ЕҚЫҰ-НЫҢ КҮШТЕРІ ЖАТТЫҚТЫРУҒА БАРАДЫ
ЕҚЫҰ Венадағы кеңсесінен бейсенбі күні таратылған баспасөз-баянында ЕҚЫҰ-на мүше 56 елдің өкілдері Қырғызстанның оңтүстігіндегі қазіргі дағдарысты шешіп, этникаралық қарым-қатынасты жақсартуға көмек-қолдау көрсету үшін халықаралық күштерді жіберуге келісті деп атап көрсетілген.
Қырғыз президенті Роза Отунбаева шілденің 16-ы күні елдің оңтүстігіне ЕҚЫҰ-ның қарусыз күштерін негізінен жергілікті полицияны оқу- жаттығудан өткізу үшін орналастыру ұсынысына келісім білдірген болатын.
ЕҚЫҰ баспасөз-қызметінің өкілі Фрэйн Мароевич Азаттық радиосына телефон арқылы берген сұхбатында Қырғызстан оңтүстігіне осы ұйымның 50-ден астам қарусыз әскерін кіргізу мәселесі ЕҚЫҰ кеңесінің шілденің 22-і күнгі мәжілісінде дауысқа салынатындығын айтқан болатын.
Көп кешікпей-ақ өткен жұмада ЕҚЫҰ сыртқы істер министрлерінің Алматыдағы бейресми кездесуінде жарияланған бұл жоспар жүзеге асу үшін ЕҚЫҰ-ның Тұрақты кеңесі оны бейсенбі күні мақұлдап отыр.
ОШ ӘКІМІ АЙМАҚ ТҰРҒЫНДАРЫН ҚОЛДАЙДЫ
ЕҚЫҰ Қырғызстанның оңтүстігінде жағдайды қалыпқа келтіруге және түрлі зорлық-зомбылықты болдырмауға ықпал ете алатындай ақыл-кеңес пен көмек беретін халықаралық полиция күштерін кіргізу мәселесін шешіп жатқанда, Ош қаласының әкімі Мэлс Мырзахматов сұхбатында халықаралық әскердің керегі жоқ деп есептейтіндігін айтты.
Оштың әкімі Мелс Мырзахматов жергілікті құқық-тәртіп қызметкерлері өткен айдағы этникаралық қақтығыстар барысында қамауға алынған жандарға күш көрсетіп, азаптау мен қинау шараларына барды деген айыптауларды жоққа шығара келіп, қырғыздың оңтүстігіндегі азаматтардың басым көпшілігі бұл аймаққа көмек-қолдау тұрғысында халықаралық полиция күштерін орналастыру идеясына қарсы дегенге басты назар аударды.
Мырзахматовтың бұндай пікірлерінен бұрын шілденің 20-ы күні БҰҰ-ның адам құқықтары бойынша жоғары комиссары Нави Пиллэй
тұтқындағы өзбек азаматтарының азапталуы тағы да қайталанып жатқаны және бұған Қырғызстанның оңтүстігіндегі қауіпсіздік күштерінің жауаптылығы жөнінде мәлімдеме таратқан болатын.
Маусым айында Ош пен Жалал-Абад аймағында этникалық өзбектер мен жергілікті қырғыздар арасындағы қақтығыстан 300-ден аса адам қаза тауып, жүздеген мың тұрғын баспанасыз қалған-ды.
Ош әкімі қызмет кеңсесінде отырып, Азатық радиосының тілшісіне берген сұхбатында БҰҰ-ның адам құқықтары бойынша жоғары комиссары Нави Пиллэйдің қамаудағылардың құқтары тапталып жатыр деген айыптауларын «арандатушылық мәлімдемелердің бірі болар» деп бағалай келе « менде осы қаланың басшысы ретінде ондай ақпарат жоқ» деп атап көрсетті.
Мырзахматов сондай-ақ ЕҚЫҰ-ның халықаралық күштерін аймаққа әкелудің қажеті жоқ деген ойына өзіндік уәжін де келтірді
-Олар (ЕҚЫҰ-ның ролиция күштері) біздің менталитетті, дәстүр-салтымызды түсінбейді. Мен әрдайым да біздің азаматтардың ой-пікірімен санасамын және олардың ұстаным-бағытын қолдаймын.
ӘР ТАРАПТЫҢ ӨЗ ШЫНДЫҒЫ БАР
Ош әкімі Мырзахматов аймақта халықаралық күштерді орналастыраудың керегі жоқ десе де, Азаттық радиосының тілшісі сөзге тартқан қаланың өзбек тұрғындары бұл пікірмен келіспейтіндерін аңғартқан.
Аймақта маусымдағы көптеген тұрғынды баспанасыз қалдырып, жүздеген жұртты босытып жіберген этникаралық қақтығыстан бері 40 күннен ассса да, үйсіз-күйсіз жүргендер баршылық.
«Бұл арадағы өзбек қауымдастығы осыдан бір ай бұрынғы сипатынан көп өзгере қоймаған. Шілденің 20-сы күні таңертеңгілік Оштағы Кирпичный ауылына барғанымызда, бірқатары тұтқындалып, енді біреулері таяқталған өзбек қауымдастығының тұрғындарына халықаралық Шекарасыз дәрігерлер ұйымы медициналық көмек көрсетіп жатты»,- деп жазады Оштағы Азаттық тілшісі Брюс Паннир.
Азаттық тілшісі көршілес жатқан Шарқ қауымдастығында да осыған ұқсас көрініске кез болдық дейді.
Қауіпсіздігіне алаңдағандықтан, аты-жөнін толық атағысы келмеген 20 жасар өзбек азаматы бүгін таңертеңгісін ғана әскери киім киген 100 қаралы адамның иісшіл иттермен тінту жүргізгенін айтқан.Оның айтуынша, өткен айда ауылдың бес азаматы тұтқынға алынған және содан бері олардан еш хабар-ошар жоқ.
Осыған ұқсас мәлімдемелерді БҰҰ-ның адам құқықтары бойынша жоғары комиссары Нави Пиллэй де жасап, дабыл қаққан еді. Жоғары комиссардың шілденің 20-ы күнгі мәлімдемесінде:
«Көптеген адамдар – басым көпшілігі негізінен жас өзбек азаматтары ешқандай себеп-айғақсыз ұсталған, бұл халықаралық та, қырғыздың да заңдарына сәйкес келмейді» деп атап көрсетілген болатын.
Ал шілденің 14-і күні халықаралық адам құқтары ұйымы ЕҚЫҰ-на Қырғызстанға полиция күштерін жіберу туралы өтініш жасап, зорлық-зомбылық пен себепсіз тұтқындаулардың жалғасуы оңтүстік қырғыз аймағында онсыз да әрең тұрған жағдайды тұрақсыздандыруы мүмкін деп ескерткен-ді.
Дегенмен де жергілікті полиция мен әскердің көпшілігі шетелдік күштер аймақтағы ахуалды қалыпқа түсіруге көмектеседі деген ұстаныммен онша келісе қоймайды. Осындай ұстаным мен Хьюман Райтс Вотчтың адам құқтары аяққа тапталып жатыр деген мәлімдеулері осы аптада шағын да болса наразылық шерулерін туғызды.
Азаттық радиосы қырғыз редакциясының хабарлауынша, шілденің 19-ы күні Ош қаласындағы наразылық митингісіне шыққандар үкіметтің халықаралық күштерді кіргізуге берген келісімін қайта қарасын деп талап еткен.
Шілденің 21-і күні бір топ шеруші ЕҚЫҰ-ның Оштағы кеңсесі алдына шығып, адам құқтары ұйымының мәлімдемелеріне қарсы наразылықтарын танытты.
- Бұл біржақты мағлұмат. Егер Хьюман Райтс Вотч халықаралық беделді ұйым болса ол не себепті біржақты ғана дерек береді. Жақында Роза Отунбаеваның бұйрығымен Оштағы оқиғаларды тексеретін арнайы комиссия құрылды, біз сол комиссияға Хьюман Райтс Вотчтан бірде-бір адамның кіруге моралдық құқтары жоқ деп есептейміз,- дейді «7-ші апрель» ұйымының жетекшісі Өндіріш Токтонасыров.
ЕҚЫҰ-ның Бішкектегі орталығының өкілі Бурул Осмоналиева наразылық шеруіне шыққандардың нақты ЕҚЫҰ-на шағым айтатын жөні жоқ, өйткені Хьюман Райтс Вотч халықаралық, тәуелсіз,үкіметтік емес ұйым деген пікірін айтқан Азаттық радиосына.