РЕСЕЙ ТҮРМЕСІНЕН ТҮРКИЯҒА ҰШАҚПЕН ЖЕТКІЗДІ
Ресейде тыйым салынған Қырым татарлары Меджлисі төрағасының орынбасарлары Ильми Умеров пен Ахтем Чийгозге Ресей президенті Владимир Путин рақымшылық жасаған, бірақ ол туралы жарлығы құпия саналатындықтан мазмұны жарияланбайды деген болжам бар. Ал Ресей өздерін кінәсіз соттады деп білетін Межлис жетекшілері рақымшылық жасауды сұрап Путинге өтініш жазудан бас тартқаны мәлім.
25 қазанда таңертең Ахтем Чийгоз бен Ильми Умеровті екі бөлек көлікпен Симферополь әуежайына жеткізген. Ол жерге Чийгозды Симферополь тергеу абақтысынан, ал Умеровті 20 қазанда жедел жәрдем көлігі апарып жатқызған Бақшасарай аудандық ауруханасынан апарған.
- Ұшақ салонында амандасуға да мұршамызды келтірмеді, екеуміз Анкараға жеткенде бір-ақ құшақтастық, - деді 26 қазанда Түркия астанасында өткен баспасөз жиынында Ильми Умеров.
Ильми Умеров пен Ахтем Чийгоздің Анкарадағы баспасөз брифингі (26 қазан 2017 жыл)
Ахтем Чийгоздың сөзінше, ұшақта отырғанда екеуі қайда ұшып бара жатқандарын білмеген әрі түбекте Қырым татарларын қудалау күшейіп тұрған тұста мұны жақсылыққа жорымаған. Екеуін әуелі Анапаға жеткізіп, сосын түстен кейін ол жақтан үкімет ұшағы Анкараға ұшып шыққан.
Адвокаттарының айтуынша, Қырым татарлары Межлисі жетекшілерін Ресей түрмесінен босатуда Украина мен Түркия президенттері Петр Порошенко мен Режеп Ердоған шешуші роль атқарған. Қазан айында Ердоған Путинмен де, Порошенкомен де кездескен, сол кезде саяси келісімге қол жеткен тәрізді деген болжам айтылады. Мұны Украина президенті де емеурінмен білдірген. Порошенко Түркия президентімен оның Киевке сапары кезінде ғана емес, Нью-Йоркте өткен БҰҰ Бас Ассамблеясы отырысы аясында да келіссөздер жүргізілгенін айтып, Қырым татарлары батырларын босатуға күш салғаны үшін Ердоғанға жария түрде алғыс айтқан.
Анкарадағы баспасөз жиынында журналистер Межлис жетекшілерінен Ресей билігі екеуін түрмеден қандай шартпен босатқаны туралы бірнеше рет сұрады.
- Келіссөздердің жай-жапсары бізге белгісіз, егер Херсон облысы мен Қырым арасындағы шекараны кесіп өтуге әрекеттенсек, ары қарай не болатынын әлі онша білмейміз, бірақ мен міндетті түрде Қырымға оралуға тырысамын, - деп мәлімдеді Ильми Умеров.
Қырымда әкесі және бала-шағасымен қоштасуына Ресей билігі рұқсат етпей қойған Ахтем Чийгоз да бірер аптадан кейін үйіне оралу жоспары барын айтты.
Қырым татарлары Межлисі басшысы Рефат Чубаров Ресей билігі Чийгоз бен Умеровті Түркияға аттандыру арқылы оларды кері оралмайтындай етіп жолын жауып отырғанын жоққа шығаруға болмайды деген пікірде. "Бұл бостандық олардың түбекте тұруына тыйым салады" деп санайды ол. "Азат етілген Қырымға барлығымыз бірге оралғанға дейін" Умеров те, Чийгоз да әзірше Киевте тұрып, жұмыс істейді дейді Чубаров.
РАҚЫМШЫЛЫҚ ТУРАЛЫ ҰСЫНЫС
Ильми Умеровтің сөзінше, бірнеше апта бұрын оған Мәскеуден Қырымға барған Ресей федералдық қауіпсіздік қызметінің (ФСБ) екі өкілі жолығып, президент Владимир Путинге рақымшылық сұрап өтініш жазуды ұсынған.
"Мен үзілді-кесілді бас тарттым, сондықтан бұл тақырыпта әңгіме болған емес", - дейді Умеров.
Кремльдің мұндай ұсынысынан Ахтем Чийгоз да бас тартқан. Тергеу абақтысында отырған үш жылда оған да талай мәрте "қилы ұсыныстармен" жолыққан. "Әлгі ұсыныстарының пасық әрі жиіркеніштілігі соншалық... Қысқасы, босап шықсам болғаны деген оймен ондай келіссөздер жүргізуге мүлде ыңғай танытпай қойдым" дейді Қырым татарлары Межлисі төрағасының орынбасары.
Ресейдің бұқаралық ақпарат құралдары "Умеров пен Чийгозға Қырым мұсылмандары мүфтиі Эмирали Аблаевтың өтінішімен президент Путин рақымшылық жасады әрі Ресей басшысы бұл қадамға гуманизм принциптеріне сүйеніп барды" деп хабарлады. Қырым мүфтияты Аблаевтың мемлекет басшысына өтініш жасағанын ресейлік "Новая газета" басылымына растаған және "Умеров пен Чийгозды неліктен Түркияға жіберді?" деген сұраққа "екеуінің қалауы солай болған" деп жауап берген.
Түркияда Қырым татарларының үлкен диаспорасы (түрлі дерекке сәйкес, екі миллионнан бес миллион адамға дейін) тұрады, бірақ Кремль қожайыны Ресей аннексиялап алған Қырымда сотталған Ахтем Чийгоз бен Ильми Умеровті Түркияға осы себеппен ғана жөнелтпегені анық.
"БҰЛ - ДИПЛОМАТИЯЛЫҚ ЖЕҢІС"
Қырым татарларның ATR телеарнасы басшысы Ленур Ислямов "Түркия президентіне рахмет айтуға тиіспіз. Ердоғанға бүкіл әлем иліктіре алмай отырған адаммен Умеров пен Чийгозды беру жөнінде келісудің сәті түсті. Умеров пен Чийгоз нағыз тозақтан өтті. Екеуінің оралуы қарсылығымызды күшейте түседі. Екеуін неге Түркияға берді? Путин Ердоғанмен дос болғысы келеді. Ал біз – Украина, Кремль үшін "хунтамыз". Сондықтан, Путин осындай жолды таңдады" дейді.
"Крым.Реалии" сайтының жазуынша, құқық қорғаушылар Қырым татарларын босатуды Украина, Түркия және Ресей арасындағы келіссөздерде қол жеткен үлкен дипломатиялық жеңіске балайды. Ахтем Чийгоздың адвокаты Николай Полозов Ресей билігінің бұл шешімінің құқықтық ерекшеліктері жайлы былай дейді:
– Біз мұның тек саяси ерік-жігердің күшімен қабылданған шешім екенін түсінеміз. Ахтем Чийгоз бен Ильми Умеровке қатысты Ресей федерациясының әлдебір құқықтық шешімдер қабылдағанын растайтын бір де бір ресми актіні көрген жоқпыз. Мұндай шешімді түрлі деңгейдегі рақымшылық комиссияларының отырыстарынан кейін тек президент қана қабылдай алады. Бәлкім, рақымшылық жариялауды сұрап Қырым мүфтиі немесе Владимир Путин өз-өзіне өтініш жазған шығар... Ең маңыздысы - екеуі ешқандай міндеттемесіз босады. Екеуінің Қырымға баруына тыйым салатын ешқандай құжат жоқ. Ресейдің қазіргі жағдайында әлгі шарттардың бәрін эмпирикалық жолмен ғана тексеруге тура келеді. Бәлкім, бұған қатысты әлдебір құпия жарлықтар бар шығар. Мұның бәрі енді екеуі Қырымға барған бетте түсінікті болады.
Қырым татарлары Межлисінің мүшесі Эскендер Бариевтің пікірінше, Ресей билігінің мұндай қолайсыз саяси тұтқындарды Қырымда қалдырғысы келмегені анық.
– Бұл шағын да болса жеңіс әрі Қырымды оккупациядан азат етуге апаратын тағы бір қадам. Бұл - саясаткерлер, дипломаттар мен құқық қорғаушылардың орасан зор жұмысының арқасы. Менің білуімше, Қырым саяси тұтқындарын босатуға Украина мен Түркия президенттерінен бөлек, Германия канцлері Ангела Меркельдің де ықпалы тиді. Ал Ресей бұған қаншалықты мүдделі болғаны белгісіз. Бәлкім, Кремль сағын сындырудың сәті түспеген әрі әлгі сотсымақтардың сандырақ екенін көрсеткен Қырым татарлары халқының екі қайраткерін қайтсе де Қырымда қалдырғысы келмеген шығар. Ал бір жағынан, Ресей өтем ретінде Түркиядан бірдеңе талап етуі де мүмкін.
Қырым татарлары Межлисі төрағасының орынбасары Ахтем Чийгозді 2017 жылғы 11 қыркүйекте Мәскеуге бағынышты Қырым соты сегіз жылға бас еркіндігінен айырып, жазасын жалпы режимдегі колонияда өтеуге үкім еткен. Ресей аннексиялаған Қырымның жоғарғы соты оны 2014 жылғы 26 ақпанда, яғни Ресей аннексиясына дейінгі Симферопольде өткен митингі кезіндегі "жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырды" деп айыптаған. Ол митингіде Қырымды Ресейге қосуға қарсы шыққан Қырым татарлары мен "Русское единство" қозғалысы жақтастарының арасында қақтығыс болған. Тәртіпсіздіктер салдарынан екі адам мерт болып, 80 адам зардап шеккен болатын. Қырым татарлары Межлисі төрағасының бұрынғы орынбасары әрі Бақшасарай ауданының бұрынғы басшысы Ильми Умеров "Ресейдің территориялық тұтастығына қол сұқты" деп айыпталып, 27 қыркүйекте шыққан сот үкімімен екі жыл қоныс колониясына жаза өтеуге жіберілген. Умеров телесұхбаттарының бірінде "Қырым – Ресейдің жері емес, Украинаға қайтарылуы тиіс оккупацияланған территория" деп мәлімдеген.
Ахтем Чийгоз бен Ильми Умеровті түрмеден босатуды құптаған Еуропа Одағы Мәскеуді Ресейде және ол басып алған украиналық Қырымда заңсыз ұсталған барлық Украина азаматтарын да дереу босатуға шақырды.
(Азаттықтың Орыс қызметі тілшісі Владимир Ивахненконың мақаласы орыс тілінен аударылды.)