Accessibility links

"Қолайлы нысана". Макрон мен мұсылмандар арасындағы жанжалға не себеп?


Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған (сол жақта) мен Франция президенті Эммануэль Макрон.
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған (сол жақта) мен Франция президенті Эммануэль Макрон.

Францияның бірқатар мұсылман мемлекетімен, бірінші кезекте Түркиямен қарым-қатынасы шектен тыс ушығып тұр. Қос тараптың арасында туған кикілжіңнің астарында – қатыгездікпен кісі өлтіру оқиғасы, жаппай наразылық, саудаға бойкот жариялау мен даулы карикатура жатыр. Азаттық даулы оқиға қалай басталғанын және ары қарай не күтуге болатынын талдап көрді.

"Мұнда көрсетілген елдерге саяхаттамауға кеңес береміз. Аталған мемлекеттердің бірінде жүрсеңіз, сақ болып, адам көп жиналатын және жаппай наразылық акциялары өтіп жатқан жерлерге бармаңыз! Қазір бұл елдерде француздарға деген жеккөрініш сезімі жоғары деңгейде". 27 қазанда Францияның сыртқы істер министрлігі ел азаматтарына арналған осындай ескерту жариялады. Министрлік тізіміне Бангладеш, Индонезия, Ирак, Мавритания мен Пәкістан сияқты бірқатар мұсылман мемлекеті кірген. Францияның Анкарадағы елшілігі де осыған ұқсас мәлімдеме жасады. Париж бен ислам әлемі арасындағы жанжал шешен ұлтынан шыққан экстремист жасөспірімнің француз мұғалімін өлтіруінен басталып, жеке басты қорлайтын карикатура мен психиатр көмегіне жүгіну туралы кеңеске ұласқан.

Оқиғаның қалай өрбігенін еске түсіріп көрейік.

16 қазанда Париждің іргесінде 47 жастағы мектеп мұғалімі Самюэль Пати кісі қолынан қаза тапты. Ол қазасынан біраз уақыт бұрын сөз бостандығы туралы талқылау кезінде оқушыларына Charlie Hebdo сатиралық басылымының Мұхаммед пайғамбар туралы карикатурасын көрсеткен. Осыдан кейін қоқан-лоқы көре бастаған мұғалім ақыры Мәскеуде туған, 18 жастағы этникалық шешен Абдулах Анзоровтың құрбанына айналды. 2008 жылы Анзоровтың отбасы Франциядан баспана сұраған. Қылмыскер твиттерге басы кесілген мұғалімнің суретін жариялап, оны пайғамбарды қорлағаны үшін "өлтіргенін" айтқан. Анзоров қашып жүріп полиция қолынан қаза тапты.

Францияда мұғалімнің өлімі наразылық толқынын туғызды. Мұғалімнің өлімі 2015 жылы Париждегі терактіге себеп болған Charlie Hebdo карикатурасымен байланысты болуы да наразылыққа әсер етті. Ол кезде ислам экстремистері Charlie Hebdo редакциясына шабуыл жасап, 12 адам қаза тапқан. Самюэль Патиді еске алу, сөз бостандығы мен Франция үшін маңызды саналатын мемлекетті діннен бөліп қарау принципін қорғау акцияларына ондаған мың адам жиналды. Париж бен тағы бірнеше қалада жеке және әкімшілік ғимараттардың қабырғаларына марқұм мұғалімнің портреті, республика белгісі мен Мұхаммед пайғамбар карикатурасының проекциясы шығарылды.

Франция ішкі істер министрлігі ислам экстремизміне қатысы бар деген күдікке ілінген 231 адамды елден шығаруға бұйрық берді. 23 қазанда Франция президенті Эммануэль Макрон мұғалімді аза тұту рәсімінде ислам дағдарыс жағдайында тұрғанын айтып, Францияны өркениет құндылықтарын радикалды исламнан қорғауға шақырды. "Біз карикатура мен суреттерден бас тартпаймыз" деді Макрон.

Ислам әлемі Франция президентінің мәлімдемесіне қызу реакция білдірді. Бангладеш, Индонезия, Пәкістан мен тағы бірнеше елде жаппай демонстрациялар өтіп, жиналғандар Францияның туы мен Макронның портреттерін өртеді.

Осы аптада Иордания, Катар, Кувейт пен Түркияда француз тауарларына бойкот жарияланды. Дүкен иелері бұл тауарларды сөрелерден алып тастаған. Францияда сейсенбіге қараған түні ондаған сайт (оның ішінде билік органдарының интернет-ресурстары да бар) исламистер тарапынан хакерлік шабуылға ұшыраған. Аталған сайттарда ислам мен Мұхаммед пайғамбардың жеңісіне үндеп, Францияның көзін жоюға шақырған ұрандар мен президент Макронның шошқа кейпіндегі суреттері жарияланды.

Көп ислам мемлекетінің басшылары Макронға қарсы ашу-ызаға толы мәлімдемелер жасады. Пәкістанның премьер-министрі Имран Хан барлық мұсылман мемлекетін батыста өршіп келе жатқан исламофобияға қарсы күресуге үндеді.

Бұл жанжалдан Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров та тыс қалған жоқ. Ол Макронды "Мұхаммед пайғамбардың карикатурасын қолдау арқылы француз президентінің өзі де терроршыға ұқсап, мұсылмандарды астыртын түрде теракт жасауға шақырып отыр" деп айыптады. Бірақ француз әріптесіне "психикасын емдеуге" кеңес берген Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған бәрінен асып түсті.

Ердоғанның бұл сөзі мен француз тауарларына бойкот жариялауға үндеуі Еуропаның наразылығына себеп болды. Еурокомиссия арнаулы мәлімдемесінде Анкараға "Еуропа одағына мүше кез келген мемлекетте өндірілген тауарға бойкот жариялауға шақыру Түркияның ЕО алдындағы міндеттемелеріне қайшы келетінін" ескертті. Мұнда Еурокомиссия Түркияның 1987 жылы Еуропа одағына (ол кезде Еуропалық қауымдастық деп аталатын) мүше болуға берген өтініші қабылданған кезде жасалған келісімдерді меңзеп отыр. Түркияның еуроинтеграциясы туралы шынайы келіссөздер кейінірек 2005 жылы басталды. Бірақ содан бері бірқатар саяси келеңсіздіктер мен Кипр мәселесіне байланысты бұл келіссөздер тоқтап қалған.

Еуропа саясаткерлерінің көбі, атап айтсақ, "Ердоған тым төмен деңгейге түсті" деген Германияның сыртқы істер министрі Хайко Маас, Нидерланды мен Италияның премьер-министрлері Марк Рютте мен Джузеппе Конте Эммануэль Макронға қолдау білдірді.

26 қазанда Франция Анкарадағы елшісін қайтарып алды. Сәрсенбі күні Charlie Hebdo мұқабасына Ердоғанның карикатурасын жариялап, отқа май құйды. Журнал бетіндегі суретте жартылай киінген Түркия президенті креслода отырып, бір қолына сусын ұстап, екінші қолымен ислам шартына сай киінген әйелдің етегін көтеріп, "О, Пайғамбар!" дегені бейнеленген. Карикатураның астына "Ердоған жеке өмірінде өте қызық" деп жазылған. Түркия президентінің баспасөз хатшысы Фахреттин Алтун бұл карикатураны Эммануэль Макронның "мұсылмандарға қарсы бағдарламасының жемісі" деп атады.

Чехиядағы Палацкий университетінің саясаттанушы-шығыстанушы маманы, ұзақ жылдар бойы Түркияда жұмыс істеген Люция Тунгул Азаттыққа берген сұхбатында Түркия мен Франция арасындағы жанжал бұған дейін де болғанын айтады. 2000-жылдары Түркияның Еуропа одағына мүше болу ықтималдылығы жоғары кезде бұл идеяға Франция қарсы шыққан.

Ердоған үшін Франция – қолайлы нысана.

– Франция Түркияның ЕО-ға мүше болуын Еуропа үшін тиімді көрмейді: үлкен, салыстырмалы түрде кедей мұсылман мемлекетінің бұрынғы Осман империясымен салыстырғанда Франциямен тығыз мәдени байланысы жоқ. Басқа жағынан алғанда, Түркия сұлтандардың кезінен бастап өзін белгілі бір деңгейде Еуропаның бір бөлігі санаған және француздардың ЕО-ның орнына Жерорта теңізіне арналған одаққа мүше болу туралы ұсынысынан бас тартты. Одан бөлек, Францияда армян диаспорасы көп. 2008 жылы "футбол дипломатиясы" кезінде армян-түрік қарым-қатынасын қалпына келтіру туралы сөз болғанда, армян диаспорасы бұл бастамаға сенімсіздік білдірген. Франция мен Түркияның Солтүстік Африка мен Жерорта теңізінің шығыс жағалауындағы мүдделері ортақ. Тарихи жады тұрғысынан алсақ, түріктер үшін Франция – Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін Түркияны бөліп, жойып жіберуге талпынған мемлекет. Еуропа Ердоғанның сыртқы саясатын қолдамайды. Сондықтан Макронға көбіне принципке сүйенген болып, оның астарына Францияның мүддесін жасырып, өзін Түркияға қарсы қойған ыңғайлы. Дәл осылай Түркияда да қазір Еуропаның беделі төмен. Түріктер Францияның Ливиядағы (ол жақта Париж бен Анкара өзара соғысып жатқан әртүрлі тарапты қолдап отыр. – Ред.) және Жерорта теңізінің шығыс жағалауындағы әрекеттерін құптамайды. Сондықтан өз кезегінде, Ердоған үшін де Франция қолайлы нысана деуге болады.

– Президент Ердоған бұрыннан өзін әртүрлі елдегі мұсылмандардың қорғаушысы ретінде көрсетуге тырысып келеді. Бірақ ол француз мұғалімінің қатыгездікпен өлтірілуі Еуропадағы мұсылмандар құқығын қорғауға жақсы себеп емесін түсіне ме? Әлде ол әдейі осылай істеп отыр ма? Солай болса, мұның себебі неде?

– Ердоған Еуропа екіжүзді екенін, ислам мен мұсылмандарды сынағанымен, оларға шынайы болмысын көрсетуге мүмкіндік бермей, өздерін тым тәкаппар ұстайтынын жиі айтады. Бұл мәлімдемелер бірінші кезекте мұсылмандарға бағытталған. Бұл қырынан алғанда, назарды мұсылман адам жасаған зорлық актісінен Ердоған жақсы көретін мұсылмандардың қудалауға ұшырауы тақырыбына аударсақ, бұл мәлімдемелер қазір де маңызды екенін көреміз. Оның мақсатты аудиториясы – шешілмеген әлеуметтік мәселесі көп мұсылмандар, оның ішінде Еуропада тұратын азаматтар. Ал Франция – ислам елдерінен келген иммигранттар интеграциясын сәтті жүргізе алмаған мемлекет. Франциядағы мұсылман иммигранттардың көбі түрік президентінің сөзін жөн көреді.

– Батыста Режеп Ердоғанды ұзақ уақыт бойы сабырлы, белгілі бір деңгейде "жақсы" исламист санап келді. Ол соңғы жылдары радикалды бағытқа өзгерді деуге бола ма? Әлде Еуропа исламға радикалды қарай бастаған ба?

– Ердоған өзгерген жоқ. Ол билікке келген кезден бастап, оның әрекеттеріне қатысты көп сұрақ туып келген. Бірақ ол мұндай сұрақтарды контекстке жақсы сыйғызып, кемалистік көзқарастағы оппозицияны әлсірету үшін түрік саяси жүйесін демократияландырудың бірнеше элементін қолданды. 80-жылдардан бастап кемалистік көзқарастағы генералдар радикал солшылдарға қарсы күш ретінде саяси исламның күшеюіне жол берген. Батыстың Ердоғанға көзқарасына бір жағынан, түрік қоғамын жақсы білмеуі және Түркияны бірінші либерал демократиялы мұсылман мемлекеті көруге деген талпынысы, екінші жағынан Ердоғанның саясаткер ретіндегі қабілеті әсер етті. 2001 жылы 11 қыркүйектен кейін батыс либералдарының көбі "жақсы" мұсылмандарды іздеді. Сол кезде бұл рөлге Ердоған лайық көрінді.

Бір қызығы, сол кезде Ердоғанның шетелдегі беделін нығайтуға қазір қарсыласына айналған Фетхуллах Гүленнің қозғалысы көмектескен. Гүленнің батыс элиталарымен жұмыс істеуге арналған өзіндік PR жүйесі болған. Ол Ердоғанға консервативті болса да, батыспен әріптестікке дайын, демократия жолындағы саясаткер ретінде бедел қалыптастыруға көмектесті. Қозғалыс өкілдері ақпарат құралдарының маңызы мен олардың элитаға ықпал ету қабілетін жақсы түсінген. Оның үстіне, Батыс Ердоған мен оның режимінің эволюциясы туралы белгілерге назар аударған жоқ. Қазіргі түрік президенті – фанатик емес, прагматик, оның мақсаты – билікте қалып, осы құзыретін барынша күшейту. Осы тұста оның мемлекетті діннен бөліп қарауды қолдайтын көп түрікті өз жағына тартып алғанын атап өткен жөн.

Сирияның солтүстігіндегі түрік жауынгерлері. Наурыз, 2020 жыл.
Сирияның солтүстігіндегі түрік жауынгерлері. Наурыз, 2020 жыл.

– Ердоғанның соңғы бес жылдағы саясаты өте агрессивті сипатқа ие. Ол Сириядағы соғысқа белсенді қатысты, қазір Әзербайжанға Армениямен соғысуға көмектесіп жатыр. Түркияның АҚШ-пен қарым-қатынасы күрт нашарлады, Еуропамен байланысы нығаяды деген үміт жоқ сияқты, Ресей және Израильмен де кикілжіңі бар... Ердоған тұсындағы Түркия қандай мақсатты көздейді? Ол оқшау мемлекет болып қалудан қорықпай ма?

Оның Кипрға немесе Сирияға әскер кіргізуге қатысты саясатын түріктердің басым көпшілігі қолдайды.

– Түркияның стратегиялық жағдайы өте маңызды. Ол Еуропа, АҚШ, Ресей үшін өте маңызды екенін жақсы біледі. Түркияның сыртқа агрессия білдіруін ішкі мәселелерден іздеген дұрыс. Ердоған бұл мәселелердің себебін сырттан қолдау алып отырған ішкі жаулардың астыртын әрекетімен байланыстырады. Агрессивті сыртқы саясат президент пен оның партиясына ұлттық-радикалды бағыттағы Ұлттық қозғалыс партиясының (түрікше қысқартылған атауы МНР) қолдауына ие болуға мүмкіндік береді. 2018 жылы осы партия болмаса Ердоған Түркияда президенттік басқару жүйесін енгізіп, сайлаудың бірінші кезеңінде-ақ жеңіске жетпес еді. Ұлттық көңіл-күйі басым елде мұндай қадамдар халықты, оның ішінде оппозиция жақтаушыларын біріктіруге көмектеседі. Оның Кипрға немесе Сирияға әскер кіргізуге қатысты саясатын түріктердің басым көпшілігі қолдайды.

– Режеп Ердоған Эммануэль Макронға психиатрға қаралуға кеңес берді. Ал Түркия президентінің денсаулығы мен психикалық жағдайы туралы не білеміз? 2016 жылы президенттің Түркиядағы әскери төңкеріс жасауға талпыныс оқиғасын өте ауыр қабылдағаны, тіпті онкологиялық ауруға шалдыққаны туралы ақпарат шығып еді...

– Иә, бұл тақырыпқа қатысты көп ақпарат болды. Бірақ әлі күнге дейін нақты ештеңе белгілі емес, – дейді саясаттанушы-шығыстанушы Люция Тунгул.

Олардың қол ұстасқан кездері де болған. Владимир Путин, Ангела Меркель, Реждеп Ердоған, Эммануэль Макрон (солдан оңға қарай). Стамбул, Сирия жөніндегі келіссөздер, қазан 2018 жыл
Олардың қол ұстасқан кездері де болған. Владимир Путин, Ангела Меркель, Реждеп Ердоған, Эммануэль Макрон (солдан оңға қарай). Стамбул, Сирия жөніндегі келіссөздер, қазан 2018 жыл

Сарапшылардың көбі экономикалық жағдайы ауыр Түркияға Еуропамен қарым-қатынасын ұзақ мерзімде ушықтыру тиімсіз екенін айтады. Кейінгі жылдары Түркияда жалпы ішкі өнімнің өсімі күрт төмендеген: 2017 жылы 7,5% болса, 2019 жылы 0,9% түскен. Биыл коронавирус пандемиясына байланысты экономика тағы қысқарады. Түрік лирасының бағамы түсіп жатыр – үш жылда ұлттық валюта 90% арзандаған. Қазір $1 құны 8 лирадан асқан.

Foreign Policy басылымы "Ердоғанның экономикалық саясатын волюнтаристік деп атаудан басқа амал жоқ. Бұл саясат биліктегі Әділет және даму партиясына жақын фирмаларға тиімді келісімшарттар мен несиелер беруге негізделген" деп жазады.

Түркияның батысындағы Кутахья өңірінде орналасқан, 2012 жылы пайдалануға берілген Зафер әуежайы осындай келісімшарт негізінде салынған. Алғашқы 7 жылда әуежай 7,5 млн жолаушыға қызмет көрсетеді деп күтілген. Бірақ әуежай қызметін 300 мың жолаушы ғана пайдаланған. Президенттің экономикалық саясатқа деген ерекше көзқарасынан да пайда келіп отырған жоқ: Түркия басшысы елге қарсы "еврей капиталына" сүйенген "өсімқорлар мафиясы" әрекет етіп отыр деп сенеді. Ол осы сенімсіздігінің арқасында қаржы министрі қызметіне біліксіз басшы ретінде танылған күйеубаласы Берат Албайракты тағайындаған. 2018 жылы жазда осы жаңалықтан кейін түрік лирасы бір күнде 3,8% арзандаған.

Рационалды тұрғыдан қарасақ, Ердоғанға Еуропа одағындағы ең ықпалды мемлекеттердің бірі, Түркияның маңызды сауда серіктесі Франциямен дауласу тиімді емес. Бірақ жыл өткен сайын түрік басшысының әрекетін алдын-ала болжау қиынға соға бастады. Ердоғанның одақтасы азайып, өзі қолдан жасаған (мысалы, психиатрға баруға кеңес беру арқылы) қарсыластары көбейіп келеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG