"ҮЙІНДІ АСТЫНАН АЛЫП ШЫҒУ ҮШІН КРАН КЕРЕК"
Түркияда жойқын жер сілкінісінен кейін хабарсыз кеткен Қазақстанның екі азаматы – Мирболат Құрмашев пен Әділ Қадырбеков қайда екені анықталған. Бірақ құтқарушылар оларға жете алмай жатыр. Құрмашевты іздеп Қазақстаннан Түркияға барған бауыры Алмат Құрмашев пен Astana Hub технопаркінің бас директоры Мағжан Мәдиевке сүйенген Orda.kz осылай деп хабарлады.
Алматтың айтуынша, Мирболат Құрмашев пен Әділ Қадырбеков 6 метр үйінді астында қалған. Әзірше екеуімен ешқандай байланыс жоқ.
Антакия қаласында зілзаладан кейін астында адамдар қалған ғимарат кез келген сәтте опырылып құлап түсуі ықтимал екенін, оларды алып шығу үшін кран, дрон, тепловизор керегін айтқан Алмат Құрмашев жұрттан көмек сұрады.
"Бізге 70 тоннаны көтеретін кран керек. Одан кейін FPV дроны немесе камерасы бар, қашықтан басқарылатын аппарат қажет. Оны ғимараттың төбесіне ұшырып, қалай жетуге болатынын көру керек. Тыңдау үшін тепловизор, дыбыс жабдықтары қажет. Осыны беретін таныстарыңыз болса, алғыс айтар едік" деді Мирболаттың бауыры Алмат Құрмашев. Оның сөзінше, Мирболат Құрмашев пен Әділ Қадырбеков 6 метр үйінді астында қалған. Әзірше екеуімен ешқандай байланыс жоқ.
Түркияда үйінді астында қалған Қазақстан азаматтарын құтқару мақсатында Telegram-нан ашылған @rescuekz арнасы кейінгі видеосында "үміт біртіндеп үзіле бастағанын, ешқандай техника берілмегенін" хабарлады. Видео 9 ақпан күні жергілікті уақыт бойынша сағат 6-да (Алматы уақытымен таңертеңгі сағат 9) жазылғанға ұқсайды.
"Әлеуметтік желі арқылы кран іздеп жатқанымызға бес сағаттан асты. Біздің достарымыз үйінді астында жатыр. Өкініштісі – ешқандай техника берілген жоқ, құтқарушылар да жоқ. Амал не, үмітіміз сөніп барады. Шынымды айтсам, не істеу керегін де білмей отырмын. Ойымызға келген нәрсенің бәрін жасап көрдік. Таңертеңгі 8-ге дейін техника мен адамдар әкеледі деп үміттенеміз. Мұнда өте суық. Қалың киініп алғанмын, сонда да тоңып жүрмін. Ол жақтағылардың хәлін елестету тіпті қиын" деді Алмат Құрмашев.
"ТІРІ ТАБЫЛДЫ, ҚОЛЫ СЫНҒАН"
Мирболат Құрмашев пен Әділ Қадырбековті басып қалған үйінділердің арасынан 8 ақпанда Қазақстанның тағы бір азаматы Сәбина Мамадиярова құтқарылған еді. Ол туралы Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров хабарлады.
"Әзірше Сәбина Мамадиярова мен оның түрік досы Құбылай Кескін табылды. Екеуі де аман-есен, оларды дәрігерлер тексеріп шығуға тиіс. Жұмыс жалғасып жатыр. Қалған балалар да аман-есен табылады деп үміттенеміз" деді Смадияров.
Әлеуметтік желілерде құтқару жұмысы кезінде табылған Сәбина Мамадиярованың суреті жарияланды. Оның қолы сынған деген ақпарат тарады.
Қазақстан сыртқы істер министрлігі "Түркияда 75 мыңға жуық Қазақстан азаматы болуы мүмкін, 8 мыңы – студент" деп топшылайды. Бұған қоса, Түркияда қазақ диаспорасы да тұрады. Олар өткен ғасырдың орта шенінде коммунистік режим билеген Қытайдан қашып, Үндістан мен Пәкістан арқылы Түркияға қоныс аударған қазақтардың ұрпағы.
Сейсенбі күні Қазақстаннан құтқарушылар мен дәрігерлер тобы зілзаладан зардап шеккендерге көмектесуге Түркияның Газиантеп қаласына ұшып барған. Қазақстан Түркияға шұғыл көмек ретінде 1 млн доллар бөледі деген ақпарат тарады. Ақорда Қазақстан Түркияға жан-жақты қолдау көрсететінін хабарлады.
Түркияның оңтүстігі мен Сирияның солтүстігінде 6 ақпанда болған аса ірі екі жер сілкінісінен кейінгі құтқару жұмысы әлі жалғасып жатыр. Reuters және өзге де ақпарат агенттіктері зілзаладан қаза болған адам саны 15 мыңнан асқанын хабарлады. BBC мәліметінше, Түркияда 9 мыңнан көп, Сирияда 2,5 мыңнан астам адам мерт болған. Түркияда бір апта аза тұту жарияланды.
ҚҰРБАН БОЛҒАНДАР КӨБЕЙІП ЖАТЫР, ТҮРІК БИЛІГІ СЫНҒА ҚАЛДЫ
Түркияның өзінде қираған қала тұрғындары үкіметті сынап жатыр. Сәрсенбіде Түркия президенті Режеп Ердоған жойқын жер сілкінісінен зардап шеккендерге алғашқы шұғыл көмек тиісті дәрежеде берілмей отырғанын мойындады. Биыл мамыр айында өтетін президент сайлауына түсуге дайындалып жатқан Ердоған зардап шеккен аймақтарды аралап, шұғыл қызмет енді "қалыпты" жұмыс істей бастағанын, ешкім далада қалмайтынын мәлімдеді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Түркиядағы өкілдігі бұл елде жер сілкінісінен зардап шеккендер 53 мыңнан асқан деп хабарлады. Сириядағы зілзаладан зардап шеккендер туралы нақты мәлімет жоқ. Халықаралық ұйым табиғи апаттан қаза болған адам саны 20 мыңнан асуы мүмкін деген болжам айтады.
ЮНИСЕФ "жер сілкінісінен мыңнан астам бала мерт болған" деген дерек жариялады.
Зілзала болған аймақта мыңдаған адам баспанасыз қалған. Мыңдаған ғимарат, оның ішінде аурухана, мектеп, көпқабатты тұрғын үйлер қираған.
Іздеу-құтқару жұмысына 12 мыңнан астам төтенше жағдай қызметкері мен 9 мың әскери адам жұмылдырылған.
Әлемнің 70 елі Түркия мен Сирияға құтқарушылар мен дәрігерлер тобын жіберген. БҰҰ жер сілкінісінен зардап шеккендерге шұғыл гуманитарлық көмек беру үшін арнайы қорға 25 млн доллар бөлді.
ПІКІРЛЕР