Accessibility links

Көк бөрінің зары


Серік Ақсұңқарұлы поэзия кешінде. Қарағанды, 9 сәуір 2010 ж.
Серік Ақсұңқарұлы поэзия кешінде. Қарағанды, 9 сәуір 2010 ж.

Ақын Серік Ақсұңқарұлының поэзиясында көк бөрінің символы ерекше орын алады. Құлдықтың қамытынан құтыла алмаған қара тобырдың бүгінгі лас тірлігіне күшті қарсылықты туғызу үшін ақын қасқырдың образына еніп сөйлейді.



ЖЕК КӨРЕМ ИТТІ

Жамбасың жерге тиіп, мәңгі ұйқыға кеткеніңше жыры таусылмайтын күйкі тіршіліктің ұсақ-түйек шаруасы әбден қажытып, діңкемді құртып шаршатқанда сүйікті ақындарымның жинақтарын оқып, поэзия әлемінен жұбаныш тапқанды ұнатамын. Олардың жырларын оқығанымда Рух әлеміне саяхатқа шығып, поэзия аспанынан төгілген имандылықтың алтын шуағын сезінгендей боламын.

Қызық! Топырақтан жаратылғанына мыңдаған жылдар өтсе де әлі күнге шейін пенде баласы мына жалғаннан өлеңнен артық сенімді серікті жолықтыра алмапты. Ғашықтардың үлбіреген нәзік жүрегінің дүрсілін, адамдардың өмірге деген махаббатын, сезімнің сұлулығын поэзиядан артық жеткізе алған құдірет те күні бүгінге шейін табылмай келеді мына қу тіршілікте.

Хайуандықтың тас қамалын қирата алмағанымен басын қылыш шапса да, жанын жауға бермеген поэзия ғана адамның қалғып бара жатқан рухын оятып, көңіл орманын жайқалтып, сезімін аймалап тұр.

Мүмкін сондықтан ба білмеймін, өлеңдері көңіл сарайыңдағы кір-қоңды шайып жіберіп, бойыңа бір ерекше қуат бітіріп, «өмір-күреспен» қайта белдестіретін ақындардың жырларын көктемді аңсаған торғайдай сағына күтемін. Баспасөзде шыққан өлеңдеріне шейін жібермей оқып, әр жинағының жарық көруін тағатым таусылып күтетін сондай ақындарымның бірі –Серік Ақсұңқарұлы.

Серіктің әр жинағын оқыған сайын Борхестің «кітап оқырманға қуаныш сыйлауы керек» деген сөзінің растығына көзім жете түскендей болады. Қатты қуанатыным Ақсұңқардың Серігі поэзияға келгендегі сәбидің сезіміндей пәктігінен айнымай, өлеңді қаламмен емес жүрегінің тазалығымен жазып келеді. Міне сондықтан да оның жыр жинағын оқығанда ақындық мінезімен жан бітірген өлеңнің рухы сөйлеп қоя береді.

Жек көрем итті!
Алысып жүрем,
Шабысып жүрем!
Қағынып..
Сайын даланың тағысымын – мен,
Не деген ғажап – тағылық!

Шауып түсемін!
Күш ағысымды
Сыйғыза алмай ішіме.
Адамның алмас пышағы сынды
Ырзамын азу тісіме!

Бұл Серіктің осыдан біраз жыл бұрын жазған «Қасқырдың монологы» атты өлеңі. Өлең ғана емес, рухтың құйындысы, елдің елдігі үшін жұлысып, талай-талай қанды ұрыстарды басынан өткеріп, сонау заманның жан шыңырауынан естілген қасқыр бабалардың зары бұл.
Көк бөрінің ұлуы

Ақын тегінен айырылып, өлексе үшін жұлысып итке айналып бара жатқан бүгінгі ұрпағының тірлігіне қапаланады. Еркіндікті аңсап, дүниеге асқақ қараған қасқыр бабаларының рухын қайта тірілткісі келіп, аспанға қарап ұлығандай болады.

Қасқыр-бабалар!
Бар ұлыстардың
Мазасын алып манадан –
Иттермен болған қанды ұрыстардың
Иісін сезем даладан.

Қаңқу сөз жүрек кегін үрлейді,
Қарлық-қарғысқа барабар.
Бізбенен иттің тегі-бір дейді..
Рас па, қасқыр – бабалар?!

Серік Ақсұңқарұлының өлеңдерінде қасқырдың символы айрықша орын алады. Оның поэзиясында «ақынның үшінші дауысы болып» (Томас Элиот ) көбінісе қасқырдың образы сөйлейді. Алайда оның өлеңдеріндегі осы бір дала тағысы «Бөрі басы ұраным, бөрілі менің байрағым, бөрілі байрақ көтерсе, қозып кетер қайдағым» деп Аронұлы Сүйінбай ақын жырлаған қасқырдан мүлде бөлек образдың символы.

Жыр алыбы Сүйінбайдың өлеңін оқығанда тағылық мінезіне ырза болып, даланың апайтөс төсінде ойнақ салған қасқырдың образы көз алдыңызға елестейді. Серік Ақсұңқарұлы керісінше абайсызда апанға түсіп кетіп, не істерін білмей еркіндігінен айырылып аласұрған көкжалдың бейнесін мүсіндейді.

Ала төбеттің астында қалар,
Күн туғаны ма ақыры..
Неге үндемейсіңдер, қасқыр- бабалар,
Қағынып кеткен жатыры?

Неге үндемейсіңдер?
Ұрлық түн еді.
Жатқаным мынау – жау іші.
Аспанның астын дүрліктіреді,
Үрген иттердің дауысы...

Азаттықты, батырлықты, өжеттікті қасқырдың бейнесімен беру ұлттық ұғымға жақын болғандықтан ғана ақын дала тағысының образына қызығушылық танытып отырған жоқ. Өлеңдегі қасқырдың символы ақынның азапты ізденісінен туған бүгінгі заманның көрінісі.

МЕН ҰЛЫҒАН КӨК БӨРІСІ ДАЛАНЫҢ

Құлдықтың қамытынан құтыла алмаған қара тобырдың бүгінгі лас тірлігіне күшті қарсылықты туғызу үшін ақын қасқырдың образына еніп сөйлейді. Қазақтың рухына жасалып жатқан қастандықпен қасқырша арпалысып, өмірін жаугершілікте өткізген бабаларының асқақ рухын аңсап аспанға қасқырша қарап зарлайды.

Әсіресе, «Мен-ұлыған көк бөрісі даланың» атты лирикалық шығармасында саппас тобырдың надандығына, неше түрлі қара беттердің озбырлығына қапаланып, кеудесін кек кернеген ақынның ашу-ызасы шарықтау шегіне жетеді. Сан рет сотталып, сан рет ақталса да заманға иілгісі келмеген қасқыр мінезді ақын неше түрлі сұмдар мен сұмырайларға азу тісін ақситып, айбат шегеді.

Енді ақындар жекпе-жекке қатысып,
Мерт болмайды атысып!
Сотталмайды соры қайнап бостан-бос,
Ақталмайды қара бет боп –
Шатысып...

Көзге ешкімді ілмей,
Қырт –
Жердің бетін жаулап алған пілдей құрт –
Ақындарды ұстайды енді өзіндей
Өлімтікпен – бірдей ғып!!!

Ақындық жүрек сезсе-дүр. Қасқыр бабалардың мінезі өліп, халық тобырға айналса, елдің сенім артқан зиялылары биліктің жуындысын ішкенге мәз болып, ақын құл-құтанға жанын сатса қазақтың рухы өледі.

Қайтпек керек! Бүгінгі күннің шындығына айналған осы бір көңілсіз көрініске қасқыр мінезді ақынның аспанға қарып, көк бөріше ұлығаннан басқа амалы қалмапты.

Мен –
Ұлыған Көк Бөрісі Даланың,
Ұлымауға амалым жоқ, амалым.
Құлдар сүйді –
Құл иелену заманын!
Сұмдар сүйді, -
Сұм иелену заманын!!

Қайтем енді құлға кеткен есемді?!
Қайтем енді сұмға кеткен есемді?!
Бітті менің заманым!
Хош, енді..

Құлдары көктегі Құдайды да менсінбей кекесінмен қараған, ел қамын жеген ерлерінің рухы адамгершілік, имандылық, әділеттілік секілді ізгі ұғымдарды ұмытқан қара тобырдың табанының астында тапталып, екіжүзділік, алаяқтық, сатқындық патшалық құрған бүгінгі өмірдің шындығын бұдан артық қалай суреттеп, жеткізуге болады. Бұл - халықтың көзінен жас аққанда жүрегінен қан болып тамшылаған ақын Серік Ақсұңқарұлының ар-ожданының, һәм иманының алдындағы ақиқаты.
XS
SM
MD
LG