Accessibility links

"Жатақханада орын жоқ, пәтер бағасы шарықтап тұр". Баспана таба алмай сенделген студент көп


Қазақ ұлттық университеті жатақханаларының бірі. Алматы, 18 қыркүйек 2021 жыл.
Қазақ ұлттық университеті жатақханаларының бірі. Алматы, 18 қыркүйек 2021 жыл.

Кейінгі бір айда Алматыда жалға берілетін пәтер ақысы күрт өскен. Жаздың аяғы мен күздің басында үлкен қалада басқа өңірден оқуға келіп, жатақханадан орын тимеген соң студенттің пәтер іздеп сандалып жүретіні жаңалық емес. Әйткенмен сарапшылар пәтер ақысының биылғы өсімін спекуляциядан бастап, демографиялық себептерге дейінгі әртүрлі фактормен байланыстырады.

САПАСЫЗ ПӘТЕР, АСПАНДАҒАН БАҒА ЖӘНЕ АЛАЯҚҚА ЖЕМ БОЛУ

Болашақ дәрігер Жанел Ізбасханова қыркүйекте Алматыдағы Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің 7-курсына интернатураға оқуға қабылданған. Жанел бұған дейін алты жыл астанада білім алған.

Жанел Ізбасханова - Қазақ ұлттық медицина университеті интерні.
Жанел Ізбасханова - Қазақ ұлттық медицина университеті интерні.

– Астанада (2019 жылы қала атауы Нұр-Сұлтан болып өзгерген - ред.) бір бөлмелі пәтер орташа есеппен алғанда [айына] 100-120 мың теңге тұрады. Бірақ мұндай ақшаға барлық жағдайы жасалған, жақсылап жөнделген, қонақ үйге ұқсайтын пәтер аласыз. Алматыда Совет одағы тұсында салынған, жиһазы қап-қара, ескі, жуынатын бөлмесі лас пәтердің өзіне 150 мың теңге сұрайды. Ал жағдайы жақсы пәтер бағасы 200 мың теңгеден асады, – дейді Жанел.

Алматыда басқа қалалардан келген ондаған мың студент пәтер іздеп сабылып жүр. Қалада 170 мың студент оқиды, оның 86 мыңы елдің басқа өңірінен келген. Олардың 31 мыңына ғана жатақханадан орын тиген. Жоғары оқу орындары бірінші кезекте, оқуға жаңа түскен студентті жатақханамен қамтуға тырысады. Ал жоғарғы курс студенті баспана мәселесін өзі шешуі керек. Сұраныс жоғары болғасын орын да тапшы.

– Хабарландыруға жаңа шыққан пәтерді бірнеше минут ішінде жалға беріп жібереді. Жақында құрбым хабарласқан, 180 мың теңгеге пәтер тапқанына қуанып тұр. Иә, өте қымбат. Бірақ шынымды айтсам, маған енді бәрібір. Қазір пәтерге 200 мың теңге төлеуге де дайынмын, яғни, мәжбүрмін. Бастысы, пәтер табылса екен. Бос пәтер жоқ, – дейді Жанел.

Қазақстанда жылжымайтын мүлікті жалға беру нарығында ашықтық жоқ, делдал қызметі заң жүзінде реттелмеген. Көбіне пәтер иесі мен жалға алушы арасында жазбаша келісімшарт жасалмайды, көбі үйін ешқандай құжат рәсімдемей жалға беріп, тапқан табысынан салық төлемей отыра береді. Бірақ келісімшартсыз жұмыс істейтіндер кейде опық жейді: пәтерде әлдебір жағдай бола қалса, бүкіл шығынды үй иесі өтейді. Сондықтан олар пәтерге көбіне жігіттерді емес, "ұқыпты болады" деп, қыздарды алуға тырысады.

Еуразия технология университеті студенті Аружан Құсайын.
Еуразия технология университеті студенті Аружан Құсайын.

Еуразия технология университетінің үшінші курс студенті Аружан Құсайын жігіттерге пәтерін жалға бермейтін үй иелері де кездескенін айтады. Ол пәтер іздеуге тамыздың аяғында кіріскен. Студент қыз қыркүйектің ортасында жиырма жасқа толғанша, пәтер тауып, жылы жерге қоныстанып үлгеремін деп үміттенген. Бірақ әлі ойындағы пәтерін таба алмаған.

– Бір бөлмелі, шағын, жайлы, барлық жағдайы бар [пәтер] көп дегенде 100-120 мың [теңге] болады деп ойлап едім. Бірақ орталықтан алыс, тарақан жайлаған, не кілемі жоқ, жалғыз диваны бар пәтерге 100 мың теңге сұрады. Көп іздеп, әзірге лайықты пәтер таппадым. Қала шетіндегі екі бөлмелі, тар, wi-fi жоқ, бір ғана кереует қойылған, линолеумі ескі пәтерге 250 мың теңге сұрап отыр, – дейді Аружан.

Ол өзін риелтор не пәтер иесімін деп таныстыратын адамдардың студенттерді жиі алдап-соғатынын айтады.

– Бөтен пәтердің суретін қойып хабарландыру береді. Хабарласқан адамнан пәтер ақысының бір бөлігін алдын-ала беруді сұрап, ақшаны алған бойда, ізім-қайым жоғалады. Жұрт қалтасындағы соңғы тиынын алаяққа жем қылып, сан соғып қалады, – дейді Аружан.

Пәтер жалға берілетіні туралы хабарландыруды смартфоннан көріп тұрған адам.
Пәтер жалға берілетіні туралы хабарландыруды смартфоннан көріп тұрған адам.

Студенттердің айтуынша, өзін риелтормын деп таныстыратын алаяқтар интернетке әдемі пәтер суретін жариялап, арзан баға қояды. Хабарласқандарға "осы жаңа ғана басқа адам алып кетті, бірақ сізге басқа пәтер тауып береміз" деп алдап-сулап сендіреді. Бірақ әуелі пәтер іздеу туралы келісімшартқа отырып, 15 мың теңгеден басталатын қызмет ақысын алдын ала төлеуді сұрайды. Кейде "ертең не арғы күні пәтер көруге барамыз" деп сендіреді. Қазір пәтерге сұраныс көбін айтып, "ақша төлесеңіз, сізді бірінші апарамыз" деп уәде етеді. Айына 200 мың теңге тұратын пәтер табылса, риелтор өз қызметі үшін 40 мың теңге алады.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің екінші курс магистранты Айдана Үсентай пәтер іздеудің машақаты көп екенін айтады.

– Алматыдан пәтер табылмаған соң әлі Шымкентте жүрмін. Пәтер жалдап тұрғымыз келген, бірақ үй иесі бірден бағаны көтеріп жіберді. Бәрі өте қымбат. Ал пәтердің жағдайы бағасына сай емес. Көбіне пәтер иесі басында бір бағаны айтып, кейін сөзінен айнып шыға келеді. Мысалы, бір бөлмелі пәтерді 120 мың теңгеге жалға алуға келісіп қойғанбыз, бірақ үй иесімен кездескен кезде бағаны 180 мың теңгеге дейін көтеріп жіберді. Ол риелторлардан баға өсті дегенді естігенін алға тартты. Бұл жерге риелтордың қандай қатысы барын түсінбедім. Пәтер иесі жай ғана көбірек қарпығысы келген сияқты, – дейді студент.

СТУДЕНТ КӨП, ОРЫН АЗ

Қазақстандық отбасылардың көбінде жоғары оқу орнын бітіріп, диплом алу міндетті саналады. Жұрт арасында жұмысшы мамандығын менсінбеу қалыптасқандықтан, мектеп бітірген түлектердің басым көпшілігі жоғарғы оқу орнына түсуге тырысады: біреулер мемлекеттік грант ұтып алады, қалғаны ақылы бөлімде оқиды.

Жоғары оқу орындарында ондаған жыл бұрын, ақылы оқыту жүйесі жоқ кезде салынған инфрақұрылым сақталған. Оның үстіне, студенттер үйіндегі жатын орын да қысқарған, 1990-жылдардың аяғында біраз жатақхана жеке меншікке өтіп кеткен.

Қазақ ұлттық университеті студенті Саида Желубаева.
Қазақ ұлттық университеті студенті Саида Желубаева.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің үшінші курс студенті Саида Желубаева факультет жатақханасынан орын жетпеген соң, бірнеше қызбен бірге пәтерге көшкен.

– Өз университетім туралы айтсам, жоғарғы курс студенттеріне шамамен 30 орын берді, нақтысын білмеймін. Бірақ студент көп, орын аз, – дейді Саида.

Қазақ ұлттық университетінде 26 мың адам (студенттер, магистранттар мен докторанттар) білім алады. Олардың 17 500-і басқа өңірден келген. Білім және ғылым министрлігінің дерегінше, бес мың студент жатақханада тұруға рұқсат алған. Қазір ҚазҰУ-дағы 17 жатақханада бес жарым мың орын бар. Ал баспанаға мұқтаж студенттер саны бұдан екі есе көп.

Қазақ ұлттық университеті жатақханаларының бірі. Алматы, 18 қыркүйек 2021 жыл.
Қазақ ұлттық университеті жатақханаларының бірі. Алматы, 18 қыркүйек 2021 жыл.

Кейінгі жылдары демографиялық факторларға байланысты студент саны да арта түскен: қазір университеттер мен академияларда оқитын жастардың дені 2000-жылдары елде мұнайдан түскен табыстан (бұл кезде көмірсутек өнімдерінің бағасы жоғары болған) экономикалық ахуал жақсарып, тиісінше туу көрсеткіші де өскен кезде туған.

Одан бөлек, эпидемиологиялық фактор да бар. Биыл Алматы бас санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес, коронавирусқа байланысты бір бөлмеге екі адамнан ғана жатқызуға рұқсат берілген.

Графика дизайнері мамандығы бойынша білім алып жүрген Айдана Есқожинова өзі оқитын университет жатақханасында карантин шарасына байланысты жатын орын қысқарғанын айтады. Ол университетке жақын жерден жалға алуға пәтер іздеп көргенімен, тым қымбат болған.

Айдана Есқожинова графика дизайнері мамандығы бойынша білім алып жүрген Айдана Есқожинова.
Айдана Есқожинова графика дизайнері мамандығы бойынша білім алып жүрген Айдана Есқожинова.

– Бізге "хостел береміз" деген, бірақ әлі берген жоқ. Ондай ақпарат таппадым. Жалға беретін пәтердің көбінің жағдайы нашар, ал бағасы аспандап тұр. 150 мың теңгеге пәтер іздедім, бірақ 200-300 мың теңгенің айналасында болды. Достарымның көбі басқа амалы қалмағандықтан, осындай бағаға пәтер жалдап тұрып жатыр, – дейді Айдана.

Бұрыннан келе жатқан оқу орындары тым құрығанда бірінші курс студенттеріне орын тауып беруге тырысса, кей жекеменшік жоғары оқу орны студентке мүлде жатақхана ұсынбайды. Сондықтан студенттер жалдамалы пәтер іздеп, ата-анасының қалтасына салмақ салуға мәжбүр.

Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің 3-курс студенті, астаналық Дина Хамзина "жатақхана тимесе де, жолым болды" деп есептейді.

– Қыркүйек айында университетке жақын жердегі пәтерде тегін тұрып жатырмын. Әкемнің досы бір ай қалада болмай, пәтерін маған қалдырып кетті. Бірақ қыркүйектің аяғында қайтадан пәтер іздеу машақаты басталады, соны ойласам көңілім құлазиды. Карантинге байланысты көп студенттің ата-анасы ақшадан қысылып отыр, – дейді Дина. Ол қыркүйек айында кешке дейін сабақта болып, пәтер іздеуге қолы тимей жүргенін айтады.

Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің өз жатақханасы жоқ, бірақ оқу орны басқа қаладан келген студенттерге жалға алынған ғимаратта тұруды ұсынған.

Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті студенті Дина Хамзина.
Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті студенті Дина Хамзина.

– Біз бұл мәселені көтергенбіз. Жыл сайын "жатақхана салып береміз" деп уәде етеді. Бірақ ол уәденің орындалуы екіталай. 120 мың теңгеден аспайтын пәтер тапқым келеді. Бірақ бұл мүмкін емес сияқты, – дейді Дина.

Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті баспасөз қызметі Азаттық сұрағына пікір бермейтінін ескерткен. Бірақ редакцияға Білім және ғылым министрлігі баспасөз қызметі жіберген хат келді. Жауапта университет студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету үшін 190 орындық ғимаратты жалға алатыны айтылған. Ведомство алдағы уақытта 645 орындық жатақхана салу жоспары барын жеткізді.

Министрлік жоғары оқу орындарының бәрі бірдей студенттерге жатақхана ұсына алмайтынын мойындайды. Жатақханаға орналастыру кезінде денсаулығында кінәрат бар, жетім және ата-анасының қарауынсыз қалған, ата-анасының біреуі немесе екеуі де мүгедек, мектепті "Алтын белгіге" немесе қызыл аттестатқа бітірген, республикалық және халықаралық байқау жеңімпазы болған студентке басымдық беріледі.

"БАҒАНЫ НЕГІЗСІЗ ӨСІРІП ОТЫР"

Сарапшылардың пікірінше, биыл жазда тұрғын үй нарығында бағаның өсуіне бірнеше фактор әсер еткен. Бұл шаршы метр бағасының қымбаттауымен байланысты. Пәтер ақысы биыл билік азаматтарға зейнетақы қорындағы жинақ қаржысының бір бөлігін "тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін" пайдалануға рұқсат бергеннен кейін өсе бастаған (қыркүйектің басындағы дерекке сәйкес, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан 260 мың қазақстандық 1,4 триллион теңге немесе 3,2 миллиард доллар алған).

Қазақстандағы жылжымайтын мүлік федерациясының президенті Ермек Мүсірепов жалға берілетін пәтердің қымбаттауына спекуляция факторы әсер етті деп есептейді.

– Қазір жалға беруші бағаны негізсіз өсіргенін көріп отырмыз. Олар осылай 2020-2021 жылдары карантин кесірінен қағылған табыстың орнын толтырғысы келеді, – дейді федерация президенті Ермек Мүсірепов.

Алматыда жаңадан салынып жатқан көппәттерлі тұрғын үйлер. Алатау ауданы, 21 қазан 2020 жыл. Көрнекі сурет.
Алматыда жаңадан салынып жатқан көппәттерлі тұрғын үйлер. Алатау ауданы, 21 қазан 2020 жыл. Көрнекі сурет.

Пәтер жалға беру нарығындағы алаяқтық фактілері жайлы пікір білдірген Мүсірепов Қазақстанда риелтор қызметі туралы заң қабылданбайынша азаматтарды түрлі айла-шарғыдан қорғау қиын екенін айтады.

Федерация президенті жалға берілетін пәтер ақысының қымбат болуын биліктің студентті жатақханамен қамтамасыз ету мәселесін назардан тыс қалдыруымен де байланыстырады.

– Қазір "студентке жалға беру" деген бағдарлама жүріп жатыр. Бірақ бұл бағдарлама жаңа басталып, карантинге тұспа-тұс келіп қалды. Студентті жатақханамен қамтамасыз ету дұрыс жолға қойылған кезде ғана пәтер бағасында мұндай спекуляция болмайды. Әлеуметтік жағдайы төмен азаматтар мен студенттерді жалдамалы пәтермен немесе баспанамен қамтамасыз етуге арналған бағдарлама керек, – дейді Мүсрепов.

ЖАТАҚХАНА ҚҰРЫЛЫСЫ: ЖОСПАР МЕН ШЫНАЙЫ ЖАҒДАЙ

2018 жылы сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев үкіметке "2022 жылдың аяғына дейін кемінде 25 мың орындық бірнеше жатақхана салуды" тапсырған. Содан бері үш жыл өтті. Білім және ғылым министрлігінің дерегінше, осы кезеңде 85 жаңа жатақхана пайдалануға беріліп, 22 мың студент жатын орынмен қамтылған.

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев биліктің студент жатақханасын салу бастамасы мерзімінен кеш жүзеге асып жатқанын, Алматыда жатақхана тапшылығы қатты сезіліп тұрғанын айтады.

– Қазір Алматыда студентке 35 мың орын жетпейді. Президент берген тапсырмаға сәйкес, 2022 жылдың аяғына дейін қаладағы жоғары оқу орындарында 16 мың орындық 38 жатақхана дайын болуы керек. Кейінгі үш жылда 1600 орындық алты жатақхана салынған. Бұл көрсеткіш кей мемлекеттік органдардың жұмыс жүйесінде ақау барын көрсетеді, – дейді Бейсенбаев.

Депутат дерегінше, Қазақстанда миллионнан астам студент бар. Олардың 16 пайызы ғана жатақханада тұрып жатыр. Қазір жатақханадан орын тимеген 80 мың адам бар.

Қазақ ұлттық университеті жатақханаларының бірі. Алматы, 18 қыркүйек 2021 жыл.
Қазақ ұлттық университеті жатақханаларының бірі. Алматы, 18 қыркүйек 2021 жыл.

Білім және ғылым министрлігінің хабарлауынша, жыл аяғына дейін тағы 37 жатақхана пайдалануға берілуі тиіс. 2021 жылдың 1 қыркүйегіне дейін жалпы саны 1104 орындық алты жатақхана (Шымкент – 661, Қарағанды облысы – 182, Алматы – 157, ШҚО – 104) қабылданған. Министрлік "жатақханаға сұраныс жоғары Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласында жеке инвесторларды қосымша ынталандыру мақсатында құрылысқа бөлінетін мемлекеттік тапсырыс көлемін арттыру қарастырылып жатқанын" айтады.

Жоғары оқу орындары жатақхана тапшылығы мәселесін шешу үшін өз қаржысына тұрғын үй, қонақ үй, хостел жалға алады. Министрліктің 2021 жылғы 1 қыркүйегіндегі дерегіне сәйкес, осындай 5302 орын жалға алынған (Нұр-Сұлтан – 1035, Алматы – 3212, Ақтөбе облысы – 955, Қарағанды облысы – 100).

Министрлік жатақханадағы орын тапшылығын жыл сайын мемлекеттен бөлінетін гранттың және жоғары білімге қол жеткізген студент санының артуымен түсіндіреді. Басқа себептердің арасында урбанизация мен жастардың ауылдан қалаға қоныс аудару мәселесі де бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG