Accessibility links

Түркия Сирияға әскер кіргізбек. АҚШ бұл операцияға "араласпайды"


Сириялық бала Түркияның әскери көліктеріне қарап тұр. Сирия мен Түркия шекарасы. 4 қазан 2019 жыл.
Сириялық бала Түркияның әскери көліктеріне қарап тұр. Сирия мен Түркия шекарасы. 4 қазан 2019 жыл.

Түркия Сирияның солтүстік-шығысына әскер кіргізіп, күрд жасақтарына қарсы операция бастамақ. Анкара Сириямен шекара маңын күрдтерден тазартып, "қауіпсіз аймақты" кеңейткісі келеді. Ал осыған дейін күрдтерді қолдап келген АҚШ бұл операцияға араласпайтынын, Сирияның солтүстік-шығысынан әскерін шығаратынын мәлімдеді.

Анкара күрдтерді "террористер" деп санайды. Күрд жасақтары – АҚШ-пен бірігіп, Сирияда "Ислам мемлекеті" террористік тобын (ДАИШ) жеңген негізгі күш.

6 қазанда Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Сирияның солтүстік-шығысында "қауіпсіз аймақ" құру үшін әскери операция бастайтынын мәлімдеді. Ол "АҚШ тамыздағы келісімге сай Сирияда қауіпсіз аймақ құра алмады" деді.

7 қазанда Ердоғанның өкілі Ибрагим Калин Twitter желісінде әскери операцияның мақсаты Сириямен шекара маңын "террористерден" тазартып, Түркияға босып қашқан сириялықтарды тарихи отанына қайтару екенін жазды.

Ердоған БҰҰ сессиясында Сирия мен Түркия шекарасының картасын ұстап тұр. Нью-Йорк, 24 қыркүйек 2019 жыл.
Ердоған БҰҰ сессиясында Сирия мен Түркия шекарасының картасын ұстап тұр. Нью-Йорк, 24 қыркүйек 2019 жыл.

Түркия 2011 жылы Сирияда соғыс басталғаннан бері 3,6 миллион сириялық босқынды қабылдаған. Анкара Сириядағы қауіпсіз аймақты 30 шақырымға дейін созып, ол жерге 2 миллион сириялықты орналастыруды көздейді.

Ал Сирияның Түркиямен шекаралас маңын күрд жасақтары бақылауында ұстап отыр.

Анкара Сириямен шекара маңында бұған дейін де операция бастамақ болған. Биыл қаңтарда АҚШ президенті Трамп "Түркия күрдтерге тиіссе, Анкараға санкция салатынын" мәлімдеген.

7 қазанда Трамп әкімшілігі Түркияның Сирияның солтүстік-шығысындағы операциясына қатыспайтынын, оны қолдамайтынын жариялады. Вашингтон АҚШ әскері бұл аймақтан шығарылатынын да хабарлады.

"Екі жылда АҚШ әскерилері ұстаған ДАИШ жасақтарына енді Түркия жауап береді. Франция, Германия және Еуропа елдері ДАИШ сапына қосылған азаматтарын алып кетуге құлықсыз" деп жазылған Ақ үйдің мәлімдемесінде.

Америкалық әскерилері Түркияның әскери көлігінің жанынан өтіп барады.
Америкалық әскерилері Түркияның әскери көлігінің жанынан өтіп барады.

Сондай-ақ Вашингтон 7 қазанда Трамп пен Ердоған телефон арқылы тілдесіп, осы мәселені талқылағанын мәлімдеді. Ердоған Сириядағы жағдайды талқылау үшін қарашада АҚШ-қа бармақ.

Ал осыған дейін АҚШ-тың қолдауына сүйеніп келген күрд жасақтары Вашингтонның шешімін айыптады.

Күрдтердің "Сирияның демократиялық күштері" ұйымы 7 қазанда мәлімдеме жасап, АҚШ әскерилерінің аймақтан кетіп жатқанын мәлімдеді.

Күрдтер таратқан мәлімдемеде "америкалық әскерилердің Сирияның солтүстік-шығысынан кетуі ДАИШ тобына қарсы күресті әлсіретеді" деп жазылған.

Ирактағы күрдтердің телеарнасы "Сирияның демократиялық күштері" шекара маңында әскерін дайындап жатқанын хабарлады.

Сирия мен Ирактағы "Ислам мемлекетімен" соғыстан 400 мыңнан астам адам мерт болды.

Reuters, ВВС, AP және AFP агенттіктерінің ақпараты негізінде жазылды

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG