Accessibility links

Ауғанстанның бас банкирі елден қашып кетті


Абдул Кадир Фитрат, Ауғанстанның бұрынғы орталық банк басшысы. Кабул, 21 ақпан 2011 жыл
Абдул Кадир Фитрат, Ауғанстанның бұрынғы орталық банк басшысы. Кабул, 21 ақпан 2011 жыл

Азаттық радиосына берген сұхбатында Ауғанстанның орталық банкінің басшысы өміріне қауіп төніп тұрғандықтан ешкім күтпеген жерден өз қызметі түгіл елін де тастап кеткенін айтты.


Абдул Кадир Фитрат елдегі ең ірі жеке меншік банктегі жемқорлықтың ізін ашқаннан кейін, оның өміріне қауіп төніп, АҚШ-қа қашуға мәжбүр болдым дейді.

Оның айтуынша, үкімет атқамінерлері «Кабул банктің» жүздеген миллион долларын талан-таражға салған жоғары лауазымды адамдардың әрекетін тексеруге ықылассыз болған.

Батыста білім алған экономист, АҚШ тұрғыны Фитрат мырза өміріне төнген қауіп туралы «сенімді ақпарат» алғаннан кейін Ауғанстаннан қашқандығын айтты.
Менің өміріме зор қауіп төніп тұрғаны туралы маған сенімді мәлімет көзінен ақпарат жетті.

- Нақты деректерді әзірше айта алмаймын, бірақ менің өміріме зор қауіп төніп тұрғаны туралы маған сенімді мәлімет көзінен ақпарат жетті. Сонымен қатар, мен парламентпен сөйлескенде де, парламент мүшелері менің болашақ қауіпсіздігім үшін қам жейтіндігін айтты. Бұдан артық айта алмаймын. Бар айтарым – осы, - деді ол.

Фитраттың сөзіне сенсек ол «Кабул банк» басшыларының беделді клиенттерге алдамшы несиелер бергенін дәлелдемек болған. Дәлірек айтқанда осы банктегі салымшылар қорының 1 миллиардқа жуық ақшасын жымқыруға қатысы бар адамдарды заң жолымен жаауапқа тартқысы келген әрекетінен түк шықпаған.

Фитраттың Азаттық радиосына айтуынша, үкімет оның ХВҚ-мен бірлесіп анықтаған «Кабул банк» басшыларының жемқорлық жүйесін тексеруге тосқауыл қойды.

- Менің жұмыстан кетуімнің себебі – міндеттерімді бар күшімді салып орындауға тырысқаныммен, орындай алмадым. Сондай міндеттің бірі – «Кабул банк» дағдарысына қатысы барларды ұстау еді, - дейді ол.
"Кабул банктегі" салымшылар қорының 1 миллиардқа жуық ақшасын жымқыруға қатысы бар адамдарды заң жолымен жаауапқа тартқысы келген әрекетінен түк шықпаған.

Ал президент Хамид Карзайдың өкілі Вахид Омар үкіметке тағылған айыптарды жоққа шығарып, «Кабул банктің» күйреуіне Фитрат та қатысқан деп санайды.

«Бұл – отставка емес» деген Вахид Омар Рейтер агенттігіне, «бұл - ауған халқына опасыздық жасау, өте жауапсыз әрекет».

АҚШ өкілдерінің айтуынша «Кабул банк» кейбір акционерлеріне 850 миллион АҚШ долларына жуық сомаға қамсызданбаған, құжатталмаған несиелер берген. Олардың қатарында бірқатар министрлер, Карзайдың ағасы және Ауғанстан саяси элитасының тағы да басқа беделді мүшелері бар. Үкімет орталық банктің қызметкерлеріне бұл жанжалды зерттеуге бағыт-бағдар беріп, сол арқылы өздерін ақтауға тырысты.

- Олар несие алғандардың ешқайсысын тергеуді ойламайды да. Ондаған миллион доллар несие жалған аттарға еш заңдастырусыз берілген. Олар жауапқа тартылмайды. Үкімет тек қана мен сияқты ашық айыптауды талап еткен адамдарды жазаламақ, - дейді Фитрат.
«Кабул банк» кейбір акционерлеріне 850 миллион АҚШ долларына жуық сомаға қамсызданбаған, құжатталмаған несиелер берген. Олардың қатарында бірқатар министрлер және Карзайдың ағасы бар.

«Кабул банк» дағдарысынан кейін Ауғанстан миллиардтаған доллар қосымша жәрдемге мұқтаж болуы мүмкін. Ауғанстанмен арасындағы келіссөздерден кейін өткен аптадағыдай дағдарыс қайталанбау үшін ХВҚ банк реформаларын жасауды талап етті. ХВҚ-ның Ауғанстанға жәрдем беруінің көптеген донорлар үшін шешуші мәні бар.

Фитрат ХВҚ мен әлем банкінде қызмет атқарған. Сонымен қатар ол АҚШ-та бейресми түрде банкир болып жұмыс істеді. Оның қызметтен кетуі Вашингтонмен қайшылыққа түскен және жемқорлыққа қатысты айыпталған ауған үкіметіне деген халықаралық сенімді азайта түсуі мүмкін.

АҚШ келесі айда 100 мың әскерінің бірқатарын Ауғанстаннан шығарып, 2014 жылға дейін әскерін елден біржола қайтарып алатын болып шешті.
XS
SM
MD
LG