Штаб-пәтері Лондонда орналасқан Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы жариялаған есебінде Қазақстанның бұған дейін 2015 жылы адам құқығының жағдайы туралы шолуда айтылған кеңестерді қалай орындағанына тоқталған. Бұл құжат 2019 жылғы қарашаға жоспарланған келесі кезеңдік шолу алдында әзірленген.
Құжатта Қазақстанның бұған дейін айтылған кей кеңестерді орындауға, соның ішінде азаптауға қарсы іс-шаралар қабылдау, бейбіт жиындар өткізуге кедергілерді жою, кемсітуге қарсы шара қабылдауға және қылмыстық заңнамаларды жетілдіруге құлықсыз болып отырғаны айтылған.
2015 жылы қолданысқа енген Қылмыстық кодекске бұрынғы заңнан ауысқан "араздық қоздыру" бабы бұлыңғыр жазылған дейді құқық қорғаушылар. Қазақстан оны халықаралық стандартқа сәйкестіндіру туралы айтылған кеңесті елеусіз қалдырды деп санайды Amnesty International. Қазақстан осы бапты билікті сынайтындарға қарсы қолданатынын айтқан халықаралық ұйым 2016 жылы елде ауыл шаруашылығы жерін сату және ұзақ мерзімге жалға беруді көздейтін үкімет реформасына қарсы шеруге қатысқаны үшін сотталып, түрмеге қамалған атыраулық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянды мысалға келтірген.
AI ұйымы Қазақстанда азаматтардың бейбіт жиын өткізу құқығы едәуір шектеліп отырғанын айтады. Кез келген наразылық, тіпті жалғыз адамдық пикетті рұқсатсыз өткізуге шектеу қойылған. Алайда азаматтардың шеру өткізу туралы берген өтініштерінің көбін қанағаттандырмайды немесе өтініш иелеріне акцияны қаланың орталық бөлігінде өткізуге рұқсат бермейді. Қылмыстық және әкімшілік кодекстерде шеру өткізу туралы заң талабын бұзғандарды қамау (15 тәуліктен 75 тәулікке дейін) жазасы қарастырылған.
Amnesty International есебінде 2016 жылы Қазақстанда азаматтарды "жер шеруіне" қатысатыны немесе наразылыққа қолдау білдіретіні туралы әлеуметтік желілерде хабарлама жариялағаны үшін әкімшілік қамауға алғаны айтылған. Ұйым алматылық құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина "Жер сатылмасын" деген жазуы бар бас киім киген суретін Facebook парақшасына жариялағаннан кейін, биліктің оны ұстап, қамағанын мысалға келтірген.
AI бұған қоса 2019 жылы ақпанның 27-і күні биліктегі "Нұр Отан" партиясының съезі өтіп жатқан кезде полицияның азаматтарды жаппай ұстағанын да еске салған. Құқық қорғаушылар шеруден түсірілген видеолар билік өкілдерінің бейбіт шеруге шыққан адамдарды полиция көлігіне күштеп тыққанына айғақ болатынын айтады.
Жиналғандар: "Назарбаев кетсін!" (Алматы, 27 ақпан 2019 жыл.)
Amnesty International Қазақстанға қолданыстағы заңды қайта қарап, азаматтардың бейбіт жиын өткізу және ой-пікірін білдіру бостандығын қамтамасыз етуге кеңес берген.
Ұйым Қазақстан билігін азаптау туралы арыз-өтініштерді тексеретін тәуелсіз механизм құруға шақырған. Қазіргі кезде елде мұндай арыз-өтініштерді тексерумен айналысатын полиция немесе жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро толық тәуелсіз емес және әдетте олар азаптау туралы істердің көбін жауып тастайды дейді құқық қорғаушылар. Сот дейін өте аз іс жетеді, ал азаптау мен қатыгездіктің өзге де түрлеріне кінәлілердің жазадан құтылып кетуі үйреншікті құбылысқа айналған деп жазылған құжатта. Бұған мысал ретінде кәсіпкер Ескендір Ерімбетовтің өзін адвокатсыз тергеп, "ұрлық ақша" туралы істе "айыбын мойындауды" талап етіп соққыға жыққаны туралы мәлімдегенін келтірген. Ерімбетовті азаптау туралы істің соңы сиырқұйымшақтанып, ақыр соңында "қылмыстық іс-әрекет жоқ болғандықтан" істі жауып тынған.
Ұлттық превентивтік механизм (ҰПМ) мүшелерін адам құқығы жөніндегі уәкіл (омбудсмен) басқаратын үйлестіру кеңесі сайлайтындықтан ол мемлекеттік бақылаудан тәуелсіз емес деп санайды AI. ҰПМ өкілдерінің азаптау жайлы шағымдарды тексеру үшін түрмелердегі жағдаймен танысуды сұраған сауалдарды омбудсмен үйлестіреді. Қазақстандағы омбудсмен институты адам құқығын қорғаумен айналысатын ұлттық мекемелер мәртебесі жайлы Париж принциптеріне сай емес. Қазақстан президенті тағайындап, парламент сенаты бекітетін омбудсмен мемлекеттік лауазымды қызметкер саналады.
Қазақстанда азаматтардың бірлестіктерге бірігу құқығы да сақталмай отыр дейді құқық қорғаушылар. Олар үкіметтік емес ұйымдардың 2015 жылдың соңында заңға енгізілген есеп беру тәртібі тәрізді негізсіз қатаң шектеулер мен салық органдарының тексеруіне жиі кезігетінін айтады. Адам құқығын қорғаумен айналысатын екі ұйымға 2016 жылы "салық төлемегені" үшін айыппұл салған.
Amnesty International Қазақстанның кәсіподақтар туралы 2014 жылы қабылданған заңын қайта қарап, оны Халықаралық еңбек ұйымының конвенциясына сәйкестендіруге шақырған. Қазіргі заң жұмысшылардың өз қалауымен кәсіподаққа бірігу құқығын шектеп отыр деп санайды ұйым. Бұл орайда AI Қазақстанда тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясының сот шешімімен жабылғанын және тәуелсіз кәсіподақ лидерлері Лариса Харькова, Нұрбек Құшақбаев пен Әмин Елеусіновті (өткен жылы оларға жұмысшылар құқығын қорғау ісіне қосқан үлесі үшін Артур Свенссон атындағы беделді халықаралық сыйлық тапсырылған) атап көрсеткен.
Халықаралық ұйым есебінде Қазақстанның 2015 жылы ақпанда мүгедектер құқығы туралы Конвенцияны бекіткенімен, оның 12-бабын ("Заң алдындағы теңдік") орындау үшін әлі тиісті шаралар қабылдауы тиіс екендігі, сондай-ақ елдің дискриминацияға қарсы заңнамасы ЛГБТИ (лесби, гей, бисексуал, транссексуал, интерсексуал) қауымдастығы өкілдерін қорғамайтыны айтылған. Халықаралық ұйым Нұр-Сұлтанды азаматтарды жыныстық ерекшелігіне бола кемсітуден қорғайтын дискриминацияға қарсы заң қабылдауға шақырады.
Сонымен бірге Amnesty International Қазақстан билігін адам құқығын бұзған мемлекеттік органдар мен шенеуніктердің іс-әрекетіне байланысты алаңдаушылық білдіруге баршаның құқығы барын мойындай отырып, құқық қорғаушылардың жұмысын ынталандыруға және оларды қорғауға шақырған.
ПІКІРЛЕР