Accessibility links

Індетпен күреске 13 млрд доллар жұмсаған билік екінші толқынды карантинсіз тоқтата ала ма?


Коронавирус пандемиясы кезіндегі жедел жәрдем қызметі. Алматы, 2 қараша 2020 жыл.
Коронавирус пандемиясы кезіндегі жедел жәрдем қызметі. Алматы, 2 қараша 2020 жыл.

Дәрінің болмауы, ауруханада төсек-орын мен медқызметкердің жетпеуі, тыныс алу аппаратының тапшылығы мен дәрігерлік көмектің кеш берілуі. Денсаулық сақтау министрлігінің пандемия кезінде және оған дейін жіберген "жүйелі" қателіктерін Ақорда да мойындап отыр. Ведомствоның жаңа басшылығы бұл жолы денсаулық сақтау саласы пандемияның екінші толқынына дайын деп есептейді.

Қазақстан билігі пандемия жаңа басталған наурыз айында елде коронавирус жұққан адамдар саны 3000-3500 мыңға жетеді деп болжаған. Жеті айдан кейінгі статистика бұл болжамға мүлде сәйкес келмейді: коронавирус жұққан науқастар саны 150 мыңнан асып, олардың 40 мыңына "Covid белгісі бар пневмония" диагнозы қойылған; жаңа вирустан 2259 адам қайтыс болған. Бұдан бөлек коронавирус жұқтырғаны расталған, бірақ "ілеспе аурудан қайтыс болды" деген жүздеген адамның өлімі бар.

Қазан айының соңында қалыптасқан жағдай бойынша, билік халықты коронавирус пандемиясының екінші толқыны мен енгізілуі мүмкін карантинге дайындап жатыр. Билік өкілдері бұрын-cоңды болмаған шаралар қолға алынып, коронавирусқа қарсы күреске 6 трлн теңге (шамамен 13 млрд доллар) бөлінгенін айтады.

Билік пандемияның бірінші толқыны кезінде қандай қателік жіберді? Олар сол кездегі қателігін қазір қайталауы мүмкін бе? Азаттық бұл сұрақтарға қатысты сала сарапшылары мен жақынынан айырылып, пандемиядан зардап шеккен адамдардың пікірін білді.

"МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ ТУРАЛЫ ЖИІ АЙТАДЫ, БІРАҚ БІЗГЕ КӨМЕК ЖЕТКЕН ЖОҚ"

Алматы тұрғыны Эрик Сайлаубайдың 57 жастағы әкесі 6 шілдеде – елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күнімен тұспа-тұс келген астана күніндегі отшашу кезінде коронавирустан көз жұмған. Сайлаубай дәрігерлерге мін тақпайды. Ол мемлекеттің әкесін жерлеуге берген жәрдемақысын да қанағат тұтады.

– Ауру белгісі бар адамды немесе науқасты міндетті түрде компьютерлік томографиядан (КТ) өткізу керек. Әкемді рентгенге түсірдік, дәрігерлер өкпесі "таза" деді. Компьютерлік томография кезінде ғана өкпенің жүз пайызы зақымданғаны анықталды. Пандемияның бірінші толқыны қатты болды. Әпкем де ауырды. Өкпесінің 65 пайызы қабынған екен. Жедел-жәрдем шақырдық, бірақ олар ауруханаға апарған жоқ. "Үйде емделіңдер" деді. Неге олай жасағандарын әлі күнге түсінбеймін. "Өкпенің жартысы зақымданған жағдайда науқасты стационарда емдеген дұрыс" деген сияқты ауруханаға жатқызу критерийлері болуы керек, – дейді басынан өткен жағдайды еске алған Эрик.

Қорғаныс киімін киген медқызметкер коронавирус тестіне сынама алуда. Алматы, 13 шілде 2020 жыл.
Қорғаныс киімін киген медқызметкер коронавирус тестіне сынама алуда. Алматы, 13 шілде 2020 жыл.

Қызылорда облысы Арал қаласында тұратын Бағдат Серікқызы да пандемия кезінде әкесінен айырылған.

Бәріне бірдей дәрілер тізімін берді. Әркімнің диагнозы әртүрлі ғой.

– Әкеме дәрі-дәрмек пен оттегі аппаратын таба алмадық. Осының бәрі үкіметтен бөлінді деп айтты, бірақ біз ештеңе көрген жоқпыз. Алматы мен Астанадан (Нұр-Сұлтан қаласының бұрынғы атауы – ред.) қымбатқа алдырдық. Дәрігерлер тарапынан ешқандай қолдау болмады. Бәріне бірдей дәрілер тізімін берді. Әркімнің диагнозы әртүрлі ғой. Кей дәрі тиімсіз болуы мүмкін. Мұны ескерген жоқ, – дейді Серікқызы.

Бағдаттың әкесі 17 шілдеде жергілікті ауруханада бір апта жатқаннан кейін көз жұмған.

– Әкем ауруханаға өз аяғымен барды. Ауруханада күтімі нашар болды: ешкім киімін ауыстырмады, әкем жатқан орнында дәрет сындыруға мәжбүр болды. Осының бәрін дәрігерлерге айттым. Қолымызға әкеміз "пневмониядан қайтыс болды" деген анықтама берді. Әкеммен бірге анам да ауырып жүрді. Ауруханаға жатпаған анам тірі қалды. Пандемияға қарсы күрес пен дәрі-дәрмекпен қамтуға қыруар қаржы бөлінді дегенді жиі айтады, бірақ бізге ол көмек жеткен жоқ, – дейді Бағдат Серікқызы.

КОРОНАВИРУСПЕН АУЫРЫП, МҮГЕДЕК БОП ҚАЛҒАН

Нұр-Сұлтан тұрғыны Арай Ордабаева жазда коронавирусқа шалдыққанға дейін көше көрмелері мен әлеуметтік жобалар ұйымдастырумен айналысқан. Ол үш жыл бұрын астанада жергілікті "Арбат" (қаланың ескі орталығында көрмелерге арналған жаяу жүргіншілер жолы) ашу бастамасын көтерген. Арай COVID-19 вирусы бойынша уақытылы медициналық көмек ала алмай, миастения дертіне шалдыққан. Осының кесірінен бір кездері қоғамдық істермен айналысқан белсенді бірнеше айдан бері мүгедек арбасында отыр.

Арай денсаулық жағдайы мен медициналық қызмет алуда кездескен қиындықтары туралы Facebook парақшасына жазып тұрады. Ол өз аяғымен жүре алмай қалуын астана билігінен және өзі қаралған медициналық мекемелердің басшылығынан көреді.

Денсаулық сақтау жүйесі мен мені мүгедек қылған басшылар екінші толқынға дайын дегенге сенбеймін.

– Денсаулық сақтау жүйесі мен мені мүгедек қылған басшылар екінші толқынға дайын дегенге сенбеймін. Олар бюджетке салық төлеуші ретінде маған қарапайым қызметтің өзін ұсына алмады. Ешқашан өзіме ерекше қарауды талап еткен емеспін, қазір де сұрамаймын. Бар болғаны, заң бойынша берілуі тиіс көмекті сұрадым, ал олар мені соңына дейін назарға ілмеді, – дейді Арай Ордабаева.

Отандық денсаулық сақтау жүйесінің "бүкіл кемшілігіне" куә болған Арай вирус белгісімен келген науқастарға бірінші кезекте психологиялық көмек көрсету керегін айтады.

– Пандемия жарияланған кезден бастап бәріміз стресс жағдайында жүрміз. Covid вирусының бірінші белгілері пайда болып, қызуы көтерілгенде біреулер "ештеңе етпейді, жазылып кетемін" деп, денсаулығына мән бермейді. Кей адам керісінше, кішкене ауру белгісін байқаса, "өлім аузында тұрғандай" сезімде болуы мүмкін. Осы жерде психологтардың көмегі керек. Бұл бірінші барғанда-ақ, қай науқасқа шынайы медициналық көмек керегін анықтауға көмектеседі, – дейді ол.

Ордабаеваның пікірінше, тест нәтижелерінің дұрыстығына да көңіл бөлу керек.

– Төртінші тамызда бір-екі сағат ішінде екі рет ПТР тестін тапсырдым. Бір тест нәтижесі ағзамда вирус барын көрсетсе, екіншісі таза шықты.

Арай медициналық қызметкерлерді қажет құралдармен қамтамасыз ету мәселесіне қатысты да алаңдаушылық білдіреді.

– Дәрігерлердің, медбикелердің және санитарлардың қандай қиын жағдайда жұмыс істегеніне куә болдым. Олар үнемі қорғаныш костюмдерімен жүріп, үстіне су құятын. Дәрігерлерде тіпті тегін су да болған жоқ! Олар ауруханадан шыққан бойда шаршағанын басу үшін ұйықтауды емес, шөлі қанғанша су ішуді армандайтындарын айтты, – дейді ол.

Ордабаева пандемияның екінші толқыны қарсаңында кәсіби медициналық көмекке уақтылы қол жеткізе алмаған қазақстандықтардың бұл мәселе туралы жақ ашпайтынына қынжылады.

– Мысалы, мен бұл мәселелер туралы ашық айтамын. Қайда шағым беріп, әлеуметтік желіде кімді белгілеу керегін жақсы білемін. Бірақ үндемей үйінде көз жұмып жатқан адамдар қаншама?! – дейді Арай Ордабаева.

Аза тұту күні дәрігерлерің Covid ауруынан қайтыс болғандарды үнсіздікпен еске алу рәсімі. Алматы, 13 шілде 2020 жыл.
Аза тұту күні дәрігерлерің Covid ауруынан қайтыс болғандарды үнсіздікпен еске алу рәсімі. Алматы, 13 шілде 2020 жыл.

ДӘРІГЕРЛЕРГЕ КӨМЕКТЕСКІҢ КЕЛСЕ, АЙЫППҰЛ ТӨЛЕ!

Алматыдағы медициналық орталық басшысы, дәрігер Талант Омаров пандемияның бірінші толқыны кезінде коронавирус пен пневмонияға шалдыққан науқастарға тегін көмек көрсетуді қолға алған.

Бірақ жергілікті санитарлық-эпидемиологиялық қызмет "мекеме талаптарға сай келмейді" деп тауып, медициналық орталыққа айыппұл салған.

Омаровтың пікірінше, бірінші толқын кезінде халыққа бірінші кезекте кәсіби медициналық көмек пен әр адамға бейімделген жеке емдеу әдісі жетпеген.

– Жалпыға ортақ қаулымен емдеу дұрыс болмады. Өйткені әркімнің денсаулық жағдайын ауырлататын әртүрлі созылмалы ауруы бар. Мемлекет бізді бастамамыз үшін жазалаудың орнына қолдауы керек еді. Вирус ауа-тамшы жолымен таралатындықтан, қала сыртындағы далалық емханаларда емдеуге кеңес берер едім. Мысалы, әскерилерде осындай тәжірибе бар, – дейді Омаров.

Ол сондай-ақ емханалардағы учаскелік дәрігерлердің жұмысын күшейтіп, халықты тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету керегін айтады.

"ҚОҒАММЕН БАЙЛАНЫС БОЛМАДЫ, МӘСЕЛЕГЕ АТҮСТІ ҚАРАДЫ"

Дәрігер және "Аман-Саулық" қоғамдық ұйымының басшысы Бақыт Түменова денсаулық сақтау министрлігі вирус енді тарай бастаған кезде-ақ жағдайға салмақты қарамай және пандемияға дайындалмай, жүйелі қателіктер жіберіп алды деп есептейді.

Денсаулық сақтау министрлігі қатардағы азаматтар мен қоғамның инфекция таратудағы рөлін дұрыс бағаламады.

– Олар көп дегенде 3,5 мың науқас болады деп болжады. Дәрі-дәрмекпен және өкпені жасанды желдету аппаратымен қамтамасыз еткен жоқ. Денсаулық сақтау министрлігі қатардағы азаматтар мен қоғамның инфекция таратудағы рөлін дұрыс бағаламады. Халық арасында аурудың алдын-алу үшін ақпараттық жұмыс жүргізілген жоқ. Қоғаммен байланыс болмады. Мәселеге атүсті қарады, – дейді Түменова. Ол денсаулық сақтау министрлігінің қазіргі басшылығы пандемияның бірінші толқыны кезінде жіберілген қателіктерден сабақ алған болуы керек деп топшылайды.

Түменованың пікірінше, ведомство науқастар саны азайған кейінгі айларда созылмалы аурумен есепте тұрған азаматтарды пандемияның екінші толқынына дейін тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді қолға алуы керек еді.

– Бұл жерде кепілдендірілген дәрі-дәрмек алатын адамдарды меңзеп отырмын. Оларға ұзақ уақытқа жететін препараттар беру керек еді. Кемі үш айға не одан да көп уақытқа. Кейін ешқандай мобильді топ оларға дәрі-дәрмек жеткізе алмайды. Сол кезде адамдар емханаларға ағылады. Оларды үйден артық шығармаған дұрыс. Өйткені олар тәуекел тобына кіреді, – дейді Түменова.

Дәрігер карантин ережесін бұзған адамдарға қарап алаңдайтынын жасырмайды. Өйткені коронавирус жұғып, көз жұмған дәрігерлерден бөлек, елдегі медициналық қызметкерлер тапшылығы мәселесі де шешілмеген.

16 қазанда өткен брифингте республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығының бас директоры Қанат Төсекбаев елдегі медициналық кадрлар тапшылығы 12,7 мың адамды құрайтынын айтты. Кейінгі үш жылда 3,5 мың медқызметкер елден кеткен . Пандемияның бірінші толқыны кезінде науқастарды емдеп жүрген 13 мың дәрігерге инфекция жұғып, 182 медициналық қызметкер көз жұмған.

Төтенше жағдай кезінде блок-бекетте елді-мекенге кіргендердің аты-жөнін жазып отырған медқызметкер. Түркістан облысы, 29 сәуір 2020 жыл.
Төтенше жағдай кезінде блок-бекетте елді-мекенге кіргендердің аты-жөнін жазып отырған медқызметкер. Түркістан облысы, 29 сәуір 2020 жыл.

21 қазанда денсаулық сақтау министрі инфекция жұққан дәрігерлерге беріліп келген екі миллион теңге көлеміндегі бір реттік төлемді алып тастап, медициналық қызметкерлерге "тосынсый" жасады.

Денсаулық сақтау саласындағы кеңесші Марат Мамаев аталған төлемді алып тастау дәрігерлердің елден кетуіне әсер етпейтінін айтып, өз ойын былай түсіндірді:

– Елімізде медициналық қызметкерлердің әлеуметтік мәртебесі мен жалақысына қатысты мәселелер созылмалы ауру сияқты бірнеше жылдан бері жалғасып келеді. Мемлекеттік төлемдерді алып тастау дәрігерлердің жаппай жұмыстан кетуіне әкелмейді. Бірақ олардың эмоционалды, экономикалық, моральды-психологиялық жағдайына әсер етеді, – дейді кеңесші.

Мамаевтың айтуынша, осындай шаралардан кейін қазақстандық дәрігерлер отандық денсаулық сақтау саласы туралы қорытынды жасайды, ал биліктің кезекті "амалы" медициналық қызметкерлерге еш пайда әкелмейді. Мамаев әріптестерімен бірге салалық мемлекеттік органдарға медициналық қызметкерлердің мәртебесін көтеруге байланысты ұсыныстар дайындап жатқанын айтты.

"ДҮРБЕЛЕҢ ЖОҚ, ТЕСТІЛЕР АРЗАНДАҒАН"

Қазір дәріханаларда пандемияның басында байқалған дүрбелең жоқ. Коронавирусқа тест тапсыру да қиын емес.

Мысалы, астанада ПТР тестін денсаулық сақтау министрлігінің жанындағы ұлттық сараптау орталығының бөлімшесі мен "Олимп" орталығында тапсыруға болады. Ұлттық сараптау орталығында 21 қазанға дейін 11 500 теңге тұрған тестің бағасы қазір 8 025 теңгеге түскен. Ал "Олимп" дәл осы тестіні сынама алу қызметін қоса есептегенде (540 теңге) 9 мың теңгеге жасайды. Тест тапсыру үшін міндетті түрде аталған ұйымдардың сайтына алдын-ала өтініш қалдыру керек. Тест нәтижесі кемі бір тәулік ішінде дайын болады. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, 20 қазанға дейін 507 мың ПТР тестін сатып алынған.

Пандемияның бірінші толқыны кезінде жетпегеннің бәрі бар.

– Вирусқа қарсы және дене қызуын түсіретін дәрілердің барлық түрі, маскалар мен антисептиктер келді. Пандемияның бірінші толқыны кезінде жетпегеннің бәрі бар,– деді "Аптека столицы" ЖШС өкілі Мирас Ақмағамбетов.

Оның Нұр-Сұлтан қаласындағы Жеңіс көшесінде орналасқан дәріханасында 50-300 теңге аралығындағы бағада медициналық масканың үш түрі сатылады. Биыл наурызда басталған бірінші карантинге дейін бір реттік маскаларды екі есе арзан бағаға алуға болатын. Ал ең кішкентай әрі арзан антисептиктің қазіргі бағасы – 420 теңге.

– Бұрынғыдай дүрбелең болмайды. Халық осыған дейінгі карантин кезінде дәрі-дәрмек жинап алған немесе адамдардың көбі ауырып-жазылған болуы керек. Бастысы, дәрі-дәрмек жеткізушілер тауарды уақтылы әкелсе болды. Біз қолда бар дүниені ғана сатамыз, – дейді Айнакөл көшесіндегі "Жәния" дәріханасының фармацевті Алмагүл Мозданова.

МИНИСТР ЦОЙ: "ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ЖҮЙЕСІ ЖАҢА ЖАҒДАЙҒА "БЕЙІМДЕЛДІ"

Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Алексей Цой 14 қазанда орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте пандемияның екінші толқынына дайындық туралы пікірінде денсаулық сақтау жүйесінің жаңа жағдайға "бейімделгенін" мәлімдеді. Ведомство осыған дейінгі тәжірибесін "бағалап, саралап, талдап шыққанын" айтты.

– Барлық өңірде ауруханаларда қосымша төсек орындары дайындалып жатқанын көріп отырсыздар. Дәрігерлердің дайындығына, медициналық ұйымдар қызметін бағалауға, медициналық мекемелердегі лас және таза зоналарды қайта құруға ерекше мән беріп отырмыз. Алғашқы медициналық-санитарлық көмекке де көңіл бөлініп отыр. Бұл сала аурудың бастапқы кезеңіндегі жағдайы жеңіл науқастарды қабылдап, үйде емдеу шарасын ұйымдастыруы керек. Бұған қажет дәрі-дәрмек қарастырылған, – деді Цой.

Министрдің айтуынша, ауруханадағы орын, жеке қорғаныш заттары, оттегі концентраттары мен өкпені жасанды желдету аппараттарының саны артып, жедел-жәрдем қызметі күшейген.

– Яғни, осыған дейін тапшы болған көп заттың орнын толтырдық. Құрылыс та тез шешілетін мәселе емес. Қазір жаңа инфекциялық ауруханалар салынып жатыр, олардың құрылысы аяқталуға жақын. Қазақстанның қоры жақсы. Көп мемлекет осы жолмен жүріп келеді. Барлық ел осыған дейінгі кезеңнен сабақ алып, әлеуетін арттырып, денсаулық сақтау жүйесін нығайта бастады, – дейді Алексей Цой.

20 қазанда үкіметте есеп берген министр қоймада "дәрі-дәрмектің екі айлық қоры" жасақталғанын, 8,2 млрд теңгеге айына 60 мың стационарлық науқасты емдеуге мүмкіндік беретін COVID-19 вирусына қарсы жоғары сұранысқа ие және сирек кездесетін 44 түрлі дәрі сатып алынғанын хабарлады.

ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІНІҢ УӘДЕСІ УАҚЫТЫНАН КЕШ ОРЫНДАЛАДЫ

Тамыздың ортасында Цой Facebook парақшасында "қазанға дейін" елде 13 модульдік инфекциялық стационар салу жоспарланып отырғанын жазған.

Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.
Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.

Министр елдегі дәріханаларға 10 млн астам дәрілік препарат жеткізілгенін, медициналық ұйымдар бір айлық дәрі-дәрмек қорымен қамтылғанын, 11 өңірлік тұрақтылық қоры құрылғанын айтқан. Одан бөлек, 2578 өкпені жасанды желдеті аппараты алынып, нәтижесінде 23890 төсек орны оттегімен жабдықталады деп күтіліп отыр.

"Қазанға дейін барлық аудандық аурухананы 100% цифрлық рентген-аппаратымен қамтамасыз ету жоспарланған", – деді министр.

Бірақ 26 қазанда COVID-19 вирусының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында премьер-министр Асқар Мамин рентген-аппараттар мен жылжымалы медициналық кешендерді жеткізу процесін "жылдамдатуды" тапсырды.

27 қазанда Түркістан облысының коммуникация қызметі 13 модульдік инфекциялық стационардың салынуы әлі де "жоспарда" екенін мәлімдеді.

Қоғам өкілдері мен сарапшыларды биліктің кейде логикаға сай әрекет етпейтіні алаңдатып отыр. Мысалы, ел аумағында халық көп қатысатын жиындарға, тіпті ашық аспан астында өтетін спорттық шараларға тыйым салынған, бірақ мектептер мен театрлар жұмысына рұқсат берілген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG