Accessibility links

Вакцина алмаған студент жатақханадан да, оқудан да шеттетіле ме?


ҚазҰУ студенттер қалашығындағы жатақхана. Көрнекі сурет.
ҚазҰУ студенттер қалашығындағы жатақхана. Көрнекі сурет.

Алматыдағы бірнеше универститеттің бірінші курс студенттері коронавирусқа қарсы екпе салдырмағаны үшін жатақханадан қуылып, оқу орнына кіре алмай жүргенін айтады. Бірақ көбі әлі 18 жасқа толмағандықтан вакцинаны қаласа да салғыза алмайды. Билік өкілдері "екпе алмаған студентке ешқандай шектеу жоқ" дейді.

"ЖАТАҚХАНАНЫ БОСАТУДЫ СҰРАДЫ"

"Заттарыңды жинап алып, сыртқа шық". Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің (ҚазҰУ) 17 жастағы бірінші курс студенті Назеркеден (кейіпкердің аты-жөні өзгертілді) қыркүйектің аяғында жатақханадағы орнын босатуды сұраған. Алматыға басқа қаладан келген студент жатақхана ақысын алдын ала төлеп те қойған. Назерке өзімен бірге оқитын басқа қыз-жігіттер де осындай жағдайға тап болғанын айтады. Бұған бірінші курс студенттерінің коронавирусқа қарсы вакцина салдырмауы себеп болып отыр. Бір қызығы, студенттер өзі қалаған күннің өзінде вакцина ала алмайды, өйткені Қазақстанда ондай екпені кәмелеттік жасқа толған азаматтарға ғана салады.

Назерке жатақханаға орналасу оңай болмағанын айтады. Жаңа оқу жылы қарсаңында университет әкімшілігі басқа қалада тұратын студенттерге биыл оқу офлайн форматта жүретінін, сондықтан 25 тамызға дейін Алматыға келіп, құжат өткізу керегін ескерткен. Студенттер ертерек алса арзанға түсетін ұшақ билетін ұшуға бірер күн қалғанда қымбатқа сатып алуға мәжбүр болған.

Назеркенің сөзінше, университет әкімшілігі "тамыздың аяғына дейін жатақхана беріледі" деп уәде еткен. Бірақ жаздың аяқталуына бір күн қалғанда оқу 6 қыркүйектен басталатынын, сондықтан әзірге жатақхана берілмейтінін хабарлаған. Жаңа оқу жылының басталуына орай қалада жалға берілетін пәтер бағасы күрт өсіп кетіп, жастар ақшадан қысыла бастаған. Қыркүйекте Назерке көптен бері тілегені орындалып, жатақханаға орналасқан.

– Бір айға 13200 теңге төлеп, оқудың басталуын күтіп жүрдік. 6 қыркүйекте "сабақ 13 қыркүйекте басталып, айдың аяғына дейін оқу онлайн форматта өтеді" деп естідік. Университет әкімшілігі мұның себебін факультет ғимаратындағы жөндеу жұмысы аяқталған жоқ деп түсіндірді. Жатақханада тұра бердік. Ал жатақханадан орын тимеген студенттер пәтер жалдады. Күнде "жақында жөндеу жұмысы аяқталады, сол кезде офлайн форматқа көшеміз, әзірге шыдай тұрыңдар, тарап кетпеңдер" деп ескертіп жүрді. Күттік. Ақыр соңында "бірінші семестр онлайн өтеді" деп хабарлады, – дейді Назерке.

Осы хабарландырудан кейін біраз студент үйіне қайтып кеткен, бірақ олар өзі тұрмаса да, жатақхана ақысын төлеуге мәжбүр болған.

– "Сендерге жатақханадан орын бөлінді, демек ол жақта тұрсаңдар да, тұрмасаңдар да ақшасын төлеуге тиіссің" деді. Мен бос бөлме үшін ақша төлегенше өзім тұрайын деп шештім. Қалған студенттер жатақханада тұрмаса да босқа ақша төледі. 20 қыркүйекте бірінші курс студенттерінің бәріне "18-ге толмағандар жатақхананы босатуы керек" деген хабарлама келді. Университет "вакцина міндетті болды, ал кәмелеттік жасқа толмаған студенттерге вакцина салуға болмайды, сондықтан олар ақшасын төлеп қойса да, жатақханадан көшуі керек" деді. Студенттердің көбі наразы болды, біз 18-ге толмағанымыз үшін кінәлі емеспіз ғой. Бізді университеттің өзі шақырды, осы үшін ұшаққа, көшіп-қонуға, жатақханадан орын алғанша қонақүйде тұруға, жатақхана ақысын төлеуге қанша қаржы жұмсадық. Университет әкімшілігі студенттерге "үйге қайтпаңдар, жақында сабақ басталады" деп қалада қалдырды, – дейді студент.

Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық мемлекеттік университеті ғимараты.
Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық мемлекеттік университеті ғимараты.

Студенттердің көбі үйлеріне қайтқысы келмейтінін айтқаннан кейін университет әкімшілігі "кәмелеттік жасқа толған-толмағанына қарамастан, бірінші курста оқитындардың бәрі жатақхананы босатуы керек" деп хабарлаған.

– Бізге "оқу онлайн жүретіндіктен, жатақханадан орын алмай, үйде тұрып оқысаңдар болады" деді. Сыпайы түрде жатақханадан көшіп, жоғарғы курс студенттеріне орын босатуды сұрады, – дейді мақалада аты-жөні аталғанын қаламаған тағы бір студент.

Қазақ ұлттық университеті оқу процесі аралас форматта: онлайн да, офлайн да жүретінін айтты. Оқу орнының әкімшілігі бірінші курс студенттерінің жатақханадан қуылғанын жоққа шығарды.

– Ешкімді жатақханадан шығарып жатқан жоқ. Онлайн форматқа көшкен студенттер интернеті жоқ ауылда тұрып, қашықтан оқуға техникалық мүмкіндігі болмаса, жатақханада қала беруін болады. Ешкімді қуып жатқан жоқпыз. [Жатақханада] тұрғысы келмейтіндер [тұрмаған уақыты үшін] ақша төлемейді. Жатақханаға ай сайын 13 мың теңге төленеді. Студент наурызда келсе, наурыз айы үшін ғана ақша төлейді. Бірақ ол наурызға дейін жатақханадағы орнын сақтап қалуды сұраса, өкінішке қарай, бұлай жасай алмаймыз. Өйткені студент көп, бос орынды жоғарғы курс студенттеріне береміз, – деді тәрбие жұмысы жөніндегі департамент басшысы Жұлдыз Есімова.

Есімова емтиханнан кейін екінші семестрдің басында келген бірінші курс студенттеріне жатақханадан орын тауып беруге тырысатындарын айтты.

– Төртінші курс студенттерінің орны босайды. Өйткені төртінші курста бірінші семестрде ғана сабақ болады, екінші семестрде студенттер практикаға, ауылға кетеді, – деді ҚазҰУ өкілі.

Ол оқу орнында кәмелеттік жасқа толмаған студенттерді вакцина салдырмағаны үшін жатақханадан қуып жатыр деген ақпаратты теріске шығарып, студенттер үйінде 18 жасқа толмаған жастар да тұратынын айтты.

УНИВЕРСИТЕТ ПОЗИЦИЯСЫ: ЖАТАҚХАНА ВАКЦИНАСЫ БАР СТУДЕНТТЕРГЕ ҒАНА БЕРІЛЕДІ

Абай атындағы қазақ ұлттық педагогика университеті (ҚазҰПУ) оқу орнынан COVID-19 вирусының табылуына байланысты бірінші курс студенттерін осы семестрдің аяғына дейін қашықтан оқуға көшірген.

ҚазҰПУ студенттері университет әкімшілігінің оқу онлайн не офлайн болатынын ең соңғы сәтке дейін хабарламағанын, сондықтан Алматыға билетті қымбатқа сатып алғанын айтады.

– Жатақханаға енді орналасқан кезде "орынды босатыңдар" деді. Пәтер іздей бастадық, бірақ өте қымбат, – деді аты-жөнін көрсетпеуді сұраған студент.

Жатақханаға орналасып жатқан бірінші курс студенті. Көрнекі сурет.
Жатақханаға орналасып жатқан бірінші курс студенті. Көрнекі сурет.

Университеттің қоғаммен байланыс бөлімі Азаттыққа 2021-2022 оқу жылы аралас оқу форматында (теория – онлайн, практика – офлайн) өтетінін, бірінші курс студенттері 6 қыркүйектен бастап онлайн-форматта оқып жатқанын, оларда әзірге офлайн сабақтар болмағанын айтты.

ҚазҰПУ-дың қоғаммен байланыс бөлімі директорының орынбасары Римма Әбдіқадырқызының айтуынша, студенттерге тамызда "27 қыркүйекке дейін сабақ онлайн форматта өтеді, Алматыға келудің қажеті жоқ" деп хабарланған.

– Оқу жайлы ақпарат университет сайтына жарияланған. Институт директорлары мен эдвайзерлер бірінші курс студенттеріне оқудың онлайн форматта жүретінін алдын-ала хабарлады, – дейді Римма Әбдіқадырқызы.

Университет жатақханаға кәмелеттік жасқа толған, толық вакцина курсынан өткен немесе екпе алудан босатылған студенттер ғана қабылданатынын мәлімдеді. Оқу орны дерегінше, қыркүйектің басынан бері ондаған студент онлайн оқуға байланысты жатақханадан өз еркімен көшіп кеткен.

– Жатақханада 169 студент тұратын. Қазір 26 шетел азаматын қосқанда, 75 студент қалды. Бірінші курс студенттері онлайн оқып жатқандықтан, 94 студент өз еркімен жатақханадан көшіп кетті. Қазір белгіленген талап бойынша, жоғарғы курс студенттерінің өтінішін қарап жатырмыз. Бүгін қаладағы 156 орындық жатақхананың басшысымен келісімшартқа қол қойдық. Жоғарғы курс студенттерін осы ғимаратқа және университет жатақханаларына орналастырамыз, – деді Әбдіқадырқызы.

Әбдіқадырқызы жатақханаға орналастыруда бірінші курс студенттеріне басымдық берілетінін еске салып, оқу офлайн форматқа көшкенде университет әкімшілігі оларға орын тауып беретінін айтты. Азаттық тілшісі одан "Бірінші курс студенттеріне орын босату үшін басқа студенттерді жатақханадан шығарасыздар ма?" деп сұрады.

– Бірінші семестрдің аяғына дейін тұрмысы төмен отбасынан шыққан жоғарғы курс студенттеріне жатақханадан орын тауып беруге тырысамыз. Университет басшылығы студенттерді жатақханамен қамту мәселесін бақылауда ұстап отыр және міндетті түрде қажет шешім қабылдайды, – деді ҚазҰПУ өкілі.

"ВИРУС ЭЛЕКТРОНДЫ ПОРТАЛ АРҚЫЛЫ ТАРАЙ МА?"

Алматыдағы студенттер коронавирусқа қарсы вакцинаның болмауы жатақханадан орын алуға ғана емес, оқуға кіруге де әсер еткенін айтады. Бұл шектеудің зардабы қашықтан оқитын студенттеге де тиген. "Информбюро" порталының дерегінше, Сәтпаев университеті әкімшілігі 1 қазаннан бастап вакцина салдырмаған студенттердің электронды порталын жауып, оларды оқу орны ғимаратына кіргізбеу туралы шешім қабылдаған. Студенттер "Вирус электронды портал арқылы тарай ма?" деп наразылық білдірген.

Университет әкімшілігі осындай бұйрық берілгенін растап, коронавирус жұқтыру фактілерін алға тартып, "ұжымдық иммунитет" қалыптастыру керек деп ақталды. Сәтпаев университеті проректоры Мансұр Әлімханов электронды порталдың жабылуынан оғаш ештеңе көрмей, "студенттер сабақ кестесін порталсыз-ақ жатқа біледі" деген.

Әлімханов "Информбюро" сайтына "Мақсатымыз – вакцинацияға назар аудару. Бұл – әлі күнге вакцина салдырмай бейқам жүрген студенттерге берілген белгі" деген пікір берген.

Студенттер электронды порталда сабақ кестесінен басқа да қажет материал барын айтады.

– Электронды порталда оқу материалдары, төртінші курсқа дейінгі оқу жоспары, бұрын болған немесе алдағы уақытта қосылатын сабақтар бар. Ол жақтан балымызды көріп отырамыз. Оқуға қажетті дүниенің бәрі – сол порталда. Енді сабақ оқу мүмкін болмай қалды, – деді аты-жөнін көрсетпеуді сұраған студент.

Ол университеттің вакцина салдырмаған студенттердің электронды порталын жауып, оқу орнына кіргізбеу туралы шешімі қисынсыз деп есептейді.

– Вакцинация ерікті шараға жатады. Ешкімді мәжбүрлеуге болмайды. Университет осылай студенттерді вакцина салдыруға мәжбүрлеп жатыр. Шынымды айтсам, олардың әрекетін түсінбеймін. Балама жол қалдырмай, мүмкіндікті шектеу құқық бұзу болып саналады, – дейді студент.

Көп университет әкімшілігі өз шешімін түсіндіргенде санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сүйенеді.

Коронавирусқа қарсы вакцина салу. Көрнекі сурет.
Коронавирусқа қарсы вакцина салу. Көрнекі сурет.

7 қазанда өткен брифингте Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин санитарлық-эпидемиологиялық бақылау органдарына студенттерден ешқандай шағым түспегенін айтты.

– Жатақханаға орналастыруға ешқандай ресми шектеу жоқ. Бірінші курстарға жатақхана беру кезінде жекелеген мәселелер болды, бірақ бәрін шештік. Оларды жоғарғы курс студенттерінен бөлек жерге тұрғызып, кіріп-шығуын реттедік. Бұл аурудың жаппай таралуына жол бермеуге көмектесті. Бірақ жатақханаға қабылдамау деген шектеу болған жоқ, – деді Бекшин.

Бекшин қаладағы студенттердің 50 пайызына вакцина салынғанын, қалғанына "түсіндіру жұмысы" жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

– Жатақханада көппен бірге тұрғанда қорғану керегін бәрі біледі. Студенттер осыны түсінсе, өзі-ақ барып, вакцина салдырады деп ойлаймын. Вакцина салдыру пунктіне барғанда студенттерді де көрдім. Мәжбүрлі вакцина деген жоқ. Вакцина салдырмаған студентке жатақханада тұруға тыйым салынбайды, – деді санитар дәрігер.

2 қазанда білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі Сәтпаев университетінің екпе салдырмаған студенттерді оқу ғимараты мен электронды порталға кіргізбеу туралы шешімінің күші жойылғанын хабарлады. Министрлік сондай-ақ вакцина салдырмаған студенттерге ешқандай шектеу жоғын атап өтті.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG