Accessibility links

Азаптау, биліктегі жемқорлық, адамдарды заңсыз өлтіру. АҚШ-тың адам құқығы есебіндегі Қазақстан


Қаңтар оқиғасы кезінде Алматы әкімдігіне шабуыл жасалған сәт. 2022 жылғы 5 қаңтар.
Қаңтар оқиғасы кезінде Алматы әкімдігіне шабуыл жасалған сәт. 2022 жылғы 5 қаңтар.

АҚШ мемлекеттік департаменті 20 наурызда 2022 жылғы әлемдегі адам құқығы жөніндегі есебін жариялап, Қазақстандағы жағдайға да тоқталған. Вашингтон баяндамасында былтырғы Қаңтар оқиғасы елде адам құқығына теріс әсер еткеніне назар аударған. Бұдан бөлек, есепте былтыр Қазақстанда азаптау жиілеп, жемқорлық күшейгені, сөз бостандығы мен азаматтардың еркіндігі айтарлықтай шектелгені баса айтылған.

АҚШ мемлекеттік департаментінің есебінде Қазақстанда былтыр биліктің я билік атынан адамдарды заңсыз өлтіру, органдар тарапынан адамдарды азаптау, түрмеде адамдарды қиын жағдайда ұстау, заңсыз қамау, саяси тұтқындау, басқа елдегі қысымнан қашқан адамдарды қудалау, сот жүйесіндегі проблемалар, сөз бостандығы мен БАҚ жұмысын шектеу, журналистерді қудалау, интернетті шектеу, бейбіт митинг өткізуге кедергі келтіру, адамдардың саяси өмірге араласуына бөгет болу, биліктегі жемқорлық, кәсіподақ жұмысына тосқауыл қою, балалар еңбегін қанау сияқты адам құқығын бұзатын жайттар болғаны айтылады.

"Билік қызметін асыра пайдаланған, пара алған шенеуніктерді таңдап, кейбірін ғана сотқа тартты. Жемқорлық әлі де кең тарап тұр, басшылықта отырғандар мен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жемқорлық үшін жауапқа тартылуы сирек" деп жазылған есепте.

ҚАҢТАР ОҚИҒАСЫНДА АДАМ ҚҰҚЫҒЫН БҰЗҒАН ФАКТІЛЕР

АҚШ мемлекеттік департаменті қорытындысында былтырғы Қаңтар оқиғасында адам құқығы көп бұзылғанын атап өткен. Есепте Қаңтар қырғынында қаза тапқандар саны билік айтқандай 238 емес, одан да көп болуы мүмкін делінген.

"Құқық қорғаушылар оқиға кезінде 260-қа жуық адам қаза тапты дейді. Қаза тапқандардың толық аты-жөнін және олардың өлімінің себебін жарияламау салдарынан ҮЕҰ мен халықаралық ұйымдарға қаза болғандардың нақты санын шығару қиынға соқты" деп жазылған баяндамада.

Мемлекеттік департамент былтыр Қазақстанда болған Қаңтар қырғынын "бірнеше қалада бейбіт басталған наразылық акцияларына элита ішіндегі айқын дүрдараздық салдарынан қылмыстық элементтер араласып кетіп, ақырында әкімшілік ғимараттарға, күш құрылымдары мен маңызды инфрақұрылым нысандарына шабуыл жасалып, дүрбелеңге ұласты" деп сипаттаған.

Қаңтар оқиғасы кезінде өртенген автобус. Алматы, 8 қаңтар, 2022 жыл.
Қаңтар оқиғасы кезінде өртенген автобус. Алматы, 8 қаңтар, 2022 жыл.

Есепте Қаңтар оқиғасынан соң ұсталғандарды қамау орындарында азаптаған орган қызметкерлерінің көбі заң алдында жауап бермегені, азаптау істері толық ашылмағаны да көрсетілген. Азаптауға қатысы бар түрме я полиция қызметкерлері жазаланғанның өзінде ауыр жаза алмағаны айтылған.

АҚШ есебінде Қаңтар оқиғасынан кейін түрмеде азапталған Азамат Батырбаев пен Тимур Радченконың есімі аталған.

ТҮРМЕЛЕРДЕГІ ЖАҒДАЙ, САЯСИ ҚУДАЛАУ ҺӘМ СӨЗ БОСТАНДЫҒЫН ШЕКТЕУ

Вашингтон бұл есебінде "Бақылаушылар Қазақстан түрмелеріндегі жағдай әлі қиын екенін, тұтқындардың өміріне қауіп төндіретінін және халықаралық денсаулық стандартына сай келмейтінін хабарлады. Көп жағдайда ауырып қалған сотталушылардың көбі емделмейді я түрмеде олардың денсаулығы нашарлайды. Елде түрме жағдайына баға беретін тәуелсіз орган жоқ" дейді.

АҚШ мемлекеттік департаменті Қызылордада қамауда отырған жаңаөзендік белсенді Ержан Елшібаевтың түрме жағдайына шағымданып, суицид жасамақ болғанын, оның түрме жазасына тағы жеті жыл қосылғанын баса көрсеткен.

АҚШ дайындаған құжатта Қазақстанда заңсыз ұстауға тыйым салынса да, Қаңтар оқиғасында және басқа да бейбіт митингілер кезінде полиция адамдарды жаппай заңсыз ұстайтыны, оларға ұсталу себебін түсіндірмейтіні де жазылған.

"Қазақстанда саяси қудалау және саяси істер әлі бар" деген АҚШ мемлекеттік департаменті "Демократиялық партия" құрғысы келетін бастамашыл топтың жетекшісі Жанболат Мамай мен Астана экстремистік деп таныған ҚДТ және "Көше партиясы" (Еуропарламент бұл қозғалыстарды бейбіт оппозициялық ұйым дейді) белсенділері қудаланғанына да назар аударған.

Вашингтон дайындаған құжатта Қазақстанда билікті сынағандардың туысқандарына қысым көрсетілетіні, билік сөз бостандығы мен журналистердің жұмысына кедергі келтіретіні, үкімет интернет кеңістігін бақылауда ұстау арқылы өзіне жақпайтын басылымдарды бұғаттайтыны көрсетілген.

"Елде бейбіт жиын өткізуге әлі де шектеу бар. Ұйымдастырушылар билікке митинг жайлы ескертуі керек, ескертпей жиналғандар жазаланады. Ұйым құруға заң рұқсат берсе де, бұған да шектеу бар. Кез келген қоғамдық ұйым, діни ұйым атқаратын қызметін ашық айтып, әділет министрлігіне тіркеліп, рұқсат алуға тиіс" деп жазылған баяндамада.

БОСҚЫН МӘРТЕБЕСІН БЕРМЕУ, ҮЕҰ ЖҰМЫСЫНА КЕДЕРГІ КЕЛТІРУ

АҚШ мемлекеттік департаменті Астана Шыңжаңдағы қысымнан қашып келіп, босқын мәртебесін сұрағандарға қолдау көрсетпей отырғанын есепке қосқан. Баяндамада Қазақстанда тұрақты тұрып жатқан қарақалпақ белсенділері "жекелеген я кейде тіпті барлық жағдайда" Өзбекстан үкіметінің сұрауы бойынша және өзбек күш құрылымдарының белсенді түрде араласуымен ұсталып, тұтқындалғаны туралы да айтылған.

"2022 жылы үкіметте бірнеше жемқорлық оқиғасы болды. Заң бойынша, пара алған шенеуніктер қылмыстық жауапкершілікке тартылуы керек, бірақ үкімет бұл заңды тиімді пайдаланбады. ҮЕҰ мәліметінше, елде коррупция жоғарғы билікте, заңды жүзеге асыратын органдарда, жергілікті әкімшіліктерде, білім және заң жүйелерінде кең тараған" деп мәлімдеді АҚШ мемлекеттік департаменті.

Баяндамада Қазақстан ҮЕҰ жұмысына кедергі келтіретіні, бақылайтыны жазылған: "ҮЕҰ кеңселеріне полиция жиі барады және ұйым қызметкерлерінің өздері мен отбасы мүшелерін аңдиды".

АҚШ мемлекеттік департаменті Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық, балалар еңбегін қанау, балаларды ұру, әйелдерді зорлау, харассмент, ЛГБТ өкілдерінің мәселесі әлі шешілмегеніне назар аударған. Мүгедектігі бар адамдарға дұрыс көңіл бөлінбейтіні де көрсетілген.

"БҰҰ есебінше, Қазақстанда жыл сайын балаларды ерте үйлендіру я күштеп үйлендіру бойынша үш мың факт тіркеледі. Жұптардың көбі алдымен мешітте некелесіп, кейін неке жасына жеткенде ғана заңды түрде тіркеледі. Үкімет бұл мәселені шешетін ешқандай қадам жасаған жоқ" деп жазылған құжатта.

Вашингтон Қазақстанда ЛГБТ өкілдерін кемсітушілік көп болса да, үкімет мұндай қылмыстарды тіркемейтінін, статистика жүргізбейтінін айтады. "ЛГБТ өкілдеріне қарсы қылмыс жасағандардың жазалануы сирек" деп көрсетілген құжатта.

Дегенмен АҚШ мемлекеттік департаменті Қазақстан билігі азаматтардың ел ішіндегі қозғалысына, шетелге шығуына кедергі келтірмейтінін, тұрғындардың бұл құқығына құрметпен қарап отырғанын атап өткен.

Ресми Астана АҚШ мемлекеттік департаментінің бұл есебіне қатысты әзірге ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG