Жазушы Дулат Исабеков 23 маусымда "Жас Алаш" газетінің сайтында "Дүрліккен дүние және бейғам Қазақстан" атты жазба жариялады. Жазбада автор "Microsoft компаниясының иесі Билл Гейтс зертханада коронавирусты ойлап тауып, оған қарсы вакцина жасау үшін ақша құйды. Африка, Азиядағы дамымаған кедей елдердің қыздары мен ұлдарына келешекте жатыр рагы мен ұлдардың белсіздік ауруына шалдығулары үшін вакцина егу арқылы оларды бала туу мүмкіндігінен айыруды мақсат етеді" деген сынды деректер келтіреді.
Әлеуметтік желі мен Facebook желісінде тарап кеткен бұл жазбадағы бірнеше деректі тексердік.
Дулат Исабековтің жазбасынан: Билл Гейтске қойылып отырған басты кінә – коронавирусты лабораторияда ойлап табуды қаржыландырған, оған қарсы вакцинацияны да жасауға ең ірі фармацевтік орталыққа 50 млрд доллар қаржы құйып, сол вакцинацияны әртүрлі жолмен адамдарға егу арқылы жер бетіндегі адамдардың санын азайту, Африка, Азиядағы дамымаған кедей елдердің қыздары мен ұлдарына келешекте жатыр рагы мен ұлдардың белсіздік ауруына шалдығулары үшін (ВПЧ - папиллома) вакцина егу арқылы оларды бала туу мүмкіндігінен айыруды мақсат етуді жалғастырып жатыр.
Үкім: Жалған
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен адам құқығын қорғау ұйымдары "Билл Гейтс коронавирусты лабораторияда ойлап табу үшін қаржыландырған" деп мәлімдеме жасаған жоқ. Бұл – интернетте тараған конспирология және жалған ақпарат. Конспирология таратушылар Гейтстің 2015 жылы TED платформасындағы "адамзатқа ең үлкен қауіп ядролық қарудан я соғыстан емес, инфекциялық вирустан төнеді" деген сөзін "биыл айтты" деп айыптап, жалған ақпарат таратты. Америкалық The New York Times басылымы Гейтстің "вирус жасады" деп айыпталғанын тексеріп, оны толығымен жоққа шығарды. Басылым "Жұрт Гейтсті Youtube, Facebook және Twitter желісінде оны COVID-19 вирусын жасады, сол үшін қамады деп негізсіз айыптаған" деп жаза келе, Гейтстің ұсталмағанын, қамалмағанын мәлімдеген.
"Билл Гейтс коронавирус жасады" деген ақпараттың жалған екенін AFP, BBC және Reuters агенттіктері де дәлелдеді.
Әлемдегі ғалымдардың басым бөлігі коронавирустың зертханада емес, табиғи жолмен пайда болғанын айтады. Ал Билл Гейтс қоры ешқандай да "фармацевтикалық орталыққа адам санын қысқартатын вакцина үшін" ешқандай 50 млн доллар аудармаған. Ол коронавирусқа қарсы вакцина жасауды қолдау ретінде (вакцина жасауға емес) GAVI альянсына (Global Alliance for Vaccines and Immunisation) 50 млн доллар берген.
Гейтстен бөлек Alibaba компаниясының иесі Джек Ма, Facebook иесі Марк Цукерберг, Twitter желісін құрған Джек Дорси де вакцина жасауды қолдап, қаржы берді.
Тағы бір рет есіңізге саламыз, ДДСҰ әлі коронавирусқа қарсы бірде-бір вакцинаны мақұлдаған жоқ.
Дулат Исабековтің жазбасынан: Оларды осындай тәсілмен емдеген Гана республикасындағы қыздардың көпшілігі қайтыс болып, қайтыс болмағандары бала туу қабілетінен айырылғаны туралы арнайы комиссия бірауыздан қорытынды шығарды.
Үкім: Жалған және манипуляция
Қандай да бір халықаралық комиссия Ганада вакцина алған қыздардың жаппай қаза болғаны я бала туу қабілетінен айырылғаны жайлы ресми хабарламады. Автор нақты қандай комиссия екенін көрсетпеген және қыздардың қай уақытта қайтыс болғанын да жазбаған. Автор шетелдік интернет ресурстарда биыл тараған "Билл Гейтс қаржыландырған вакцинацияны алған африкалық балалардың бәрі қырылып жатыр" деген конспорологияны негізге алғанға ұқсайды. Бұл деректі factcheck.thedispatch.com сайты мен Массачусетс медицина қауымдастығының The New England Journal of Medicine журналы жоққа шығарған.
Билл Гейтс қорының және халықаралық агенттіктердің дерегінше, Гейтс 2010 жылы Африкада безгекке (малярий) қарсы вакцинация бастамасы мен менингитке қарсы вакцина жобасын қаржыландырған. The New England Journal of Medicine зерттеуінде Африкада безгекке қарсы вакцина алған 15 мыңнан астам баланың 150-ге жуығы ВИЧ, қызылша, пневмония, улану, суға кетіп көз жұмғанын жазған. Журналдың зерттеуінше, бұл балалардың қазасына вакцинаның қатысы жоқ. The New England Journal of Medicine 2011 жылы "Африкадағы безгекке қарсы вакцина балаларды індеттен қорғай алды" деген.
Билл Гейтстің айналасындағы және вакцинацияға қатысты фейк ақпараттарды Қазақстан оқырмандарына арналған Factcheck.kz сайты да тексеріп, оның жалған екенін көрсеткен.
Дулат Исабековтің жазбасынан: Билл Гейтс қорының белсене араласуымен Индияда папилломаға қарсы вакцинацияны егу бағдарламасы енгізілді. Тәжірибеден 14 мың жасөспірім қыз өтті. Бірнеше қыз бірден көз жұмды, біразы белгісіз ауруға шалдықты. Бұл оқиға қоғамда үлкен дау-дамай туғызуда. Үнді парламенті арнайы тексеру жүргізгенде адам шошырлық фактілердің бетін ашты. Көптеген қыздарды топ-тобымен ата-аналарының келісімінсіз, тіпті қыздардың өздеріне айтпастан емдеуге кіріскен. Олардың орнына мектеп директорлары қол қойған болып шықты. Осы тәжірибеден соң фармакомпания вакцинацияны Үнді мемлекеттік денсаулық сақтау жүйесіне ресми түрде енгізуді жоспарлап, сол арқылы қыруар қаржы табуды көздеп отыр екен (вакцина сату арқылы).
Үкім: Жалған
"Билл Гейтс папилломаға қарсы вакцинамен Үндістанда қыздарды өлтіріп жатыр, ол Үндістанда сотқа тартылмақ" деген жалған ақпарат бұған дейін ағылшын тілінде де тараған. Reuters ақпарат агенттігі бұл деректің жалған екенін дәлелдеген. Гейтс қорының өкілі Reuters агенттігіне бұл ақпараттардың жалған екенін айтқан. Үндістанда Гейтске я оның қорына қарсы ешқандай іс қозғалмаған, ал жергілікті және халықаралық басылымдарда ондай хабар тарамаған. Агенттіктің жазуынша, 2010 жылы Үндістанда папилломаға қарсы вакцина алған жеті қыздың қайтыс болғанынан кейін екпе тоқтатылған. Science Magazine журналының жазуынша, кейін Үндістан үкіметі құрған комиссия жеті қыздың өлімін тексергенде олардың өліміне папилломаға қарсы вакцина себеп емес деген шешім шығарған.
"Бір қыз суға батқан, тағы бірін жылан шаққан, екі қыз пестицидтен уланған, бірі безгектен қайтыс болған. Қалған екі қыздың бірі гипертермия не қызу көтеріліп қайтыс болған. Бірінің миына қан құйылуы мүмкін" деп жазады Science Magazine.
Гейтс қорының демеушілігімен Үндістанда балаларға папилломаға қарсы вакцинаны салған PATH халықаралық коммерциялық емес денсаулық сақтау ұйымы "бұл екпе қазір Үндістанда және 120 елде заңды түрде лицензия алғанын, кем дегенде 40 ел папилломаға қарсы вакцинаны ұлттық иммунизация бағдарламасына қосқанын" жазды. Бұл вакцинаны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да ұсынады.
Дулат Исабековтің жазбасынан: Бүкіл әлем қарсы шығып отырған Билл Гейтс пен дүниежүзілік фармацевтік компаниясының адамзат денсаулығын емес, оларды чиптендіру арқылы құлға айналдыру, бала тууды шектеу идеясын бүгінгі таңда ТМД елдері бойынша қызу қолдап отырған жалғыз-ақ мемлекет бар, ол – Қазақстан.
Үкім: Жалған
"Билл Гейтс адамдарға чип орнатпақ" деген жалған ақпарат наурыздан бері тараған. Мұны BBC, Reuters, Polygraph.info, factcheck.org сынды сайттар тексеріп, терістеген.
Бұл фейк қалай тарады? 18 наурызда Билл Гейтс Reddit платформасында Ask me anything (AMA) форматында желі қолданушылардың сұрағына жауап берген. Сол кезде Гейтс "Елдер енді не істеу керегін әлі анықтап жатыр. Соңында кімнің емделіп шыққаны, кімнің тест тапсырғаны я вакцина алғаны жайлы ақпарат топтастырылған цифрлы сертификат болады" деп жазған.
19 наурызда biohackinfo.com сайтында "Билл Гейтс коронавируспен күресте имплантталған микрочиптерді қолданбақ" деген материал шықты. Материалда "Microsoft компаниясының құрушысы Билл Гейтс имплантталған "цифрлы сертификатты" капсула түрінде шығарады. Мұнда кімнің коронавирус анализін тапсырғаны, кімнің вакцина алғаны жайлы ақпарат болады. Ол ақпаратты енгізу үшін адамның денесіне көрінбейтін тату (Quantum tattoes) салынады. Татуды тек смартфонның көмегімен оқуға болады" деген жалған деректер айтылған.
Билл Гейтс Rettim платформасында ешқандай микрочип я тату жайлы жазбаған.
Қазақстан билігінің Билл Гейтс сөзін қолдап отырғаны жайлы ресми ақпарат жоқ. Автор жазбасында вакцина туралы айтылғандарды Қазақстанда қабылданған "Халық денсаулығы мен денсаулық сақтау жүйесі туралы" заңына өзгерістер енгізу жайлы заңды меңзесе керек. Бұл заңдағы өзгерістерде балаға екпе салуды міндеттеу және екпе салынбаған сәбиді балабақшаға қабылдамау қарастырылған. Екпені міндеттейтін заңға қоғамның бір бөлігі қарсы болған. Денсаулық сақтау министрлігінің бастамасына қарсы азаматтар арасында баласының ажалы мен оның денсаулығына келген зардапты екпеден көретіндер де бар. Денсаулық сақтау министрлігі ондай жағдайға екпенің қатысы жоғын, міндетті екпе инфекцияның таралуынан сақтайтын халықаралық тәжірибе екенін айтады.
ПІКІРЛЕР