Accessibility links

Қазақстан құтқарушылары зілзаладан зардап шеккен Түркияға көмекке кетті


Қазақстан құтқарушылары жер сілкінісінен зардап шегіп отырған Түркияға көмектесу үшін Алматы қаласынан ұшып кетті. Бұл ақпаратты Қазақстанның төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі 7 ақпанда, таңертең таратты.

"Қазақстан құтқарушылары Түркияның Газиантеп қаласына барады. Құтқарушылар арасында кинологиялық бөлімше мен дәрігерлер бар" дейді төтенше жағдайлар министрлігінің өкілдері.

Түркияның оңтүстік-шығысындағы жойқын жер сілкінісінен өлгендер саны 3 мыңға жуықтаған. Мұны Түркияның төтенше жағдайлар жөніндегі басқармасының басшысы Юнус Сезарға сілтеп, Түркияның Anadolu ақпарат агенттігі хабарлады. Бұл ақпаратқа қарағанда, жер сілкінісінен 16 мыңға жуық адам жараланған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропадағы төтенше жағдайлар бойынша аға қызметкері Кэтрин Смоллвудтің хабарына қарағанда, Түркияда жер сілкінісінен өлгендер қазіргі мәліметтердегіден сегіз есе көбеюі мүмкін.

Түркия президенті Ердоғанның айтуынша, бүгінге дейін Түркияға әлемнің 45 елі көмектесуге уәде берген. Оның ішінде АҚШ та бар. Ақ үйдің хабарына қарағанда, АҚШ Түркияға әрқайсында 79 құтқарушысы бар екі топ жіберген. Ресей мен Украина да көмек ұсынған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG