Accessibility links

Bellingcat: Владимир Кара-Мурзаның улануына ФСБ қызметкерлерінің қатысы бар


Ресейлік диссидент кіші Владимир Кара-Мурза.
Ресейлік диссидент кіші Владимир Кара-Мурза.

Bellingcat тобы Ресей федералдық қауіпсіздік қызметінің өкілдері оппозиционер кіші Владимир Кара-Мурза 2015 және 2017 жылы екі рет белгісіз заттан қатты уланып қалғанға дейін оны сыртынан жүйелі түрде аңдып, елді аралағанда бірге ілесіп барған дейді.

Bellingcat тобы былтыр ресейлік оппозиционер Алексей Навальный уланғанға дейін оны аңдыған Ресейдің федералдық қауіпсіздік қызметінің (ФСБ) өкілдері тағы бір ресейлік оппозиционер кіші Владимир Кара-Мурзаның жүріс-тұрысын жүйелі түрде аңдыған дейді. Зерттеу тобының айтуынша, Кара-Мурза 2015 және 2017 жылы екі рет белгісіз заттан қатты уланып қалғанға дейін оны сыртынан аңдып жүрген.

"Жеті рет бір бағытта жолға шығып, он төрт рейсте бірге баруы кездейсоқ болуы мүмкін емес. Кара-Мурзадай танымал адамды үнемі аңдығаны осы ФСБ тобының қастандық істеуге талпынған өзге әрекеттеріне айтарлықтай ұқсайды" деп жазады Bellingcat.

  • Кремльді сынап жүрген Владимир Кара-Мурза 2015 жылы әріптестерімен кездескен кезде кенеттен қатты ауырып қалған. Дәрігерлер "науқас дәріні мөлшерден артық ішіп, содан уланған" деген диагноз қойды. Оппозициялық саясаткер ұзақ уақыт комада жатты. Францияда жасалған сараптама науқастың ағзасында шамадан артық мөлшерде ауыр металдар барын анықтаған. Бірақ ресейлік сот-медициналық сараптама саясаткердің уланғаны анықталмады деген қорытынды жасады.
  • 2017 жылғы ақпанда Кара-Мурза жағдайы күрт нашарлап, Мәскеу ауруханасына түскен. Дертінің белгілері тура алдындағыдай болған. Кара-Мурза ажалдан аман қалды. Дәрігерлер ес-түссіз жатқан науқастың ажалдан аман қалуына үміт өте аз – 5 пайызға да жетпейді деп болжағанын кейін Кара-Мурзаның өзі айтты.

Қазір Bellingcat тобы ресейлік ФСБ криминалистика институтының қызметкерлері Владимир Кара-Мурза екі рет уланып ауруханаға түсер алдында оны аңдыған деп отыр. Bellingcat зерттеуінде ФСБ қызметкерлері болуы мүмкін деген адамдардың 2015 жылы Кара-Мурза ауруханаға түсерден үш ай бұрын оған ілесіп Томск, Санкт-Петербург, Калининград пен Қазан қалаларына барғаны айтылады. Кара-Мурза Қазанда 22-24 мамыр аралығында болып, Мәскеуге оралған соң екі күннен кейін улану белгілері пайда болған.

Кара-Мурзаға осы сапарларының барлығында Александр Самофал деген адам еріп жүрген. Зерттеушілер бұл адам ФСБ қызметкері болуы мүмкін деп топшылайды. Bellingcat "қара базардан" сатып алған деректер қорында Самофалға 2006 жылы берілген көлік жүргізуші куәлігі жайлы мәлімет бар. Онда Самофалдың мекен-жайы ретінде как "2567 әскери бөлімі" көрсетілген. Ол жерде Мәскеу түбіндегі Голицыно кентінде орналасқан ФСБ шекара қызметінің академиясы орналасқан.

2015-2016 жылдары Самофал кемінде 12 рет Кара-Мурзаға ілесіп, Ресейдің бірқатар қаласына барған. Бірнеше рет оларға Алексей Навальныйдың улануы жайлы зерттеуден кейін аты-жөні көпшілікке мәлім болған Константин Кудрявцев пен ФСБ-ның 2-басқармасының аға офицері Роман Мезенцев ілесіп жүрген. Bellingcat Кудрявцев ФСБ криминалистика институтының қызметкері болуы мүмкін деп есептейді.

Bellingcat зерттеуінде ФСБ тобы әдетте медициналық жәрдем сапасы нашар болатын, оның үстіне оппозиционер түскен қонақүйдегі бөлмеге кіру оңайырақ болғандықтан Мәскеуден тыс аймақты әдейі таңдаған деп жазылған. Зерттеушілер Мәскеуде уланған Кара-Мурзаның Калининград, Томск, Санкт-Петербург пен Қазанға барғанында ФСБ тобының үнемі оған ілесіп жүргенін анықтаған. Дәл солай 2017 жылы да оны аңдып бірге барған.

2017 жылы Кара-Мурза екінші рет уланғаннан кейін әйелі Евгения ауруханадан күйеуінің қан сынамасын алып, кейін оны АҚШ федералдық тергеу бюросы агенттеріне берген. Олар Евгенияға Химиялық қару-жараққа тыйым салу жөніндегі халықаралық ұйымнан "биологиялық материалдарға сараптама жүргізуге" арнайы рұқсат алған зертханада тексеруге уәде берген. Бірақ кейін АҚШ федералдық тергеу бюросы Евгенияға зерттеу қорытындысын хабарлаудан бас тартқан. Тек сот талап кеткен соң федералдық тергеу бюросы Кара-Мурзадан алынған қанды талдау қорытындысынан үзінділер жариялаған (өзге бөлігінде құпия мәліметтер бар деп, есепті толық жарияламады). Ол үзінділерде Кара-Мурзаны "қасақана улағанға ұқсайды" деген қорытынды жасалғанымен, нақты неден уланғаны айтылмады.

The Insider басылымы мен Bellingcat тобы 2018 жылғы қаңтардың соңына қарай АҚШ-қа Ресейдің үш бірдей арнайы қызметінің басшылары – федералдық қауіпсіздік қызметін (ФСБ) басқаратын Александр Бортников, Сыртқы барлау қызметінің (СВР) жетекшісі Сергей Нарышкин және Бас барлау басқармасының (ГРУ) бастығы Игорь Коробов барғанына назар аударады. Зерттеушілердің топшылауынша, осы үшеудің бірі АҚШ федералдық тергеу бюросының басшысымен кездескен болуы мүмкін.

"Кара-Мурзаның ісі бойынша құжаттарда сол кездесу жайлы айтылуының өзі осы кездесуде оның (Кара-Мурзаның) мәселесі талқыланғанын білдіреді, ендеше талдау қорытындысын жариялаудан бас тартуға әлдебір мәміле себеп болуы мүмкін" деген тұжырым жасайды зерттеу авторлары.

Bellingcat зерттеуінен кейін Азаттықтың Орыс қызметіне (Радио Свобода) берген сұхбатында Владимир Кара-Мурза "мені өлтіру мақсатымен жасалған қасақана улау әрекеттеріне менің Батыс елдерін Владимир Путиннің маңайындағы жемқорлар мен адам құқығын бұзғандарға қарсы жеке-жеке санкция салуға үндеп, көп жылдан бері атқарып келе жатқан жұмысым себеп болды" деп айтты.

Бұған қоса ол Bellingcat зерттеушісі Христо Грозевпен бірге зерттеуде аты-жөні аталған, Ресей федералдық қауіпсіздік қызметінің офицері болуы мүмкін Роман Мезенцевке телефон шалғанын мәлімдеді. Телефон тұтқасын Мезенцевтің өзі көтерген. Кара-Мурза оған өзінің кім екенін айтып, улануы жайлы сұрақ қойғаннан кейін Мезенцев телефонды қоя салған.

– Путиннің тұсында осы әдістің кең қолданысқа енгізілгенін білеміз. Тізімде көп адам бар, ал шын мәнісінде біз білетіннен де көп болып шықты. Bellingcat зерттеуінің арқасында бұған дейін ойымызға кіріп-шықпаған улау әрекеттері жайлы біліп отырмыз, – деді Кара-Мурза.

  • Бұған дейін Кара-Мурза өзін "Ресейде тек арнайы қызметтің қолы жететін улы затпен қасақана өлтірмек" болғаны туралы мәлімдеген. Оппозиционер бұл қылмысты Ресейдегі саяси қызметіне, соның ішінде 2012 жылы АҚШ қабылдаған "Магнитский заңына" лобби жасағаны үшін өзінен биліктің өш алуы деп санайды. "Магнитский заңы" ресми Вашингтонға адам құқығын бұзған деп санайтын ресейлік шенеуніктер мен күш құрылымдары өкілдеріне қарсы санкция енгізуге мүмкіндік береді.
  • Осыған дейін Bellingcat тобы оппозиционер Алексей Навальныйдың улануы, кейінірек ресейлік тағы үш қоғам қайраткеріне де у берілген болуы мүмкін екені жайлы зерттеулер жариялаған. Ол үш адам сол қастандықтан көз жұмған дейді зерттеу авторлары.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG