"ЗАҢСЫЗ ШЫҒАРЫЛҒАН ЖҰМЫСЫНА ҚАЙТА АЛЫНСЫН"
Алматы облысы Іле ауданы Қараой ауылының тұрғыны Еркетай Шайхина жарты жылға созылған сергелдеңнен кейін мектептегі бұрынғы қызметіне қайта кірісті. Былтыр желтоқсанда Байсерке ауылындағы №12 мектеп директорының бұйрығымен босатылған соң ол жұмыстан заңсыз шығарылғанын айтып, сотқа жүгінген. Мұғалім мен мектеп әкімшілігі арасындағы дауды қараған сот жақында істі Шайхинаның пайдасына шешті.
Сот мектеп әкімшілігіне Еркетай Шайхинаға жұмыссыз жүруге мәжбүр болған уақытына тиесілі 3 миллион теңге еңбекақы мен оның ісі қаралған кезде көмектескен өкіліне 300 мың теңге төлеуді міндеттеген.
13 маусымда Байсеркедегі №12 мектептің директоры Анар Монтаева "Шайхина Еркетай Тілектесқызы директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары лауазымына және 8 сағаттық апталық жүктемесімен 3-4 сыныптардағы 2 түзету сағаты, 10-11 сыныптардағы "Жаһандық құзіреттілік" элективті курсының 6 сағатымен қайта қабылдансын" деп бұйрық шығарды. Бұйрыққа Іле аудандық сотының 12 маусымдағы шешімі негіз болғаны көрсетілген.
Мектеп әкімшілігі бір ай мерзім ішінде сот шешіміне қарсы апелляцияға шағым бере алады.
"БЕЛСЕНДІЛІГІМ БАСШЫЛЫҚҚА ЖАҚПАДЫ"
Еркетай Шайхина "жұмыстан заңсыз шығуыма басшылыққа жақпаған белсенділігім себеп болды" деп есептейді. Ол аудандағы өзі істейтін және өзге мектептерде басшы қызметте ротация жүргізілмейтінін, мектепте бастауыш сынып пен денешынықтыру пәні мұғалімдерінен кабинет пен спорт залды жөндеуге заңсыз қаржы жиналатынын, мектепте кеңсе заттары жетіспейтінін, т.б. мәселелерді айтып, мәселе көтерген.
Алматы облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментіне хатында Еркетай Шайхина Іле ауданындағы №12 мектепте директор ауыспағанына алты жылдан асқанын, №28 мектепте директор зейнетке шыққанына екі жыл болса да орнын босатпай отырғанын жазған.
– Мектеп әкімшілігінің ғана емес, аудандық оқу бөлімінің де дұрыс емес істерін сынадым. Уақытылы ротация жүргізілмеуі, зейнетке шыққан адамның директор қызметінде қала беруі заңсыз екенін айттым. Сол үшін басшылыққа жақпадым, – дейді Шайхина.
Оның хатынан кейін былтыр №28 мектептің директоры босатылып, орнына №12 мектептің директоры тағайындалған. Ал 2022 жылғы 27 қазанда №12 мектепке бұрын Іле ауданындағы мектептердің бірін басқарған Анар Монтаева директор міндетін атқарушы болып келген.
"Бірақ содан кейін маған қысым жасала бастады" дейді Еркетай Шайхина.
Ол екі жыл мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарған кезде бірде-бір рет ескерту алмағанын, былтыр күзден бастап жұмысына кінә тағу көбейгенін айтып берді.
"Тіпті мұғалімдерден ақша жинадың деп қаралады. Директор мені қысымға алып, үстімнен өзге мұғалімдерге арыз жаздыртты. Түсініктеме алды. Соған шыдамай қолымды жарақаттауға бардым" деген ол қатты күйзелістен жасаған осалдығын басқалар өзіне қарсы пайдаланбақшы болғанын айтады. Өзін дені сау адам емес деп көрсеткісі келгендерге тойтарыс беру үшін өз еркімен білікті сот сарапшысының тексеруінен өткен. Маманның сараптама қорытындысында Шайхинаның ақыл-есі түзу екені, оған аса ауыр психологиялық қысым жасалып, жан-дүниесіне қатты әсер еткені айтылған. Шайхинаның талабы бойынша, бұл сараптама қорытындысы сот қараған іс материалдарына тіркелген.
Еркетай республикалық "Зерде" байқауына қатысқан оқушыларға марапат қағазын беру үшін мұғалімдерден 300 теңгеден жинау туралы тапсырманы аудандық оқу бөлімінің бұрынғы қызметкері берді дейді. Бұған дәлел ретінде әлгі адамның сөзі жазылған аудио мен ауданға қарасты мектеп басшылығының банк картасынан қаражат аударылғанын растайтын құжаттың көшірмесін көрсетті.
– Мен тек соның тапсырмасын орындадым, – деді Шайхина.
Ол даулы ақшаны жинауға тапсырма берген аудандық оқу бөлімінің қызметкері кейін сөгіс алғанын айтты.
ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ӘДЕП КЕҢЕСІ: ЖҰМЫСТАН КЕТСІН
2022 жылғы 12 желтоқсанда Байсерке ауылындағы №12 мектеп директорының міндетін атқарушы Анар Монтаева Еркетай Шайхинаны жұмыстан босату туралы бұйрыққа қол қойған.
Азаттық тілшісімен әңгімеде Монтаева Шайхинаның "директор қысым жасады" деген сөзін үзілді-кесілді жоққа шығарды. Өзі мектеп басшылығына келген бір жарым айдың ішінде Шайхинаның үстінен жиналған арыз-шағымдар мен түрлі түсініктемелерге толы папканы көрсетті.
"Ол қолын кескеннен кейін ата-аналар Еркетайдың жұмыстан кетуін талап етіп, мектептен кетпей қойды. Мен ата-аналардың талабын орындадым" деді директор.
– Шайхинаны жұмыстан шығару туралы бұйрығымның заңды-заңсыздығын тексерту үшін алдымен аудандық білім бөліміне зерделеуге жібердім. Олар бұйрықтың заңды екенін айтты, – деді мектеп басшысы.
Іле аудандық білім бөлімі 2022 жылғы 21 желтоқсанда мектеп директорына жолдаған жауап хатта Еңбек кодексінің 52-бабына сілтеме жасап, "тәрбиелеу функцияларын атқаратын жұмыскер осы жұмысын жалғастырумен сыйыспайтын, моральға қайшы қылықтар жасаған" жағдайда жұмыс беруші өз бастамасы бойынша еңбек шартын бұза алатыны жазылған.
"Жұмыс беруші мектеп директоры болғандықтан, заңға сәйкес, еңбек шартын бұзып, жұмыстан босатуға құқылы екенін" түсіндірген.
Монтаева Шайхинаның даулы ақшаны олимпиада жеңімпаздарын марапаттауға аудандық білім бөлімінің тапсырмасымен жинап жатқанынан бейхабар болғанын, оны "кездейсоқ көріп қалған" соң мұғалімдерден түсініктеме алғанын айтты.
Педагогикалық әдеп кеңесі
Қазақстанда "Педагог мәртебесі туралы" заң қабылданғаннан кейін, сол кездегі оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовтің №190 бұйрығымен білім беру ұйымдарында педагогтердің педагогикалық әдепті сақтауы мәселелерін қарайтын алқалы орган – педагогикалық әдеп жөніндегі кеңес құрылған. Кеңеске педагогтердің педагогикалық әдеп сақтау мәселелері бойынша жеке және заңды тұлғалар жүгіне алады деп белгіленген.
Үш жыл мерзімге сайланатын кеңес мүшелерінің саны тақ болуы және жеті адамнан кем болмауы шарт. Кеңес құрамы жергілікті білім бөлімінің, кәсіподақтың немесе үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерінен, кемінде екі педагог пен зейнетке шыққан педагогтердан жасақталады.
Кеңестің негізгі міндеті ретінде:
- педагогикалық этиканың бұзылуын бақылау, алдын алу;
- педагогикалық әдептің сақталуын қамтамасыз ету;
- білім беру ұйымының басшысына педагогикалық этика нормаларын бұзу фактілерін тексеру туралы ұсыныстар енгізу;
- білім беру ұйымының басшысына еңбек тәртібін нығайту, педагогикалық әдеп нормаларын бұзудың алдын алу бойынша ұсыныстар енгізу;
- білім беру ұйымы басшысының қарауына педагогикалық этиканы бұзғаны үшін мұғалімдерді тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы ұсыныстар енгізу секілді бірнеше функцияны көрсеткен.
Бірақ әдеп кеңесі мектеп басшылығына педагогті жұмыстан шығару жөнінде ұсыныс енгізетіні айтылмаған.
Азаттық тілшісі Бейсеркедегі №12 мектептің педагогикалық әдеп кеңесінің 2022 жылғы 22 қарашада өткен отырысының хаттамасымен де танысты. Жиында жалғыз мәселе – мектеп директоры міндетін атқарушы Анар Монтаевадан түскен өтініш қаралған. Онда директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Еркетай Шайхинаның "мектеп мұғалімдерінен "Зерде" байқауының нәтижесі бойынша алғыс хатқа заңсыз ақша жинағаны, мектеп басшысына бағынбайтын әрекеттерге барып, мектеп әкімшілігінің жұмысына кедергі келтіретіні, әлеуметтік желіге мектептің атын көрсетіп, күнбе-күн ақпараттар жазып, мектеп басшысына жала жабатын әрекеттері" туралы жазылған.
Шайхинаны талқылаған жиында әдеп кеңесі мүшелерінің бірі оған "Мектебімізді алты жылдан аса басқарған бұрынғы директордың жұмыстан кетуіне сіз себеп болдыңыз" деп кінә артса, тағы бірі "Облыстық білім басқармасының басшылары отырған WhatsApp топта облыстық бақылау департаменті бастығының жазбасына түзету енгізіп, ол кісінің қателігін бетіне басатын кім едің?" деп мінейді.
Жиында сөйлегендердің барлығы, соның ішінде осы педагогикалық әдеп кеңесінің төрайымы әрі мектептің кәсіподақ ұйымының жетекшісі Тамара Ғаниева да Шайхинаны қатты сынаған.
"Кәсіподақ ұйымына мұғалімнің құқығы тапталғаны туралы бірде-бір рет арыз-шағым түскен емес. Мұғалімнің құқығын қорғайтындай сіз кімсіз? Бұл мектептің басшысы бар. Кәсіподақ комитеті бар. Өз лауазымыңызды асыра пайдаланбағаныңыз дұрыс деп білемін. Мектептің абыройын түсіруге жасап жатқан әрекетіңізді құптамаймын, сіздей адаммен бірлесе ұжым жұмыс жасай алмайтынын айтқым келеді" деген Ғаниева.
Шайхина өзіне тағылған айыптармен келіспейтінін айтып, жиынның аяқталуын күтпестен кетіп қалған.
Кеңес мүшелері "мектеп басшысының рұқсатынсыз әлеуметтік желіге негізсіз ақпараттар жариялап, мектеп әкімшілігіне үнемі қарсы шығып, жұмысына кедергі келтірген, мектепте басшылық салада екі жыл мерзім ішінде оқу-тәрбие процесін жандандыруға бірде-бір нақты, мазмұнды әрекет етпеген және мектеп абыройын асыруға ешқандай үлес қоспаған" Шайхинаның бұл ұжымда жұмыс істеуіне қарсы екендерін айтып, "оны жұмыстан шеттетуді талап етеміз" деп дауыс берген. Жиынға қатысқан он адамның барлығы хаттамаға қол қойған.
№12 мектептің педагогикалық әдеп кеңесі бірыңғай мектеп мұғалімдерінен құралған. Арасында зейнетке шыққанымен, мұғалімдіктен әлі қол үзбеген ұстаздар да бар.
– Шайхина әлеуметтік желіде дәлелденбеген ақпараттар жариялады. Соның кесірінен мектебіміз тексеруден көз ашпады. Бұл мұғалімдерге психологиялық қысым болды. Бұл тек мұғалімдерге ғана емес, мектеп басшылығының жұмысына да кедергі болды, – деді Тамара Ғаниева Азаттыққа.
Әдеп кеңесімен бірге мектептегі кәсіподақ ұйымын да басқаратын Ғаниева "Бұрын мұндай дау болмағандықтан мәселені дұрыс жағынан қарай алмаған да болуымыз мүмкін. Бірақ Еркетайдың жұмыстан кетуіне әдеп кеңесінің шешімі ғана емес, оның жұмыс уақытында қолын қасақана тіліп, бопса жасауы себеп болды" деді.
ЕҢБЕК ИНСПЕКЦИЯСЫ: СОТҚА ЖҮГІНІҢІЗ
Еркетай Шайхина өзі істеген білім мекемесінің кәсіподақ ұйымының жетекшісі оның жұмыстан шығуына атсалысқаннан кейін, әділдікті басқа жерден іздеуді ұйғарған.
Жұмыстан қуылған мұғалім мүше болып кірген Алматы облыстық салалық кәсіподақтар ұйымының төрағасы Сұлтан Сүлеев 20 ақпанда Еркетай Шайхина мен №12 мектеп әкімшілігі арасындағы дауды сотқа дейін реттеу жөніндегі келісім комиссиясының отырысына қатысқанын айтады.
Ол жиынға да Тамара Ғаниева жетекшілік еткен.
– Мектептегі әдеп кеңесі мен кәсіподақ ұйымын бір адам басқаратынына қайран қалдым. Екеуі де сайланбалы орган. Ол жерде кәсіподақ жетекшісінің төраға болуы – заңсыз. Өзі мұғалімді жұмыстан шығаруды талап еткен адам келісім комиссиясының төрағасы болып отыр. Күлкілі жайт, – дейді Сүлеев.
Оның айтуынша, келісім комиссиясының тоғыз мүшесінің төртеуі педагогикалық әдеп кеңесінің құрамында бар.
Алматы облысының еңбек инспекциясы бойынша басқармасының басшысы Талғат Өмірәлиев Еркетай Шайхинаның 17 сәуірде жазған арызына берген жауабында мектеп әкімшілігі онымен жасасқан еңбек шартын Еңбек кодексінің талаптарын бұза отырып үзгенін айтып, бұл бойынша сотқа жүгінуге кеңес берген.
Мектеп директорының бұйрығына келіспеген Шайхина сотқа арызданып, жеңіп шықты.
"ПЕДАГОГТЫҢ АЯҒЫНА ТҰСАУ"
Алматы облысы Қарасай ауданындағы мектептердің бірінде сабақ беретін белсенді мұғалім Айман Сағидулла өзі еңбек ететін мектептің жанындағы әдеп кеңесіне жетекшілік етеді.
Ол әдеп кеңесі мектеп әкімшілігіне педагогқа тәртіптік шара қолдану жөнінде ұсыныс қана енгізе алатынын, бірақ жұмыстан шығару туралы ұсыныс беруге құзыреті жоғын айтады.
– Басыма іс түсіп, басшылық пен әріптестер тарапынан қысым көре бастаған кезде облыстық әдеп кеңесіне жүгінгем. Әдеп кеңесі әрине, мені қорғап шықты. Бірақ көбіне мектепте осы кеңеске зейнет жасындағы қарт мұғалімдер, директордың оң қолы болып жүргендер мүше болғандықтан, олар басшылықтың айтқанын екі етпейді, – дейді Айман.
Оның пікіріне Шығыс Қазақстан облысында тұратын белсенді мұғалім Мейіржан Темірбек те қосылады. Ол мектеп жанынан құрылған кез-келген кеңес мекеме басшысының сөзінен аса алмайды деп есептейді.
– Кеңеске қазір директордан басқа ешкім жүгінбейді. Мәселен, ережеде "педагог қызметкерлер жұмыс кезінде және жұмыстан тыс уақытта педагогикалық әдеп қағидаларын сақтауға міндетті" деп жазылған. Енді ақпарат құралдарына рұқсатсыз бірдеңе жариялап қойсаң да сол әдеп кеңесіне салып жазалауға еркі бар. Мектептің атынан сөйлеу үшін алдымен директордың келісімі керек. Айналып келгенде [кеңес] педагогтардың аяғын тұсау үшін керек, – дейді Мейіржан Темірбек.
ПІКІРЛЕР