Accessibility links

Kaspi.kz ақша аударымына салық салу. Билік ескі мәселені қайта көтерді


Көкөніс сатып алуға ақша аудару үшін саудагердің қабырғаға жазып қойған телефон нөмірін теріп тұрған тұтынушы. Алматы, 25 ақпан 2021 жыл.
Көкөніс сатып алуға ақша аудару үшін саудагердің қабырғаға жазып қойған телефон нөмірін теріп тұрған тұтынушы. Алматы, 25 ақпан 2021 жыл.

Қазақстан үкіметі бизнес өкілдерінің банк қосымшасы арқылы онлайн төлем түрінде алатын табысына салық салу мәселесін тағы да көтерді. Қазір елде Kaspi.kz ақша аудару жүйесін пайдаланатындар көп. Негізгі мәселе ол ақшаның қандай мақсатқа аударылғанын дұрыс ажыратуда болып отыр.

19 ақпанда премьер-министрдің орынбасары Әлихан Смаилов банк картасына жасалатын ақша аударымдарына салық салудың жаңа жоспарын жариялады.

Әлихан Смаилов қаржы министрлігі алқасының отырысында "Кәсіпкерлерге тұтынушылардан банктердің мобильді қосымшалары арқылы аударылған ақшаны тіркеу мәселесін шешуге ерекше назар аудару керек. Ақша аудару төлем жүйесі қарқынды дамып, нарық ауқымы ұлғайып жатыр. Бірақ бұған қоса салық төлеуге міндетті кәсіпкерлер тиісті салықты толық көлемде төлеуін қамтамасыз етуге тиіспіз" деді.

Бұл жаңалықты естіген қазақстандықтар, әсіресе өзіне оңды-солды айыппұл салынуы мүмкін деп қорыққан жеке кәсіпкерлер оны қызу талқылай бастады.

Дәл осы мәселе Қазақстанда 2019 жылы да көтерілген. Қаржы министрінің орынбасары Берік Шолпанқұлов бақылаушы органдар ақша аудару қызметін ұсынатын барлық банкті тексеріп шығады деп мәлімдеген. Министрлік әр клиенттің шотын тексеріп, онлайн ақша аударымынан табыс тауып отырғандарды анықтамақ болған. Вице-министр бизнес өкіліне табыс түсіп отырғанын "әртүрлі жеке тұлға аударған ақшаға" қарап ажыратуға болатынын айтқан.

Ол кезде де қазақстандықтар үкіметтің бастамасына қарсы шығып, ақыр соңында қаржы министрлігі бастапқы райынан қайтқан. 2019 жылғы 1 қарашада қаржы министрінің орынбасары Руслан Еңсебаев "Бүгінде Kaspi Gold төлем әдісі өте танымал механизмге айналды. Бұл қызмет түрі төлем жүйелері туралы заңға сәйкес келгенімен, салық кодексі мен төлемдерді тіркеу тұрғысынан алғанда дұрыс емес. Төлем жүйесіндегі қаржы операциялары салық органында тіркелмейді. Аталған механизмге тыйым салуды ойластырғанбыз, бірақ бұл экономикамызға кері әсер етуі мүмкін" деді.

Вице-министр өз сөзінде онлайн төлемдер 10 пайызға артса, жалпы ішкі өнім 1 пайызға өсетінін, ведомство "осы қарқынды сақтап, халықты төлем жүйесін әлдеқайда дұрыс әрі өркениетті түрде пайдалануға көшіргісі келетінін" хабарлады.

Министр Әлихан Смаилов ақша аударымдары үшін ешкім қосымша төлемдер талап етіп, салық салмайтынын айтып, кәсіпкерлер сатқан тауар мен көрсеткен қызметіне алатын онлайн төлем үшін де чек өткізуі керегін ескертті.

Дүкендегі Kaspi.kz терминалына кезекте тұрған адамдар. Семей, 25 ақпан 2021 жыл.
Дүкендегі Kaspi.kz терминалына кезекте тұрған адамдар. Семей, 25 ақпан 2021 жыл.

2021 жылы кәсіпкерлер ақша аударымы үшін салық төлеуі тиіс екені белгілі болды. Осыған дейін "онлайн төлемнің артуы көлеңкелі экономиканың азаюына ықпал етеді" деген министр енді ақша аударымдарына салық салу туралы шешімін "көлеңкелі экономика деңгейін азайтуға бағытталған шара" деп түсіндірді.

Кәсіпкерлер мен сарапшылар үкіметтің шешімі онлайн төлем үлесін азайтып, бизнестің бір бөлігі жасырын жұмыс істеуге көшуі мүмкін деп қауіптенеді.

ӘЗЕР КҮН КӨРІП ЖҮРГЕНДЕРДІ ЕМЕС, "МИЛЛИОНЕРЛЕРДІ" БАҚЫЛАУ КЕРЕК

Кәсіпкер Олег Петрушин азық-түлікке жатпайтын тауарлар сатумен айналысады. Жұрт одан тауарды көбіне қолма-қол ақшаға сатып алады. Соның өзінде кәсіпкер мұндай салықтың салмағы болатынын айтады.

– Kaspi [онлайн ақша аудару жүйесін] ұсақ ақша алуға ғана пайдаланамын. 100, 50, 20 теңге сияқты майда ақша табыла бермейді. Ақша қайтару қиын. Ол үшін жеке шот ашу маған тиімсіз. Оның бәрін қалай тіркейтінімді елестете де алмаймын. Төлемнің өзі қосымша шығын туғызып отыр, ал бұл тауар бағасына әсер етеді, – дейді ол.

Олег Петрушин кәсібі жеңіл болғанымен, мемлекеттік органдарға өткізетін салық туралы есебі қиын екенін, сондықтан онлайн төлемдер бойынша жеке есеп тапсыруға шамасы жетпейтінін айтады. Кәсіпкер онлайн төлемнен бас тартуды ойлап отыр.

– Бізді онлайн төлем бойынша есеп тапсыруға міндеттесе, айыппұл салына бастаған кезде кәсіпкерлер реакция білдіреді деп ойлаймын. Мемлекет кәсіпкерлерден терминал, касса аппараты мен штрихкод сканерінен тұратын толық кешен орнатуды талап етіп отыр. Бұл үшін жеке жұмыс орнын құру керек! Зертханада тәжірибе жасайтын қоян сияқтымыз, не болса да бізді сынақтан өткізіп көреді. Бірақ біз, кәсіпкерлердің негізгі бөлігі үндемей отырмыз. Айтып, дәлелдеуден шаршадық, сондықтан жай ғана бағынамыз, – дейді Петрушин.

Ақтөбеде тұратын жеке кәсіпкер Асқар Ақтілеуов мемлекет ақырындап жеке тұлғалардың ақша аударымына "араласа" бастады деп есептейді.

– Теориялық тұрғыдан алғанда бұл дұрыс: бірнеше үйі, қымбат көлігі болса да, табысын жасырып, салық төлемейтін кәсіпкерлер бар. Олар зейнетақы жарнасын аудармайды, миллиондаған ақша айналымына қарамастан, ең төменгі жалақы төлейді. Адамдардың табысын жасырып, жалақыны қолма-қол ақшамен төлеп, екі түрлі есеп жүргізуіне мемлекеттің өзі ықпал етіп отыр. Ауылда торт пісіріп күн көріп отырған немесе мәтін аударып табыс табатындарды емес, осындай "миллионерлерді" бақылау керек, – дейді Асқар.

Оның сөзінше, 2023 жылға дейін табыс салығына мораторий жарияланғанына қарамастан, жеке кәсіпкерлердің жағдайы жақсара қоймаған.

– Батыста кәсіпкерлер табысын жасырмай, ашық жұмыс істеуі үшін оларды ынталандырып отырады. Әр жолы мәселе шығарып, айыппұл сала бергенше, жеке кәсіпкерлікпен айналысуға ынталандырсын. Адамдар мұндай қадамға саналы түрде баруы үшін ауызша ескерту жасасын. Заңды пайдаланып қысым көрсетсе, халыққа да, мемлекетке де жақсы болмайды. Көлеңкелі бизнес көлемі артады. Адам өзі түсініп, ашық жұмыс істеуге көшуі керек. Ол қанша тауар сатқанын өзі көрсетіп, табысынан мемлекетке салық төлеуі қажет, – дейді кәсіпкер.

Анар Ақшатаева күйеуімен бірге химиялық заттармен киім тазалайтын шағын кәсіппен айналысады. Олар онлайн төлемге салық салу туралы жаңалыққа алаңдамайды. Өйткені бұрыннан кәсіпкерлік қызметке арнап жеке шот ашып қойған.

– Барлық жерде қарбалас болып, адамдар жеке мақсаттағы ақша аударымына, туыстарға жіберген ақшаға да салық салынады деп уайымдады. Біз жеке кәсіпкер ретінде тіркелгенбіз, жеке шотымыз бар. Онсыз да Kaspi QR қызметін қолданамыз, бәрін ашық жүргіземіз. Бастысы, жалпы қысымға ілініп кетпесек болды, олар жеке шотымыз барын есепке алмаса қайтеміз? Одан бөлек, жеке шотымыз бар. Ақшаны сол жаққа аударса, олар мұның жеке аударым я бизнес төлем екенін қалай ажыратады? – дейді ол.

Анар Ақшатаева айтып отырған Kaspi QR – мобильді төлемдер жүйесі. Оның көмегімен жеке кәсіпкерлер Kaspi Gold картасынан төлем қабылдап, салық төлей алады. Қыркүйекте іске қосылған бұл жүйе аз уақыт ішінде жұртқа кең танылып үлгерген.

Дүкен есігіне бұл жерде тұтынушы мобильді телефонмен ақша аудара алатынын меңзейтін жарнама ілінген. Семей, 25 ақпан 2021 жыл.
Дүкен есігіне бұл жерде тұтынушы мобильді телефонмен ақша аудара алатынын меңзейтін жарнама ілінген. Семей, 25 ақпан 2021 жыл.

Кәсібін жаңа бастаған Асқар Садықов мобильді телефонға арналған аксессуар сатады. Ол қазірдің өзінде жеке шотына артық ақша салмайтын болған.

– Қазір шотыма ақша салуға қорқамын, қарапайым ақша аударымын бизнес төлем деп есептеп жіберуі мүмкін ғой. Біздің салық қызметі ойланса деймін. Біріншіден, бұл жеке өмірге араласуға жатады, екіншіден көлеңкелі бизнестегі табысты заңдастыруға көмектеспейді. Олар керісінше, кәсіпкерлерді ынталандыруы керек, – дейді ол.

Асқар кәсіпкерлер арасында табысын жасыратындар көбеюі мүмкін деп болжайды.

– Көлеңкелі бизнеске кететін кәсіпкер көбейеді деп ойлаймын. Өйткені біз тауар әкелгеніміз, оны сатқанымыз үшін салық төлейміз. Енді ақша аударғанымыз үшін де салық төлейін деп отырмыз. Дүкенде чек берілмесе, маған да ұнамайды. Ондай дүкеннен әдейі аулақ жүруге тырысамын. Әр кәсіпкерде POS-терминал мен касса аппараты болғанын қолдаймын, бірақ ақша аударымына салық салуға қарсымын, – дейді өз ұстанымын түсіндірген Асқар.

"СІЗ ТАБЫСЫҢЫЗДАН САЛЫҚ ТӨЛЕЙСІЗ, ОЛ ТӨЛЕМЕЙДІ. ӘДІЛДІК ҚАЙДА?"

Қаржы министрлігінің баспасөз қызметі Азаттыққа қандай санаттағы ақша аударымдарына салық салынатынын, саудагер мен тұтынушыны қандай өзгерістер күтіп тұрғанын айтып берді.

– Мысалы, сіз су сатып алғаныңыз үшін 100 теңге жіберіп, ұмытып кеттіңіз делік. Сіздің ақшаңызға салық салынбайды. 100 теңгені жалақыңыздан төледіңіз. Жалақы алған кезде жеке табыс салығын ұстап қалады. Тауар сатып алғаныңыз үшін тағы ақша ұстаса, сізге екі рет салық салған болар еді. Сондықтан бұл шараның тұтынушыға еш әсері жоқ. Ал сатушы өз салық режимінің аясында салық төлеуі керек. Яғни, бұл сатушы 100 теңге алса, одан 3 теңге салық төлейді дегенді білдірмейді. Ол әдеттегідей есеп өткізіп тұрады, жарты жылда бір рет жалпы табыстың 3 пайызын салық ретінде төлейді. Бұл не үшін керек? Кей сатушы "мынау – қызымның номері, соған аударыңыз" деп айтады. Бұл ақша қызының немесе басқа да туыстарының шотына түседі, еш жерде тіркелмейді, бірақ бұл да табыс қой. Сіз табысыңыздан салық төлейсіз, ал ол төлемейді. Әділдік қайда? – дейді қаржы министрлігінің баспасөз хатшысы Әлібек Әбділов.

Оның айтуынша, мұндай құбылыстарға қарсы арнайы дайындалған қауіп-қатерді басқару жүйесі күресетін болады. Қаржы министрлігінің дерегінше, жеке шоттағы транзакцияларға қатысты күдік туса, кәсіпкерлер ғана емес, жеке тұлғалар да салық органы назарына ілігуі мүмкін.

– Жеке тұлғаның шотына әртүрлі сомада көп ақша түсетін болса, бұл оның кәсіпкерлікпен айналысатынын білдіреді. Мұндай жеке тұлғалар да біздің назарымызға ілігеді, – деді қаржы министрлігі мемлекеттік кіріс комитетінің төрағасы Марат Сұлтанғазиев.

– Қарызға ақша алсаңыз, сізге 100 мың теңгені күні бойы немесе бір айдың ішінде 500 теңгеден бөліп жібермейді ғой. Адам қайтыс болса, құран оқытуға ақша жинайтынын түсінеміз. Бәріне салық сала бермейміз. Бұл – жеке тұлғалар арасындағы ақша аударымы. Оның үстіне, жеке тұлғалар арасындағы ақша аударымы банк құпиясы болып саналады, ол ақпарат салық қызметкерлеріне берілмейді, – деді Әлібек Әбділов.

Қаржы министрлігі қандай ақша аударымын табысқа жатқызатынын дұрыс ажыратып, шатаспас үшін кәсіпкерлерге өз дүкеніне бизнеске арнап ашқан шотын жазып, іліп қоюға кеңес береді. Одан бөлек, ведомство мобильді қосымшадағы QR-код арқылы төлем жасаған жағдайда ақша бірден жеке кәсіпкерлік субъектісінің шотына түсетін нұсқаны дайындап жатқанын хабарлады.

Қаржы министрлігі заңды бұзғандарға қазір қарастырылған жауапкершілік түрлері жүктелетінін айтады.

– Ештеңе өзгермейді. Касс-бақылау аппаратын дұрыс пайдаланбаған, тауар сатып, чек шығармаған адамдарға дәл қазіргі әкімшілік заң қолданылады. Ақшаны мобильді аударым жүйесі арқылы алуға болады, бірақ міндетті түрде чек шығару керек, – дейді қаржы министрлігінің баспасөз хатшысы.

Ведомство бұл шаралардың жеке тұлғалар арасындағы қызмет көрсету саласына қатысы жоғын айтады. Яғни, өзара келісіммен біреудің Instagram желісіндегі парақшасын өңдеп немесе мәтін аударып берген адамдардың алған ақшасына салық салынбайды.

– Екеуі де кәсіпкер болмаса, бұл жеке тұлғалар арасындағы ақша аударымы деп саналады. Келісімшарттың бұл түрі қамтылмайды. Бірақ адам ауызша келіссе, болашақта бұл келісімшартты растау қиынға соғады. Ертең сатушы "алдап кетсе", тұтынушы ақша төлегенін дәлелдей алмайды. Бұл жерде заң тұрғысынан қарау керек. Сондай-ақ қайырымдылыққа жиналған қаржыға да салық салынбайды. Адамдар әдетте әлеуметтік желіде емге ақша жинайды. Бұл жерде тіркелмеген кәсіпкерлік қызмет белгілері бар, өйткені адамдар апталап, айлап әртүрлі сомада ақша жібереді. Бірақ мұндай ақша аударымына салық салынбайды, алайда нақты механизмдер дайындалады. Әзірге бәрі қалай жүзеге асатыны белгісіз.

Қаржы министрлігі транзакциялар мен кәсіпкерлік қызметтің ашықтығын қалай бақылайтынын, заңбұзушыларды қалай анықтайтынын білмейді.

– Кәсіпкерлерге коронавирус дағдарысынан кейін ес жиюға мүмкіндік беріледі. Олар 2021 және 2022 жылдары салықтан босатылған. Бірақ 2023 жылдан бастап бәрі барынша түсінікті әрі ыңғайлы болуы үшін осы уақытты текке жоғалтпауымыз керек. Бәрі дайындалып жатыр. Иә, 2023 жылдан бастап енгізу жоспарланып отыр, – дейді Әбділов.

Қаржы министрлігі дерегінше, әзірге төлемдерді кәсіпкерлердің жеке шотына жіберуге болады. Бірақ олар сатылған тауарды касса аппаратына тіркеп, жеке кәсіпкерлік шот ашуы керек.

"БАҚЫЛАУДЫҢ ОРНЫНА ЫНТАЛАНДЫРУ КЕРЕК"

Экономист Арман Байғановтың пікірінше, мемлекет мұндай шаралар арқылы біртіндеп қолма-қол ақша төлеу жүйесінен толық бас тартуды көздеп отыр.

– Былтыр жеке және заңды тұлғаларға банк картасымен алуға болатын ақшаның шекті мөлшері төмендетілді. Қазір енді мынадай шаралар ұсынылып отыр. Мұның бәрі болашақта "қолма-қол ақшадан" бас тартуға келе жатыр. Олар мұның бәрін қалай жүзеге асыратынын айтпайды, әзірге ештеңе белгілі емес. Кәсіпкерлік қызметке салық бақылауын күшейтетін шығар деп ойлаймын. Өте қатаң бақылау орнайды. Мен қарсы емеспін, өйткені көлеңкелі экономикадан шығу керек қой. Бірақ кәсіпкерлерді қорқытып алмау үшін мәселенің барлық қырын ескеру керек, – дейді Байғанов.

Экономистер ақша аударымдарын бақылауға алуға асығу Қазақстанда 2019 жылдан бері қарқынды дамып келе жатқан ақша аудару төлемі жүйесінің барлық жетістігін жоққа шығаруы мүмкін деп қауіптенеді. Ұлттық банктің дерегінше, 2018 жылы қазақстандық төлем карталары арқылы 524 млн төлем жасалса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 2,8 миллиардқа жеткен. 2018 жылы қазақстандық карталар арқылы аударылған төлем көлемі 6,4 трлн теңге болса, 2020 жылы бұл сома 35 трлн теңгеге жеткен.

Бизнес өкілдерінің құқығын қорғаумен айналысатын "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы ақша аударымын тіркеу басталса, салық органдары банктерден кәсіпкерлердің жеке шотындағы ақша айналымы туралы ақпарат сұрайтынын айтады.

– Жеке кәсіпкер – заңды тұлға ретінде тіркелмей-ақ, жұмыс істеуге мүмкіндік беретін ұйымдастырушылық-құқықтық форма. Тиісінше, оларда бизнеске және жеке тұлғаға арналған есепшот жоқ. Яғни, көбі кәсіпкерлік қызметке жеке шотын пайдаланады. Түсінгенім бойынша, ақша аударымын тіркеу үшін шоттарды кәсіпкерлік және жеке деп екіге бөледі. Сөйтіп ақша қозғалысын бақылауға алады. Жеке шотқа жүйелі түрде ірі көлемде ақша түсіп тұратын болса, оларды бірінші кезекте бақылауға алынатын қауіпті шот тізіміне қосады, – дейді "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі директорының орынбасары Салтанат Лесбаева.

Қаржы министрлігі жеке тұлғалардың жеке шоты бақылауға алынбайтынын, өйткені бұл банк құпиясын бұзу болып саналатынын айтты. Бірақ "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы банк құпиясы деген талап салымшыға емес, банкке қатысты қолданылатындықтан, мемлекет бұл ережені айналып өту үшін заң жобасын дайындауы мүмкін деп есептейді.

– Ақша аударымдарын тіркеуге көшпес бұрын, банктерді клиенттерінің жеке дерегін беруге міндеттейтін нормативті-құқықтық актілер қабылданады. Ұлттық банк ұлттық экономика министрлігімен бірге белгілі бір механизм дайындайды. Мүмкін кәсіпкердің жақын туыстарының есепшоттары да бақылауға алынатын шығар. Бірақ бұл жеке дерек құпиясын сақтау құқығын бұзады, өйткені біз өзіміз туралы ақпаратты ашуға рұқсат берген жоқпыз деп есептеймін. Банкпен келісімшартқа отырғанда жеке деректерімізді жинап, өңдеуге рұқсат беріп, қол қоямыз. Бірақ онда көрсетілген ақпаратқа жақын туыстарымыздың жеке деректері кіреді деп ойламаймын. Сондықтан әзірге алгоритм түсініксіз. Ақша аударымын қалай бақылауға алатыны белгісіз. Бұл кәсіпкерлік мақсаттағы ақша аударымы болмауы да мүмкін ғой. Біреу ата-анасына көмектесіп, қарызын қайтаруы мүмкін. Кейде бір адам барлығының атынан төлем жасайды, кейін достары белгілі бір уақыт ішінде қарызын қайтарады, біреулер туған күнге сыйлық ретінде ақша жібереді. Ақшаның қандай мақсатта жіберілгенін қалай анықтайтыны түсініксіз, – дейді "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының сарапшысы.

Салтанат Лесбаева бұл шаралардың кәсіпкерлік қызмет ашық болсын деген мақсатпен қолға алынып отырғанын айтады. Ол сондай-ақ азаматтардың жеке шотын бақылаудың кесірінен, ақша аударып жасалатын төлемдер тиімсіз көрінуі мүмкін деп алаңдайды.

– Бұл мәселені есепшоттарды бақылау арқылы емес, басқа жолмен шешу керек. Мүмкін бизнес ашық әрі әділ жұмыс істеуі үшін оларды ынталандыру керек шығар, – дейді Лесбаева.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG