоробек Имашев маусымдағы этникалық өзбектер мен жергілікті қырғыздар арасында болған қақтығыстан зардап шеккен өлкенің инфрақұрылымын, азық-түлік және энергетикалық күш-қуат қауіпсіздігін толық қалпына келтіру үшін барлығы 1 миллиард доллардан астам қаржы керек боларын алға тартты.

Министр мұндай сома оңтүстік аймақты қалпына келтіріп, Қамбар –ата ГЭС-ін құруға, Датка-Кемин электр желісін тартуға жұмсалады дейді.

Қаржы министрі алдын-ала жасалған экономикалық болжам бойынша жыл соңына дейін елдің ішкі өнім көлемі 5,4 пайызға қысқарып, бюджет тапшылығы 619 миллион долларға жетеді, ал Қырғызстан екі жылдың ішінде 145 миллион сыртқы қарызын өтеуі тиістігіне назар аударды.

ОТУНБАЕВА БИЕ СҰРАП, ТҮЙЕ АЛДЫ

БҰҰ-ның аймақтық бюросының директоры Кори Удовички Қырғызстан экономикасына қажет делініп отырған 1 миллиард доллардың жұмсалуы тиісті басшылар тарабынан ашықтық, әділдік жағдайында дұрыс есептеліп, нақты мұқтаж салаға бағытталарына сенім артып, әлемдік қауымдастық Қырғызстанды қиындықта қалдырмай, қолдауы мен көмегін береріне үміт білдірді.

Сонымен конференция барысында халықаралық донорлардың Қырғызстанға 1 миллиард 100 миллион доллар жәрдем беретіні анық болды. Сейсенбі күні кешке қарай Бішкекте аяқталған халықаралық донорлар коференциясында осындай шешім қабылданды.
XS
SM
MD
LG