Accessibility links

Коронавирустың өзгерген түрі Ұлыбританияны әбігерге салды. Ол қаншалықты қауіпті?


Суретт: Лондонның Хитроу әуежайында отырған жолаушы. Бұл күні, 21 желтоқсанда Еуропаның бірнеше елі коронавирустың жаңа штамы табылған Ұлыбританиямен әуе қатынасын уақытша тоқтатты.
Суретт: Лондонның Хитроу әуежайында отырған жолаушы. Бұл күні, 21 желтоқсанда Еуропаның бірнеше елі коронавирустың жаңа штамы табылған Ұлыбританиямен әуе қатынасын уақытша тоқтатты.

Ұлыбританияда коронавирустың жаңа штамы табылды. 21 желтоқсанда Австрия, Бельгия, Германия, Израиль, Үндістан, Ирландия, Италия, Канада, Нидерланд, Польша, Франция, Чехия, Швейцария мен тағы бірнеше ел Ұлыбританиямен әуе қатынасын тоқтататынын жариялады. Ресей 22 желтоқсаннан бастап тоқтатпақ. Ұлыбритания мен Еуропаны не күтіп тұр, вирустың өзгерген түрі мен індеттің өршуі несімен қауіпті?

Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон жаңа штамм бұған дейін әлемдік пандемияға себеп болған Covid-19 коронавирусымен салыстырғанда 70 пайызға жұқпалы деп мәлімдеді.

Коронавирустың бұл түрін жұқтырғандардың анықталғаны туралы қазірге дейін бірнеше мемлекет, оның ішінде Дания, Италия мен Австралия хабарлады. Вирус жұқтырған адамдардың барлығы таяуда ғана Ұлыбританиядан оралған. Ұлыбритания билігі 19 желтоқсанда Англияның оңтүстік-шығысы мен Лондонда ең жоғарғы, яғни төртінші деңгейлі локдаун енгізілгенін жариялады.

Англияның солтүстік-батысындағы жол бойындағы электрон таблода "Францияға баратын жол жабық. Үйде отырыңыздар" деп жазылған. 21 желтоқсан 2020 жыл.
Англияның солтүстік-батысындағы жол бойындағы электрон таблода "Францияға баратын жол жабық. Үйде отырыңыздар" деп жазылған. 21 желтоқсан 2020 жыл.

Вирусты анықтайтын тест алумен айналысатын британ зертханаларының бірінің статистикасынан кейінгі күндері коронавирус жұқтырғандар арасында вирустың жаңа түрін жұқтырғандар (қызғылт-сары түспен белгіленген) күрт көбейгені байқалады:

"БРИТАНДЫҚ" ШТАММ ҚАЙДАН ПАЙДА БОЛДЫ?

Ұлыбритания үкіметінің бас ғылыми кеңесшісі Патрик Валланс вирустың бұл штамы "тез таралады және күшті" дейді. Желтоқсанның басында-ақ Лондонда вирустың осы түрін жұқтырғандардың үлесі дертке шалдыққандардың 60 пайызға жуығын құраған. Вирустың мутацияға ұшыраған жаңа түрі әлдеқайда тез таралатынын Лондондағы Imperial College мамандары да растады.

Бірақ BBC-дің хабарлауынша, премьер-министр Борис Джонсон келтірген 70 пайыз көрсеткішпен бәрі бірдей келісе бермейді: кейбір зерттеушілер премьер оны асырып айтты десе, басқалары керісінше азайтып көрсетті дейді. Британ ғалымдары вирустың бұл түрін қыркүйек айында анықтаған. Сол себепті егер ол аса жылдам таралатын болса, онда не себепті оны жұқтырғандар тек желтоқсанда ғана көбейген деген сұрақ қояды.

Оның үстіне, бұл Covid-19 пандемиясы басталғалы бері анықталған алғашқы мутация емес. Қазір әлемде таралып кеткен штамм – 2019 жылдың соңы мен 2020 жылдың басында Қытайдың Ухань қаласынан тараған вирустан мүлдем бөлек. Уханьнан тараған вирус биыл ақпанда Еуропада өзгеріске ұшырап, ол жақтан басқа құрлықтарға таралған. Бұған қоса Оңтүстік Африка Республикасында тағы бір "мутация" анықталғаны туралы хабар да күмән тудырып тұр.

"Британдық" вирус нақты осы елде өзгеріске ұшыраған ба, ол да әзірге белгісіз. Оның осы елде иммунитеті әлсіз, вируспен күресуге дәрменсіз науқастың ағзасында пайда болғанын (мұндай ағза вирустың өзгеруіне қолайлы саналады) болмаса сырттан келгенін ешкім тап басып айта алмайды. Мутацияға ұшыраған вирус оны жұқтырған адам басқа жақтан, мысалы, Африка елдерінің бірінен Ұлыбританияға келгенде таралуы да мүмкін. Африкада пандемияны бақылауда ұстау жағы Еуропамен салыстырғанда нашар болғандықтан, мутация байқалмауы да ықтимал.

Әзірге коронавирустың жаңа түрі алдыңғысынан әлдеқайда қауіпті, яғни ол тез таралып қана қоймай, адам ағзасына қаттырақ әсер етеді деуге негіз жоқ. Мамандар қазіргі кезде коронавирусқа қарсы жасалған вакциналар вирустың "британдық" түріне де әсер ете алады деп санайды. Аталмыш вакциналарды кейбір ел жаппай егуді бастап кетсе, кейбірі дайындалып жатыр.

ВИРУС МУТАЦИЯЛАРЫ ЖӘНЕ ОҒАН ҚАРСЫ ВАКЦИНА

Ресейлік биоинформатик, Сколтех ғылым және технология институтының вице-президенті Михаил Гельфанд Азаттықтың Орыс қызметіне (Радио Свобода) берген сұхбатында коронавирустың жаңа мутациясы бір кездері Ресейде де пайда болғанын айтады.

Михаил Гельфанд.
Михаил Гельфанд.

– Вирус тудыратын бұл мутация вирустың өзіне жақсы, ал бізге жақсы емес. Бұл мутациялар вирустың таралуын шынымен жылдамдатады, R коэффициентін (бір науқастың орта есеппен басқа адамдарға вирус жұқтыру коэффициенті) арттырады. Осы тұрғыдан алғанда мутация аса жақсы емес. Екінші жағынан, генде мутация болады, ол вирустың дертке ұшыратуы жағынан алғанда маңызды. Бұл тұрғыда дұрысы ол әлсіреген, яғни, ол азырақ әсер етеді деп үміттенуге болады. Эволюция жағынан бұл түсінікті, себебі, қазір жұғып жатқан вирустың өзіне көп адамға таралғаны жақсы, бірақ одан адамның ауыр дертке шалдығуы шарт емес. Бірақ мұның бәрі алдын ала долбар ғана. Қазір Ұлыбританияда қабылданып жатқан шаралар дұрыс, дегенмен олар ең алдымен сақтық ретінде жасалып жатыр. Бұл ақылға қонымды, себебі вирустың таралғанын күтіп отырудың қажеті жоқ. Керісінше, егер ол жұқпалы деген қауіп болса, оның таралуын барынша ерте баяулату керек, – дейді Михаил Гельфанд.

– Бірақ егер бұл вирустың айқын эволюциялық басымдықтары болса, онда ол бір шықса бітті, қанша жерден карантин енгізсе де қатты таралып кетеді. Сірә, бұл үдерісті толық шектей алмаймыз, тек оқшаулай алатын сияқтымыз ғой?

– Бұл белгілі бір деңгейде дұрыс. Бірақ қызығы, бұл вирустың жаңа мутациялары көп. Ол өзі тектес вирустан кәдімгідей бөлек, демек, ол басқа бір жақта ұзақ уақыт эволюциядан өткен. Ендігі сұрақ – эволюциядан қайда өтті? Сірә, ақылға сиятын болжамның бірі – вирус иммунитеті әлсіз бір науқасқа жұғып, ұзақ ауыртып, соның ағзасында білінбей өзгерген болуы мүмкін. Бұдан соң вирус сыртқа тараған. Сондықтан, біз оның аралық дамуын көре алмаймыз. Осы тұсы жұмбақ.

– Оның кейбір мутациялары бұған дейін күзен фермасында байқалды емес пе?

– Бұл мутациялар жекелей бір-бірінен бөлек бірнеше рет көбеюі мүмкін. Вирустың көп адамға көп уақыттан бері таралып кеткені сонша, оның алуан түрі пайда болды. Әйткенмен ол өзіне ұқсас вирустан өзгеше.

– Борис Джонсон жария еткен 70 пайыз деген көрсеткіш шындыққа қаншалықты жақын? Әлде бұл әуелгі долбар ғана ма?

– Бұл алғашқы болжам ғана. Бұдан бөлек, мамандардың болжамын олардың журналистерге немесе премьер-министрге берген түсіндірмесі емес, зерттеу нәтижесіне қарап бағалау керек. Себебі екеуі де сандарды орағытып өтуі мүмкін. Бірақ болжам рас болуы да кәдік. Ол мен айтқандай R коэффициенті ұлғайып келеді деген сөз. Қазір Ұлыбританияда ол 0,3-тен 0,9-ға дейінгі аралықта. Оның ұлғаюы вирусқа ғана емес, эпидемиологиялық іс-шараларға да байланысты. Бірақ келтірілген сан рас болса, эпидемиологиялық шаралар қатаң болуы тиіс.

Коронавирус пандемиясы кезінде Лондон метросында көлікте отырған адамдар. Ұлыбритания, 13 мамыр 2020 жыл.
Коронавирус пандемиясы кезінде Лондон метросында көлікте отырған адамдар. Ұлыбритания, 13 мамыр 2020 жыл.

– Бірнеше ай бұрын сізбен мутация туралы сөйлескенімізде жылына 20 шақты елеулі мутация болатынын айтқан едіңіз.

– Ол мутацияның саны емес, мутация пайда болатын жылдамдық. Ал олардың функционалдығы мен маңыздығы биологияға байланысты. Айтарлықтай әсері бар мутация осы уақытқа дейін екі-үш рет шықты. Әйтпесе, вирустың мутацияға ұшырайтыны рас. Вирустың бір ғана генеалогиялық тізбегін бақылайтын болсақ, жылына оның 20 шақты мутациясы болатынын байқаймыз, яғни, шамамен әр үшінші науқаста мутация болады.

– Мутацияның бәрі кездейсоқ бола ма? Әлде вирус үшін филогенетикалық маңызы бар мутациялар біртіндеп жинала ма, яғни, ұзақ уақыт ешнәрсе болмай жүреді де, бір кезде әртүрлі мутацияны біріктіретін жаңа түрі пайда бола сала ма?

– Енді дәл ондай емес. Мутациялар кездейсоқ жүреді және уақыты аздап бірқалыпты болады. Біз вирусты өте мұқият бақылап отырғандықтан, іс жүзінде барлық аралық сатыларын көреміз. Бұл вирустардың генеалогиялық діңі өте тығыз. Бұл штамда нұсқалары көп болғандықтан аралық тізбегін көре алмаймыз. Бірақ бұл олар әлдебір себептермен кенеттен тез пайда болды деген сөз емес. Шамасы, біз ол нұсқаларды көрмей қалған болуымыз мүмкін. Бұған дейін айтқанымдай, мұның барлығы бір ғана науқастың ағзасында бірнеше ай жүрген болуы ықтимал. Бізге оның өзі тектес түрінен өзгешелейтін жаңа 11 нұсқасы белгілі.

– Демек, жарты жыл ғой?

– Ол бір науқастың ағзасында бірнеше ай жүрген болуы мүмкін. Ондай да болады. Оған мысал келтірейін. Иммунитеті әлсіз бір науқасты зерттеп, бақылаған. Оның ағзасында мутациялар түзілу уақытын бақылап отырған. Егер оны бақыламағанда, ол үйінде жай ғана ауырып жата беретін еді де, аралық дамуын білмейтін едік. Қазіргідей қайдан шыққаны жұмбақ болып қалар еді.

– Вирустың бұл түрі туралы белгілі жайттарға қарағанда, әзірге алаңдауға ерте сияқты. Себебі оның вакцина әсер ете алмайтындай аса қатты өзгермегені көрініп тұр. Бірақ вирустың бұл түрі шыққан екен, демек, басқа түрі де шығады. Бұл вакцина егуге қаншалықты әсер етеді?

– Нақты мына түрін алсақ, ол жағдайды аса өзгерте қоймауы мүмкін. Мәселе иммунитеттің бір ғана адамда емес, көбінде қалыптасатынында. Айталық, ол аздап әлсіздеу болуы мүмкін, себебі барлық антидене мен оны өндіретін барлық жасуша бірдей жұмыс істей қоймайды. Жалпы алғанда, бұл вирусқа қарсы иммунитет аздап әлсіз болуы мүмкін, бірақ ол өтіп кететіндей әлсіз емес. Бұл ешқандай иммунитет әсер етпейтін мүлдем жаңа вирус емес.

Вирустың кең таралатын мүлде жаңа нұсқасы пайда болса, оның геномына қарап РНК-вакциналарын жасау технологиясы арқылы вакцинаның жаңа түрін тез арада шығара аламыз ба?

– Иә, шығара аламыз. РНК-вакциналарын, пептидті вакциналарды өте тез арада өзгертуге болады. Бірақ вирустың векторына негізделген вакциналар (Ресейдің "Спутник" вакцинасы мен оксфордтық вакцина) бір рет қана қолданылады. Бұл жерде мәселе вируста емес, оның векторында. Сізде вирусқа, оның ішінде вектордың өзіне де қарсы антидене пайда болады да, екінші рет екпе салудың әсері болмайды. Осы тұрғыда олар бір реттік, оларды вирустың жаңа нұсқасына бейімдеу мүмкін емес сияқты.

Демек, жаңа векторлық вакцина жасау керек болады, бірақ оны бұған дейінгі вирусқа қарсы екпе салынған адамға екінші рет егуге болмайды ғой?

– Егуге болатын шығар, бірақ пайда болмайды. Алайда біз шын мәнінде вакциналардың бір-бірімен қалай әрекетке түсетінін білмейміз. Адамға белгілі бір уақыт аралығында түрлі вакцина салудың қаншалықты дұрыс екенін білмейміз. Мұндай клиникалық сынақ жасалған емес. Бұл сұраққа тек долбармен жауап беруге болады.

– Қуантарлық хабар емес екен.

– Бірақ басқаша болуы да әбден мүмкін. Дабыра жасауға ерте. Әрине, бақылау керек. Ол жерде қашанда саяси мәселе бар. Себебі бір де бір демократиялық мемлекет қоғамды үрейлендірмей, қатаң эпидемиологиялық шаралар жасай алмайды. Өйткені "Әлі ешнәрсе болған жоқ қой, неге әбігерге түсіп жатырсыз?" дейді ғой. Бірақ әлі ешнәрсе болмай тұрып ертерек қамданған жақсы, ал болары болып қойғанда кеш қаласыз.

АЛҒАШҚЫ САҚТЫҚ ШАРАЛАРЫНЫҢ ӘСЕРІ

Әзірге Ұлыбритания мен басқа елдер билігі алдын алу мақсатында әрекет етіп жатқанға ұқсайды. Іс жүзінде бұл көп жайсыздық тудырады. 21 желтоқсанда ғана Ұлыбритания әуежайларында 200-ден астам рейс тоқтатылып, көптеген адам еріксіз бөгелуге мәжбүр болды.

Аралды Еуропа құрлығымен жалғайтын басты транспорт торабы – Дувр порты маңында жүк көліктерінің ұзын-сонар кезегі пайда болды.

Қауіпсіздік қызметкерлері Дувр портына кіреберісте автокөлікті тексеріп жатыр. Оң жақтағы электрон таблода Франциямен шекараның жабылғаны жайлы хабарландыру жазылған. Ұлыбритания, 21 желтоқсан 2020 жыл.
Қауіпсіздік қызметкерлері Дувр портына кіреберісте автокөлікті тексеріп жатыр. Оң жақтағы электрон таблода Франциямен шекараның жабылғаны жайлы хабарландыру жазылған. Ұлыбритания, 21 желтоқсан 2020 жыл.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, Ұлыбританиядағы ең ірі супермаркет желілерінің бірі Sainsbury’s клиенттеріне таяу күндері Еуропадан тасымалданатын бірқатар азық-түлік тауарларын жеткізу бөгелуі мүмкін екенін ескертті.

21 желтоқсанда Лондон биржасында фунт стерлингтің долларға шаққандағы бағамы 2 пайыздан артық арзандады. Фунт стерлинг бағамы биыл наурызда пандемия басталғалы бері бір күнде осыншалықты төмендеп көрмеген.

Азаттықтың Орыс қызметінің журналистері Сергей Добрынин мен Ярослав Шимовтың материалынан аударылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG