Accessibility links

10 жасында ұзатылатын Иран қыздары


Парламент ғимаратын көруге келген оқушы қыздар. Иран, Тегеран, 2016 жылдың наурызы. (Көрнекі сурет)
Парламент ғимаратын көруге келген оқушы қыздар. Иран, Тегеран, 2016 жылдың наурызы. (Көрнекі сурет)

Жер шарында әр жеті секунд сайын жасы 15-ке толмаған бір қыз еркінен тыс күйеуге беріледі. Иранның орталықтан қашық кейбір аймақтарында да қыздарын жастай тұрмысқа беру үрдісі жалғасып келеді.

22 жастағы ирандық әйел 10 жасында қалай зорлықпен тұрмысқа шыққанын еске алады.

Басында бұл әдемі махаббат хикаясы сияқты көрінеді. Иранның бір ауылында қатар өскен ұл мен қыз өсе келе шаңырақ құрған. Тек 15 жасар Әлиге тұрмысқа шыққанда Лейла бар болғаны 10 жаста еді.

- Жарым түн еді, мен қалың ұйқыда жатқанмын. Көршілер қоңырауды басып, кіріп келді де, қолыма сақина тақты. Солай тұрмысқа шықтым, - деді «Фарда» радиосына (Азаттықтың Парсы қызметі - ред.) сұхбат берген Лейла (есімі өзгертілді).

22-ге енді толған Лейла ес кіргелі тұрмыста. Бұл жөнінен ол жалғыз емес, Иранда ондаған мың қыз бала күнінде тұрмысқа шығады. Мұнда қыздар ата-анасының келісімімен 13 жастан қалыңдық бола алады, ал бұдан да жас қыздардың отасуына сот арқылы рұқсат беріледі. Ұлдар 15 жастан үйлене алады.

Иранның оқушы қыздары. (Көрнекі сурет)
Иранның оқушы қыздары. (Көрнекі сурет)

Иранның азаматтарды тіркеу ұйымының статистикасы бойынша былтыр (бұл елде жыл санау наурызда басталады) кәмелет жасына толмағандардың 37 мың некесі тіркелген. Шын көрсеткіш бұдан да жоғары болуы мүмкін, себебі көп отбасылар жас балалардың некесін тіркеуге асыға бермейді.

Ата-енесімен бір шаңырақта тұрып жатқан Лейланың айтуынша, Шығыс Әзербайжан аталатын Иранның бұл аймағындағы ауылда әке-шешелері қыздарын 10 жас шамасында зорлықпен күйеуге береді. Лейланың айтуынша, өзі тұрмысқа шығуға мүлде дайын болмаған.

- Не істеп жүргенімді өзім де түсінбедім. Қолымның дірілдеп тұрғаны ғана есімде. Ол мүлде қорыққан жоқ. Ал мен қатты үрейлендім, - деген ол 15 жасар күйеу жігіттің сенімді көрінгенін айтады.

Үйлену тойы мүлде есінде қалмапты, оған бәрі ойын сияқты көрінген. Той біткен соң қыз үйіне, анасының қасына қайтқысы келіп, қапа болыпты.

- Әлиге «ойын бітті» дегім келді. «Ұйықтап алайық, ертең анамның үйіне барып, киім тігуге көмектесемін» деп ойладым, - дейді ол.

Бірақ оны алда ауыр азап күтіп тұр екен. Әли некені толық бекітуді ұйғарыпты. Бұғанасы бекіп, денесі жетілмеген Лейла алғашқы төсек қатынасы өте ауыр болды деп еске алады.

- Тіпті қазірдің өзінде бұл туралы айта бастасам, қолым дірілдейді. Мен үшін қандай қиын болғанын білсеңіз ғой, - дейді ол.

Үйлену тойына келген әйелдер. Иран. (Көрнекі сурет)
Үйлену тойына келген әйелдер. Иран. (Көрнекі сурет)

Ертесінде дәрігер әйел келіп, оның азабын жеңілдетпек болғанымен, ештеңе істей алмапты.

- Ол «бірінші жолы ауырғанымен, кейін жеңілдеп кетеді, күйеуіңмен болған соң тағы да қанаса, уайымдама, мұндай болып тұрады» деп басу айтты, - дейді келіншек.

Мұндай жағдай шынымен жиі қайталанып тұрады, БҰҰ қыздардың осындай тағдырға ұшырауын тоқтатуды көздейді.

БҰҰ-ның Бала құқықтары комитеті Иранда тұрмысқа шығатын кішкене қыздардың саны артып барады деп, Тегеранды қыздардың 9 жастан тұрмыс құруына рұқсат беретін заңды қайта қарауға шақырды.

Балалар құқықтарын қорғау ұйымдарының тәуелсіз сарапшылары Ирандағы және басқа елдердегі жағдайды саралай келе, Тегеран үкіметінің «9 жастағы қыздардың жыныстық қатынасқа түсуіне рұқсат беріп, балаларға сексуалдық зорлық жасағандарды қылмыстық жазаға тартпай отырғанын» айтып, дабыл қақты.

Тегеран балаларға сексуалдық зорлық жасауды заңдастыратын, соған мүмкіндік беретін және жол ашатын барлық ережелердің күшін жоюы керек.

Тегеран «балаларға сексуалдық зорлық жасауды заңдастыратын, соған мүмкіндік беретін және жол ашатын барлық ережелердің күшін жоюы керек» деп мәлімдеді БҰҰ комитеті. Бұл ұйым қыздардың ресми балиғат жасын қазіргі 9 жастан 16-ға көтеруге шақырады.

ЮНИСЕФ статистикасына негізделген есепке сүйенсек, әлемде әр жеті секунд сайын 15 жасқа толмаған бір қыз бала зорлықпен күйеуге беріледі, олардың арасында он жасқа толмағандар өте көп.

Тегерандық әлеуметтанушы Мостафа Еглиманың айтуынша, әлеуметтік дамудың жоқтығы мен ауылда қалыптасқан керітартпа дәстүрдің кесірінен кішкентай қыздар күйеуге беріледі.

- Шағын қалалардың халқы өте кедей. Оларға қыздары сегізде я тоғызда болса да бәрібір, ойланбай ұзата береді. Әдетте олардың күйеулері де тым жас, 18, 15 не 16 жаста болады, - дейді Еглима.

Бельгиялық балалар психологы Мойган Кахеннің айтуынша, бала күнінде күйеуге берілген қыздар психологиялық дертке ұшырайды.

- Оның бір белгісі – адам үнемі үрейленіп өмір сүреді, - деді Кахен телефон арқылы берген сұхбатында.

Голназ Есфандияридің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG