Accessibility links

Алкоголь саудасына қарсы имамдар жорығына көзқарас әртүрлі


Қадамжай ауданында дүкендерді аралап, алкоголь өнімдерін сатпауға шақырып жүрген имамдар. Баткен облысы, Қырғызстан. (Turmush.kg сайтындағы сурет.)
Қадамжай ауданында дүкендерді аралап, алкоголь өнімдерін сатпауға шақырып жүрген имамдар. Баткен облысы, Қырғызстан. (Turmush.kg сайтындағы сурет.)

Қырғызстан мұсылмандарының бас мүфтиі "дүкендерді алкоголь саудасынан бас тартуға мәжбүрлеуді" құптамайтынын мәлімдеді. Кей ауыл имамдарының дүкен аралап, сатушыларды спирттік ішімдік саудасынан бас тартуға шақыруы қырғыз қоғамында қызу пікірталас тудырған.

Қырғызстан мұсылмандарының діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Мақсат қажы Токтомушов "дүкен аралап, алкоголь өнімдерін сатудан бас тартуға шақыру – дұрыс еместігін" мәлімдеді деп хабарлады Азаттықтың Қырғыз қызметі.

- Алкогольдің зияны бұрыннан белгілі. Ол туралы бүкіл жұрт хабардар. Бірақ, исламның шынайы мақсатына мәжбүрлеп тыйым салу немесе бөтелкелерді шағып, жою арқылы емес, алкогольдің зиян екенін сана-сезім, жүрегімен түйсініп, қабылдағанда жетуге болады, - деген ол.

Қырғызстан мұсылмандарының бас мүфтиі дүкен аралап, сатушыларды алкоголь өнімдерін сатуды доғаруға шақырған имамдардың жауапкершілігі туралы мәселе қаралуы тиіс деген.

АРАҚ-ШАРАП САУДАСЫНА ҚАРСЫ ЖОРЫҚ

Бұған дейін Қырғызстанның оңтүстігінде ауыл имамдардың дүкен аралап, алкоголь өнімдерін сатудан бас тартуға шақыруы қоғамда қызу пікірталас тудырған еді. Баткен облысы Қадамжай ауданындағы Марказ және Майдан ауылдық әкімдіктерінде (айыл окумоту) оннан астам имам спирттік өнімдер сататын дүкендерді аралап, сатушыларға адамды масайтатын ішімдікке шариғат тыйым салатынын, көптеген қайғылы оқиғалар арақ-шарапты пайдалану кесірінен болатынын түсіндірген.

Алкоголь саудасынан бас тартуға шақырып дүкен аралап жүрген имамдар.
Алкоголь саудасынан бас тартуға шақырып дүкен аралап жүрген имамдар.

Марказ ауылының имамы Ибрахим Айтқұловтың Азаттыққа айтуынша, дін өкілдері сауда орындарын спирттік ішімдертер сатудан бас тартуға шақырған.

- Питомник, Сары-Алтын ауылдарынан бастап, Көк-Тал ауылына дейін бардық. Дүкендер бұдан былай алкогольді сатпауға уәде берді, - деген ол.

Айтқұловтың сөзінше, имамдар бұл науқанды әлі де жалғастырмақ. Түсіндіру жұмыстарынан соң дүкендердің көбі спирттік өнімдерді сатуды тоқтатты дейді ол. Баткен облыстық қазыяты Азаттыққа "молдалар тек өз міндетіне енетін түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатқанын" айтты. Қадамжай ауданы басшысы бұған қатысты толық ақпаратты білмейтіндігін, бірақ "таң қалатындай ештеңе жоғын" айтады.

- Имам тек дін қызметкері ғана емес, ауыл тұрғыны да. "Сен имамсың, заңға араласпа" деп оны шетке қағып тастай алмаймыз. Олар да қоғам өкілі. Олар дүкендерді жабуға мәжбүрлеп жатқан жоқ, түнгі уақытта және жастарға алкоголь өнімдерін сатпауды сұрап, тәртіпке шақырып жүр. Спирттік өнімдер сатыла берсін, бірақ бұл жерде әңгіме тәртіп жайлы болып отыр, - дейді аудан әкімі Жаныбек Исаков.

ҚОҒАМ ПІКІРІ

Молдалардың спирттік ішімдікке қарсы жорығы туралы ақпарат БАҚ пен әлеуметтік желілерге жарияланғаннан кейін қоғамда пікірталас өрбіді. Біреулер бұл бастаманы "бизнестің заңды түрімен айналысатын кәсіпкердің құқығын шектеу" деп қабылдаса, өзгелері "маскүнемдіктің алдын алу үшін жүргізілген мәжбүрлі шара" деп бағалады. Енді бір топ "Неге молдалар ішімдік өндірушілерді емес, сатушыларды дінге мойынсұнуға шақырады?" деген сұрақ қояды.

Дін тақырыбына жазатын журналист Эмил Момунов имамдардың бастамасын "қолдауға тұрарлық" деп құптайды.

- Қылмыстың көбі спирттік ішімдік кесірінен жасалады. Мысалы, соңғы рет Қарасу ауылының 80 жастағы тұрғыны араққа масайып, әйелін бауыздап тастаған. Дін қызметкерлеріне мұндай оқиғаларды үнсіз бақылауға тіпті жай адам ретінде ар-ұяты жібермеген шығар. "Кәсіпкер құқығы" дегенді желеу етіп, әлгіндей жағдайларға көз жұмып отыруымыз керек пе сонда? Маскүнемдікті азайтуға билік еш шара қабылдамаған соң іске молдалар кірісіп отыр, - дейді ол.

Саясаттанушы Даниел Қадырбеков.
Саясаттанушы Даниел Қадырбеков.

​Имамдардың дүкен аралап, алкогольді өнім сатпауға шақыруын "қасиетті инквизиция" деп атап жатқандар да бар. Саясаттанушы Даниел Қадырбеков молдалардың спирттік ішімдікке қарсы науқанын "мемлекет ісіне араласу" деп бағалайды.

Имамдар мемлекеттің қаншалықты берік екенін сынап көріп отыр: егер осы жолы ешкім үндемесе, басқа да талап көтереміз деген тұрғыда.

- Дін қызметкерлерінің азаматтардың кәсібіне араласуы, "рейд жасап", уағыз айтуы олардың мемлекет монополиясына бәсекелес екенін көрсетеді. Осылайша имамдар мемлекеттің қаншалықты берік екенін сынап көріп отыр: егер осы жолы ешкім үндемесе, басқа да талап көтереміз деген тұрғыда. Бәлкім, болашақта олар халифтер билігі кезіндегі тәрізді, салықты да өздері жинағысы келуі мүмкін ғой немесе соттардың міндетін қазылар атқарсын дейтін талап қоятын шығар. Бұның бәрінің салдары болады. Сондықтан мемлекет ондай дін қызметкерлеріне қатысты тиісті шара қабылдауы керек, - дейді саясаттанушы.

Бұған дейін Қырғызстанның кейбір ауылдарында алкоголь сатуға тыйым енгізіп, дүкен иелеріне ескерту жасалған еді. Өткен айдың соңында Ош облысындағы Жапалақ ауылында тұрғындар елдімекендегі барлық спирттік өнімдерді сатып алып, үш шағын жүк көлігімен ауылдың шетіне шығарып, бульдозермен таптап, жойған болатын.

Жапалақтағы арақ-шарапты жою туралы Азаттықтың қырғыз тіліндегі видеосюжеті:

XS
SM
MD
LG