Accessibility links

«Британияның Иракқа шабуылына заңды себеп болмаған»


2003 жылғы Ұлыбританияның Иракқа шабуылын тергеген қоғамдық комиссия жетекшісі Джон Чилкот (оң жақта) баяндама оқып тұр. Лондон, 6 шілде 2016 жыл.
2003 жылғы Ұлыбританияның Иракқа шабуылын тергеген қоғамдық комиссия жетекшісі Джон Чилкот (оң жақта) баяндама оқып тұр. Лондон, 6 шілде 2016 жыл.

Жеті жыл жүргізілген тергеуден кейін қоғамдық комиссия «Британияның Иракқа шабуылына заңды себеп болмаған» деген шешім шығарды.

Британ үкіметінің Иракқа шабуыл жасау жөніндегі 2003 жылғы шешімінің жай-жапсары мен оның салдарын жеті жыл бойы тексерген қоғамдық комиссия «ел басшылығы [Ирак үкіметін] қарусыздандырудың бейбіт тәсілдерін толық пайдаланбастан, жаңсақ барлау мәліметтеріне сүйеніп бұл елге соғыс ашты» деген ұйғарымға келді. Бұған қоса, Британ үкіметі әскери шабуылды «қауіпке лайық түрде жоспарламаған».

Бұл әрекетімен Ұлыбритания үкіметі Біріккен ұлттар ұйымы (БҰҰ) Қауіпсіздік кеңесінің беделіне де нұқсан келтірген, себебі олар Қауіпсіздік кеңесі көпшілік дауыспен рұқсат бермесе де шабуылды бастап кеткен.

«Чилкот тергеуі» деп аталып кеткен қоғамдық комиссия шілденің 6-сы күні осындай ақтық шешімін шығарды.

2,6 миллион сөзден тұратын тергеу қорытындысы «жаппай қырып-жою қаруын террорлық топтар иелену қаупі төніп тұр» деген желеумен АҚШ бастап, Британияның сол тұстағы премьері, Лейбористер партиясы өкілі Тони Блэр қостаған коалицияның Саддам Хусейнді тақтан тайдыру операциясын қатты сынаған.

Комиссия «Ирактан тікелей қауіп төніп тұрмаса да, Тони Блэр шабуылдан сегіз ай бұрын АҚШ президенті Джорд Бушқа «қандай жағдайда да сізді қолдаймын» деп уәде берген» деген қорытынды жасады.

2003 жылғы Ұлыбританияның Иракқа шабуылын тергеген қоғамдық комиссия жетекшісі Джон Чилкот (оң жақта) баяндама оқып тұр. Лондон, 6 шілде 2016 жыл.
2003 жылғы Ұлыбританияның Иракқа шабуылын тергеген қоғамдық комиссия жетекшісі Джон Чилкот (оң жақта) баяндама оқып тұр. Лондон, 6 шілде 2016 жыл.

Қызметтен кетіп бара жатқан Британ премьері Дэвид Кэмерон «Иракқа қарсы әскери операцияны бастауды қолдап дауыс бергендердің барлығы жауапкершілікті мойнына алуы керек» деп, келесі аптада осы мәселе бойынша Қауымдар палатасында екі күндік жарыссөз өткізуге шақырды. Оның айтуынша, «идеологтар құптаған күннің өзінде мұндай операцияларда әскери жетістікке жету қиын».

Қоғамдық тергеуге басшылық еткен бұрынғы мемлекеттік қызметкер Джон Чилкоттың құрметіне «Чилкот тергеуі» деп аталған комиссия 150 куәгерді тыңдап, 150 мың құжатты тексерген.

Шілденің 6-сы күні Лондонда тергеу нәтижесін жариялаған Чилкот «Біріккен корольдік (Ұлыбританияны айтады - ред.) Иракты қарусыздандырудың бейбіт тәсілдерін толық пайдаланбастан шабуылды қолдаған» деп мәлімдеді. Оның айтуынша, Блэр үкіметінің «Хусейннің ядролық қаруынан қауіп төніп тұр» дегені «дәлелсіз мәлімдеме» болған.

2007 жылы биліктен кеткен Тони Блэр былтыр «жоспарлауда кеткен кей қателіктер үшін және режимді құлатқан соң не болатынын болжаудағы ағаттықтар үшін» кешірім сұраған. Алайда «жаңа лейбористердің» жетекшісі болған 63 жастағы экс-премьер «Саддамды орнынан кетіргеніміз үшін кешірім сұрай алмаймын» деген еді. Комиссияның қорытындысы оған үлкен соққы болды.

Чилкот Британияның Иракқа шабуыл жасауына «заңдық негіз де жоқтың қасы болатын» деді.

Комиссия қорытындысына қатысты тілшілерге пікір білдірген Блэр «Cіздер ойлағаннан да қатты өкініп, кешірім сұраймын» деді. Алайда ол «Есепте ашық айтылғандай, ешкім өтірік айтпаған, парламент пен кабинетті ешкім адастырмаған, соғысқа құпия дайындық болмаған» деп ескертті.

Блэр соғысқа қатысу жөніндегі шешімнің бар жауапкершілігін мойнына алатынын айтты және Иракқа қатысты барлау мәліметтерінің жаңсақ болғанын да мойындады.

Бірақ Блэр «қазіргі террордың күш алуы (содырлардың көбеюі – ред.) - Иракқа жасалған шабуылдың кесірі» деген пікірді жоққа шығарады.

Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Тони Блэр баспасөз мәжілісін өткізіп отыр. Лондон, 6 шілде 2016 жыл.
Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Тони Блэр баспасөз мәжілісін өткізіп отыр. Лондон, 6 шілде 2016 жыл.

Лейбористер партиясының қазіргі жетекшісі, оппозиция лидері Джереми Корбин «жалған желеумен жасалған әскери агрессия террорды үдетіп, оны бүкіл аймаққа таратты» дейді.

Сонымен бірге, ол «2003 жылғы Иракқа шабуыл сияқты оқиғалар қайталанбас үшін Британия АҚШ-пен ашық әрі тәуелсіз қарым-қатынас орнатуы керек» деп мәлімдеді.

Кэмерон заң шығарушылар алдында сөйлегенде «АҚШ-тың кез келген нәрсеге қатысты айтқаны әрдайым рас бола бермеуі мүмкін. Дегенмен АҚШ-пен әріптестік біздің ұлттық қауіпсіздігіміз үшін өте маңызды» деді.

2003 жылғы наурызда Иракқа жасаған шабуылды ашық немесе құпия түрде қолдаған елдердің көбінде, соның ішінде Ұлыбританияда, бұл тақырып – қоғамды жікке бөлетін дауға айналып тұр.

Соғысқа қарсы қозғалыс өкілдері комиссия қорытындылары жариялана салысымен Лондон орталығындағы Чилкот баяндама жасап жатқан ғимарат маңына жиналып, Блэрді соғыс қылмыстары үшін жауапқа тартуды талап етіп, митинг өткізді.

2003 жылы Иракта қаза тапқан британиялық 179 сарбаздың туыстары да комиссияның қорытындысын тыңдау үшін Лондонға жиналды.

БҰҰ-ның 2002 жылы бірауыздан қабылданған 1441-қарарында Ирак басшысына «жаппай қырып-жоятын қаруларын түгел жариялап, қарусыздануға соңғы мүмкіндік берілетіні», бұл мүмкіндікті пайдаланбаған жағдайда оның «үлкен зияны» болатыны айтылған. АҚШ бастаған көп ел осы сөзді әскери шабуылға берілген рұқсат деп түсінген.

AP, Reuters, AFP және BBC ақпараттарының негізінде әзірленіп, ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG