Accessibility links

Tengri Bank-тегі "қиын жағдай" және елдегі "актив тонаудың" жаңа кезеңі


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Осы аптада батыс баспасөзі қазақстандық Tengri Bank миноритар банкінің жабылуы, Қазақстанның мұнай-газ саласынан кеткен инвестордың активтері кімнің қолына өткенін талдаған.

МИНОРИТАР БАНКТЕРДІҢ ДӘУІРІ АЯҚТАЛДЫ МА?

Ағылшын тіліндегі Eurasianet.org сайты қазақстандық Tengri Bank миноритар банкінің жабылғанын хабарлады. Банктің 42 пайызы Үндістан үкіметіне қарасты Пенджаб ұлттық банкіне тиесілі болған. Осы аптада сот шешімімен Tengri Bank қызметі тоқтады.

Банк былтыр қыркүйекте қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің шешімімен операция жасауға алған лицензиясынан айырылған. Мақалада "Бұған банктегі қайтарылмаған несие үлесінің жалпы несие портфелінің 80 пайызынан асып кетуі себеп болғаны" айтылған.

Банк толық жабылғаннан кейін екі тәуліктен соң, 5,4 млрд теңге (12,6 млн доллар) көлемінде ақша жымқырылған болуы мүмкін деген күдік бойынша жүргізілген тергеу ісінің аясында үшінші топ-менеджердің (қалған екеуі қарашада ұсталған) тұтқындалғаны туралы ақпарат шықты. Бұл жолы банктің бұрынғы басқарма төрағасы Ержан Шәйкенов тұтқындалды.

Eurasianet "Қазақстан сияқты экономикасы тиімсіз елдерде жұмыс істейтін банктер қайтарылмайтын несие қаупіне ұшырауы мүмкін, бірақ Tengri Bank-те жүргізілген тексеру кезінде "жағдайдың әлдеқайда күрделі екені анықталды": қаржы реттеушінің мәлімдемесінде "[Tengri Bank-тің] қайтарылмаған несиелерінің басым бөлігі 2015-2017 жылдар аралығында банктің қазақстандық акционерлерімен байланысы бар тұлғаларға берілген. Қайтпаған несиелердің 58 пайызы соларға тиесілі" деп жазды.

Өтімділікке байланысты мәселелердің салдарынан 2020 жылдың басына қарай азаматтар банктен депозиттерін ала бастаған. Нәтижесінде банк активтерді басқаруға байланысты негізгі қызметін атқара алмаған. Наурызда қаржы нарығын реттеу және дамыту жөніндегі агенттік акционерлерден 23 млрд теңге (53 млн доллар) көлемінде капитал құюды талап еткен, бірақ олар бұл талапты орындаған жоқ.

Eurasianet басылымының болжамынша, тағы бір миноритар банк жабылып қалудың алдында тұр. Бір апта бұрын AsiaCredit операция жүргізу лицензиясынан айырылған. Қаржы нарығын реттеу және дамыту жөніндегі агенттік бұған "банктің бақылау шаралары мен қосымша капитал құю туралы талаптарды жүйелі түрде назардан тыс қалдыруы әсер етті" деп мәлімдеді.

AisaCredit банкіндегі жағдай да мәз емес. Банк активтерінің көлемі 45 млрд теңге (107 млн доллар) болатын несие портфеліне тең. Несиелердің 70 пайызы жұмыс істемейтін, яғни, үш ай бойы төленбеген қарыз санатына жатқызылған.

Мақала авторы "Қазақстан билігі банктерді банкрот болудан құтқару үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтын күндер артта қалды" деп есептейді.

"Мемлекеттің [Tengri Bank пен AsiaCredit] банктерінің жабылуына араласпауы 2018 жылы үкімет қиын жағдайда қалған банктерге тоғыз миллиард доллардан астам қаржы құйды деп шағынған сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кезімен салыстырғанда биліктің ойы өзгергенін көрсетеді" деп жазды Eurasianet.org.

Moody's Investor Services агенттігі Tengri Bank және AsiaCredit банктері туралы шешімді құптап, мұны "биліктің банк жүйесін тазартуға бағытталған әрекетінің" жақсы үлгісі деп атаған. Moody's агенттігі әлсіз банктердің жойылуы орта деңгейлі қаржы инстиуттары мен актив көлемі бойынша нарықтың 32 пайызына ие Halyk Bank сияқты алпауыт банктер арасында бәсеке қалыптастырады деп есептейді.

Moody’s агенттігінің қорытындысына сәйкес, Қазақстанның банк саласы "жоғары жақта бірігіп, төменгі деңгейде жік-жікке бөлінген". Нарықтың 86 пайызы 10 ірі ойыншыға тиесілі. AsiaCredit сияқты қалған 16 банк "шағын үлеске" ие.

Eurasianet қаржы реттеушінің жүйені тазартып, банк секторындағы бәсекеге қабілеттілікті арттыруға бағытталған әрекетінен көп қазақстандық банкирдің көлеңкелі келісімшарттарға бейім болуы деген мәселе көріп отыр. Автордың пікірінше, бұл мәселені шешу әлдеқайда қиын болуы мүмкін.

ИНВЕСТОРЛАРДЫҢ ЖЫЛЫСТАУЫ

Вашингтоннан шығатын Diplomat онлайн-ресурсы OMV Petrom компаниясының Қазақстанның мұнай-газ саласынан кеткенін жазды. Компания акцияларының басым бөлігі австриялық OMV Aktiengesellschaft тиесілі.

OMV Petrom желтоқсанның соңында Қазақстандағы активтерін сатқан. Инвестордың (оның ішінде Румыния үкіметі мен осы елдің бизнес инвесторларының да үлесі бар) елден кететіні туралы ақпарат бірнеше айдан бері айтылып жүргендіктен, OMV Petrom-ға қарасты "Ком-Мұнай" және "Тасболат Ойл" компанияларының сатылғаны туралы жаңалыққа ешкім таңғалған жоқ.

Компания Қазақстаннан инвестицияларын алып, Қара теңіз аймағына қаржы құятынын мәлімдеді. OMV Petrom-ның Қазақстандағы қызметі компания өндірісінің төрт пайызына тең. Компания Қазақстанда 1998 жылдан бері Тасболат кен орындары тобына кіретін Комсомольское кенішінде және Маңғыстау облысындағы Ком-Мұнай кенішінде жұмыс істеген.

Diplomat басылымының дерегінше, OMV Petrom "Тасболат Ойл" компаниясын сатып алғанға дейін бұл кәсіпорын "шетелдік компаниялармен көлеңкелі келісімшарттар жасау және оффшорлық инвестициялық механизмдер қолдануда негізгі ойыншы болған". Компания 1997 жылдың басында құрылып, румыниялық инвесторлардың қатысуымен Ұлыбританияның Виргиния аралдарында тіркелген. 1997 жылы желтоқсанда Kazakhstan Minerals Corporation инвестиция компаниясы кипрлық "Гендора" бірлескен кәсіпорны мен "Маңғыстаумұнайгаз" мемлекеттік кәсіпорны арқылы компанияның 40 пайыз үлесін сатып алған.

Diplomat "Қазақстандағы мұнай және саясат" кітабының авторы Войцех Островскийдің 2010 жылы елдегі бизнес-cекторды сипаттауға қолданған "Сырттай қарағанда, қазақстандық және шетелдік серіктестерді біріктіретін компания сияқты көрінген бірлескен кәсіпорын шын мәнінде қазақстандық компаниялардың серіктестігі болды" деген сөзін келтіріп, 1990 жылдардың ортасында Қазақстанның мұнай саласында "жекешелендіру қарқынды жүріп, бұлыңғыр келісімшарттар жасалған кезең болды" деп жазды.

OMV Petrom компаниясының Қазақстандағы активтерінен бас тартатыны жайлы шешімін саралаған автор "қазір бизнес-орта элитаның елдегі активтерді тонау кезеңіне қайта оралды" деген қорытынды жасаған.

OMV Petrom компаниясының Маңғыстау облысындағы мұнай кен орындарын игеруге арналған лицензиясын инвестордың активтерін сату туралы келіссөздер қызу жүріп жатқан қазан айында құрылған Magnetic Oil компаниясы алған.

Басылымның ашық дереккөздерден алған ақпаратына қарағанда, көпшілікке бейтаныс Magnetic Oil компаниясын Елена Тюрина мен Бауыржан Бисембаев басқарады. Олар Қазақстандағы тағы бірнеше компанияға иелік етеді. Diplomat бұл туралы "Қазақстанда элитамен байланыс әлі де бизнес жүргізудің кілті болып отыр" деп жазады.

Diplomat келісімшарт құнының жарияланбауы бұл істі "одан әрі бұлыңғыр ете түседі" деп есептейді.

Осының бәрі елдің мұнай саласындағы шикізат бағасының төмендеуіне байланысты туған дағдарысқа тұспа-тұс келіп отыр. Компаниялар мұнай бағасындағы коллапс пен коронавирус пандемиясына байланысты кестеден қалып қойып, енді соның орнын толтыруға тырысып жатыр.

"Қазақстанның мұнай саласы болжауға келмейтін құбылмалы сипатқа ие болып, бұл көмірсутек ресурстарына тәуелді ұлттық экономикаға әсер етіп отыр" деп жазады Diplomat.

Қайрат Сатыбалды Люксембургтегі оффшорлық компания арқылы "Қазақтелекомға" үлескер
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:35 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG