Accessibility links

"3 млн теңге керек". Кореяда көз жұмған қазақстандық мигрантты елге жеткізе алмай отыр


Кореяда қайтыс болған қазақстандықты елге жеткізуге ақша жоқ
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:10 0:00

Оңтүстік Кореяда қайтыс болған қазақстандық Герман Кимнің отбасы оны Қазақстанға жеткізуге ақша таба алмай отырғанын айтады.

Оңтүстік Кореяға жұмыс іздеп кеткен қазақстандық Герман Ким 57 жасында сол елде қайтыс болды. Кореяның Инчхон қаласына нәпақа табуға барған ұлы Денис Ким әкесінің сүйегін елге әкелуге ақшасы жетпей қиналып отырғанын айтады.

"САҚТАНДЫРУ БОЙЫНША ҚАРЫЗЫМЫЗ БОЛЫП, ДӘРІГЕРГЕ БАРА АЛМАДЫҚ"

22 жастағы Денис Ким Оңтүстік Кореяда жұмыс істеп жүргенде сырқаттанып, 9 қыркүйекте қайтыс болған әкесі Герман Кимнің сүйегін елге, анасына жеткізуді "парызым" деп біледі. Бірақ мәйітті Қазақстанға жеткізуге қажет үш миллион теңгесі (шамамен 7300 доллар) жоқ.

– Әкемнің жүрегі тоқтап, көз жұмды. Оянсам, әкем қайтыс болыпты. Әкем [ауырып] төрт айдай жұмыс істемеді. Қазан айында елге жіберемін деп отырған едім. Денсаулығы оңалмай, әлсіреп кетті. Сақтандыру бойынша қарызымыз болғандықтан медициналық мекемеге бара алмадық. Себебі бұл жақта [емделу] өте қымбат. Алғашында қатты күйзелісте болып, кремация жасауға келісім беріп қойған едім. Кейін есімді жиып, елге, Қызылордаға жеткізіп, жерлеу керегін түсіндім. Анам да солай айтты. Бірақ ол оңай емес екен, – дейді ол.

Қазақстан азаматы Герман Ким (оң жақта) зайыбы Нұрсұлу Балымбетовамен бірге. 2019 жылдың желтоқсаны. Отбасы архивіндегі фото.
Қазақстан азаматы Герман Ким (оң жақта) зайыбы Нұрсұлу Балымбетовамен бірге. 2019 жылдың желтоқсаны. Отбасы архивіндегі фото.

Денис Кимнің сөзінше, Қызылорда қаласындағы банктің бірінде IT бөлімін басқарған әкесі кейін жұмыстан қысқарып қалған. 2017 жылы Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласына жұмысқа келген.

– Әкемнің жанына 2019 жылдың басында келдім. Мұнда еңбек биржалары секілді кеңселер бар, солар жұмыс тауып береді. Сусындардың сыртына стикер желімдеуден бастап зауыттағы жұмыстарға дейінгі барлық іспен айналыстық. Күніне екеуміз 90 долларға (37 мың теңге) жуық аламыз. Бұл ақша пәтерімізге, тамағымызға, жүріп-тұруымызға жетеді. Қызылордадағы анамызға да жіберіп отырдық, – деді ол.

Оңтүстік Кореяда жұмыс істеп жүрген Қазақстан азаматы Денис Ким. Отбасы архивіндегі сурет.
Оңтүстік Кореяда жұмыс істеп жүрген Қазақстан азаматы Денис Ким. Отбасы архивіндегі сурет.

Қазір Дениске әкесінің сүйегін елге жеткізуге Оңтүстік Кореяда жұмыс істеп жүрген қазақстандық Самат Ахметов көмектесіп жүр. Оның сөзінше, Кореяда қайтыс болған азамат бір тәулік ішінде не жерленуі, не кремация жасалуы керек. Ал оған келіспесе мәйітті сақтаған әр күнге шамамен 27 мың теңге (шамамен 65 доллар) төлеуі тиіс.

– Осы аптаның ішінде Қазақстанның үш азаматы қайтыс болды. Олардың бірі Шымкент, ал екеуі Қызылорда қаласынан келген. Жүрек талмасынан қайтыс болған Герман Кимнің мәйітін Қазақстанға жіберу үшін Кореядан мәйітті шетелдерге апаратын компания 2,7 миллион теңге қаржы сұрайды. Қайырымды жандардың арқасында бір миллион теңгесін жинап үлгердік. Қалған 1,7 миллион теңгені жинап, 18 қыркүйекке дейін компанияға төлем жасауымыз керек, – дейді Ахметов.

Оңтүстік Кореяда Инчхон қаласының әуежайында тұрған жүк тасымалдаушы ұшақтар. Көрнекі сурет.
Оңтүстік Кореяда Инчхон қаласының әуежайында тұрған жүк тасымалдаушы ұшақтар. Көрнекі сурет.

Саматтың айтуынша, қайтыс болғандардың денесін бұған дейін жолаушы ұшағының жүк салатын бөлігіне тиеп жөнелтіп келген. Ал пандемия басталғалы бері жүк тасымалдайтын ұшақпен жібереді.

– Мәйітті тек жүк ретінде қабылдап жатыр. Таразыға салады, бір келісі шамамен 11 мың теңге болады. Мәйіттің өз салмағы мен табыттың салмағын қосқанда екі миллион теңгедей шығады. Қалған ақша құжаттарын жасау мен мәйітханада жатқан күні, денені бальзамдауға кетеді. Мен осында жүргелі Қазақстанға алты адамның сүйегін жібердім. Осында жүрген қазақстандықтар мешіттерден қаржы жинаймыз. Бірақ қазір коронавирус тарауына байланысты карантин. Мұнда да карантин, көпшілігінің табысы азайды, – дейді ол.

Оңтүстік Кореяда жұмыс істеп жүрген Қазақстан азаматы Самат Ахметов.
Оңтүстік Кореяда жұмыс істеп жүрген Қазақстан азаматы Самат Ахметов.

Самат Ахметовтың айтуынша, Кореяда жүрген қазақстандық еңбек мигранттарының көбі ірі компаниялар мен кәсіпорындарда емес, жалдамалы жұмыста істейді. Сондықтан көбінің қолында келісім-шарты мен ресми медициналық сақтандыруы болмайды.

– Мен де алғаш келгенде екі жыл бойы қара жұмыста жүрдім. Қазір тұрақты жұмысым бар, жергілікті асханада кассир болып істеймін. Келісім-шартым бар. Онда егер ауырсам я өзге жағдай болса мені емдеуге, өтемақы төлеуге жұмыс беруші міндетті деп көрсетілген. Ал жалданып істейтіндерде ондай құжат болмаған соң, жұмыс беруші оны емдеуге я мәйітін елге жеткізуге бас қатырмайды. Амалсыздан елден көмек сұрап, жіберуге тырысамыз, – дейді Кореяда жұмыс істеп жүрген Самат Ахметов.

СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ НЕ ДЕЙДІ?

Қазақстан сыртқы істер министрлігі Кореяда қазақстандық Герман Кимнің қайтыс болғанынан хабардар. Алайда шетелде қайтыс болған адамның денесін Қазақстанға жеткізуге бюджеттен арнайы қаражат бөлінбейтінін айтты.

– Қазір оның (Герман Кимнің – ред.) барлық құжатын дайындадық. Қазақстанға сүйегін жеткізу керек. Ол енді туыстарының мәселесі. Үкіметте мәйітті жеткізуге ақша қарастырылмаған. Әрбір азамат өз басына өзі жауапты болуы керек. Ол – дүниежүзілік тәжірибе. Сондықтан шетелге шыққан кезде туристік компаниялар да, біз де қайта-қайта "сақтандырудан өтіңіздер", "сақтандыру полисін жасаңыздар" деп ескертіп жатамыз. Көбісі соны жасамайды, – дейді министрліктің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров.

Қазақстандық Air Astana әуе компаниясы Азаттық тілшісіне шетелде қайтыс болған қазақстандықтардың сүйегін ұшақпен елге жеткізу қызметін көрсететінін айтты. Бірақ оның бағасы қанша тұратынын ашып айтпады.

2014 жылы Нұр-Сұлтан мен Сеул виза келісіміне қол қойып, Қазақстан азаматтарына Оңтүстік Кореяда 30 күнге дейін визасыз жүруге рұқсат берілген. Осыдан кейін Оңтүстік Кореяға жұмыс іздеп баратын қазақстандықтар көбейген. 2019 жылы сыртқы істер министрлігі "Қазақстанның 35 мың азаматы Оңтүстік Кореяда жүр. Оның 12 мыңы – заңсыз еңбек мигранты" деп мәлімдеген.

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров 15 қыркүйекте Азаттық тілшісіне "карантин алдында біраз мигрант елге қайтқан, сондықтан қазір олардың саны әлдеқайда аз" деді.

Оңтүстік Кореяға заңсыз барып жұмыс істейтіндер көбейген соң ресми Сеул заңсыз еңбек мигранттарына қарсы шараларды күшейткен. Оңтүстік Корея 2018 жылы заңсыз жүрген еңбек мигранттарына 500 доллардан 20 мың долларға дейін айыппұл салып, депортациялауға кіріскен. Кейін уақытша "Жасыл дәліз" акциясын өткізіп, өз еркімен Оңтүстік Кореядан кеткен заңсыз еңбек мигранттарына рақымшылық жариялаған.

Кореяға жұмыс іздеп кеткен қазақстандықтардың көбі ол елде Қазақстанмен салыстырғанда әлдеқайда көп табыс табуға болатынын айтады.

– Алғашқы екі жыл қасық жасайтын цехта, құрылыста істедім. Қазір тұрақты жұмысым бар. Орташа табысым күніне 45 мың теңге (108 доллар). Айына Түркістан облысы Түлкібас ауданындағы ата-анам мен бауырларыма 700 мың теңгедей (шамамен 1700 доллар) жіберіп отырмын, – дейді Кореяда жүрген қазақстандық Самат Ахметов.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG