Accessibility links

Диализге мұқтаж жандар дәрі тапшылығына шағымданады


Диализ орталығында ем алып жатқан адамдар. (Көрнекі сурет.
Диализ орталығында ем алып жатқан адамдар. (Көрнекі сурет.

Диализге мұқтаж жандар соңғы екі айдан бері қажетті дәрі-дәрмексіз қалып, денсаулықтары нашарлағанын айтады. Олар мемлекеттен тегін берілетін дәрі мөлшері азайғандықтан "сүйегіміз жұмсарып, құлап қалатын жағдайға жеттік" деп шағымданады. Денсаулық сақтау министрі "жылда қайталанатын проблеманы" шешу жолдары қарастырылып жатқанын хабарлады.

НАУҚАСТАРДЫҢ ШАҒЫМЫ

Бүйрек ауруына шалдыққан 42 жастағы Айгүл Қасенова (бүйрегінің қандағы қалдықтар мен сұйықтықты сүзетін бөлігі зақымданған) сегіз жылдан бері қанын арнайы аппарат арқылы тазартып (диализ) келеді. Алайда науқастың әдетте алып жүрген емінде жыл басынан бері өзгеріс байқалған.

- Біздің ағзамыздағы паратгормон мөлшері ұлғайып отырады. Оны қалыпты шамаға түсіру үшін "Мимпара", "Альфакальцидол" және "Ренвела" препараттарын қолданамыз. Емдеу хаттамасы бойынша біз оны күнделікті қабылдауымыз қажет. Бірақ соңғы екі айдан бері бізге күнде емес, аптасына үш рет қана және бұрынғыдай 90 милиграмнан емес, тек 60 милиграмнан беріп жатыр, - деді Азаттыққа хабарласқан Айгүл Қасенова.

Ол осының салдарынан бүйрек ауруына шалдыққан кей науқастардың ағзасында паратгормон қалыпты мөлшерден (300 пикограмм) он есе ұлғайып кеткенін айтады.

- Буындарым ауырып, остеопороз басталды. Тіпті кейде тізем әлсіреп, құлап та қалдым. Сүйегім жұмсарып, қисайып бара жатқанын байқаймын. Иығымды тік ұстай алмай еңкейіп жүруге мәжбүрмін, - дейді Айгүл Қасенова

Алматы қаласындағы ауруханалардың біріндегі адамдар. (Көрнекі сурет.)
Алматы қаласындағы ауруханалардың біріндегі адамдар. (Көрнекі сурет.)

Азаттыққа шағымданған Семей қаласының тұрғыны Айгүл Қасенова өзі сияқты дәрі-дәрмекке мұқтаж азаматтар өңірде көп екенін айтады. "Олардың денсаулығы барған сайын нашарлап барады" дейді науқас.

56 жастағы София Измаилова да 2000 жылдан бері диализге тәуелді. Бүйректің созылмалы дертіне шалдыққан ол соңғы екі жылдан бері мүгедектер арбасына таңылған. Азаттыққа хабарласқан оның қызы Нұрия осы уақыт ішінде қажетті дәрі алмаған анасының хәлі нашарлап кеткенін айтты.

- Қазір паратгормон көрсеткіші екі мыңнан жоғары, соның кесірінен сүйектері үгітіліп жатыр. Қажетті препарат уақытылы берілмегендіктен жағдайды ушықтырып алдық. Препарат қымбат - 60 мың теңге тұрады. Оны тек диализ орталықтары ғана сатып ала алады. Жеке тұлғаларға сатпайды. Қазір анам "Мимпараны" қабылдай алмайды, құсып тастап жатыр, - дейді Нұрия.

ДӘРІГЕРЛЕР УӘЖІ

Қазақстанда диализге мұқтаж науқастар саны жеті мыңнан асады. Олар кепілдендірілген тегін медициналық көмек көрсетіледі. Елде бүйрек ауыстыру терапиясы бойынша қызмет көрсететін жүзден аса орталық бар. Солардың бірі – елдегі әр облыс орталығында бөлімшесі бар "B.B.NURA" компаниясы. Азаттыққа шағымданған Айгүл Қасенова осы мекемеде емделеді.

Мекеменің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша аймақтық директоры Алексей Кокошко "диализге мұқтаж жандарға берілетін дәрі-дәрмек мөлшері азайды" деген сөзбен келіспейді. Оның айтуынша, емдеу процедурасы әрбір науқастың жеке жағдайын ескере отырып, дербес тағайындалады.

- Бұл препараттар ағзаға қатты әсер етеді. Сондықтан оларды тек науқастың жағдайына қарай, қажет болған кезде ғана тағайындайды. Әрине, препараттардың дозасын да клиникалық жағдайы мен зертханалық көрсеткішіне қарап, әр науқасқа жеке белгілейді, - деді дәрігер.

Бүйрек трансплантациясы. (Көрнекі сурет.)
Бүйрек трансплантациясы. (Көрнекі сурет.)

Оның сөзінше, науқастарды емдеуде айтарлықтай өзгеріс болған жоқ.

- Қазір интернетте бүкіл ақпарат бар. Науқастардың арасында сол жерден оқып-білгенін қолданып, өзін өзі емдеумен айналысатындар да көп. Олар дәрігер мүлде дұрыс емдемейді деп санайды. Ондай адамдармен жұмыс істеу өте қиын, - дейді Алексей Кокошко.

Дәрігер өз емханасында науқастар айына орта есеппен 13-14 процедура қабылдайтынын, оның әрбірі үшін үкіметтен 26 мың теңгеден аса қаржы төленетінін айтады.

- Сонда бір науқас үшін мемлекет айына 400 мың теңгеге жуық қаржы төлейді. Науқасқа емнің бәрі тегін жасалады. Егер науқас бізге сенімсіздік танытса, онда "Денсаулық туралы" кодекске сәйкес, кез-келген медициналық ұйым мен дәрігерді таңдауына құқығы бар, - дейді Алексей Кокошко.

"ЖЫЛДА ҚАЙТАЛАНАТЫН ПРОБЛЕМА"

Бұл мәселеге қатысты Азаттықтың сұрағына жауап берген Қазақстан денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың сөзінше, препарат тапшылығы "жылда қайталанатын мәселеге" айналған.

Қазақстан денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.
Қазақстан денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.

- Фармацевтикалық компаниялар дәрі-дәрмектің бағасын көтереді де, біздің жоспарлаған ақшамыз жетпей қалады. Сол кезде науқастарды кейбір дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету зор проблемаға айналады. Бұл жыл сайын қайталанатын жағдай және тек Қазақстанда ғана емес, өзге мемлекеттерде де солай. Баға қымбаттаған соң өзімізге бөлінген қаржыны көбейтуге мүмкіндігіміз болмайды. Себебі, жылына екі рет қаралатын бюджетіміз алдын ала белгіленеді, - деді министр.

Министр қазір кей препараттарды елдегі делдалдарсыз, шетелдік фармакологиялық компаниялардың өзімен тікелей келісім-шарт жасасып, сатып алуға тырысып жатқанын да жеткізді. Бұған қоса, кей препараттарды "дженерикпен алмастыру" (белгілі бір дәрінің көшірмесі) мәселесі де қарастырылғанын айтты.

- Мысалы, біз өткен жылы бір ампуласын 120 долларға алған препаратты қазір 8 долларға сатып алуға мүмкіндігіміз бар, - деді министр Біртанов.

2018 жылы азаматтарды тегін диализбен қамтамасыз ету үшін мемлекеттен 13 миллиард теңге бөлінген.

Мақалаға қосымша: Азаттықта бұл мақала жарияланғаннан кейін Шығыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау департаментінен жауап келді. Онда Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігінің 30 желтоқсан 2013 жылғы "нефрологиялық көмек көрсету" туралы N765 бұйрығына сәйкес, гемодиализдің бір сеансына төмендегідей дәрі-дәрмек мөлшері қарастырылғаны жазылған: "гемодиализге цинакалцет гидрохлоридтің (мимпара) 1 таблеткасы, сеансына севеламердің 3 таблеткасы, альфакальцидолдың 3 таблеткасы".

Хабарламада сонымен бірге "Мимпара" препаратының (цинакалцет гидрохлорид) Қазақстанда тек 30 миллиграмм дозасы тіркеуден өткені, яғни гемодиализ сеансына 30 миллиграмдық бір таблеткасы белгіленгені жазылған.

Онда бұған қоса, "препараттардың бар екені, науқастардың жеке жағдайына байланысты дозасы тағайындалатыны" айтылған. Денсаулық сақтау басқармасы Қасеновамен "түсіндіру жұмыстары жүргізілгенін", "Мимпара" препатарының дозасы соңғы ұсыныстарға сәйкес түзетілгенін" жазған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG