Accessibility links

Үш қаладағы жылу электр орталығын неге Ресей салады?


Өскемен қаласындағы жылу электр орталығы (ЖЭО), Шығыс Қазақстан облысы, 1 желтоқсан, 2022 жыл. Азаттық архивіндегі сурет
Өскемен қаласындағы жылу электр орталығы (ЖЭО), Шығыс Қазақстан облысы, 1 желтоқсан, 2022 жыл. Азаттық архивіндегі сурет

Биыл қарашада Қазақстан мен Ресей президенттері Астанада кездескеннен кейін, Өскемен, Семей мен Көкшетау қалаларында ресейлік компания жылу электр станциясын салатыны белгілі болды. Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев ресейлік әріптесімен меморандумға қол қойған соң журналистерге болашақ ЖЭС-тер көмірмен істейтінін айтты. Экологтар қоршаған ортаға зиян тигізетін мұндай орталық салуға наразы. Азаттық жаңа ЖЭС-терді неге Ресей салады, неліктен таңдау көмір жағатын станцияға түсті деген сұрақтарға жауап іздеп көрді.

БІР ҚАЛАҒА – КӨМІР ЖАҒАТЫН ЕКІ ОРТАЛЫҚ

Жібек маталар комбинаты ықшамауданы Өскеменнің оңтүстігінде оқшау, қаладағы басқа ықшамаудандарға қарағанда металлургиялық кәсіпорындар мен қолданыстағы жылу электр орталығынан қашықтау орналасқан. Ғалымдар бұл жерді қаладағы ауа сапасы қолайлы екі ықшамауданның бірі деп көрсетеді. Тұрғындар да "қаланың жел жағында орналасқан ауасы таза" жер деп санайды. Болашақ ЖЭС осы маңайға түспек.

Бұған іргелес жатқан жерде кейінгі он жылда көпқабатты үйлер құрылысы қарқынды жүргізіліп, 40 мың адамға шақталған жаңа 19-ықшамаудан пайда болды. Қала билігі халықты бұрыннан тұрып келген "санитарлық-өндірістік аймақтан" жырақтау, Ертістің сол жағалауына қоныстандыруды жоспарлады. Әкімдік те болашақта сонда көшіріліп, іс жүзінде шаһардың орталығы ауысады делінген. Бірақ эколог Роман Честных билік бұл жақты "жаңа қала" санағанымен, экологияық таза қалпында сақтап қалуды жоспарламаған дейді. Себебі бұрынырақ 2035 жылға дейін жаңа ЖЭС салу қаланың бас жоспарына енгізіліп қойған.

Өскемен әкімдігі 76 жылдан бері жұмыс істеп тұрған ЖЭС-те кейінгі жылдары ақау жиілеп кеткенін, қаладағы құрылыс қарқынына байланысты энергия тапшылығы пайда болғанын алға тартып, жаңа станция керек дейді.

Ал эколог Роман Честных болашақ жылу электр орталығы көмір жақпағаны жөн деп есептейді.

Эколог Роман Честных. Өскемен, 21 қараша, 2023 жыл
Эколог Роман Честных. Өскемен, 21 қараша, 2023 жыл

– Дәл Өскеменде көмір пайдаланатын орталық салуға болмайды. Кейінгі бірнеше жылда қаланың үстінен үнемі қара түтін төніп тұратын болған. Әсіресе қыста. Әрине, ЖЭС пен қазандықтар жұмыс істегендіктен солай болып тұр. Күлдің өте ұсақ бөлшектерінен пайда болған бұл қара түтін әуеге тарап, оксид, азот және күкіртпен әрекетке түседі. Енді осындай түтінді мол шығаратын тағы бір орталық салуға жол беруге болмайды. Жақында облыс әкімдігі ғалымдарға "қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштері" деген жоба дайындатқызды. Ол есеп әлі ресми қабылдаған жоқ. Бірақ ол дайын нәрсе. Яғни, ғалымдар еңбектеніп, жасап шықты. Осы еңбекте ғалымдар ауа сапасы нақты ЖЭС пен қазандықтар жұмысынан нашарлады деген түпкілікті қорытынды шығарған, – деді ол құжатпен танысқан Роман Честных. Оған жобаны қарап шығуға әкімдік беріпті.

Өскеменде қоршаған ортаны ең ластаушы кәсіпорын ЖЭС екенін Экология министрлігі де үнемі айтып жүр.

Эколог Дәулет Асанов билік Өскемендегі ауа сапасына салғырт қарайды деп қынжылады. Ол қалада кейінгі жылдары арнайы бағдарламамен салынған жерүйлер де пеш жағатынын сөзіне дәлел ретінде келтірді.

– Ауылды жерде үй аз болғандықтан білінбейді, ал қалада көмір жағу ауаға өте қатты әсер етеді, – дейді Дәулет Асанов.

Риддер қалаcындағы жылу электр орталығы. Шығыс Қазақстан өңірлік коммуникациялар қызметі жариялаған сурет. 7 қараша, 2022 жыл
Риддер қалаcындағы жылу электр орталығы. Шығыс Қазақстан өңірлік коммуникациялар қызметі жариялаған сурет. 7 қараша, 2022 жыл

Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары "ауа сапасы нашарлағаннан өңешіміз күйіп қалады" деп үнемі шағым айтып келген. Бірақ тыныс алу жолдары ауруына қойылатын арнайы медициналық диагноз 2006 жылы аурулар классификаторынан алынып қалған еді. Биыл халық "тамақтың химиялық күйігі" диагнозын ресми қайтаруға қол жеткізді.

"Тыныс алу жолдарының күйіп қалуы диагнозының жоқтығынан Шығыс Қазақстан облысы тұрғындарын емдеуде көптеген проблема болды және өңірде экологиялық жағдай қолайлы деген алдамшы көрініс пайда болды" деп жазды диагнозды қайтаруға ықпал еткен Сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігі ресми сайтында.

Шығыс Қазақстан облысының орталығы Өскемен қаласында 400 мың адам тұрады. Облыстық экология департаментінің жыл басындағы дерегі бойынша, Өскемен – Қазақстандағы ауасы ең лас алты қаланың бірі. Мұнда уран, алтын, титан өндіретін ірі металлургиялық зауыттар жұмыс істейді. Өндіріс қалдықтары ауаға көп мөлшерде бөлініп, сала мамандары жиі дабыл қағады.

"КӨМІРДІ КЕЙІН ӨЗІМІЗДЕН БАСҚАҒА ӨТКІЗЕ АЛМАЙДЫ"

Эколог Дәулет Асанов Семей, Көкшетау, Өскемен қалаларында көмір жағатын ЖЭС-тер салу туралы шешім мемлекеттің жасыл энергияға көшу саясатынан "көмір лоббиі басым түскенін көрсетеді" деп пайымдайды.

Асановтың айтуынша, әлем елдері ауаға бөлінетін көміртегінің көлемін барынша азайтуға ұмтылып жатқандықтан, қазба отынды ел ішіндегі тұтынушылардан басқа сатып алатындар азайып келеді. Қазақстанда тұтынушыны көмір арзан екенін айтып қызықтырады дейді эколог.

Эколог Дәулет Асанов. Өскемен, 21 қараша, 2023 жыл
Эколог Дәулет Асанов. Өскемен, 21 қараша, 2023 жыл

– Елде ірі көмір шахталары мен көмірді ашық тәсілмен өндіретін кен орындары бар. Көмір – өте арзан отын. Оны қазір [басқа мемлекеттер] алмайды. Соны енді бірдеңеге жарату керек болып жатыр. Жаратудың амалы – осы жерде жағып, осы жерден энергия өндіру болып отыр. Сондықтан ары қарай көмір өндірісін өркендету мақсатымен тағы үш жылу электр станциясын салмақшы, – деді Дәулет Асанов Азаттыққа.

Болашақта қазбалы отынның бұл түрін экспорттау расымен де азаятынын үкімет те мойындайды. Өйткені Еуропа елдері қоршаған ортағы зиян өнімдерді қабылдаудан біртіндеп бас тартып жатыр. Биыл қазаннан бастап Еуроодақ көміртегі салығын енгізгені қазақстандық экспорттаушыларға қолайсыз тиген.

Париж келісіміне сай, Қазақстан да, Еуропа елдері тәрізді, көміртегіден арылуға қарай қадам басуы керек. 2017 жылы елде пайдаланылатын отын-энергетиканың 54 пайызы – көмір, 24 пайызы – мұнай, 22 пайызы газдан тұрған болса, 2060 жылы бұлардың жиынтық көрсеткіші 29 пайыз болмақ. Ал жаңартылатын энергия көздерінің үлесі 70 пайызға жетуге тиіс. Қазір олардың көрсеткіші 4 пайызға жуық. Дегенмен үкімет мүшелері көмірден бас тарту қиын дегенді үнемі айтып келеді.

Үкімет шенеуніктері қазба отындарды "тұрақты", ал қалпына келетін энергия көздерін "тұрақсыз" деп айтады. Болашақта көміртекті бейтараптыққа "сенімді энергия көзі" деп АЭС салу арқылы жетуді ойлайды. Қазақстан алдағы жылы АЭС салу бойынша референдум өткізбек.

Бірақ эколог Дәулет Асанов мемлекеттің қалпына келетін энергия көздері тұрақсыз деген ұстанымын "аңызға" балайды.

– Еуропа елдері АЭС пен көмір энергиясынан бас тартып, жасыл энергияға ауысып жатыр. Неліктен ол жақта орындалған нәрсені біз мүмкін емес дейміз? Іске асыруға болады. Тек ақша құйып, генерацияны сол бағытқа икемдеу керек, – деді ол.

Бұқаралық ақпарат құралдары елде "көмір лоббиі" күшті, себебі көмір кеніштеріне елдегі ең бай адамдар мен билікте болған ықпалды адамдардың жақындары иелік етеді деп жазып жүр.

Өскемен жылу электр орталығынан ауаға тарап жатқан түтін. 27 қараша, 2023 жыл
Өскемен жылу электр орталығынан ауаға тарап жатқан түтін. 27 қараша, 2023 жыл

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің ақпараты бойынша, коммуналдық-тұрмыстық мақсатқа қажет көмірді сату нарығының 74,4 пайызы "Қаражыра", "Шұбаркөл көмір" мен "Еуразиялық энергетика корпорациясы" және "Майкөбен Вест" компанияларының үлесіне тиеді.

"Қаражыра" акционерлік компаниясының активтері Эдуард Огай, Владимир Жұманбаев пен Ерлан Нығматуллиндерге тиесілі. Ерлан Нығматуллин – бұрынғы мәжіліс спикері Нұрлан Нығматуллиннің бауыры.

"Шұбаркөл көмір" мен "Еуразиялық энергетика корпорациясы" акционерлік қоғамдары Александр Машкевич, Патох Шодиев пен Алижан Ибрагимовтің отбасының меншігіндегі ERG корпорациясына және Қазақстан үкіметіне (40%) қарайды.

Ал "Майкөбен Вест" кәсіпорнына бұрынғы президенттің күйеубаласы Тимур Құлыбаев пен Шынар Елемесова иелік етеді.

ЕСКІ ЖЭС ПЕН ҚАЗАНДЫҚТАР

Ресми ақпарат бойынша, Көкшетауда жылу электр орталығын салуға техникалық-экономикалық негіздеме құжаты дайын. Сметалық құны – 389 млрд теңге. Болашақта газға ауыстыруға болатындай әртүрлі отын түрін жағуға қолайлы қазандық қойылады деп жазылған. Құрылыс 2024 жылы басталмақ. Былтыр инвестор іздеп тендер жарияланған кезде жоба құны 239 млрд теңге болған. Сол кездегі техникалық-экономикалық негіздемеде Екібастұз көмірі негізгі отын болады деп көрсетілген.

Семейде салынбақ ЖЭС-тің техникалық-экономикалық негіздемесі биыл желтоқсанда дайын болмақ. Ал Өскемендікі 2024 жылы әзірленбек.

Апат болған жылу қазандығы маңында жүрген адамдар. Семей қаласы, Абай облысы, 15 желтоқсан, 2022 жыл. Төтенше жағдайлар министрлігі таратқан фото
Апат болған жылу қазандығы маңында жүрген адамдар. Семей қаласы, Абай облысы, 15 желтоқсан, 2022 жыл. Төтенше жағдайлар министрлігі таратқан фото

Семей мен Көкшетауда жылу электр орталықтары жоқ. Екі қалада тек қазандықтар жұмыс істеп тұр. Тұрғын халықтан жылу мен ыстық су сапасына шағым көп түседі. Эколог Роман Честных бұл қалаларда ЖЭС салынса, әр жерде орналасқан қазандықтармен қосылғанда экологияға кері әсер етуі мүмкін деп қауіптенеді.

Эколог Дәулет Асанов билік жаңа ЖЭС-тер салатын болса, Өскемендегі ескі ЖЭС пен Семей, Көкшетаудағы қазандықтардың жұмысын тоқтататыны туралы уәде беруі керек дейді. Бірақ үкімет ондай мәлімдеме жасаған жоқ.

Қазақстанның премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр "салынатын ЖЭС қазіргі заманғы шаң жинау талабы мен экология стандарттарына сай болады" болады деп сендіреді.

Бірнеше жыл бұрын Қазақстанның солтүстік пен шығыс өңірлерін газдандыру туралы жоспары болған. Газ көмірге қарағанда таза отын деп есептеледі. Ресейден құбыр тарту немесе газды Қазақстанның оңтүстігінен солтүстігіне жеткізу деген екі нұсқаны қарастырған. Бірақ бұл жоспар әлі орындалған жоқ.

Бұдан бөлек Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданы маңайында газ кеніші игеріле бастағанда, Өскеменге құбыр тартылуы мүмкін деген сөз айтылған. Бірақ газ Зайсан ауданының ауылдарына толық тартылмады, басым бөлігі Қытайға экспортталды. 2021 жылы кеніште қор таусылуға жақындап, газды Қытайға сату тоқтатылғаны мәлім болды. 2021 жылы Зайсан ауданы халқына 11-12 жылға жететін мөлшерде ғана газ қалғаны айтылған.

"НЕГЕ РЕСЕЙ САЛАДЫ?"

"Неге жылу электр орталықтарын Ресей салуы керек?". Ақордада Ресей мен Қазақстан келіскеннен кейін журналистер бұл сұрақты энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевке қойды. Министр халықаралық институттар көмір генерациясын қаржыландыруға дайын емесін, ал қазақстандық компаниялар тендерге қатыспағанын айтты. Көмір жағатын станция тұрғызуға Ресей келіскен.

"Бұған дейін министрлік осы станцияларды салу жөнінде ашық тендерлер жариялаған, бірақ олардың барлығы өтпей қалды. Инвестор таппадық әрі бұл ЖЭС-терді көмір және газбен істейтіндей етіп салу керек болғандықтан, оған байланысты да мәселе туындады. Нақты айтқанда, көмірге байланысты... Халықаралық қаржы институттары мен коммерциялық банктер де кейбір мәселелерге келгенде қаржы салуға дайын емес" деп мәлімдеді министр.

Көшетауда былтыр ЖЭС салу бойынша тендер жарияланып, "қатысушы жоқтығынан" өтпей қалғанын биыл мамырда премьер-министр Әлихан Смайылов айтқан. Ал Семей мен Өскеменде ЖЭС салу тендері жарияланғаны туралы ақпарат жоқ.

Министр Алмасадам Сәтқалиев Ресей Қазақстанның күлі көп шығатын көмірін жақсы біледі, оны пайдаланатын "айрықша" тәжірибесі бар дейді. Эколог Дәулет Асановтың айтуынша, күлі неғұрлым көп көмір сол ғұрлым "лас" болады.

Қазақстан Ресей тарабының ЖЭС-терді салып, пайдалануға толық дайын күйінде тапсыруына мүдделі дейді Алмасадам Сәтқалиев. Оның айтуынша, үкімет ресейліктердің құрылысты салып қана қоймай, станцияны пайдалануға беру, іске қосу-реттеу жұмыстарын да қамтамасыз еткенін қалайды. Бірақ министр "қазір келіссөздің тек бастапқы кезеңі өткізілді" деп бұдан өзге ашып ештеңе демеді. Үкіметаралық келісімге биылғы жылдың аяғына дейін қол қойылуы мүмкін екенін айтты.

"ИНТЕР РАО – ЭКСПОРТ" ДЕГЕН ҚАНДАЙ КОМПАНИЯ?

Қазақстандағы үш қалаға ЖЭС салатын компания ретінде "Интер РАО – Экспорт" компаниясы аталды. Бұл кәсіпорын – Ресей үкіметінің "Роснефтегаз" компаниясы негізгі акционері болып саналатын "Интер РАО" компаниясының құрамына кіреді.

"Интер РАО" компаниясы – Ресей энергиясын экспорттап-импорттайтын негізгі оператор. Беларусь, Литва, Украина, Грузия, Әзербайжан, Қазақстан, Қытай және Моңғолияға энергия жеткізеді.

Қазақстанда 2019 жылға дейін "Екібастұз ГРЭС-2" кәсіпорнына иелік еткен.

2022 жылы Финляндия НАТО-ға қосылғаннан кейін Ресей осы компанияның жұмысын саяси құрал ретінде пайдаланып, Финляндияға энергия жеткізуді тоқтатты. Финляндия НАТО-ға Ресей күштері Украинаға басып кіргеннен кейін қосылған. Олар 1300 шақырым ортақ шекарасы бар көршісінен қауіптенген. Финляндияның бұл ісі Ресейдің шамына тиген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG