Accessibility links

"Ақ жол" сайлауға әйел кандидат ұсынды


Дания Еспаева "Ақ жол" партиясының съезінде сөз сөйлеп тұр. Нұр-Сұлтан, 24 сәуір 2019 жыл.
Дания Еспаева "Ақ жол" партиясының съезінде сөз сөйлеп тұр. Нұр-Сұлтан, 24 сәуір 2019 жыл.

"Ақ жол" партиясы 9 маусымда өтетін президент сайлауына кандидат ретінде мәжіліс депутаты Дания Еспаеваны ұсынды.

24 сәуірде Нұр-Сұлтанда өткен "Ақ жол" съезінде партия мүшелерінің 94-і Еспаеваны қолдады. Дауыс мөлшері 50 пайыз болмағандықтан партия комиссиясы бес минут талқылау жариялады. Кейін дауыс беру қайта өтіп, Еспаеваны 170 адам қолдап, 15 адам қарсы болды.

Бұл партия атынан Дания Еспаевадан бөлек, Талғат Ерғалиев, Қуат Рахимбердин, Асан Қошмамбетов, Серік Ерубаев және Евгений Кинцель сайлауға түсуге ниет білдірді.

Егер Орталық сайлау комиссиясы Дания Еспаеваны тіркесе, ол Қазақстанда президент сайлауына түсетін алғашқы әйел кандидат болады. Еспаева 30 жылдай банк-қаржы саласында жұмыс істеген. Ақтөбе облыстық маслихатының екі шақырылымында депутат болған. Қазір "Ақ жол" партиясы атынан мәжіліс депутаты.

Съезд кезінде Еспаева "президент болып сайланса, көп балалы аналар мәселесін шешуге атсалысатынын, ұлттық қор жұмысын реттейтінін" айтты.

"Әйел ретінде, ана ретінде көп балалы отбасылардың мәселесін шеше аламын. Қазір көп балалы аналар мәселесін шешу үшін жасалып жатқан істер - уақытша шара. Көп балалы аналардың ғана емес бизнестегі әйелдердің мәселесін шешетін үлкен стратегиямыз болуы керек" деді ол.

Партия мүшелерінің бірі Еспаевадан "не үшін сайлауға түспексіз?" деп сұрады. Еспаева партия пленумында кейбір адамдардың "қазақта әйел алда жүрмеуі тиіс, әйел өз орын білуі керек" деген сөзі "шамына тигенін" айтты. Ол Қазақстанда жемқорлық үшін сотталғандардың басым бөлігі ерлер екенін, әйелдер жүрген жерде "тәртіп барын" жеткізді.

Дания Еспаева "Ақ жол" партиясы съезінде сөйлеп тұр. Нұр-Сұлтан, 24 сәуір 2019 жыл.
Дания Еспаева "Ақ жол" партиясы съезінде сөйлеп тұр. Нұр-Сұлтан, 24 сәуір 2019 жыл.

Съезд кезінде "Ақ жол" лидері, мәжіліс депутаты Азат Перуашевтің сайлауға түсуін сұрағандар да болды. Перуашев сайлауға түспейтінін айтып, "партия үшін парламентсайлауы маңызды" деді.

"ДАҢҒАЗА ШАРАЛАР" ҺӘМ "МАССОВКА МҰҒАЛІМДЕР"

Cъезд басында Перуашев сөз алып, биліктің кейбір әрекеттерін сынады. Ол елдегі жемқорлық мәселесін айтып, журналистерді қудалауды, студенттерді сайлауда дауыс беруге мәжбүрлеуді тоқтатуды талап етті. Перуашевтің сөзінше, "адам құқықтары мен бостандығы мемлекеттің басты құндылығы болуы тиіс".

"Елдің байлығы мұнай мен темір емес. Біздің дарынды, еңбекқор халқымыз. Халықты біліммен, сапалы медицинамен қамтамасыз етіп, әлеуметтік көмек көрсетуіміз керек. Білім саласына тәжірибе жасай беруді тоқтату керек. Оқушылар мен мұғалімдерді мазақтауды тоқтатайық. Оқушыға өзінен үлкен портфель арттырып қоямыз. Оқулықтар сапасыз. Педагогтар түрлі шараларда кезекшілік атқарып, "массовка" болып жүреді. Бірақ мұғалімдердің айлығы аз" деді ол.

Перуашев жиында елдегі медициналық сақтандыру жүйесін, дәрігерлердің жұмысын сынады және елде "даңғаза шаралардың" санын азайтуды талап етті.

Съезде Перуашев ауыл шаруашылығы, шағын кәсіпкерлер үшін салықты төмендету керегін, өз-өзін жұмыспен қамтығандарды салықтан толық босату қажеттігін айтты. Оның сөзінше, "жері байлыққа толы Қазақстанда кедейлер болмауы тиіс, халық балаларын емдету үшін әлеуметтік желіде көмек сұрамауы керек".

"Ақ жол" лидері елде бұған дейін өткен сайлауларда бәсеке болмағанын ишарамен айтып, 9 маусымдағы сайлауда барлық сайлау бөлімшесіне адамдардың түрін танитын камера орнатуды ұсынды. Оның ойынша, камералардың көмегімен бюллетеньдерді топтап тастау, бір адамның екі рет дауыс беруін алдын алуға болады. Перуашев "сайлау нәтижесін бұрмалағандарды қылмыстық жауапкершілікке тарту керек. Сайлауда дауыс ұрлау – халықтың конституциялық құқығын таптау" деді.

Бүгін, 24 наурызда "Ұлы дала қырандары" республикалық қозғалысы ұсынған кандидат Сәдібек Түгел қазақ тілінен емтихан тапсырып, өтті. Осы күні Қазақстан Республикасы кәсіподақтар федерациясы (ҚРКФ) сайлауға Батыс Қазақстан облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Амангелді Таспиховты кандидат ретінде ұсынды.

Ал 23 сәуірде "Нұр Отан" партиясы ұсынған кандидат, қазіргі Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілі сынағын тапсырған.

Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 9 маусымда өтеді. Кандидаттарды ұсыну 28 сәуірде, ал тіркеу 11 мамырда аяқталады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG