Accessibility links

Әзербайжанда полиция "исламшылдармен" атысты


Нардарандағы атыстан кейін жиналған наразы жұрт. 26 қараша 2015 жыл
Нардарандағы атыстан кейін жиналған наразы жұрт. 26 қараша 2015 жыл

Баку түбіндегі Нардаран ауылында полиция теолог Тале Багирзадені ұстау кезінде оның жақтастары оқ атты деп мәлімдеді. Бірнеше адамның өлгені хабарланды.

Бейсенбі күні Әзербайжан астанасының жанында орналасқан Нардаран ауылында полиция мен мұсылман топ арасында атыс болды. Азаттықтың Әзербайжан қызметінің хабарлауынша, екі полицей мен төрт тұрғын қаза тапқан.

Әзербайжандық ANS агенттігі елдің ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап қаза тапқандарды "әлеуметтік-саяси жағдайды шайқалтуға тырысқан қарулы қылмыстық топ мүшелері" деп сипаттайды. Әзербайжанның ІІМ бұл топты "Тале Багирзаденің бастауымен елде шариғат заңдарын орнықтырғысы келген діни радикалдар" деп есептейді. Полицияның мәлімдеуінше, топтың штабы Нардаранда орналасқан.

Нардаран тұрғыны атылған оқ гильзасын көрсетіп тұр. 26 қараша 2015 жыл
Нардаран тұрғыны атылған оқ гильзасын көрсетіп тұр. 26 қараша 2015 жыл

Полиция бейсенбі күні "радикалдық топ" мүшелерін Нардаранда теолог Тале Багирзаденің (Тале Багиров деп те жазылады - ред.) уағызына жиналған кезде ұстамақшы болған. Теологтың жақтастары мен полиция арасында кикілжің туып атыс басталған. Полицейлер өздеріне қарсы автоматтан оқ атылып, граната лақтырылды деп мәлімдеді. Теологтың жақтастарына қарсы қару қолданған полицияның қолынан бірнеше адам өліп, бірнешесі жараланған.

Бұдан соң Нардаранның тұрғындары полицияның қару қолданғанына нараза болып ауыл орталығына жинала бастады. Ал полиция сол маңдағы Сабунчу ауылындағы ауруханаға жеткізілген жаралыларға ешкімді кіргізбей, ғимаратты қоршауға алды. Әзірше нақты қанша адамның жараланғаны белгісіз. ІІМ екі полицей мен төрт тұрғынның өлгенін айтады.

Теолог Тале Багирзаде (оң жақта).
Теолог Тале Багирзаде (оң жақта).

Теолог Тале Багирзаденің өзі қайда екені белгісіз. Теологты бірнеше адаммен бірге қамауға алды деген хабар тараған.

Тале Багирзаде - "Мұсылман бірлігі" қоғамдық ұйымының жетекшісі, бұрынғы саяси тұтқын. Ол уағыздарында Әзербайжан билігін сынап отырады. Багирзаде 2013 жылы да бір қамалып, "есірткі сақтады", "Нардаран ауылында тұратын әншінің үйін өртеді" деп айыпталған. Бірақ бұл айыптар дәлелденбеген. Биыл қараша айында теологтың Бакудегі Ясамал аудандық полиция учаскесінде соққыға жығылғаны туралы хабарланған.

XS
SM
MD
LG